Желтоқсанның батырлары
Сол беймәлім қыз, жұдырықтай, сүйкімді қарындасым. Сенің өрлігіңе, жасаған ерлігіңе қашанда тәнтімін, басымды иемін. Сен бір азаматты қорғау арқылы бар қазағыңды қорғаған екенсің.
Жыл сайын желтоқсан айының он алтысы жақындағанда сол бір 1986-жылдың ызғарлы күндері көз алдыма келіп, ойға шомамын. Елді дүр сілкіндіріп, әлемді елең еткізген, Мәскеудің қазаққа деген көзқарасын тағы да бір әшкерелеген кез. Қазақтың халық екенін, ол халықтың ойымен де санасу керектігін Мәскеудің есіне салған күн. Жеріміздің бүтіндігін сақтауға, халқымыздың жарқын болашағына жол ашып, тәуелсіздіктің орнауына ықпал еткен сәт. Әрине, дәл сол күні осының бәрін біліп, көре алдық десек артық айтқандық болар еді. Қорлыққа көнгісі келмеген, төзімі таусылған қазақтың шыдамы шегіне жетіп, іштегі наразылық запыранының атылып сыртқа тепкен күні.
Радиодан жаңалықтар тыңдап отырғам. Қазақстан орталық партия комитетінің пленумы туралы айтып жатты. Онда, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қазақ ССР-і бірінші хатшысы қызметінен босатылғанын, ол кісінің орнына Ресейге қарасты Ульянов облысы бастығының тағайындалғанын хабарлады. Неге екенін, көңілім алай-түлей болып кетті. Тамағым кеуіп қайта-қайта жұтына бергенім есімде. Бұл қазаққа өз алдына ел болып тәуелсіздік алмақ түгілі өз ұлынан басшы тағайындаудың да бұйырмағанына қапаландым. Сонда өз басшысын өзі таңдап ала алмайтын халықтың, болашағы не болмақ деген ойдың жетегіне кете бердім.
Шіркін ата-қонысымыз Қазақстанымызға жетсек деп шекараның аржағынан “Жайтөбе, Аралтөбе көрінеді, Көңілім көрінген соң бөлінеді. Ойласам артта қалған туған жерді, Қабырғам сынбаса да сөгіледі.” деп сағыныштан ет жүрегі езілген жыр жолдарын елу жылдай айта жүріп, ел асып, бел асып шекарадан қашып өтіп, бабаларымның кіндік қаны тамып мәңгі тыныштық тапқан жерінің ауасын жұтып, суын ішіп Аллаға шүкіршілік етіп, бір масайрап едік. Ересектер екі қолға бір күрек, білектерін сыбанып егінші, малшы, құрылысшы тағы басқа жұмыстарға араласып кетті. Мектеп жасындағылар партаға отырдық. Біраз үйренісіп ес жиған соң барып байқадық, бұл қоғам қазаққа экономикалық жағынан жайлылау болып көрінгенмен, оның ұлттық белгілерін әлсіретіп, тілін ұмыттыруға ұмтылған екен. Мектеп оқулықтарында қазақ халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағы, жабайылық өмірдің белгілері деп жазылыпты. Қазақ халқының тарихы қазан революциясынан басталатыны айтылған.
Өткен тарихқа көз салсаң, бұрынғы жоғалып кеткен мемлекеттер 200-300 жыл дәурен құрған деседі. Одан кейін олар жойылып, орнына жаңа мемлекеттер пайда болып отырған. Ал одақтың құрылғанына бар болғаны 70 жыл да толған жоқ. Бұл қоғам тұра берсе онда қазақ халқының жайы не болмақ, ұлт ретінде жойылып кете ме деген алаңдаушылық жүректі сыздататын. Дегенмен, елімізді қазақтың басқарып отырғанына шүкіршілік ететінбіз. Отыз жылдан артық ел басқарған Д.А. Қонаев санамызда еліміздің толыққанды болмаса да, өзін-өзі басқаруының бір көрінісі ретінде әбден орныққан еді. Негізінен тағайындалған басшы да тиянақ болмайды екен. Жұмысқа қалай келсе, солай кетеді. Оның тағдыры біреулердің қолында.
Ел арасынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Жарайды Қонаевтың заманы өтті делік, сонда оның орнына бір қазақтың табылмағаны қалай? Біздің елдігіміз қане? Намысымыз қайда? Өстіп тізбектелген ойлар-маза берер емес.
Кейін білдік-қой пленум бар болғаны бес минутқа созылыпты. Бір халықтың тағдырын шешуге сол уақыттың өзі жетіп артылса керек. Неткен менмендік дерсің. Қазақпен санасып, мақсатын сұрап, оны ел екен деп елеп жатқан кім бар. Кезінде басқаруға қолайлы деген желеумен қазақтың біраз жерін басқа Республикаларға таратты. Онда да ешкім ашық наразылық білдіре алмады. Қарсылықтың түрі отбасы ошақ қасы күңкіл әңгімеден аспады. Енді еркін ұрпақ өскені байқалады.
Сонау жетпісінші жылдары Ақмола өңірін неміс автономиясына айналдырамыз дегенде қазақ бір толқып қалған. Сөйтіп Мәскеу ол ойын орындай алмады. Ал мынасы қай асқаны. Тышқанмен ойнаған мысықтай ойына келгенін істеп келеді.
Айттым бітті, кестім үзілді саясат қой мұнысы. Үйге сыймай далаға шықтым. Көршім Қабдрахман ағаны көріп, жақындап барып, амандасып:
-Бүгін пленум өтіпті, Қонаевты жұмыстан алып орнына бір орысты сайлапты,- дедім.
Қабдрахман аға естімеген екен:
-Кімді?-деп сұрды.
-Ульянов облысын басқарған Колбин,- деген.
-Ә-ә-ә… білем-білем, қанқұйлы Колбин-ғой, уақытында грузиндерді қанға бөктірген,-деп салды.
— Мен естімеген екем,-дедім.
— Я оны Мәскеу бір кезде Грузия орталық партия комитетінің басшыларының бірі етіп жіберген. Оған грузин жастары қарсы шығып, сойқан болған,-деді.
Үстіме біреу суық су құйып жібергендей, төбе құйқам шымырлап кетті. Бұрын қолы қанға малынған адамның Қазақстанға бірінші хатшы болып тағайындалуы жақсылықтың нышаны емес деп жорыған болдық.
— Бұл Мәскеудің дандайсуы-ай. Бұған тосқауыл қояр күн туар ма екен? Сонда өз елімізден басшы болуға бір азаматтың табылмағаны қалай?,-дедім.
Қабдрахман аға отан соғысының ардагері, С.М. Киров атындағы Қазақ мелекеттік университетінде тарих пәнінен сабақ беретін ғалым-ұстаз еді. Бөлінгенді бөрі жейді бауырым,- деді де, аз үнсіздіктен кейін барып “Апырай ең болмаса қой екеш қойға ұқсап, аяғымызды бір серпуге де жарамадық па? Сонда қойдай қауқарымыздың қалмағаныма? -деп тоқтады.
Аяқ серіпкенде не істей аламыз деп ойладым.
Құдайы көршім ғалым Орекеңе (Орақ Әлиевке) бардым. Ол да жаңалықты естіп отыр екен. Мәскеуден шығатын газеттерді алып көрсетті. Осыдан бір-неше ай бұрын Колбинның партия қызметінің тамаша ұйымдастырушысы екенін жазған материал екен. Онда Колбин адам емес “Періште”. Жұмыс істеу стилінің өзі жатқан бір үлгі-мектебі. Жазғандарына қарасаң одан асқан адам жоқ. Жаңа басшы жайлы газетте қанша мақтау айтылғанымен, оны менің ақылым қабылдамады, көңілім селт етпеді.
Колбинді алдын-ала сонша дәріптеп, мақтап жазғандарына қарағанда Конаевқа Мәскеудің бұрыннан шүйлігіп жүргені байқалады. Қонаев КСРО орталық партия комитетінің саяси бюросының мүшесі, Бас хатшы Л.И.Брежневпен қарым қатынасы достық деңгейде қалыптасқан адам. Бүгін қолына күш тигендердің талайларының кезінде оны көре алмастан іші күйгендері де рас болар. Енді соның есесін бір қайтарайық дегені ме? Тіпті олай болған күннің өзінде, оған қазақ халқының не жазығы бар? Қонаевтың артында халық тұр. Мәскеудегілер оны мүлдемге есінен шығарып тастаған екен.
Сол түні көңілім қобалжып тыныш ұйықтай алмадым. Ертеңінде жұмысқа барар жолда көше тола қаздай тізіліп сап түзеген, лек-лек болып республика алаңына бет алған жастарды көрдім. “Менің Қазақстаным” әнін шырқап барады. Автобус терезесінен анық байқалғаны жастардың жүрістерінен салмақтылық сезіліп, қабақтары қарлы аяздан да қатал түйілгені байқалады. Университетке келгенімізбен жұмысқа кірісе алмадық. Сағат ондарға таман жұбайым телефон соқты. “әл-Фараби даңғылында танктер мен БТР-лер, машина-машина солдаттар қаптап кетті. Не болып жатыр, өзің жұмысқа аман жеттің бе?”,-дейді үрейлі дауыспен. Сөзіміз аяқталмай жатып қала бойынша телефон байланысы мүлдем тоқтады. Бір екі сағаттан кейін КазМУ-дың бір топ жас қызметкерлері (қазақ жігіттері) жиналып басшыларымыздың “Бармаңдар”,- дегеніне қарамастан алаңға кеттік. Қала көшесінде автобустар жоқ екен. Елдің бәрі жаяулап келеді. Комунистер көшесіне жеткенде республика алаңына бет түзегенін көше жастардың легіне кездестік, жастар тобы аққан сеңдей болып көрінді. Республика алаңына Желтоқсан көшесі жағынан келдік. Сейіл Сауытбеков, Әшім Көшкімбаев, Данабек Бименов тағы бес-алты жігіттер бар (30 жыл өтті-ғой көбінің аттары есімде жоқ). Алаңда халықтың көп екені байқалады. Айғалаған дауыстар естіледі. Алаңды милиция қоршап алыпты. Бізді онда жібермеді. Күзетте тұрғандардың бірі: — К. Бәйсейітова көшесі ашық сол жақтан өте аласыздар,- деп жөн сілтеді. Топтала бастадық, қарамыз көбейе түсті. Милиционер қазақ жігіттерінің бірі “Мына тұстан бұзып өтіңіздер”,-деп ескертті. Сәл-пәл ары-бері толқыта итермелеп милиционерлердің қатарын бұзып өттік. Олар да жолымызды онша қатты бөгемеді. Араларында ішқұса болып тұрғандарының да бар екені байқалады. Алаңнан Орал Жылқыбаевты кездестірдім. Ол “Мына сұмырайлардың қорлығы-ай”,- деді тістеніп. Үстіндегі киімі жеңіл, ерні суықтан көгеріп кеткен, қабағы түсіп, ашуы бетіне теуіп тұр, тіпті үсіп қалса да алаңнан кетер түрі байқалмайды. Алаңдағы жастар тәртіп сақтап, бірін-бірі қолтықтап, құрыштай тұтасып кеткен, орындарынан мызғыр емес. Лап етсе жолындағының бәрін жайпап өтер тасқынға айналар арнасынан асайын деп тұрған тау суындай. Біздер келіп топтасып тұрған жастарға қосылдық. Барлығының аузында “Қазақ басшы, қазақ басшы …”,-деген жалғыз сөз. Мыңдаған адамның үні қосылғанда, алаң жаңғырығып ондағы үйлер шайқалып тұрғандай. Бұл халықтың ашу-ызасы, Мәскеудің өктемдігіне білдірген тұяқ серпуі еді. Алаңға негізінен жастар шығыпты. Біз қатарлы (отызға жеткендер) кісілерде бар. Қыздар жағы көп. Топтың ортасына сұғына алмайсың. Шетіне келіп олармен қолтықтаса тұрдық. Мен өзімнің магинит тартқан шегедей топпен тұтасып кеткенімді байқадым. Шеттегілерді жұлқылаған милиция қызметкерлерінің ешкімді топтан бөліп әкетуге шамалары келмеді. Олар сыналай кіріп тұтасып тұрған халықты ұсақ-ұсақ топқа ыдыратпақ болып әрекеттеніп жатыр. Ол істерінен әзір ештеңе шығар емес. Кейбір тұста дара тұрған жігіттерді сақшылар бас салып, сүйреп әкетіп жатты. Оларға көмектесуге бізде мұрша жоқ. Тек бір қатарда тұрғанда ғана алынбас қамалсың, топтан сәл бөлінсең, аңдып тұрған қызыл көздер бас салады. Алаңдағы темір бағандардың басындағы репродукторлар сарнап тұр. “Қайтыңдар жатаққа, бұларың жарамайды, істерің заңсыздық”,-деп. Сонда Мәскеудің зорлығының заңды болғаны ма? Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер. Қазақстанды басқарып отырған қызметтегілердің ауыз біршілігінің болмауы да бұған себеп болып отырған сияқты. Біраздан кейін алаңдағылардың үні “Әуелбеков, Әуелбеков…”,- деген айқайға ұласты. Абдыраған жастар ең болмаса сол кісі көзге көрінер, бір ауыз жөн сөзін айтар- дегені болса керек. Ұзын құлақтан естігеніміз даудың басы Ресей шекарасына жақын Орал облысы, Ақсайда ашылған жаңа қазба байлық кеніне байланысты болса керек. Бұл байлықты қазақтар игере алмайды, картаны өзгертіп Ресей жеріне қосайық деген Мәскеудің тапсырмасын орындаудан Қонаев ақсақал бас тартқан деседі. Оны мен шеше алмаймын жер халықтікі,- деген көрінеді. Онда орынды босат,- деп Мәскеу осындай елдің ашу ызасына келтіретін шешім қабылдаған. Соның аяғы мынау. Бұның немен тынарын бір Алла біледі. Қазақтың шыдамдылығын “момындық”, жомарттығын-“әумесірлік” деп жүргендер, оның қозғалса тау құлатар асау мінезі бар, арқалы халық екенін ескермеген екен. Екінші дүниежүзілік соғысының ауыр күңдерінде неміс фашистерінің оғына кеудесін тосып жанын берсе де арын бермей Мәскеуді қорғап қалған батыр аталардың ұрпағы екенімізді ұмытқан екен. Топтасып тұрған жігіттер: Тірі болғанда, қылышын сүйретіп келер еді-ау, мына жастарды қолдап, сасқанда ақыл берер, жылағанды жұбанып, сүйеніш болар еді,-деп Бауыржан Момышұлын іздегендей. Расында ол кісі тірі болғанда не істер еді, деп ойланып қалдық. Әй қайдам оған мұрса берер деймісің? Сол сәтте ерліктің өз жастарымыздың жүрегінде екенін сездіргендей уақиға болды. Бізден төрт-бес қадам жерде бір жігітті екі милиционер сүйреп әкетіп барады. Қатты соққыдан әлсіреген бе, болмаса бар көрсеткен қарсылығының түрі осы ма, жігіт аяқтарын басар емес. Сүйретіліп барады. Топтың арасынан шыққан жұдырықтай қыз, жігітті құтқарып алмақ болып: -Босатыңдар кінәсі не?-деп араша түсіп милицинерлерге жармасты. Қызды итеріп қалған милиционерлер одан әрі кете бергенде, құлаған қыз, көз ілеспес жылдамдықпен орнынан атып тұрып қолындағы кітап тола сөмкесімен екі милиционерді бастарынан періп-періп қалғаны. Милиционерлер жігітті тастай сала қызға ұмтылды. Қыз топтың ең жақын біз тұрған тұсына қарай қашты. Топ қақ айырылып қызды ортаға өткізіп жібердік. Қыз топқа сіңіп кетті. Толқып барып қосылған судай топ қайта тұтасып моналитке айналды. Біздің жігіттер бар күшін салып қызды қорғады. Манағы жігіт атып тұрып топтың басқа тұсына сүңгіді. Көзді ашып жұмғанша өте шыққан осы бір оқиға мені күні бүгінге дейін ойландырады. Сол беймәлім қыз, жұдырықтай, сүйкімді қарындасым. Сенің өрлігіңе, жасаған ерлігіңе қашанда тәнтімін, басымды иемін. Сен бір азаматты қорғау арқылы бар қазағыңды қорғаған екенсің. Қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап араша сұрай алдың. Осы ісің сенің елің үшін отқа түсе алатын нағыз ер жүрек қыз екеніңді көрсетті. Қайда жүрсеңде жолың болсын. Міне, осындай аттары белгісіз батырлар көп болды. Олар көзге түсіп атақ алуды емес, елінің намысын ту еткен жастар. Қазағымның алмас қылыштары. Мен сол күні алаңға шыққан жастардың бәрін желтоқсанның батырлары дегім келеді.
А. Шарықбаев