Оғыз батыры – Оқшы ата
Көне дәуірдің куәсі – Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған шапағаты мол талай әулиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Ежелгі бір кезеңде қалың қауым қадір тұтқан олар жайлы айтылар әңгімелер күні бүгінге дейін жетіп, қазіргі ұрпақтың санасында да жаңғырып жатыр. Құдайға шүкір, осы күні имандылыққа бет бұрып, ертеде өткен жақсы мен жайсаңды, әулие мен әмбиені ешкімге жалтақтамай дәріптеуге жол ашылды. Осының арқасында жас буын өткен заманның шежіресіне қайта үңіліп, қаншама ғасырдан бері ауызба-ауыз тарап келе жатқан әпсаналар мен аңыздарға ерекше ықыласпен құлақ түретін болды. Дін дегенге үрке қарап, көлеңкеден қорқатын баз бір жылдарда да сондай жайсаңдар елдің жадынан өше қойған жоқ. Ерекше қасиет дарып, әулие атанған ардақтылар қандай қиын заман болса да, халықтың, елдің арасында үлкен құрметке бөленгенін жақсы білеміз. Бәлкім, ерекше қасиетті жандар соңында қалған ұрпағын тылсым күштер арқылы әсер етіп, қолдап-қорғап, желеп жүрген шығар-ау.
Осындай әулиелі жердің бірі – Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағында орын тепкен Оқшы ата қорымы. Заманында зиялы зердесімен қалың жұрттың ризашылығына бөленген қасиетті кісілердің мәңгілік дамыл тапқан мекені бұрын Түркістан мен Сібір арасын жалғаған теміржолдың тап іргесінде жатыр. Елдің арасында айтылатын әңгіменің бірі осы күре жол тұрғысында айтылады.
Өткен ғасырдың басында домбыраның қос ішегі секілді қатар тізілген шойын жолды тартқан адамдар оны әулиелер жатқан жерден жүргізбек ниет танытқан екен. Әрине, өзінің емес, өзгенің айтқанына әбден бас шұлғып үйренген шолақ белсенділер қазақтың ертеден құрмет тұтқан қасиетті кісілерінің бақилық мекенін трактордың күшімен бұзып тастаудан да арланбапты. Алайда ол дегеніне жете алмайды. Кесенелерді бұзуға бет алған трактор өздігінен тоқтап қала берген. Дәл осы көрініс бірнеше мәрте қайталанады. Ақырында дымы құрыған құрылысшылар қасиетті мекенді айналып өтетін теміржол тартуға көшеді. Осының өзі бұл жердің құрметті орын екенін дәлелдей түседі.
Аталмыш қорымның екінші бетінде бұрын «Шымкент-Самара» аталған, қазір «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» атауына ие болған халықаралық көлік дәлізі де өтіп жатыр. Жолға шыққан жұрт қорым маңынан өткен сәтте Құран оқып, дұға жасап, ардақты абыздарға құрмет көрсетеді. Кейбірі бабалардың жамбасы жерге тиген кесенелерге арнайы ат басын бұрады.
Кезекті сапарлардың бірінде біз де Оқшы ата мазарына бұрылып, тарихтың парақтарын қайта ашқандай күй кештік. Бұл қорым неге Оқшы ата атанған? Ол кісінің азан шақырып қойылған ныспысы жайында халықтың арасында бірнеше болжам айтылады. Ол кісінің шын есімін біреу Көгентүп десе, екіншісі Ибраһим дейді. Тағы бір деректерде азан шақырып қойған аты – Ибраһим, лақап есімі Көгентүп делінсе, халықтың қойған аты Оқшы болған деседі. Белгілі зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаевтың айтуынша, ол кісі оқ, қару жасаған оғыз батыры деп көрсетілген.
Оқшы атамыз жас кезінде жетімдіктің ащы дәмін татып, күндердің күнінде бір шал мен кемпірге өкіл бала болады. Кейбіреулер секілді пендешілікке бой алдырмай, пәни дүниеде талайға өнеге көрсетіп, Алланың жердегі тұрағы саналатын мешіт үйін салып, ағайын-туысты ислам дініне шақырған. Осындай күндердің бірінде ол асырап алған ата-анасынан Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауиге сәлем беріп қайтуға сұранады. Сол заманда Ақмешіт ханы елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы Оқшы атамызға осыны айтып:
– Балам-ау, сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады? – дейді. Сонда еш абыржымай, сөз алған ол кісі:
– Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін, – дейді.
Айтқандай, ханға алым-салық жинап беретін межелі күн де келіп жетеді. Нөкерлер Оқшы ата тұратын қонысқа келеді. Оны асырап алған әкесі дәл осы кезде ол кісінің атын үш мәрте айқайлап айтады. Елдің үрейін алған нөкерлерімен бірге жеткен хан аттың үстінен ауып, жерге құлап түседі. Әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.
– Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы тұруы тиіс, – дейді Оқшы ата. Расында да, дәл солай болып шыққан. Жергілікті жұрт Көгентүп есімді жігіттің тегін адам емес екенін ұғынып, оған құрмет көрсетеді.
Сондай-ақ осы қорымда өзге де әулие кісілердің жамбасы жерге тиген. Олардың қатарында Есабыз әулие, Асан ата, Ғайып әулие, Қыш ата, Бала би, Досбол би секілді халықтың ықыласына бөленген адамдар бар. Қазақ ұлты Асан қайғы атап кеткен әйгілі дала данышпаны да осы мекенде өмірден өткен көрінеді.
Бұрын иен даланы емін-еркін жайлаған қазақтың басына талай зұлматты алып келіп, өзінің дегеніне көндіруге тырысқан өктем саясат та ата-баба аманатына адалдық танытқан Алаш жұртының сағын сындыра алмады. Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қам кесектен салынғанға ұқсайды.
Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып ас берілсе, содан бері сол игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.