Басына бұлт қондырған, бауырына жұрт қондырған Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай тауы әлі терең зерттеуді қажет етеді. Бағзыда Барқытбел деп аталған тау, кейіннен қалмақ тілінде «суырлы тау» деген мағынаға ие Тарбағатай болып аталды. Шығысында түркінің алтын бесігі Алтай тауымен ұштасатын тау әлі күнге бар құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Тарихтың қатпарына көз жіберсеңіз қазақ-жоңғар шайқастарының көп бөлігі осы өңірде өткеніне жергілікті жер-су аттары дәлел. Қазақ әскерінің орасан зор жеңіске жетуіне орай өткізілген тойда сойылған жылқының қисапсыздығы сонша, шатқалдан май өзендей болып ағыпты деседі. Сол шат «Майлышат» деп аталады. Қабанбай батырдың астындағы Қубас аттың жерленген жері «Қубас кезеңі» деген атқа ие. «Құлбабас», «Кондюрин», «Шайтан шатқал», «Толағай» сынды жер аттарының өзіндік тарихы бір кітап боларлық. Ал Тарбағатайдың ең биік шыңы Тазтау революция кезінде ақтардың соңғы қамалы болған. Сол жерден қызылдарға үлкен соққы беріп, Қытайға өтіп кеткен деген әңгіме бар. «Ақтар әскерінің Тазтауға тіккен жалауының ағашы әлі күнге сол шыңның басында тұр екен» дейді барып көргендер.
«Кондюрин» заставасы
Қытаймен арадағы шекара заставаларының бірі Кондюрин деп аталады. Ашаршылық жылдары Қытайға босқан жұрттың Тарбағатайдың дәл осы жерінде көпшілігінің татар дәмі бітіп, талқаны таусылды. Қызыл әскердің қанішер командирі Кондюриннің қолынан! Бүгінде Ақсүйек деп аталатын сайдың екі жағына екі пулемет құрып, босқан жұрттан адам шығармай, қырғызып отырған. Ғайыптың күшімен болмаса, қанды қасаптан жан баласы құтылмаған деседі. Қызыл командир Кондюриннің өзі қырылған адамдардың өлігін бір жерге жинап, соның үстіне шығып, темекі шегіп отырған дейді көнекөз қариялар. Адамның қаны судай аққан сол сай кейіннен Ақсүйек деп аталып кетті. Әлі күнге сол сайда қылтанақ шөп шықпайды. Кейіннен Қытайдан бергі бетке жасырынып өткен екі намысқой жігіт Кондюриннің басын кесіп, аузына темекі қыстырып, сол сайдағы үлкен бір тастың үстіне қойып кеткен деседі.
«Құлбаның басы» немесе Құлбабас
Тебіске өзенінің жағасында орын тепкен ауыл ертеде Құлбабас атанған. Осы ауылдың шетінен басталған тас қорымдар тау бөктеріне жақындағанда тіптен молая түседі. Бұлар — кезіндегі қазақ-қалмақ шайқасының белгілері. Ауылдың жоғары жағында үлкендеу келген дөң бар. Құймақұлақ қарттар сол төбеде қазақтың Жәнібек деген батыры (қай Жәнібек екені белгісіз) мың сарбазымен жатыр дейді. Қалмақ әскерімен шайқаста мың сарбазымен қоршауда қалып, бәрі сол жерде қаза тапты дейді. Тебіске өзенінен бір шақырымдай жерде тұрған төбенің астында қазақ аламандарының жатқандығын көктемде тасыған өзен ғана дәлелдейтіндей. Осыдан 20-30 жыл бұрын өзен тасығанда жарлар опырылып, арғы жағынан ақсөңке сүйектерді су ағызып әкететінін талай көргенбіз дейді үлкендер. Ал ауылдың Құлбабас атанған себебі, сол жерге қалмақтың әйгілі Құлба атты батыры қосын тігіпті. Астына мініп жүретін өгізі шапқан атқа жеткізбей, қуса, жетіп, қашса, құтылып кетіп отырған. Бір шайқаста астындағы өгізін садақтың жебесі жаралап, әскері тас-талқан болып жеңіліпті. Жаралы өгізімен қашқан Құлбаның Тебіске өзенінің жанында қазақ әскері басын кескен. Содан ауыл Құлбабас деп аталды деседі. Қазір бұл ауыл Құмгөл деп аталады. Қанша тарихқа куә болған Құмгөл ашылмаған сыр секілді. Осыдан он жылдай бұрын археологтар келіп, бір төбені қазып, батырдың сауыт-сайманы мен жас әйелдің сүйегін тапқанын жұрт айтып жүр.
Бапанның Шағыры
Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылынан 25-30 шақырымдай жерде жергілікті жұрт Бапанның Шағырының моласы деп атап кеткен жер бар. Абай «Айттым сәлем, Қаламқас» деп өлең шығаратын Тұржан сұлудың әкесі – әйгілі Тана мырза ауылының тұсында. Бапанның Шағыры – бұл адамның емес, жылқының зираты. Бес мыңға жуық жылқысы болды делінетін Бапан бай, «байлық бір жұттық» дегендей, бір қыста бүкіл жылқысы қырылып, жүген ұстап қалады. Бапан бай сонда шағыр құлынды жеке киіз үйде жас баладай мәпелеп, қиын қыстан шығарса керек. Түбінде атын бес мың жылқысы емес, осы шағыр құлын шығаратынын сезді ме екен? Сол шағыр құлынын баптап, көктем шықса, қай жерде ас-той болады, соған апарып, шағырын бәйгеге қосады. Шағыр ат сан бәйгеден оза шауып, Бапанға бес мың жылқысының тең жарымын жинап беріпті. Бапанның Шағыры деп атын шығарғаны – Қытайда өткен үлкен бәйге. Сол аламан бәйгеде үш жүз аттың ішінен алдына қара салмай келген Шағыр ат елдің ұранына айналды. Кейін Шағыр ат өлгеннен кейін Бапан оны адамдай арулап жерлеп, басына күмбез тұрғызыпты. Сол жер қазір Бапанның Шағырының моласы деп аталады.
Көпсүйек немесе «шайтан шатқалы»
Тарбағатай тауындағы шатқалдардың ішіндегі үрейлі естілетіні – Көпсүйек немесе жұрт «Шайтан шатқалы» атап кеткен жер. Кезіндегі қазақ-қалмақ шайқасында осы шатқалда екі жақтан да есепсіз көп сарбаз қырылса керек. Содан қорымның көптігінен Көпсүйек атанады. Кейін ашаршылық жылдары қиналған халық Қытайды бетке алғанда, байлар көп қорымның арасына алтын-күміс, өзге де бағалы мүлкін көміп кетіпті. Адамдардың моласы деп ойласын деген шығар. Ел аузында «сол тығылған алтындарды жын-шайтан мекендеген» дейтін сөз бар. Әйтеуір, кім «көргені» белгісіз, кейіннен «Шайтан шатқалы» аталып, жұрт ол жермен жүрмеуге тырысатын болыпты. Жұрт арасында бұл шатқал жайлы аңызға бергісіз әңгімелер молынан жетіп-артылады.
Бірде совхоз директоры ауылдағы жас шопырдың бірін жайлауға шопанның үйін көшіруге жұмсайды. Жүк машинасымен таңертеңнен жүріп, түске таяу жайлауға жеткен шопыр жігіт жүкті түсіріп болып, қайтайын десе, қойшының кәрі әке-шешесі мен аяғы ауыр әйелінің киіз үйді құратын шамасы жоқ. Отағасының малын айдап қашан жететіні белгісіз. Содан қойшы, шопыр жігіт үйді құрып беріп, жүгін кіргізіскенше кеш те түседі. Үлкендердің қонып кет дегеніне қарамай, жолға шыққан шопыр көз байлана «Шайтан шатқалына» келіп кіреді. Аз ғана жүрген соң, машинаның борты тарсылдай бастайды. «Е, жаңа күректі тартып байламағанмын ғой» деп ойлаған жігіт бортқа шығып қараса, күрегі байлаулы қалпында тұр. Қаттырақ тартып байлап, жүріп келе жатса, тағы да бір нәрсе тарсылдайды. Машинаның жанындағы айнасына көз қиығын тастаған жүргізуші өз көзіне өзі сенбейді. Кабинаға жабысып, шашы көз жеткізгісіз жерге дейін жайылып, бейтаныс әйел тұр. Жылдамдықты үдеткен үстіне үдеткенімен, әлгі әйел шашы жайылып, жылжып келіп, капоттың алдына жатып алсын. Ол ол ма, біраз уақыттан кейін кабинаның ішіне еніп, шопырдың қасына жайғасып алады. Есінен айырылған жүргізуші сол екпінмен келіп, бөктерде отырған көп балалы бір қойшының үйін қаға-маға тоқтайды. Үйден жүгіре шыққандарға «машина» деп айтуға шамасы келеді. Машинаны олай қарап, бұлай қарағандар ештеңе таппайды. Ал шопыр жігіт содан кейін Көпсүйек жаққа аттап баспайтын болыпты дейді үлкендер.
Тарбағатай тауындағы тарихи жәдігер тастар қаншама! Кішкентай сәбидің аяғының ізі бетіне кәдімгі балшыққа кіргендей, он сантиметрдей кірген үлкен сандықтас бар деседі. Былтырғы қалың түскен қар көктемде үлкен тасқынға айналғанда, қанша тарихи жәдігерді қиратқаны да белгісіз. Ал Тарбағатай тәкаппар қалпында, «бар құпия – менде» дегендей, алыстан асқақ көз тастайды.
Тарбағатай – Тәңір тау
Последние статьи автора