Ұстаздық және «Құдайға бет бұру»

Ұстаздық және «Құдайға бет бұру»

Өзімнің ұстаздық етіп жүргеніме отыз жылдың жүзі болыпты. Қанша жерден тәжірибелі ұстазбын десем де осы мамандықтың қыры мен сырын әлі толық меңгеріп кеткенім жоқ. Білім мұхитының ол шеті мен бұл шетінің арасында жүзіп өту де мүмкін де емес-ау сірә. Десе де, көкірекке түйген дүниелерді ортаға салып ой бөлісу де бір ғанибет қой.

Менің пайымдауымша кез-келген оқытушыны ұстаз деп атауға болмайды. Себебі, ұстаздық ол аса қастерлі есім. Ол есімге жету үшін оқытушыларда тек қана академиялық білім мен бірге ізденіс, еңбек керек, ал ең бастысы, рухани тереңдік қажет. Менің рухани білімді басты орынға қойып отырумдағы себеп: ол ұстаздықтың басты және түпкі мәні. Егер оқытушы болам десе оған алған білімі жеткілікті, ал егер жақсы оқытушы болам десе білімімен қоса сол мамандыққа деген қызығушылығы мен тоқтаусыз ізденісі керек. Ал енді «ұстаз» болам десе, бұларға қоса биік рухани өресі мен терең талғамы қажет. Өйткені ұстаздық дегеніміз - адамдарға ізгі ниет, шынайы махаббат бағыштаудан басталып, олардың бүгіні мен болашақ жолына, жан-дүниесіне сәулелі жарық түсіретін жұлдыздық сипаттағы құбылыс немесе қуат.

Алайда, адамзат қоғамында барлық адамдға бірдей махаббат бағыштай білу де оңай дүние емес, екінің бірінің қолынан келмейтіні де сондықтан. Тіпті, өз жанашыр жақындарында жақсы көріп, жарытпайтындар бар, олардың қатары жыл өткен сайын көбейіп те келеді. Бұл да біздің заманымыздың өзекке түскен құрттай әлеуметтік зардабының бірі.

Осындай рухани дағдарысқа тап болған заманымызда, өзін түгіл өзгені сүюді дәріптеудің өзі де аса қиын мәселе. Ол үшін оқытушы адам алдымен бір жаратушы Хақ Тағаланың бар екендігіне және бір екендігіне шынайы мойынұсынуы лазым. Әрі Жаратушының күллі тіршілік иесін, жалпы жаратылысты және адамзатты текке, мақсатсыз жасамағанына, әрі оларды аса жақсы көріп жаратқанына шынайы жүрегімен илануы шарт. Абайша айтқанда:

«... Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Хақтың жолы осы деп - әділетті ...»

Міне, осы үшеуін «Имани гүл» деп түйіндеген ұлы ойшыл. Түсінген жанға барша имандылықтың көркі осы үш сүюде жатыр. Алдымен Алланы сүю, одан соң оның ең ардақтысы- адамзатты сүю керек. Адамзатты сүюің Алланы сүюдің көрінісі, яки Аллаға деген ризашылықтың белгісі. Ал адамзатты сүю үшін олар арасында әділдікті жақтау қажеттігі басты ұстаным. Әділдікті жақтамайтын адам, адам баласын сүйе алмайды. Адам баласын сүймеген жан Құдайды танымайды.

Егер адамдар Алланы шынайы, шын жүрегімен түсініп сүйетін болса, онда бұл дүние мүлде басқаша сипатқа ие болар еді. Өкінішке орай, адамдар Алланы білеміз, Оны тыңдаймыз, Оған қайшы келмейміз және қорқамыз дегенімен де, ешқашан шынайы түрде Оны тыңдаған, Одан қорыққан емес. Ондағы басты себеп, адамдар Алланың құдіретін шын жүректен түсінген емес. Олардың ойынша, Алла ғаламды жаратушы және оны бақылаушы, сауапты ісі үшін жарылқаушы әрі күнәсі үшін жазалаушы деп түсінеді. Бұдан арғыға барған емес, бармайды да. Осы түсінікке барғандардың өзі де көп емес. Ал көпшілік адамдар Алла және оның құдіреті туралы ойланбайды. Ал Алланы шын түсіну үшін жоғарыда айтылғандай оның жаратушы, жарылқаушы, жазалаушы сипаттарынан басқа да құдіреттерінің бар екендігін түсінуіміз тиіс. Ең бастысы, осы ғаламдық дүниенің Алланың құрамдас бөлігі екенін, әр жанды жансыз заттардың барлығы да және олардың атомдық зәрдей бөлшегінде де Алланың ұлы құдіреттерінің жасырынып жатқанын түсіну керек. Себебі, Алла әр затты аса ұлы шеберлікпен және ғылыммен жасап, махаббатын сіңірген. Алла тағаланың бір тал өрмекшіні немесе бір бал арасын жасағандағы құдіреті мен махаббаты, мынау жұлдызды ғаршыны көтерген құдіретімен, махаббатынан еш кем емес, бәрі бірдей. Демек, әр затта жаратушының сипаты жасырынған. Жаратушы өзінің сипаттарын беріп, жасаған дүниелерінен адамзаттың қоршаған ортасы пайда болған. Ал барша қоршаған орта, ондағы жанды, жансыз жаратылыстың барлығы да тек қана адам баласы үшін жарытылған. Олар адамға «қызмет көрсетуде».

Міне, Ұлы Жаратушы адам баласын өзінің шексіз құдіретімен қоректендіріп отыр. Біз отын етіп жаққан ағаш та, жеген жемісіміз де, рахаттанып жуынған суда, серуендеп шығатын таулар мен аялай соққан самалдар да Жаратушының құдіреті жатыр. Былайша айтқанда, Жаратушы өзінде барды біздің жолымызға төсеп, бізге барынша жақсылықты үйіп-төгіп отыр. Адам баласы үшін Алла Тағала «қолда барын» аяп қалып отырған жоқ. Сондықтанда қасиетті Құранда «Біз адам баласын ардақтадық» деген. Бұдан артық қандай ардақтау болсын. Ал енді ойла, саған осындай жағдай жасаған кім бар? Әрине ешкім жоқ. Алланың қамқорлығының қасында ата-ананың баласы үшін шыр-пыр болып жасаған жақсылығы мұхитқа тамған тамшыдай ғана деуге болады. Олай болса, осынша игіліктер мен санап тауыса алмайтын жақсылықтарды жасаған жаратушыны неге сүймеске?!

Алла тағала жартытылсыстарының ішінде ең бағалы етіп адамзатты жасаған. Күллі тіршілік адам үшін жасалған. Демек, әр адамның жүрегінде Алланың ұлы сипаты бар. Адамның ақылы мен санасында Алланың шексіз құдіреті мен сипаттары шоғырланған. Егер әлемді аса білімділікпен, көрегендікпен жазылған бір үлкен кітап деп қарайтын болсақ, адам баласы осы кітаптың негізгі мәні. Өйткені, Алланың барлық қасиеттері сол әлемде көрініс табады. «Мен жасырын, тылсым қазына едім, мені танысын деп жаратылыс атаулыны бар еттім» - дейді хадис. Демек, адам бойында Құдайлық сипаттар бар. Олай болса, адам баласын неге жақсы көрмеске? Неге сүймеске? Себебі, оны сүю Алланы сүймек. Кім де кім адамды жақсы көрсе Алланы жақсы көргендік болмақ. Оның үстіне адамның бойында Алланың барлық сипаттарының көшірмесі бар. Адамда көру, есту, емдеу, сабыр, мейірім, рахым т.б. қасиетер де бар. Сондықтан да адамды Алланың барынша қарапайымдасқан, кішірейтілген, құдіреті шектелген нұсқасы деуге болады. Бірақ адам мен Алланың сипаты ұқсас болғанымен сапасы мен деңгейі жер мен көктей алшақ, теңестіруге келмейтін шамалар. Сондықтан да жарытылыстардың ішінде ең ардақты адам саналады. Сол үшінде Алладан кейінгі сүюге лайықты жаратылыс болса ол - адам. Ал адамды сүю үшін алдымен әділдікті , теңдікті, шындықты сүю керек. Егер шындықты айтпай, әділдікті жақтамай тұрып адамды сүйемін деу, ол бос әурешілік әрі екіжүзділік болмақ. Енді мұны керісінше дәлелдесек, адам баласы алдымен әділдікті жақтау, сүю шарт, әділдікті сүйген жан ғана адамды сүйе алады, адамды сүйген жан ғана Алланы шынайы сүйе алады.

Ұстаздық міне осы адамды, шындықты сүюмен тікелей байланысты мамандық. Егер ұстаз болам десең, алдымен адамды сүйе біл. Ұстаздық - махаббаттан бастау алатын ардақты іс. Адамды сүйу дегеніміз - әр бір жан иесін, ол кім болсада, мейлі жақсы, мейлі жаман бәрін сүйу дегендік емес, жалпы адам баласы үшін игілік жарату дегендік. Ал бұл игілікті ғылым мен білім иесі ғана жасай алады. Ондай адамды тәрбиелейтін, жетістіретін ол - ұзтаз. Алайда, шындықты айту да, әділдікті жақтау да айтуға оңай болғанымен істеу қиын дүние. Егер оны істей алсаңыз онда адамды құрметтеуге, бағалауға, ардақтауға қадам тастадым дей беріңіз. Көз алдымызда отырған әр бір шәкіртіміздің дара қасиетін бағалау, олардың бойындағы кемшіліктерін кешіріп, жақсылықтарын асыру, ізгілікке бастай білу адамды сүюден басталады. Себебі, әр адам табиғатың қайталанбас туындысы. Біз оларға дұрыс қарасақ оларда бізге дұрыс мәміледе болады. Адам жанарынан төгілген шуақ келесі адамның көзінің жарқылынан көрінеді деген осындайда айтылса игі.

Адам тәрбиесі аса жауапты және күрделі жұмыс. Себебі, біз Алланың сипаты толық дарыған тіршілік иесін тәрбиелейміз. Сол үшін оның жауапкершілігі мен маңызы да тым салмақты. Адам жақсы көрген дүниесі үшін еңбек етері анық. Сондықтан тәрбиенің анасы - сүю болмақ. Бұл жайында ғұламалардың барлығы да Алланы сүю негізінде білім алу керектігін айтудан жалыққан емес. Ұлы Абай: Білімсіз істеген құлшылықтың ғибадат орнына бармайтынын айтса, Ы.Алтынсарин атамыз: «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық» деген емес пе? Сол құдайсыздану заманында осы өлеңнің бірінші жолы алынып тасталды да, «Кел балалар оқылық»-деген арзан үндеуі қалды. Шындығын да осы өлеңнің құны да, маңызы да осы “Бір Аллаға сиынып”- деген жолда жатқан жоқ па еді?

Кеңестік шекпеннің астында, құдайсыздық тәрбиенің уағызымен өскен біздің қоғам егемендік алса да, әлі де ата-бабаларымыз айтқан, Аллаға сиыну арқылы білім алудың маңызын мойындамай келеді. Мойындағанды қойып, айтудан ұялады, қорқады. Кезінде, Кеңес үкіметі дәурендеп тұрған жылдары ғұлама ғалым Ақжан әл-Машани ғылыми конференцияда лекциясын «Бисмилляхи рахмани рахим» - деп бастайды екен. Ал қазір дінімізге еркіндік беріліп отырғанда, Алла атымен - деп сабағын бастайтын мұғалім бар ма екен? Осыдан біраз жыл ілгері Елбасының өзі: «Біз — тегіміз түрік, дініміз — ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін, қасиетті кітап — Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз қажет», - деген жоқ па?

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Мен қазақ» - деген өлеңінде осылай жырлайды. Тегіміз - түрік, дініміз – ислам, өзіміз қазақ болсақ, не үшін қазақы мәдениеттен қашқақтаймыз? Ислам - біздің қазақы, дәстүрлі мәдениеттің бір тармағы. Сондықтан сабақ беруде имандылық өлшемдерін пайдаланудың артықтығы жоқ. Исламға жақындау – кері кету, кедейшілдік, соғыс, босқын, сауатсыздық, террористік шабуыл, ауру-сырқау, кісілік құқықты таптау емес. Исламға бетбұру- өркениетке, тазалыққа, кісілікке, мейірімділікке, денсаулыққа, байлыққа, бейбітшілікке талпыну. Ал кейбір елдерде болып жатқан келеңсіз жағдайлар ішкі-сыртқы жаулардың ниет, әрекеттерінен туындаған, геосаяси және геоэкономикалық шиленістер. Олардың ислам дінінің түпкі маңызы мен мәніне қатысы жоқ. Әл-Фараби бабамыз: Өмірдің төрт тірегі бар. Олар, патшаның ғаділеттілігі, байлардың сақуаттылығы, ғалымдардың инабатты болуы (боғауыз, өтірік сөз айтпай шындық, ақтық жолда болуы) және кедейлердің қанағатты болуы –дейді. Осы 4 тіректің ішінде ғалымдардың немесе ұстаздардың ел үшін, ұлт үшін маңызы зор. Себебі, патша да, бай да, кедей де оқытушыдан тәлім алады. Оқытушының инабатты болуы қалған үш тіректің баянды болуына негіз қалайды.

Тағы да әл-Фараби бабамызға жүгінейік: Тәрбиесіз берілген білім ұлтқа, елге апат әкеледі – дейді. Ал біздің қазақы тәрбиенің көзі - имандылық иірімдерінде жатқан жоқ па? Олай болса, біз неге өзіміздің діни мәдениетімізден бойымызды аулақ саламыз? Себебі, үрейден арыла алмай жүрміз. Жалпы адам баласы сенім негізінде жасайды. Сенім болмаған жерде үрейдің орын алары анық. Олай болса, қазақ баласы кімге, неге сенім артуы тиіс?

- Қазақ баласы осы “Үш сүйюге” сенуі тиіс. Алдымен Аллаға, одан соң адамға және әділдікке сенуі керек. Егер біздің қоғамда осы үш сенім ұяласа, нағыз адами құндылықтар ардақталған қоғам болар еді. Ол қоғамда әділдік салтанат құрып, мейірімділік үстемдік етіп, өзара түсіністік жалпыласады. Олай болмағанда, рухани дүниесі жұтаң қоғам болып, біз айтқан құндылықтардың ауылы алыс болады.

Алланың құдіретін шынайы түсінбегендіктен, қазіргі қоғамда жаратылыс заңдылықтарына теріс, құлшылықтың ішкі мәні мен мәйегіне емес, сыртқы формасына қарайтын, дүмше діндарлар мен қитұрқы “діндер” көбейіп кетті. Діни сауатсыздық салдарынан адамдар адамдық этикаға сыймайтын жабайылықтың тұрпайы түрлеріне ойысты. Сондықтан ата-бабаларымыз аңсап, зорға қол жеткізген тәуелсіздігімізді мәңгі баянды ету, елімізді қуатты, халқымызды шуақты етуіміз үшін жас ұрпақтың бойына рухани білім нәрін егіуді мектеп қабырғасынан бастау заман талабы. Осы ұлы міндетті атқару тек қана ұстаздардың қолынан келері анық. Қорыта айтқанда, жалпы жер бетінде күллі адамзат үшін кез-келген салада «құдайсыздықтан» қайта, «Құдайға бет бұру» кезеңіне өту уақыты келген секілді.

Қастер Сарқытқанұлы,
Абай ат.ҚазҰПУ ұстазы

Аbai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста