Қызылжар қаласындағы тарихи маңызға ие сәулет ескерткіштерінің ішіндегі ең құндысы – Абылай ханның ақ үйі. Сондай-ақ бұл кешен шаһардағы ең көрікті орындардың бірі болып табылады. Отау құрған жастар да, қалаға келген қонақ та осында ат басын бұрмай кетпейді. Алғашында ақ үй туралы ел аузында аңыз көп болатын, кейін аңыз ақиқатқа айналды.
Кейінгі жылдарға дейін «Қызылжар қаласын салған орыстар, бұл жерді қазақ мекен етпеді» деген жел сөзге сенушілер көп еді. Сондықтан да болар, қалада үш жүздің басын біріктірген ұлы ханның резиденциясы орналасқан дегенде жұрт жымиып қана қоятын. Нақты дерек болмаған соң, әрине. Ал ақсақалдар Абылайдың ақ үйі туралы аңыздарды көп айтатын. Ғимараттың талай зұлматтан аман қалғаны жайында айтылатын. Бұл мекеннің киелі екені де тілге тиек етілетін. Ол жайында ақын-жазушыларымыздың шығармаларында да көп кездеседі. Бірақ көбі ел аузындағы аңызға негізделгендіктен, оны дерек ретінде қабылдау мүмкін болмады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәді төре Жәңгірұлы, Үкілі Ыбырайдың жазғандарында кездеседі.
«Абылайдың ақ үйі
Қызылжар деген қалада.
Жарға жақын салынған,
1824 жылында...».
Үкілі Ыбырайдың бұл өлеңі 1926 жылы «Бостандық туы» газетінде басылған екен. Ақын бұл үйде кейін қазақ балалары оқығанын да айтқан.
Ал Шәді төре Жәңгірұлы өзінің «Тарихат» атты дастанында «Бұл кезде Қызылжарда бір сарай бар, «Абылайдың ақ сарайы деп айтылар» деп жазады.
Жазушы Сәбит Мұқанов та «Өмір мектебі» кітабында «Ол үш қабатты, бір орамды тұтас алған үлкен үй, іші толған бытықы-шытықы көп бөлме» деп жазады.
Бүгінде 70-ті алқымдаған қызылжарлық ақын Мүтәллап Қанғожин да «Абылайдың ақ үйі» атты толғауында, хан сарайы жайлы аңыздар көп болғанын келтіреді.
... «Ақ үй» жайлы қазақта
Ертегі көп, аңыз көп,
Хан ордаға лайық –
Үй десе, үй нағыз деп.
Тұғыры да биіктен,
Тұрысы да тым асқақ,
Сырлар тартып ширатып,
Сөйлемеген абыз жоқ... – деп жырлайды Мүтәллап ақын.
Абылайдың ақ үйінің Қызылжарда орналасқанын зерттеп, Петербордағы мұрағатқа дейін барып қайтқан журналист Жақсыбай Самрат өзінің «Абылайдың ақ үйі» атты кітабында Фазыл есімді ақсақалдың балаларына айтқанын келтіреді: «Ұмытпаңдар, анау – Абылайдың ақ үйі. Сол жерде талай ата-бабаларыңның ізі бар, ханға сәлем беруге, ақыл-кеңес алуға, мәслихат құруға кең даладан келген кілең жақсылар мен жайсаңдардың ізі бар», – дейді екен.
Бұл айтылғандардан аңыз-әңгіме ақырында ақиқат болып шықты. Нақты дерек Мәскеу мұрағаттарынан табылды. Нақтырақ Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлігі арқылы жеткен хатта Абылай ханға 1762-1765 жылдары үй салынғаны туралы айтылып, оның жоспары және тағы да басқа құжаттар жіберілген болатын. Халық арасында «Ақ үй» аталып кеткен ғимарат Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің бұйрығымен салынған екен. Ханның сарайымен бірге кеңсе, монша, қонақтарға арналған бөлмелер болған. Алайда дөң үстіндегі бір қабатты бөренеден өрілген ғимарат өртеніп кетіп, кейін оның орнына екі қабатты үй бой көтереді. Бізге жеткені сол.
Қызылжардағы хан үйі «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, қалпына келтірілді. Қазір «Абылай ханның резиденциясы» мұражай-кешен ретінде жас буынға қызмет етуде. Шаһардың сәні мен мәнін кіргізіп тұрған да осы үй десек қателеспеспіз.
Аңыздан ақиқатқа айналған ақ үй
Последние статьи автора