Қарт Қаратау құпиясы
Қалың қатпарлы Қаратаудың соңғы сілемдері Сыр өңіріне жетіп жығылады. Қазақ даласының оңтүстік өлкесін бойлап жатқан тау – қашаннан да ұлтымыз үшін ұлық тұтқан киелі мекеннің бірі. Бағзы заманнан байтақ даламыздың көркін кіргізіп, ажарына әр берген, баурайында бір қауым елге нәр берген ол жайында құймақұлақ қазыналы қарттардан естіген әпсанамыз көп-ақ. Ескі көздер Әзіретті Қаратау, Әулиелі Қаратау, Қазыналы Қаратау дейтін еді. Рас, бұл жер талай көне заманның көзін көрді. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар еді. Таудың әрбір тасы көп сырды ішіне бүгіп жатқандай. Кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген сөз содан қалғанға ұқсайды. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген ащы запыранға толы өксігіміз де осы жерде айтылған. 30-жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізгені белгілі.
Қарт Қаратау. Тіл ұшына осы бір сөз тіркесі еріксіз орала береді. Таудың етегіне бара қалсаңыз, оның тастарына қарай отырып, ескі заман еріксіз көз алдыңда көлбең қағады. Расында да солай. Қаншама ғасыр өтті. Бір кездері Қаратау заңғар көкпен таласқан биік болған шығар-ау. Оны кімнің көзі көрген? Қазір тура жасы келген адам секілді шөгіп барады. Орташа биіктігі 1800 метр екен. Ең биік тұсы – Мыңжылқы. Оның өзі де аспанмен таласқан талай шыңның қасында өте пәс.
Қаратауды қазыналы қарияға теңеп жатамыз. Елдің басына қауіп-қатер алып келген талай қилы кезең өтті емес пе? Біздің білетініміз – берідегі қиян-кескі шайқастар ғана. Ғалымдар бұл таудың жер бетінде пайда болғанына қаншама миллион жыл өткенін айтады. Ал одан бері талай мәрте жылғадан су ағып, сан рет ағаштар бүршік жарды. Қаншама ұрпақ алмасса да, Қаратау адам баласымен бірге жасап келеді.
Есте жоқ ескі замандарда ежелгі адамдар осы таудың баурайын мекен еткен деген деректер бар. Оның айқын куәсі – тасқа қашалып салынған суреттер. Мұндай тарихи орындар 400 шақырымға созылып жатқан Қаратау қойнауында өте көп. Ғалымдар оларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында бейнеленген деп жорамал жасап жүр. Археологтер зерттеуге алған тастағы таңбалы суреттер қазір 1000-нан асады.
Жаңақорған ауданының қазіргі Талап ауылының тұсында да осындай киелі орындар бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Қызылорда облысымен шектесетін аймақтарында да ондай орындар жетерлік. Ғалымдардың айтуынша, шимайлы тастар тік, қия және ірілі-ұсақты қой тастарда бедерленген. Көшпелі тайпалар өзінің өмір сүру дәстүрі жайлы кейінгі ұрпаққа аманат еткен секілді. Салт-сана, діни түсініктер, ырымдар және әдет-ғұрып қашап салынған көне туындыларда өз бейнесін тапқан. Аңшылық өнерді де сурет арқылы жеткізгісі келген екен. Қола дәуірінде қашалған тастарда соғыс арбалары көптеп кездеседі. Жергілікті халықтың ежелгі рухани өмірін айшықтайтын ерекше мәдени ескерткіштер біздің тамырымыздың тереңде жатқанын, біздің де өзге жұрт секілді тарихымыз қаншама дәуірлерге созылатынын айғақ етеді. Осыдан кейін Қаратауды қазыналы қартқа теңемей көріңізші.
Қазірге дейін Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар екен. Көбісі әлі зерттеле қоймапты. Жаңақорған ауданы тұсындағы Қатынқамал үңгірі жайында көпшілік жақсы біледі. Бұл жер – тарихи орын. Жаугершілікте қалың елге пана болды. Алайда осындай қамалдардың құпиясы әлі ашылған жоқ.
Табиғаттың тамашасына көз салғыңыз келсе, Қаратаудың баурайына барыңыз, келбеті көркем көптеген көрікті жерлерді көріп, көңіліңіз көтеріліп қайтады. Жаратылыстың сұлулығы мұнда да жетіп жатыр. Оны қолмен қашап жасаған мүсіншінің туындысы дерсіз. Алайда оның барлығы – он сегіз мың ғаламның төл туындысы. Беткейінің топырағы да басқаша, қоңыр және қызғылт қоңыр түсті, келген адамның көзіне ол бірден түседі. Сан алуан өсімдіктер де таудың келбетіне шырай қоса түседі.
Бұл жерді мекен еткен аң мен құс көп-ақ. Кезіндегі салқын көзқарас олардың кейбірінің тұқымын тұздай құрта жаздағаны рас. Солардың бірі – арқар. Ол мүйізі күнмен шағылысып, саят құрған пендеге өзінің сұлулығын паш ете түседі. Ғалымдар «оның негізгі шыққан жері – Қаратау» деп айдай әлемге жар салып жүр. Қаратау қойнауы одан өзге де аң мен құсқа толы. Жемтігін түзден іздейтін қасқыр да бар. Қырдың қызыл түлкісі де көзге ұшырасып жатады. Басқасы да көп-ақ. Олар да азайып бара жатыр. Адамның ашкөзділігі ғой бұл. Ертеңін ойламайды. Бүгінгіге мәз. Табиғаттың тартуына қол сұғып жатыр. Қашанға дейін? Қайдам? Әйтеуір, ет-жүрегің езіледі. Жаратылыстың байлығын сақтай алсақ қой, шіркін...
Бүгінгі күні елімізде туризм туралы әңгімелер айтылып жүр. Талай адам таңдай қағатын көрікті жерлер Қаратау қойнауында толып жатыр. Әзірге оны қолға алуға құлық танытпай отырмыз. Әйтпесе қазыналы көне таудың көпшіліктің кәдесіне жарайтын байлығы жетіп-артылады.