Айғаным ханшаның қонысы
Қызылжарда көз тартар керемет жерлер өте көп. Солардың бірі «Айғаным ханшаның қонысы» деп аталады. Сырымбет тауының етегіндегі бөренеден салынған ғимараттар көрген адамды еріксіз елітіп әкетеді. Тылсым күштің әсерімен табиғи апаттардан аман қалған бұл қоныс коммунистердің қолымен жермен-жексен етілген-ді.
Айғаным қонысы туралы айтқанда алдымен оның немересі, қазақтың соңғы ханзадасы атанған ғалым, саяхатшы, этнограф Шоқанға тоқталмай өту мүмкін емес. Ауыл ақсақалдары Шоқан Құсмұрында емес, осы Сырымбеттің етегінде туған деген әңгімені көп айтатын. Бірақ тарихшылар ден қойып зерттемеген соң, бұл уәж тек аңыз болып қала берді. Қазір де қазақтан шыққан тұңғыш ғалымның өміріне байланысты осы бір дерек көп айтыла бермейді. Ал тарихи дәлел керек болса бұл жайында әйгілі саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің жазғанын келтіруге болады. Ол өзінің кітабында: І Александр «Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, қырғыз даласындағы бірінші үйді салдыртып беруге әмір еткен әрі Шоқан Уәлиханов сонда туған» деп жазады.
Бұл қоныстың салынуы ХІХ ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. Патшаның арнайы бұйрығы бойынша құрылыс жұмыстарына 5 мың сом бөлінеді. Патша бұйрығында құрылысты жедел жүргізу жағы көрсетілгенімен, оны салу 1824 жылдан 1834 жылға дейін созылған. Айғанымның өтініші бойынша үйдің жанынан мектеп, медресе, мешіт, монша, қонақүй, тұрмысқа қажетті диірмен, аткерме сияқты ғимараттар салынады.
Мекенжайдың айнала төңірегін мұқият зерттеп, топырағының малға жайлы, жайылымды, құнарлы, егіншілікке де тиімді, яғни отырықшы тұрмысқа ыңғайлы екенін аңғарамыз. Бұл Айғаным ханшаның білгірлігін көрсетеді. Кейін аталмыш жер нағыз сұлу қонысқа айналып, әсіресе ұрпақтары мен сол жерді мекендеушілердің жүрегінен берік орын алғанын байқаймыз.
Оның Шоқанның өміріне ғажайып әсер еткендігін айтсақ та жететіндей. Сырымбеттің сұлу табиғаты Шоқанға шабыт беріп «Сырымбеттегі Айғаным мекенжайы», «Мекенжайдың шығысынан қарағандағы көрінісі», «Ханшаның ескі үйінің сипаты» деген суреттер салынғаны тарихтан белгілі. Бұларға қосымша «Сырымбет тауы», «Сырымбет тауы мен оның төңірегінің схемалық картасы» аталатын топографиялық жұмыстарды да ғалым осы жерде жазған.
Ханшаның үлкен ауылы болған бұл мекен заманында бірнеше зұлматты басынан өткізеді. Халықтың аузында жүрген көп аңыздардың бірінде Сырымбет түгел отқа оранғандығы айтылады. Тілсіз жау төңіректі тегіс жалмап өткен екен. Тек осы Айғанымның қонысы ғана құдіреттің күшімен дін аман қалған дейді. Бұл жерде Айғаным ханшаның діндарлығы, Аллаға деген бек сенімі жайында айтуға болады. Қоныстағы ғимараттардың ішіндегі ең сәндісі де мінәжат жасайтын мешіт болған.
Ал тарихқа жүгінетін болсақ, Кенесары ханның көтерілісі кезінде қыстақ жартылай жанып кетеді. Дегенмен үйлердің бөренелері көп сыр бере қоймаған. Бірақ табиғи апаттардың талайына төтеп берген қасиетті қоныс коммунистер қолынан құтыла алмады. 1930 жылдары қызылдар оны түгел дерлік жоюға кіріседі. Төңіректе ағаш құрып қалғандай бөренелерін бұзып алып, маңындағы кеңшарлардың бірінде мәдениет үйі, екіншісінде клуб тұрғызады.
Жұртына жусан өсіп, ханша қонысының орналасқан жерін де жұрт ұмыта бастайды. Зерттеушілер көнекөз қариялардың айтуымен 1980 жылы ғана қыстақтың жұртынан үйлердің іргетастарын тапқан. Сол іргетастардың үстіне бөренеден қиылып үйлер тұрғызылды. Тарихи жәдігерді қалпына келтіруге Шоқанның салған суреттері көп көмек болғанын айта кеткен жөн. 1993 жылы қайтадан ашылған Айғаным қонысы бүгінде аспан астындағы мұражай қызметін атқарып тұр. Шоқандай тұлғаны тәрбиелеген Айғаным ханшаның қонысы қазақ үшін қасиетті болып қала бермек.