Заманауи құлдық: адам саудасы азаймады

Заманауи құлдық: адам саудасы азаймады

Адамды еркінен тыс құл­дыққа жегу, жезөкшелікке салу, «тірі тауар» ретінде және бөлек ағзасын сату ең да­мыған елдердің өзінде әлі күнге дейін жойылмай ке­леді. Өкінішке қарай, Қазақ­стан да адамды мал құрлы көрмейтін тірі тауар дәлізіне айналып отыр. «Құл иелену­шілерге» құқық қорғау орган­дары өкілдерінің өзі «крыша» болып жүр екен. Бұл – әлем назарындағы айғақ.
Көші-қонымызда кілтипан бар
Бүгінде заңсыз бизнес арқылы табыс табу жағынан адам саудасы қару-жарақ және есірткі сатудан кейінгі үшінші орында тұр. Оның өзі әлем бойынша шамамен 40 миллионнан астам адамды құрбан ететін трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады екен. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін халықаралық FATF тобының мәліметінше, жыл сайын адам сатудан 150 миллиард доллар пайда түседі-міс.

Ал бейресми де­рекке сүйенсек, жылда 2,5 мил­лион адамның «тірі тауар» бола­тыны болжанған. БҰҰ мамандары жаһандық адам саудасы негізінен Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада және Шығыс Азияда өршіп тұрғанын анықтаған. Соның ішінде соңғы 10 жылда Қазақ­станда 1,5 мың адам құлдыққа түскен десек, халықаралық Walk Free ұйымы қазір елімізде жалпы 75 мың адамның құлдық қамытын киіп жүргенін алға тартып отыр.

«Адам саудасына қатысты заңсыз әрекеттердің бәрі ұйым­дасқан қылмыстық топтарға ба­рып тіреледі. Қылмыстық топтар адамдарды сексуалдық мақсатта немесе күштеп жұмысқа салу үшін пайдаланады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз мигрант әкелу жүйесінде әлем бойынша 5-7 мил­лиард АҚШ доллары айналымда жүр», – дейді БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данилио Камписи. Сол себепті бұл халық­аралық ұйым Орталық Азия елде­ріне адам саудасы мен заңсыз миграциядан түсетін көлеңкедегі ақшаның жолын кесу бойынша көмек көрсетпек.

Сондай-ақ!
Өрісіңді өрт шалса…
Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмыс екі есе көбейді
 
Енді сол заңсыз миграция мә­селесіне тоқталсақ, биыл Прези­дент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия еліміздегі адам саудасы туралы арнайы баяндама жариялады. Ол құжатта елімізге былтыр кірген шетелдіктер туралы бірталай мәлімет атап көрсетілген. Мысалы, «Бүркіт» бірыңғай ақпа­раттық жүйесінің мәліметінше, 2020 жылғы 9 айда Қазақстанға 1 миллион 915 мың шетелдік ке­ліпті. Оның 90 пайызы – ТМД елдерінің азаматтары. Сондай-ақ Түркиядан – 35 мың, Қытайдан – 11 мың, Үндістаннан – 7,1 мың және Германиядан 7,7 мың адам келген. Бір ескерерлігі, мұнда кө­ші-қон заңнамасын бұзушылардың көбі – Өзбекстан азаматтары.

Ал ТМД-дан тыс елдердің ішінде жиі заң бұзатын Қытайдың 268 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. Сондықтан прокуратура органдары заңсыз көші-қон факті­лерінің алдын алуды осы салаға жауапты мемлекеттік органдардағы заңсыздықтарды әшкерелеуден бастауға көшті. Мысалы, Бас про­куратура Жамбыл облысы Полиция департаментінің 2013-2018 жыл­дардағы азаматтық және көші-қон туралы заңнаманы қолдану мәніне тексеру жүргізіп, көші-қон заңна­масын бұзудың көптеген фактісін анықтаған. Нәтижесінде, Жамбыл өңірімен шектесіп жатқан елдердің азаматтарын Қазақстанға кіргізу ісінде делдалдық жасаған департа­менттің бір бөлім бастығы Қыл­мыстық кодекстің 394-бабы 2-бө­лігі бойынша 7 жылға, тағы 2 қыз­меткері 3 жылға сотталып кетті.

Алайда қазір адам саудасымен күреске байланысты халықаралық шарттар біріккен күрес үрдістері болғанымен, бұл мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін таппай келеді. Мысалы, әлемдегі адам саудасы құрбанының 70 пайыздан астамы әйелдер мен қыздар десек, жалпы құрбандардың үштен бірін балалар құрайды екен. Қалған пайыз тегін жұмыс істету және локальді соғыстар кезінде мәжбүрлі түрде ұрыс алаңында қызмет еткізу үшін құлдыққа ұшырайтын ер-азаматтарға тиесілі. Бұл ретте Қа­зақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік болып тұр. Тән саудасына түскен әйелдер көбіне Ресей, Түркия және Сауд Арабиясына жөнелтіледі.

Сондай-ақ бізге көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз елінен құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласында жұмыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалып жатқан ер-азаматтар баршылық. Демек, адам саудасы фактілерінің осылайша көші-қон үдерістерімен бірге дамитынын мониторинг жұмысы дәлелдеп отыр.

Біздегі көзжұмбайлық АҚШ-қа жақпады
Елімізде адам саудасына қа­тысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойдық та, талап кішкене қа­таңдай түсті. Дегенмен АҚШ Мем­лекеттік департаменті 2019 жылғы есебінде Қазақстанды адам сау­дасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, біздің заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Сондай-ақ елімізде бұл бағыттағы қылмыс санының азаймай отырғанын «бетімізге басты». Бұлай істейтін жөні де бар. Себебі биыл Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп тіркелген. Бұл туралы таяуда Бас прокуратура қылмыстық қу­далау қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді. Оның ай­туынша, биыл қаңтар-мамыр айын­да адам саудасына байланысты 63 құқықбұзушылыққа жол беріп қойыппыз. Соңғы 5 айда кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін 25 адам, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдас­тыр­ғаны немесе ұстағаны және жеңге­тайлық үшін 6 адам, адам саудасы үшін 4 адам қылмыстық жауапкер­шілікке тартылған. Ал ІІМ Кри­миналдық полиция департа­менті­нің бастығы Думан Таев былтыр
1 200 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін жария етті. Оның 22-сі – бала, көбі – қызметтік іссапарға шыққан, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткен, автокөлік, жүк тасымалдауға аттанған ер адамдар. Осы орайда ІІМ өкілі әлемге адам саудасы өршіген ел ретінде атымыз шыққанын жасырмады. «Адам саудасы бойынша Қазақстан әлем бойынша екінші рейтингте тұр. Кейінгі жылдары біздің азамат­тарды Бахрейнге, Түркияға, Оң­түстік Кореяға құлдыққа шығару каналдарының жолы кесілді. Адам саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы трафигімен де бетпе-бет келіп отырмыз», – деді Думан Таев.

Еске сала кетсек, әлемде адам саудасын бағалаудың 3 санаты бар. Мына ІІМ өкілі айтқан екінші санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату, тағы басқа) қойылып немесе АҚШ бастаған кей елдердің санкциясы салынуы мүмкін. Сондықтан әзірге қалып­тасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданды. Сол үшін жанталасып, адам сауда­сына қатысты жауапкершілікті күшейте бастадық. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі Қыл­мыстық заңнамаға енгізілген түзе­тулер заңды күшіне енді. Атап айтқанда, 2014 жылғы 3 шiлдедегі ҚК-нің 128-бабы 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза­ланады» деп жазылған. Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қыл­мыс болған жағдайда қылмыс­кердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ «Кәмелеттік жасқа толмаған бала­ларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолда­нуды қарастырады. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі ко­лонияға қамалады.

Дегенмен АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында Қазақстанда жезөкшелік пен әйел саудасы өзекті мәселе екені және бұл іске жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің «қам­қор­лық» көрсететіні нақтыланған. Өзіміздің үкіметтік емес ұйымдар да адам саудагерлері жауапкерші­ліктен жалтару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара беретінін, тіпті кей полиция қызметкері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыс­тарына «қамқор» болатынын ай­тып, дабыл қағуда. Сондай-ақ адам саудасы құрбандарының айғақ­тарына қарамастан, кейбір қыл­мыс­тық істер «дәлелсіз» деп жабы­лып қалатын көрінеді. «Пара» де­мекші, 2017-2018 жылдары ішкі істер органдары мигранттардың 26 мыңнан астам жалған медици­налық анықтама ұсынғанын әш­керелеген. «Мұндай жағдайға ішкі істер органдары мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкер­лерінің қатарындағы сыбайлас жемқорлық ықпал етуі мүмкін» делінген сондағы хабарламада.

Сөйтіп жүріп Қазақстан екінші жыл қатарынан адам саудасымен күресте екінші деңгейдегі тізімде қалды.

Құлдық қамытын жұмыссыздар киеді
Жоғарыдағы мысалдың бәрі қазақстандық құзырлы органдар бұл мәселеде қол қусырып қарап отыр дегенді білдірмейді, әрине. Айталық, 2019 жылы елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалса, оның 59-ы адам ағзасын сатуға қатысты болған. Бұл ретте ІІМ 2017 жылдан бері адам ағза­сының заңсыз саудасы және транс­плантациясымен айналысқан транс­ұлттық ұйымдасқан қыл­мыстық топтың әрекетін әшкере­леді. Олар 2 жылда Украина, Өз­бекстан, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен донор тауып, олардың бүйрегін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. Қылмыстық топ 57 заңсыз транс­плантациялық ота жасап, шамамен 10 миллион доллар табыс тауыпты. Олардың бірі Словенияда қолға түсті. ІІМ Тергеу департаменті сол трансұлттық топтың үстінен қоз­ғалған тергеуді былтыр аяқтады.

Ведомство мәтіметінше, аталған құқықбұзушылық бойынша 133 іс тергеліп, 48 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бұл жағдайда мемлекеттің үнсіз қал­мауы керегін ескертті.

«Ашық­тық пен жариялылық заңсыз скаль­пельге қарсы қаруға айналуы тиіс. Меніңше, ол туралы деректі немесе көркем фильм түсіру керек. Бұл құқық қорғау органдарының адам ағзасының трансплантациясы және саудасымен айналысатын халықаралық топтарға қарсы әре­кетін көрсету үшін қажет. Қыл­мыскерлерді әшкерелеп, жазаға тартып, трансплантологияның заңды жұмыс істеуіне жол ашуымыз керек. Бұлай болмаған жағдайда, бұл іс адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін заңсыз бизнеске айналып кетеді», – дейді ол.

Қазір коронавирус індеті әлем­дік экономиканы едәуір құлды­ратып, тек Қазақстанда емес, әлем­дік деңгейде жұмыссыздар санын арттырып отыр. Ал олардың саны ұлғайса, ақша үшін тәнін, ағзасын саудалайтын, төмен шарттармен жұмыс іздеп, құлдыққа ұшырай­тындар көбейеді. Сондықтан адам саудасының алдын алу аталған қылмыстың орын алуын жеңіл­дететін себептермен күрестен бас­талуы тиіс. Мысалы, Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шектеу және ағарту жұмыстарын күшей­ткен жөн.

Әйтпесе, ІІМ өкілдері жыл сайын елімізде және шетелде адам саудасының құрбаны болған 80-ге жуық отандасымыз анық­талып, шамамен 180 қылмыстық іс қозғалатынын айтып отыр. «Адам саудасына байланысты қылмыстар карантин уақытында да байқалды. Еліміздегі адам саудасының құр­бандарына айналғандардың ішінде өз азаматтарымыз да, шетелдіктер де бар. Практика көрсетіп отырған­дай, оның көбі Орталық Азия ел­дерінің азаматтары. Пайызға шақ­сақ, құлдыққа тартылғандардың
90 пайызы – Қазақстан азаматтары» делінген ведомство мәліметінде.

Еркеғали БЕЙСЕН

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста