Қабылданғанына бірнеше жыл болса да, көпшілік қауымға «медиация», «арбитраж» термині әлі күнге жақсы таныс емес. Сот ісінің басы-қасында жүрген, заңнан хабары бар белгілі бір топтарды есептемегенде, қарапайым халыққа бұл сөз бейтаныс. Медиация- тараптардың ерікті келісі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара екі тараптыңда мүдделерін қорғай отырып қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың көмегімен тараптар арасындағы дау жанжалды реттеу тәсілі.
Медияцияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Осы орайда сот әділдігін іске асырған қазақ билерінің ел ішіндегі дау-дамайды ушықтырмай, іштей келісімге келтіртіп, шешіп отырғанын атап өту керек. Бір сөзбен айтқанда, басты мақсаты мәмілеге шақыру болып табылатын медиация қазаққа жат ұғым емес. 4 тарау, 28 баптан тұратын «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Еліміздегі медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайтын заң қолданысқа енгізілген.Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады.
Бүгінде бүкіләлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнестерден бастап, ажырасу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселелерге дейін кеңінен қолданылады. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы мадиация арқылы өткізіледі, ойдағыдай нәтижеге оның 85 пайызы ие болады екен.
Медиация тек жеке құқықтық қатынастарға ғана қолданылады. Ол тараптардың бірі мемлекеттік орган болатын құқықтық жанжалдарға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Медиатордың судьядан айырмашылығы – медиатор жанжалға қатысушылармен болатын келіссөздерге белсенді қатыса алады, ал судья мұны жасай алмайды, ол араласпаушылық принципін ұстануға міндетті. Медиацияға бар болғаны 30 күн уақыт беріледі, ал соттар айларға, тіпті жылдарға созылады. Сондықтан медиация барлық жағынан сот саласында қолдануға тиімді болып отыр. Бүгінгі күні жаңғырып, отбасылық сот секілді құрылып жатқан пилоттық жобаларда да медиация үлкен рөл атқармақ. Сондықтан жыл өткен сайын медиацияның да тынысы кеңейе бермек.
Умирбекова Акерке, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы