Кененбай үңгірінің құпиясы көп

Кененбай үңгірінің құпиясы көп

Арғы-бергі шетіне аттылы адам әрең жететін қазақ даласының кез келген түкпіріне бара қалсаңыз, аңызға толы талай тарихи дүниені естисің. Біз өткенге көзжұма қарай алмайтын ұлтпыз. Ата-бабамыз аманат еткен ұлы даланың қыр-сырына әлі де толық қаныға қойған жоқпыз. Бұған кезіндегі кесірлі саясаттың қырсығы аз тимегенін бәріміз де жақсы білеміз. Дегенмен бүгінде жоғалтқанды қайта тауып, өшкенімізді жандырып, бұрынғы шежіренің әрбір жолына үңіліп жатқан жайымыз бар.
Айтқандай, біздің ұлан-ғайыр өлкеміз талай тылсым мен құпияға толы екенін қазір ұғына бастадық. Өйткені қай жерден де аңызға бергісіз тарихи орындар көп кездеседі. Және олардың саны өте мол екендігі бізді қуантады. Кейбір елдер санаулы жерлерімен мақтанып жатса, қазақ даласында ондай орындарды санап шығу мүмкін емес. Бұл – біздің басты байлығымыз, түптамырымыз, тарихи қазынамыз. Ұлан-байтақ даламыздың бір шетін Атырау өңірі алып жатыр. Кәрі Каспий мен Жайықтың жағасында қоныс тепкен қарапайым халық қалың қатпарлы тарихтың сан алуан құпиясына жақсы қанық.
Атыраудың бір бүйіріндегі Құрманғазы ауданы – біздің еліміздің батыстағы ең шеткі нүктесі. Қазақтың күй өнеріндегі тұғырлы тұлғаның атымен аталатын аймақ Ресейдің Астрахань облысымен шектесіп жатыр. Бас-аяғы 400 шақырымға жуықтайтын шекараның тең жарымында Азғыр өңірі орын тепкен. Өзге өңірдегі жұрт оның ядролық сынақ жасалған аймақ болғанын жақсы біледі. Алайда бұл жердің өзіне тән тарихы, көптеген құпиясы бар екенін көпшілігіміз ести қойған жоқпыз әлі.
«Бұрын көнекөз қариялар еліте оты­рып, құлақ салып тыңдайтын «Қырым­ның қырық батыры» туындысы – осы өңір­де бол­­­ған тарихи оқиға» дейді ғалым­дар. Оған негіз боларлық деректер де бар­шы­лық.
Азғыр даласының Бесшоқы тауының қыр­қалары кездеседі. Елдің аузында жүр­ген әңгімелерге сүйенсек, сол маңда Кенен­бай үңгірі кездеседі. Теп-тегіс қатқыл жер тереңдігі он шақты метрдей болып ойылып кеткен екен. Бір қызығы, оның бір қабыр­ғасы тұтастай үңгір секілді қуыс екені көзге анық байқалады. Ірі-ірі көктастар ежелгі кезеңді ойға оралтып, баһадүр жандардың бағзы тіршілігінен хабар береді. Бұл жер неге Кененбай үңгірі аталған? Оның бұлай аталуы тегіннен-тегін емес. Ертеде осы маңда Кененбай деген батыр өткен деседі. Халықтың қорғаны бол­ған ержүрек ұл қашанда елдің тыныш­тығы үшін күн-түн деместен аттың үстінен түс­пепті. Әрине, ол уақытта қауқарсыз жұртқа тізесін батыр­ғысы келетін ашкөз дұшпанның саны да аз болмаған. Батыр жігіт сондай сәттерде жұрт­ты жылатпай, қам­қор пейілін көрсет­кен. Сол шақта халық­тың қолындағы барды тартып алу­дан тартынбайтын жат пиғыл­дылар көп кездескен.
Батыр жігіт аталмыш үңгірде елдің қолын­дағы алтын мен күмісті сақтағанға ұқсай­ды. Сондай-ақ қас дұшпанға қарсы оқ ататын қару-жарақ, басқа да бағалы дүниелерді үңгір ішіне алып келіп жасыр­ған. Осының арқасында қаншама қиын­дық болса да, қарапайым жұрт ешбір жау­дан қорықпастан күн кешкен деседі. Сол себепті былайғы жұрт бұл орынды Кенен­бай үңгірі деп атап кеткен көрінеді. Бұл оқиға шама­мен қазақтардың қал­мақ­тар­мен шайқасы тұсын­да болған.
Одан бергі уақытта үңгірге қазына ізде­ген адамдар жиі ат басын бұрыпты. Деген­мен олардың алтын мен күміске, бағалы байлық­тарға қол жеткізе алмай, меселі қайтқан. Бұрынырақта оның ішінде есіктері бар бірнеше бөлме болғанын көргендер де болған екен. Алайда бертін келе ол бөл­мелер көпшілік көзіне түсе қоймапты.
Көнекөздердің айтуынша, осы маңда жылма-жыл ордалы жыландар ұшырасып тұрған. Бұл бауырымен жорғалаушының терісі қымбатқа бағаланған дейді. Осыған қызыққан кейбіреулер оларды аулауға құлшына кірісіпті де. Тіпті осыны сылтау етіп, Мәскеуден ұшақпен келгендер де бар екен. Ақша үшін басқаға бас ауыртпаған олар жыландарды оқ-дәрінің күшімен аяусыз қырып салыпты. Қаншама жылан­ды ұшаққа тиеп, келген іздерімен кері қайтып отырған. Адамдардың қатыгез­дігіне шыдай алма­ған жыландар Кененбай үңгірі маңайы­на жиналған. Мәскеуден келгендер оған да қарасын ба? Қуатты қарумен үңгір­дің де быт-шытын шығарған екен. Соның салдарынан халықтың құрмет тұтқан мекені адам танымастай күйге түскен. Содан үңгірдің астан-кестені шық­қан. Жыландар да мұндай жауыз­дыққа шы­дай алмай, тұқымы тұздай құрып кетіпті. Ал үңгір ішіндегі есіктер құлаған көктастармен біте­ліп қалған болуы керек. Осының әсерімен жұмбақ жәдігерлер сыры сол күйінше ашылмай, құнды қазыналар есіктің арғы бетінде қалып қоюы да мүмкін. Жергілікті азаматтар олар­дың құпиясын ашудың жолдары бар екенін айтады. Қазір қаншама қуатты тех­ни­калар бар. Кран, экскаватор секілді тех­ни­ка­лар­мен кез келген істі атқа­руға бола­ды. Олар­мен құлаған тастарды жинап, үңгір қабыр­ғаларын кеңейтсе, құн­ды қазы­наны зерттеуге жол ашылар еді дейді өлкетан­у­шы­лар.
Біздің халқымыз ежелгі кезеңнің есте қалар оқиғаларын ешқашан жадынан шығар­ған емес. Аңыз бен әпсаналар ұрпақ­тан ұрпаққа жалғасып, ұлттық ұғым­ды ұлық еткен ұлттың ұландарына мәңгілік мұра есе­бінде қалып келеді. Әрине, оның барлы­ғын зерделеп зерттеп, толыққанды тұжы­рым жасау кейінгі ұрпақ­тың бір парызы саналса керек-ті. Талай заманның тарихын тасқа басып, соңғы буынға жеткізуді бүгінгі күнгі басты міндет санасақ артық емес.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста