Ықылас ОЖАЙҰЛЫ. Қазақ болмысы: кеше және бүгін

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ. Қазақ болмысы: кеше және бүгін

Ғылымда этнотарих деген ұғым бар. Ол сүйекті зерттеу арқылы ұлттың тарихын, танымын анықтайды. Былайша айтқанда, мұны антропология деп те атай­ды. Осы антропологиямен айналысып, арғы қазақ пен бергі қазақты салыстырып жүрген, осы саланы терең зерделеген ғалым – Оразақ Смағұл. Сол кісінің жазбаларына қарағанда, осыдан төрт-бес мың жыл бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың популяциясын салыс­тыр­ғанда, екеуінің ұқсастығы үштен бір пайыз ғана көрінеді. Сонда бір ұлттың заңды өкілінің өзінің ата-бабасына ұқсастығы үштен бір пайыз ғана боп қал­ған. Бұл деген – сұмдық трагедиялық жағ­дай. Гиббон деген маймыл бар. Сол май­мыл мен адамның арасындағы ұқсастық та үштен бір пайызды құрайды. Біздің кешегі баба рухынан, баба тақылетінен қаншалықты алыстап кеткенімізге осы дерек бұлтартпас дәлел емес пе? Біздің түп-тамырымыздан бұлай алыстауымызға әсер еткен қандай факторлар?

Тарихта тәбәрікке жүретін бір өлшем бар. Ол – сөз. Уақыттың өкпек желі кез келген нәрсені оңдырады, тоздырады, қартайтады, тіпті өлтіреді. Яғни дүниеде уақыттың әмірі жүрмейтін нәрсе жоқ. Осы уақыт деген ұлы ұғымға шыдас бе­ретін жалғыз дүние – сөз. Біз сөз ар­қылы ғана кез келген халықтың бұдан бұрын қалай өмір сүргенін, немен тыныстағанын біле аламыз. Тіпті, таудың да таусылып кеткен уақыттары болған. Осыдан үш-төрт мың жыл бұрынғы таулар бүгін орнында жоқ. Түрлі себептерге байланысты таби­ғаттың өзі өзгеріп кетеді. Өзгер­мейтін бір ғана нәрсе сөз болғандықтан, біз ұлттың кім болғандығын сөз арқылы танимыз.
Мәселен, Қазақстан жерінде мұхит жоқ, кит жоқ, мүйізтұмсық жоқ. Бірақ бұлар бұрын қазақ топырағында болған­дығын дәлелдейтін сөздер бар. Қазақ «Піл ауыр ма, зіл ауыр ма» дейді. Бұл жер­де «зіл» деп мүйізтұмсықты айтып отыр. «Жансыздың биігі қамыс болар, жанды­ның үлкені балық болар» дейді. Бұл жерде «қамыс» деп «бамбукты», «балық» деп «китті» айтып отыр. Осындай кез кел­ген сөздің астарында тарих бар, тағдыр бар. Мәшһүр Жүсіптің: «Қазақ тілі жұм­бақ, не айтса, оның шешімі бар» дейтіні сондықтан. Біз бүгін сөз талдай алатын жағдайдан кетіп қалдық. Сөздің текстологиясын, хронологиясын түсінбейміз. Бұрынғының айтқан сөзінің бәрі ертегі, утопия боп қабылданатынының себебі, сөздің қырық жұмбағын ашатын ахуалдан айрылдық. Кейде сөз шорқақ, ой сүреңсіз болып, сөздің құдіреті жетпеген жерге жететін тағы бір дүние бар. Ол – саз. Сөздің алымы мен шалымы жетпеген жерге саз жетеді. Саз дегеніміз – сөздің кульминациясы. Яғни, сөз біткен жерде саз басталады. Сөз бен саз – ұлттың параметрі, анықтау факторы. Осы екеуі арқылы біз қазақтың сөзді қанып ішкен, көкжиегі керемет үлкен ұлт бол­ған­дығын бағамдаймыз. Арғы қазақтың пайымы сазды сөз етуге жеткен. Жо­шы­ның өлімін Шыңғыс ханға сөзбен жеткізе алмаған кезде туған «Ақсақ құлан» күйі бұған дәлел. Біз қазір күй деген дүниеге қайғылы немесе қуанышты күй деп, екі-ақ өлшеммен қарайтын болдық. Ал бұрын кез келген сөздің шарықтау шегін сазға айналдырып және оны да түсіне білетін жағдайда болған едік.
ХV ғасырдағы қазақтың ахуалын көр­сететін мынадай сөздер бар. «Мұз үстіне от жаққан, бұзбай бұлан пісірген», «Бидайықтың көл шайқаған жалғызы», «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірім өзі біледі ажалыңыз қайдан дүр». Қандай асқақ, қандай алапат сөздер. Елшілдігін қараңызшы, «Құлым бір ұлдай киінсе, көргендер көзі сүйінсе» қандай гумандық көзқарас. Біз осы ұғымға жете алдық па? «Құлым ұлдай киінсе» дейтін дәрежеде ме бүгінгі қазақ? Қазақ халқы орыс отарына айналғаннан кейін осындай ұлы қағидаттардан айрылды. Қазақ қанында тектілік жоғалды, дег­дарлық әлсіреді. Отарлық үлкен сүзгі біздің ұлттың рухын ұн қылып үгітіп жі­бер­ді. Осындай жағдайға түскен ел өзінің бұрынғы үлкен дүниетанымын ертегі, утопия деп қарайтын жағдайға жетті. Яғни өзінің мүгедек миы қорыта алмаған дүниенің барлығын қиялға балады. Қазақ судың да, шөптің де, құстың да, аңның да тілін білген халық. Түрік топырағынан шыққан әл-Фарабидың «Табиғат мәтфуғат» деп кітап жазуы тегін емес. Мысалы, бәріміз мектепте оқыған Жиренше шешеннің әңгімесін алып қа­райық. Ханмен бірге келе жатқан Жирен­шені іші пысқан хан: «анау қаңбақ қайда бара жатыр екен, біліп келші», – деп жұмсайды. Сондағы Жиреншенің «Ұшарым­ды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» деген жауабын біз жай ғана қабылдай салдық. Ал тереңірек үңілсек, бұл сөзде үлкен мән жатыр. Егер қаңбақта тіл болатын болса, тура осылай жауап берер еді. Яғни қаң­бақтың өмір сүруінің нақты мәнін ашып берді. «Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі, екі қоян, үш түлкі, шеше алма­саң бұл күлкі» деген жұмбақ бар. Мұнда қайсысының қанша айда төл­дейтінін айтып отыр. Қазақ о баста-ақ төрт түлікті былай қойғанда, қоян мен түлкінің қанша ай құрсақ көтеретінін білген ғой. Осындай сөздер арқылы қазақтың табиғаттың ырғағын, гармония­сының еркін түсініп, бағамдағандығын білеміз.
Поляктың саяси қайраткері А.Янушкевич сапарнамалық күнделігінде Құнанбайдың қайраткерлік тұлғасы туралы: «Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман» деп жазады. Біз қазір бұл ұғымдардан айрылып қалдық. Бүгінгі қазақтың бұрынғы қазақтан айырмашылығы осы ма деп ойлаймын. Төл болмысынан айрылған халық өзінің кез келген дүниетанымына мұрын шүйіре қарайтын, тіпті ертегі санап, қабылдай алмайтын жағдайға жетеді. «Абай жолы» романындағы Қодар мен Қамқа өлімін тұрпайы, анайы, надандық ретінде қарайтындар бар. Ал Құнанбай оны ойынан шығарған жоқ. Бұл байырғы қазақ дүниетанымындағы сақталып келе жатқан қағидаттардың бірі. Ол қазақтың өмір сүру конституциясы. Біздің ұлтты ұлт ретінде сақтап келген осындай қағидаттар еді. Егер бүгін бұрынғы «Жеті Жарғы» қайтадан орын алып, зинақорлық жазаланатын болса, ар алдында ашығын айтқанда, бізде тек кемпір мен шалдар және жас балалар ғана қалған болар еді. Осылайша құр­сағын пәктеу арқылы, тиымдар арқылы ғана ұлтымыз бүгінгі күнге дейін аман қалды. Ал бүгін осы ұлы ұғымдардың барлығы күлкілі жағдайға айналды. Бел­гілі қағидаттардың бұзылуы көп ұғым­дардың, олардың түсінігінің өзгеруіне алып келді.
Біз қазір әдебиетті ана лирика, мына лирика деп түрлі топтарға бөліп жатамыз. ХV–XVI ғасырларда бабаларымыз ондай жанрларды қайдан білсін. Олар тек шындықты жырлайтын. Біздің бұрын­ғы әдебиет шындықтың әдебиеті еді. Әрбір сөзі дәлдікпен болатын. Біз алдық та әдебиетті қиялға, мифке айналдырып, өмірден алыстатып жібердік. Теңеу, шендестіру, асқақтату, салыстыру деген сияқты түрлі ұғымдарға салып, қазақтың түгел жадын сөндіріп тастадық. «Қара жерге қар жауар, қарды көр де етім көр, қар үстіне қан тамар, қанды көр де бетім көр» деген ешқандай да шендестіру емес, кешегі қазақ қызының бейнесі. «Бұдырайған екі шекелі, …айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені» деген қазақ азаматының бейнесі болатын. Біз болсақ, теорияға салып, ұлттың өз танымын өзгеше ғып жеткізетін жағ­дайға келдік.
Қазір бақыт туралы, дүние туралы, өмір сүрудің мәні туралы түсініктеріміз өзгеріп кетті. Әлемде дүниеге дәл анық­тама берген қазақтан өзге ұлтты көрген жоқпын. «Иттің қылшығынан тұнған қылаудай жалт-жұлт еткен дүние», «қамшының сабындай қысқа дүние», «жалған дүние», «о дүние» деп әрқайсы­сына анықтама берген. Бұл қазақ қауашағынан сау болған кезіндегі ұғымы болатын. Дүниеге дәл анықтама берген халық отаршылдық езгіге түскеннен кейін сол түсінік-танымнан тып-типыл айрылып қалды. Біз өмір сүру үшін тамақ ішетінбіз. Сол ұлы ұғымның мағынасы майысып кеткен кезде, біз тамақ ішу үшін өмір сүретін жағдайға жеттік. Қазақ үшін дүние деген бір құрал еді, Құдай ғана Құдай еді. Біз Құдайға ғана құл­шылық ететінбіз. Ал қазір құралға құл­шылық қылып кеттік. Яғни ұғымдар­дың мағынасы өзгерді. «Самал тау» деген ән бар. Сол әнді тыңдағанда әлемтапырақ хал кешем. «Самалтау, қайран жерім, адасқан өрісінен біз бір үйір» дейді. Шынында да біз өрісімізден, ортамыздан айрылып қалғандаймыз. Маған бүгінгі қазақ қазақтың арасында жүрмеген секілді көрінеді. Себебін іздесек тағы да отарлық саясат еске түседі.
Мәселен, тіл мәселесі. Кез келген халық­тың тілі өзгеретін болса, түрі өзге­ріп кетеді. Бір әріптің өзі бір ұлтты өзгер­тіп жібереді дейді. Қазақтың төл ұғымында жиырма алты әріп болатын. Оған он алты әріп қосылып, қырық екі болды. Әріпті дыбыстаудың өзі адамның бет-пішінін өзгертеді. Сөйлей-сөйлей адамның жақ пішіні қалыптасады. Сөз арқылы адамның өңі, түрі шығады. Яғни, бүгінгі қазақ кешегіге түрімен де, тілімен де келмейді деген сөз. Осындай ұсақ-ұсақ факторлардың барлығы бізді өзге­ртіп жіберді. Бізге он алты әріптің зар­да­бының өзі аз болған жоқ.
Біз қазір бақытты, текті адам деп кімді айтып жүрміз? Жуырда тойға бардым. Сонда бір депутаттың қызын бәрі шеттерінен «текті жердің қызы» деп мадақтап жатты. «Би болу, болыс болу өнер емес» дейді Абай. Қазақ еш уақытта тектілікті байлықпен, билікпен бағала­маған. Ол құрсақтың пәктігімен, адал еңбекпен, адал ризықпен өлшенеді. Салих адамдарды ғана біз текті дейміз. «Бай, ұлық жуандарды бақты көрмек, ол мисыз шолақ оймен баға бермек. Анық бақ деп айтарлық, үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» дейді Шә­кә­рім. Ал біз бақытты дүниемен өлшейтін дәрежеге жеттік. «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» – қандай керемет ұғымдар. Міне, қазақтың бақ өлшеміндегі ұғымы осындай болатын.
Қазақ болмысын бұзу процесі ХХ ғасырда үдей түсті, ырғағы күшейіп, бояуы қалыңдады. Одан бұрын да отарлық сана, отарлық айналым халықты рухани тамырынан майдан торта айырғандай ақырын-ақырын ажыратып келе жатты.
Мен былай дер едім, қазақ тарихында «1932», «1938» деген екі трагедиялық фильм бар. Бұл фильмдердің сценарийін Ленин жазды. Режиссері – Сталин, көркемдік режиссері – Голощекин болды. Ал әртістері – қазақтар еді. Сөйтіп, халықты жою туралы сценарий жасап, қан қасап қылды ғой. 1932 жылы мешел халде тұрған халықты 1938 жылы жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Бүгінгі қазақ әлі күнге дейін жан сақтау бөлі­мінде жатыр. А.Байтұрсыновтың «Қазақ мәселесі бүгін өлі мен тірінің мәселесі» дейтіні сондықтан. Біздің әлі күнге дейін өз тілімізде сөйлей алмайтындығымыз, сол жылдары алған үлкен жарақа­ты­мыз­дың салдары. Былайша айтқанда, қазақ талып қалды. Бізге рухани вакцина керек. Бұл мүмкін шеттегі қазақ шығар. Бүгінгі біздің ахуалымыз осындай.
Біз бүгін азаттық арқылы жоғымызды түгендей бастадық. Көмескіленіп кеткен көп дүниелер қазаққа қайтадан қай­ры­лыс берді. Осы мәселенің өз орнына келуі үшін екі нәрсе – әуелі уақыт, екінші – тыныштық керек. Мен қазір жаңа қойылған сәби есімдеріне қуанамын. Бізде қайтадан Ақтамберді, Қазтуған, Алаш қайраткерлері дүниеге келе бастады. Елімізде тыныштық болса, уақыт бәрін өз орнына келтіреді, қазақ өзінің төл болмысына келеді деп сенемін.

 

Дайындаған Айнара АШАН,
Дереккөз: “Қазақ әдебиеті” басылымы

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста