Берік Саменов, Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары: Соттың шешіміне немқұрайлы қарауға болмайды

Берік Саменов, Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары: Соттың шешіміне немқұрайлы қарауға болмайды

Қазақстан азаматтарының құқықтарының қорғалуының бір кепілі – сот актілерінің уақытылы әрі сапалы орындалуы. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде сот актілерін орындау деңгейі, сапасы өте төмен болғандықтан жиі сынға ұшырайтын. Бұған себеп – сот орындаушыларының мәртебесінің төмен, жалақысының мардымсыз, матреиалдық-техникалық базасының нашар болуы. Ал сот орындаушысының жүктпемесі шамадан тыс болатын. Соңғы жылдары сот орындаушылығы саласындағы реформаның нәтижесінде аталған саланың бойына қан жүгірді. Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы түбегейлі реформалар аясындағы 27-і қадам жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының қызметін біртіндеп қысқартуды қарастырған еді. Осы орайда біз мемлекеттік сот орындаушылары мен жеке сот орындаушыларының өкілеттілігі жайында және осы саладағы қиындықтар мен әлі де шешімін күтетін жайттар жайлы Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Берік Сәменов мырзамен әңгіме өрбіткен едік.

– Берік мырза, өзіңіз осы сот орындаушылық қызметте 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді екенсіз. Сот орындаушыларына қарапайым халықтың көзқарасы аса жақсы бола қоймайтыны белгілі ғой. Дегенмен мемлекеттің, халықтың мүддесі үшін атқарып жатқан қызметтеріңіз жайлы айта отырсаңыз...

– Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 21 жыл болыпты. Өз басым заңгерлік мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін сот орындаушысының қызметін өзім қалап келдім, аса қызығушылықпен іске кірістім. Сот орындаушысының жұмысы қиын да, қызық. Оның негізгі міндеті – соттың шешімдерін, ұйғарымдарын, үкімдерін орындау. Олар негізінен Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңға сүйеніп жұмыс істейді. Соттың шешімі шыққан соң сот орындаушыларына атқарылуы тиіс іс келіп түседі. Мысалы, ғимаратты сүру, тұрғын үйді босату, ақша өндіру, қазіргі кезде үлкен мәселеге айналған алимент төлету секілді істер. Сот орындаушысының қолына іс келіп түскен соң олар бірден шара қолдануға кіріседі. Ең алдымен борышкерге соттың шешімін 5 күн ішінде орындау үшін ұсыныс жібереді. Өкінішке орай, соттың шешімдері уақытылы орындалмайды. Жалпы статистика бойынша соттың шешімі 70 пайыз орындалады десек болады. Көбі аяқсыз қалып жатады. Өйткені біздің халықта сот шешімін орындауға келгенде немқұрайлылық басым.

– Азматтардың сот шешімін орындауға келгенде немкетті қарауының себебі не деп ойлайсыз. Менталитет дейміз бе, әлде заңымыздың әлсіздігі ме? Мүмкін қолданылатын жазаларды да қатайту керек шығар?

– Заң әлсіз деп айта алмаймын. Өйткені уақыт өткен сайын заңдар да жетілдіріліп, қолданылатын жазалар да қатаң бола түсуде. Өзіңіз айтқандай, бізде азаматтар соттың шешімін ойыншық санайды. Айталық, соттың шешімінен кейін үйді босату керек болса, сот орындаушылары келіп, үйді босатуын талап еткенше еш әрекет жасамай отыра береді. Әбден іс-насырға шауып, күш қолданыла бастағанда ғана біраз уақыт беруді сұрап жатады. Ал шын мәнінде ол азаматтарға сот шешімі шығып, заңдық күшіне енгеннен кейін үйді босатуға уақыт та, мүмкіндік те берілген. Бірақ олар сот орындаушысы келгенше «не істейді ғой дейсің» деп отыра береді. Сол секілді борышкерлер де сот шешімі шыққан соң өз еріктерімен барып қарызын төлей салу дегенді білмейді. Міндетті түрде сот орындаушысы барып, шара қолдануы керек. Мұндай жағдайда қарызын төлемей жүрген борышкерлердің есеп шотына шектеу қоямыз. Тіпті кей кезде борышкердің жеке мүліктерін, көліктерін, пәтерлерін алып қойып, сатуға тура келетін кездер де болады. Ондай жағдайда кейбір азаматтар өзінің қарызын уақытында өтемегенімен қоймай, бізбен дауласып, мүліктерін сатуға қойғанымыз үшін біздің үстімізден сотқа шағымданып жатады. Мұндай жағдайлар бізде жиі кездеседі. Сондай-ақ елімізде жағдайы да, мүмкіндігі де бола тұра туған баласына алимент төлегісі келмейтін азаматтар да бар. Ажырасқан жігіттердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, дегенмен шетелде демалғысы келетін, бірақ баласына тиісті алиментін төлегісі келмейтіндер кездеседі. Бұл енді адамның сана-сезіміне байланысты ғой. Күйеуі мен әйелінің ерегесінен ортада балаға зияндары тиеді. Осындай алимент төлеуден қашатын борышкерлердің шетелге шығуына шектеу қоямыз. Шетелге шығуға шектеу қою бағдарламасы 2010 жылы қабылданған болатын, яғни сот орындаушылар борышкерлер қарызын толық өтемейінше шетелге шығуына толықтай шектеу қоя алады. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 30 мыңның үстінде адам шектеуде тұр. Сонымен қатар мемлекеттік сот орындаушылары борышкерлерді 669 баппен әкімшілік жазаға тарта алады. Онда 5 тәулікке дейін қамау немесе айыппұл көрсетілген.

– Соттың шешімін уақытында орындау туралы азаматтарға түсіндіру жұмыстары қаншалықты жиі жүргізіледі?

– Меніңше, халық түсуіндіру жұмыстарынан кенде емес. Сот шешімін уақытында орындау қажеттігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі ескертеміз. Былтыр Алматы қаласында «Әке алимент төлеңіз!» деген жазумен 8 баннер ілдік. Десек те, осыдан кейін соттың шешімі 100 пайызға орындалды деп айта алмаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, әсіресе алимент мәселесінде бәрі адамның сана-сезіміне, баласына деген мейіріміне байланысты. Әкелік сезімі болмаса, сот орындаушысы адамды қанша қудалағанымен нәтижелі бола бермейді. Күштеп бір-екі мәрте алимент төлетер, дегенмен бұдан ештеңе өзгермейді.

– Азаматттардың сот шешімін орындамауға олардың сот шешімімен келіспейтіндігі де себеп болатын шығар? Соттың әділеттілігіне шүбә келтіріп, шешімімен келіспейтіндерді жиі кездестіріп жатамыз.

– Иә, дұрыс айтасыз. Соттың шешімімен келіспеймін деушілер болады. Бірақ олардың соттың шешімі күшіне енгенше аппеляциялық, кассациялық сотқа шағымдану мүмкіндіктері бар. Ал біздің міндетіміз –заңдық күшіне енген соттың шешімін орындау.

– Бүгінде елімізде жеке сот орындаушыларының қызметі жанданып келе жатқаны мәлім. Жеке сот орындаушыларының институтының жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Жеке сот орындаушыларының қызметі Еуропада жақсы дамыған. Ал біздің елімізде жеке сот орындаушылар институты 2010 жылы құрылды. Соңғы жылдары тіпті жетіле түсті. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 200-ден астам жеке сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламалық құжатының 27 тармағында сот орындаушыларының мемлекеттік қызметінің біртіндеп қысқаруы және жеке сот орындаушылары институтының әрі қарай дамуы туралы нақты атап көрсеткен. Барлық азаматтарға қазіргі уақытта мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесі аса үлкен екені белгілі. Осыған байланысты мемлекет басшысымен белгіленген жаңа үлгі 2016 жылдан бастап жеке сот орындаушылары институтының кеңінен дамуын қарастырады. Бұл сот әділдігін жүзеге асыруға халықтың қолжетімділігін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, сот орындаушылары қызметінің нәтижелігін жаңа деңгейге қояды. Жеке сот орындаушысының мемлекеттік сот орындаушысынан негізгі ерекшелігі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының 138 бабының 1 тармағына сәйкес жеке сот орындаушыларымен тараптардың бірі мемлекет болып табылатын атқару құжатын қабылдай алмайды. Барлық қалған атқару құжаттары жеке сот орындаушыларымен шектеусіз қабылданатын болады. Артықшылығы сол, енді азаматтар алимент, жалақы т.б. әлеуметтік-маңызды санаттағы атқару құжаттарын жеке сот орындаушыларына тапсыра алады. Алимент бойынша атқару өндірістерін жеке сот орындаушыларына тапсыру тегін түрде жүргізіледі. Айта кету керек, 2016 жылы мемлекеттік сот орындаушылары 30 пайызға қысқарды. Биыл да 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр, келесі жылы 15 пайызға қысқармақ. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сот орындаушылары тек мемлекеттің мүддесіне қатысты істермен айналысады, сондай-ақ борышкердің қарызы 1000 айлық есеп көрсеткіштен асқан жағдайда және сот үкімімен мүлік тәркілеу бойынша қызмет көрсетеді. Ал егер тараптар жеке және заңды тұлғалар болса, жеке сот орындаушыларына жөнелтіледі. Олардың мемлекеттік сот орындаушыларынан айырмашылығы, жеке сот орындаушыларының өз кеңселері болады, жұмысшыларына өздері ақы төлейді. Қызметтері үшін алатын ақы мөлшері өндірілетін соманың мөлшеріне байланысты, 3 пайыздан 25 пайызға дейін. Мемлекеттік сот орындаушылары мен жеке сот орындаушыларының құқықтары бірдей, тек жеке сот орындаушылары өздіктерімен борышкерді әкімшілік жазаға тарта алмайды. Мұндай өкілеттілігі болмағандықтан олар әкімшілік жаза қолдану үшін бізге ұсыныс жасайды.

– Осыдан біраз уақыт бұрын сот орындаушыларының қызметтерін асыра пайдаланып, пара алу секілді құқықбұзушылық әрекеттері тіркелген еді. Қазір сот орындаушыларының үстінен шағымдар қаншалықты жиі түседі?

– Қуанышымызға орай, соңғы жылдары сот орындаушыларының арасында пара алу, басқа да құқықбұзушылық әрекеттер тіркелген жоқ. Өйткені қазіргі кезде сандық мемлекетке көшудің арқасында барлық іс-әрекеттер электронды түрде атқарылады. Соттан санкция алу үшін бұрынғыдай сотқа барып, кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. Сондай-ақ борышкердің есепшотын бұғаттау үшін де, шетелге шығуына шектеу қою үшін де сот орындаушылар жұмыс бөлмесінен шықпай-ақ аталған шараларды жүзеге асыруға барынша мүмкіндік жасалған. Яғни, қазіргі таңда адамдардың бір-бірімен тікелей байланыста жұмыс істеуі шектелді, осылайша жемқорлыққа жол берілмейді. Бұрынғымен салыстырғанда қағазбастылық азайды.

Жалпы жыл сайын болмаса да Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Сот орындаушылардың Республикалық палаталарының өкілдері шетелге шығып, олардың біздің елге келеді-ау деген тәжірибелерін енгізіп жатыр және бұл оң нәтиже беруде. Болашақта әлі де жетілдіріле түседі деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, біздің еліміздегі сот шешімдерінің орындалу деңгейі көршілес біраз мемлекеттермен салыстырғанда алда деуге болады.

– Сот орындаушылары жұмыс барысында небір қиын жағдайлармен, түрлі адамдармен бетпе-бет келіп жатады. Өздеріне қауіп төнетін кездер де аз емес. Жалпы сот орындаушыларының қауіпсіздігіне кім жауапты?

– Рас, сот орындаушылары жұмыс барысында отқа да, суға да түседі десек артық айтқандық емес. Өйткені кім оңайшылықпен үйінен шыға қойсын немесе үйін сүргізіп қарап отырсын. Кейбіреулер тіпті мүлкін сот орындаушысы тартып алып жатқандай өздеріне тап береді, жаға жыртысуға дейін барады, қарсылық көрсетеді. Мұндай жағдайда оларға көмекке келетін арнайы жасақтар жоқ. Кейде полиция қызметкерлерін шақыруға тура келетін кездер болады. Бірақ олардан айтарлықтай көмек бола бермейді. Сондықтан сот орындаушылар бір-бірімен ұйымдасып, бірігіп жұмыс істеуге тырысады. Өздеріне ғана сенеді. Өкінішке орай, сот орындаушыларының қауіпсіздігіне өздерінен басқа ешкім жауап бере алмайды. Ресейде борышкерлер сот орындаушыларына қарсылық көрсеткен жағдайда арнайы жасақтары жұмылдырылады. Ал бізде соңғы 10 жылдан бері мұндай жасақтардың жұмысы тоқтатылған.

– Сонымен сіздер дәл қазір тек мемлекет мүддесіне қатысты істермен айналысып жатырсыздар ғой?

– Иә, солай деуге де болады. Былтырдан қалған алимент, ақша өндіру секілді жеке және заңдық тұлғалардың жұмыстарын аяқтап қалдық. Енді осыдан былай тек мемлекет мүддесіне қатысты істермен және айлық есептік көрсеткіші 1000-нан асатын айыппұл төленуі тиіс істермен айналысамыз. Қазіргі таңда бізге ең көп түсетін іс қаланы көркейту мақсатында немесе жол салу үшін ескі ғимараттарды, үйлерді, дүңгіршектерді сүру. Жақында Абылай хан көшесін ұзарту жұмыстары басталды, енді міне осыған қатысты істер келіп түсе бастайды. Өткен жылдары Әл-Фараби көшесіндегі жолдарды ұзарту үшін біраз үйлер, мейрамханалар, басқа да құрылыс нысандары сүрілген болатын. Кейде осындай қаланың инфрақұрылымы үшін сүрілуі тиіс нысандардың иелері мен қала әкімдігі төленетін компенсация құнына келісе алмай жатады. Дегенмен көп жағдайда әкімдік наразылық білдірген азаматтарға қосымша үстемақы берген кездері де болды. Жалпы әкімдік халықтың мүддесін мүлде ескермейді деуге болмайды. Егер салынған жаңа үйлер қызыл жолаққа кірмесе, қауіпті жерде орналаспаса, ондай үйлерді заңдастыруға әкімдік барынша қол ұшын береді. Бұрын даулы болған Шаңырақ шағын ауданындағы біраз үйлер қазір заңдастырылды.

Дәл қазір біз қаланың ішіндегі дүңгіршектерді азайтып жатырмыз. Естеріңізде болса, соңғы 2-3 жылда «барахолка» базарын босату үшін біраз жұмыстар атқарылған еді. Сол кезде базардың өртенгенін бізден көргендер де болады. Бір қызығы, біздің сот орындаушылар барып кеткеннен кейін базардан өрт шығатын. Сәйкестікті көрдіңіз бе, үш мәрте солай болды, сот орындаушылары барып, базардағы заңсыз сауда орындарын босатуды талап еткеннен кейін ылғи да өрт шығатын. Бірақ сот орындаушыларына базарды өртегеннен келіп кетері не? Біздің оған еш қатысымыз болған емес деп сенімді түрде айта аламын.

– Жыл басынан бері қаламызда қанша нысан сүрілді? Жұмыстарыңызды нәтижесін санмен шамалап берсеңіз?

– Биыл жалпы алғанда сүрілуі тиіс 52 нысан келіп түсті, қазіргі таңда соның 41-і жүзеге асырылды. Ал үйлерді босату ісі 25 болса, соның 22-сі атқарылды. СЭС, ТЖ шектеуіне орай сүрілуі уақытша тоқтатылған нысандар 570 болатын, оның бүгінгі таңда 480-і орындалды, ал мүлікті тәркілеу бойынша 128 іс кеп түссе, оның 98-ін сот орындаушылары бүгінге дейін жүзеге асырып үлгерді. Жыл басынан бері 48 жылжымайтын мүлік (пәтерлер мен паркингтер), 61 автокөлік тәркіленді. 94 835 372 теңге, 177 100 АҚШ доллары, 25 дирхам өндіріліп алынды.

– Сұқбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

Айнұр Нұрсабетқызы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста