Хантағы атауының сыры
Қазақ даласының топырағы мен әрбір тасы құпия бүгіп жатқандай. Ұлан-ғайыр өлкеміздің қай қайсысына ат басын тіресеңіз, көне заманнан бүгінге жеткен құнды қазынаға кезігесіз. Кейде еріксіз ойға қаласың осындайда. Көкейге олардың бағасын қаншалықты біліп жүрміз деген сауал келіп тіреледі. Қазір жер шарындағы кез келген халық өзінің түп-тамырын тереңнен іздеуге құлшыныс білдіреді. Қалың қатпарлы тарих беттерін қайта парақтап, өзге ел-жұртқа өзінің бағалы байлығын көрсетуге құлық танытады. Бүгінгі күні жұмыр жерде туризм саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Осындай сәттерде жергілікті жұрт келушілерді табиғат тамашасын көзбен көруге шақырады. Кейбіріне таңдай қағып, таңғалуға мәжбүр боласың. Жұмбақ жаратылысқа бас шайқамасқа амалың қалмайды. Осындай орындар бізде аз ба? Он сегіз мың ғаламның құпиясын ішіне бүккен жерлер бізде де жетіп артылады. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін солардың қадірін білмей келеміз.
Бірде Қаратау қойнауына қоныс тепкен Кентау шаһарына жолымыз түскен. Қаншама дәуірді көзі көрген тауда табиғаттың талай тамашасы бар екенін көпшілік жақсы біледі. Бұл жолы да осындай орын жайлы біліп қайттық. Кіндік кескен туған топырағымыз Қаратау етегінде қоныс тепкендіктен осы маңдағы ерекше жерлерді бала кезімізден естіп өстік. Үлкендер талай орындарды тілге тиек етіп айтады. Сол сәттерде Хантағы деген мекеннің бар екенін білдік. Былайша айтқанда, Ханның тағы деген мағынаны білдіреді ол мекен. Табиғаттың қолмен құйған тамашасы емес пе бұл жер?
Абыз даланың аңыздарын жадында сақтаған қазыналы қарттарымыз әрбір ерекше орындар жайында әңгімесін бастап кетер еді. Біз сол айтылған аңыздарды зердемізге тоқып, күні бүгінге дейін ұмытпай келеміз. Хантағы аталған жерге келіп тұрғаннан кейін арнайы бұрылып, аталмыш жердің керемет көрінісін қызыға тамашалап қайттық.
Осы сапар барысында қария кісілермен де жолықтық. Олар да бұрын біз естіген әңгімені тағы да бір мәрте термелей жөнелді. Таудың ұшар басында ханның отыратын тағына ұқсайтын жер бар. Ол неге бұлайша аталған? Жасы жетпістен асқан ақсақал бізге бұл жайында баяндап берді.
– «Мен Қаратау қызықтарын жиі тамашалап тұрамын. Еліміздің оңтүстік өлкесінде ұзыннан ұзақ созылып жатқан тауда талай қызықты жерлер бар. Ежелгі замандарда осы жерлерді мекен еткен адамдар тау тасына қашап, талай бейнелерді қалдырып кеткен екен. Ондағы суреттер сол кезеңдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігін білдіреді. Одан қалды табиғаттың өзі салған «суреттер» де аз емес. Мынау тұрған Хантағы да сондай айрықша жердің бірі емес пе?» – деді ағынан жарылып.
– Аға, бұл жерді неге Хантағы дейді?
– Елдің аузында жүрген аңыз бар. Олардың айтылуы да түрліше. Дегенмен негізі бір арнаға тоғысады. Қай дәуір екенін ешкім білмейді. Елдің көшпелі тіршілікте өмір сүрген кезеңі болса керек-ті. Қаратауға жақын Түркістан қаласының маңында бір хан өмір сүріпті. Сол хан күндердің-күнінде бір жаман түс көреді. Оның сұқ саусағын қарақұрт шағып алыпты. Бұдан секем алған хан шошып оянады. Дәл осы түс көру күн сайын жалғаса берген көрінеді. Хан әбден қорқа бастайды. Ол түсті жоруға да екінің бірінің жүрегі дауалай алмағанға ұқсайды.
– Содан не болды екен?..
– Әлгі хан еріксізден нөкерлерін шақырып алады. Күн сайын өзінің мазасын алған түсті жоруға бұйрық береді. Әмірлі ханға кім жақпай қалғысы келеді дейсің? Ешқайсысы да ханның алдына бара қоймайды. Осындай күндердің-күнінде Түркістан шаһарына Қытай елінен сауда-саттық керуені келген екен. Олардың ішінде бір бақсы болыпты. Оған қатты қуанған ханның нөкерлері әлгі түсті жорып беруді өтінеді. Бақсы ол түстің тектен-текке бірнеше мәрте қайталанғанын естіп, оның аян екенін жорамалдайды. Қарақұрт шаққандықтан ханның тауға барып тұру керек екенін ескертеді. Себебі қарақұрттар негізінен ыстық жерлерді мекендейді ғой. Таудың салқын ауасы ондай жәндіктердің болуына кері әсерін тигізеді емес пе?
Уәзір бұл жорамалды ханның құлағына жеткізеді. Дереу тауға жиналған әмірші осы жерге келіп қоныс тепкен. Оның да көңілі жайланады. Биік жартасқа шығып, жан-жақты бір шолып шығуды дұрыс көреді. Ұйқысы да тынышталады. Бір күні қызметшілері ыстық жазықтан жеткізілген жемістерді алдына қояды. Хан тәтті жемістерді рахаттана жеп отырған болса керек. Алайда оның ішінен қарақұрт шығып, ханның түсінде көрген жағдай қайталанады. Ажалдан қанша қашқанымен, ханның өлімі сол қарақұрттан болған екен. Хан дәл сол жерде тіл тартпастан қаза табады. Бұл жартас содан бері «Хантағы» аталып кетіпті деседі. Осы маңдағы сай да, өзен де сондай атауға ие. Менің үлкендерден естігенім осы еді.
Жалпы, Қаратау қойнауында талай құпия жатқанын халық біледі. Өкініштісі, олардың барлығы дерлік көзден таса қалып келеді. Келешекте бұл орындарды халықтың жиі келетін жерлеріне айналдыру басты тақырып болса дейміз. Мәселен, Қаратаудың Қызылорда облысы бөлігінде де Тастүскен, Күйгентас секілді жерлер бар. Атынан көрініп тұрғанындай, ол жерлердің де ерекшелігі аз емес. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл орындар ешкімнің назарына түспей келеді.