Шыңғысханды қазақ қылудан кім ұтады?
Жуықта «Қала мен дала» республикалық саяси газеті сайтында тарихшы Тілеуберді Әбенайұлының түркролг ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Ашығын айтқанда» ток шоуында Шыңғысханның тегі моңғол дегені үшін жерден алып, жерге салған мақаласы жарияланып, ғаламтор әуесқойларын біраз дүрліктірді. Шыңғысханның тегіне байланысты дау қарапайым халық емес, мүйізі қарағайдай тарихшылар мен жазушылардың арасында жылдар бойы жалғасып келе жатқанын жақсы білеміз. Әрине, пікр алуандығына еркіндік берген демократиялық қоғамда әркім өз пікірін ашық айтуға құқылы.
Ал сол пікірін әлемдік деңгейде мойындату басқа мәселе. Мойындата алмаса құр бекер далбаса болып қала бермек. Ғасырлар бойы әлем Шыңғысханды моңғол текті деп танып келді. Ал еліміздің бірнеше ғалымы Шыңғысханды қазақ деп өзеуірегеннен бүкіл әлемдік ғылым мен жалпы көзқарас өзгермейтіні белгілі. Өйтсе, ол үшін қызылкеңірдек болудың өзі артық шаруа.
Еінші жағы адамның пікірін сынауға, теріске шығаруға болғанымен, сол пікірі үшін оның ар-намысына тіл тигізуге болмайтынынын «құрметті академиктің» ескермегені өкінішті. Мәселен: «… нағыз: «Жаман итті әндесең шаңырақтан тышады» дегеннің өзі болмақ» немесе «… антыңыз жат халыққа әбден ауғандықтан, ата өсиетінен мүлде бейхабар болғансыз. «Қағынған құлан қағынан жериді» – деген осы да.» немесе «Ұлттық ұяттан, азаматтық намыстан безіп осынша тантығаныңызға қарағанда, әлгі «эколог-милиция» сізге насыбайын емес, басқа бірдеңесін иіскетіп жіберген жоқ па өзі? «Елінен безген ер оңбас» деген, бүйтіп зар-зар етіп ел-жеріңізді жамандай, тарихыңызды мансұқтай берсеңіз, қазақты даттай, моңғолды мақтай түссеңіз, ондай «эколог-милиция» насыбайын иіскетумен тынбай, насыбайының «көршісін» жалатудан да ерінбес» немесе Осыншалықты антыңыз ауып, иманыңыз күйіп шатасатындай, қазақтан не жамандық, моңғолдан не жақсылық көріп едіңіз?!» т.б. деген жолдар ұзында өші, қысқада кегі бар немесе нағыз жөн білмес адам айтатын шығар. Мұның сыртында Шыңғысқанды моңғол деп бірінші рет Қаржаубай танып отырған жоқ қой. Әбекең аузы қышыса, әуелі Лев Гумилеевтің аруағымен, онан соң еліміздің білгір ғалым, жазушылары Қойшығара Салғарин, Зардыхан Қинаятұлы, Мұхтар Мағауинмен, Мұхтар Шаханов сияқты ондаған білгір ғалым, атақты ақын-жазушы, айтулы тұлғалармен айтысуы керек еді.
Әбенай қаралағандай Қаржаубайды «ата өсиетінен мүлде бейхабар болған» деп, сауаты бар, парасатты адам қалай аузы барып айтпақ. Қаржаубайдың ата өсиеті емес, баба өсиеті жолында адалдықпен еңбек етіп, көне түркі тарихын, Күлгегін, Білге хаған, Тұй-ұқық ескрткіштерін көз майын тауысып зерттегенін Елбасы, еліміздің үкметі мен ғылым академиясы бағалап отырғанын халық біледі. Салған жерден «Қаржаубай Сартқожаұлы мырза, сіз, кім едіңіз? Өйтіп елеусіз көретіндей, бізді – Қазақты, кім деп жүрсіз?» деп дүрсе қоя береді, өзінің өтірік дәлелсымақтарын кереметтей білімді адам болып алға тартады. «Қазақты кім деп жүрсіз?» деп, Қаржаубайды «сен қазақ емессің» деген астыртын емеуірін танытады. Со құрлы дүрдиіп сөйлейтіндей Әбенайдың кім екенін біз де білмей қалдақ.
Әбекең Қаржаубайды «Мақаланың маман жазды деуге келмейтін кереғар, сауатсыз тұстары жетіп артылады.» деп күстаналапты. Дәл осы сөзді Әбекеңнің өзіне айтуға болады. Деректерінің қисынсыздығына қарап құсқың келмесе де ғалым жазды дегенге қарның ашады. Мәселен автор Шыңғысханның тегі түркі еместігін тіл айырмашылығы арқылы оп-оңай-ақ дәлелдегісі келіп: «Дәл осының керісінше, кей кісілер моңғолды түрікке жатқызбақшы болады. Бұның да ешбір ғылыми негізі жоқ. Оны анықтау том-том кітап ақтарып дәлел іздеуді де қажет етпейді.» дейді.
Моңғол мен қазақтың тілінің туыстығын не алшақтығын дәлелдеу Әбекең ойлағандай аксиома емес. Бұл мәселемен дүние жүзінің қаншама ғалымы айналысқанын білмей отырып, сәуегейсу арқылы өзінің тіл саласындағы сауатсыздығын көрсетіп алған. Анығында екі халықтың тіл туыстығын зерттеген әлемнің ондаған ғалымы әлі бір пәтуаға келе алған жоқ. Қазақтың тілімен моңғолдың тілінің туыстығын «Моңғолдың құпия шежіресін» қытай иеролегифмен көне моңғол тілінде сақталып, бізге жеткен нұсқасын оқығандар ғана түсінеді. Ал Әбенай болса «…қытайша түпнұсқадан моңғолшаға аударылған» деп соғыпты.
Қазақ тілі мен моңғол тілінің туыстығын түбін түсіріп, түп-тұқиянынан зерттеген атақты ғалым, ғылым докторы Бәзілхан Бұқатұлы «Егер қазақ тіліне араб, парсы, басқа да тілдерден енген сөздерді, монғол тіліне қытай, санскрит, тибет тілдерінен енген сөздерді алып тастаса қалған 60 пайызы шығу түбірі бойынша сәйкес келеді» деген қортындыны баяғыда- ақ жасаған. Ол кісі моңғол тілін Әбенайдан кем білмейтін шығар.
Сол сияқты Әбенай мырза: «Қаржаубай мырза, сіз тарихтағы моғол мен бүгінгі моңғолды, тарихтағы Моғолстан мен бүгінгі Моңғолияны әлі парықтай алмай жүрген сияқтысыз. Тарихтағы моғолдар – Шыңғысхан моғолдары: керей, найман, арғын, алшын, үйсін, дулат, жалайыр, т.б. түрік ру-арыстары.» дейді. Болмағанда Шыңғысханның әскерінің дені керей, найман, арғын, алшын, үйсін, дулат, жалайыр, тағы басқалар десе, сөзі сиятын еді. Бұған қарағанда Әбекеңнің өзі Жетісуда Шағатай құрған Моғолстан мемлекетімен (рас, оның халқы тек қазақтар) Шыңғысхан құрған Жалпы Моңғол («Хамаг Монгол» (1206 жыл) мемлекетін әлі парықтай алмай жүрген сияқты.
Құрметті академиктің Қаржаубайға тісін қайрап, ашуға берілгені соншалық, нені айтып, нені қойғанын өзі де білмей қалған. Сөйтіп, «…Шыңғысханның атамекені Моңғолияда емес, Моғолстанда – Жетісу өлкесінде, Қазақ жерінде болғанын бұлтарыссыз, анық көрсетіп береді.» деп лағып кеткен. Бұл шын болғанда, Әбекең дүниені дүр сілкіндіретін болды. Онда әуелі «Моңғолдың құпия шежіресінен» бастап, Шыңғысхан заманында наймандар қазіргі Моңғолия жеріндегі сегіз өзен бойында, керейлер Монғолиядағы Кентауда, керей ханы Тұғырылдың ордасы қазіргі Моңғолияның астанасы Ұлан-батыр қаласы тұрған Толы өзенінің жағасында болды деген тұжырым жасаған тарихшы ғалымдардың еңбектерінің барлығын отқа өртеу керек. Нағыз ашуланса, Әбекең осындай ұсыныс та жасайтын шығар. Бірақ, Шыңғысхан заманында «Жалпы Моңғолдың» астанасы болған Қарақорым қаласын өртей алмайтыны өкінішті. Шыңғысханның атамекені Жетісу екені рас болса Қарақорымнан бері алты айшылық жол жүріп келіп, Қайырханнан Отырар қаласын тартып алғаны орынды-ақ екен. Бірақ, қара қазақты қынадай қырып («өз туыстарын»), қаласын қиратып тастағаны бекер болған. Жалпы, Шығысханның атамекені Жетісу екенін Мұхтар Шаханов пен Дүкенбай Досжановқа «түсіндіру» керек шығар.
Тіпті, Әбенай «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей «Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдарынан бері көптеген зеттеушілер жабыла кірісіп, Шыңғысханның тегінің түрік, қанының қазақ екенін, дінінің ислам болғанын, қазақ даласында орда тігіп, түрік тілінде ел билегенін толықтай дәлелдеп берді» деп сәуегейсіпті. Шыңғысханның дінінің ислам болғанын, түрік тілінде ел билегенін бір де-бір тарихшының аузынан естіген емеспіз. Шыңғысханның діні ислам болған болса, аруағына құран бағыштауымыз керек шығар. Міне, Әбенайдың тарихтан сауаттылығы қай жағында?
«…бұл мақаламызда түрлі тарихи құжаттарға нақты сілтеме жасамадық, оның себебі … мақала көпшілік оқырманға бағыттап жазылғандықтан оқуға жеңілірек болсын дедік» депті. Кезінде Шығыс Қазақстанның облыстық газетіне («Дидар») «Шыңғысхан қазақ емес, қазаққа алыс та емес» деген тақырыпта мен де көлемді мақала жазғанмын. Әбенайдың Шыңғыс ханды қазақ болдыру үшін айтқан уәждерінің бәрін де жоққа шығаратын ғылыми негіздегі тұжырымдар осы мақалада да бар. Бірақ Әбекең айтқандай мен де пікір көпшілік оқырманға бағытталып жазылғандақтан ол уәждің бәрін термелемедім. Айтайын дегенім, «жаптым жала, жақтым күйе» дегеннен өз еліміз түгіл әлем танитын түрколог ғалым Қаржаубайдың бірдемесі қисаймақ түгіл, қылшығы да сынбайды. Керісінше баяғы дуа тимеген берекесіз, пәтуасыз қазақ екенімізді ғана дәлелдейміз.
Әбекең мақаласына «Шыңғысханды моңғол қылу кімге қажет?» деген тақырып қойыпты. Менің таңданатыным, Шыңғысханды қазақ қылу кімге қажет? Қазақ «өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен» дейді. Шыңғысханды қазақ қылудың ешқандай шындық түгіл, ебі жоқ. Қазақ қылғысы келетіндер ғасырлар бойы Қазақ хандығын моңғол Шыңғысханның ұрпақтары биледі деген сөзден намыстанатын шығар. Онда олар Қазақ хандығын, тіпті Алтын орданы билеген Шыңғысхан да емес, оның ұрпақтары да емес, меркіт Чилэдүдің ұлы Жошы мен оның ұрпақтары (Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан) билегенін алға тартсын (шындығы солай). Сонда ұялмайтын боламыз. Егер ол жеткіліксіз болса, керісінше, моңғолдардың тегі түрік екенін дәлелдесек шындыққа бір табан жақындар едік. Кезінде коммунистік идеология мен діни көзқарасқа сай моңғолдар түрік текті халық екендерін жоққа шығарғанмен, қоғам өзгергелі моңғолдардың өздері ептеп мойындай бастағанын айта кету керек. Мәселен, өткенге нағыз ақиқат тұрғысынан қарап, монғол тарихын қайта сараптаған әйгілі монғол тарихшысы Б. Баабар: «Ғұндар монғол текті болуы да, түрік текті болуы да мүмкін. Мүмкін, ғұндар монғол мен түркінің ортақ тегі шығар, тіпті монғол мен түріктің аралас қосындысы шығар» («Монголчууд, нүүдэл суудал» 1-том, 33-бет) деп жазады. Ал Моңғолияның ғылым академиясы халықаралық «Түрксой» ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істей бастады.
Біздің ұлттық мәртебеміз осындайдан өседі. Әйтпегенде өзі түгіл ебіне ешкім сенбейтін Шыңғысхан қазақ деген өтірікті әлемге мойындатпақ түгілі қазақтың өзіне мойындата алмаймыз. Ол үшін шындықты айтқан біреудің бетіне күйе жағып, соның ішіне ар-намысына тию адамдыққа, моралдік, адамгершілік нормаға сай келмейтін қылық.
Бодаухан Тоқанұлы,
Ақын, жазушы.
dalanews.kz