Сақ мемлекеті жер бетінен құрып кеткен жоқ
Ағымдағы жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында сақ ханшайымының мүрдесі табылды. Қытай асар күре жол – Таскескен-Бақты бойында орналасқан Лайбұлақ және Жаңатілек ауылдарының ортасындағы мүрдеден табылған әйел мәйітінің алтынмен апталған сәукелесі мен алтын өрнекті киімі, сүйегі жақсы сақталыпты. Ғалымдар оны "Үржар ханшайымы" деп отыр.
Бұл осымен табылып отырған алтыншы алтын адам. Алғашқысы – Есік қорғанынан ит жылы, екіншісі – Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан қоян жылы, сол жылы үшіншісі – Шығыс Қазақстанның Зайсанынан, төртіншісі – барыс жылы Орталық Қазақстанның Қарқаралы ауданының Талды ауылынан, бесіншісі – жылан жылында Тараздың Жетітөбе қорғанынан табылған еді. Зерттеу жұмыстарын жүргізген археологтарымыздың барлығы бір ауыздан аталмыш жәдігерлерді сақ дәуіріне жатқызып отыр. Рас, асығыстық танытып қола дәуіріне, Үйсін, Қаңлы дәуіріне жатқызғанымызды несіне жасырайық. Оның үстіне беделді қалам қайраткерлерінің төтеннен қосылып, өздерінің ата-бабаларына қарай бұрмалауға тырысқандарын да жасыруға болмас.
Қазіргі уақыт қит етсең дәлел сұрайтын уақыт. Сақ дәуірінің алтын ескерткіштерінің бір емес, бірдей алтауының Қазақ жерінің барлық аймақтарынан табылуы әркімді ойландырса керек.
Қазақ халқының тарихын пирамида десек оның ұшарында қазіргі қазақ ұлты, қазақ халқы тұр. Осы жерде ұстынында, табанында кімдер тұр деген сауал туады. Пирамиданың беріктігі табаны мен ұшарына байланысты десек, ең алдымен ұшары мен табанын анықтап алуымыз керек. Ұшарын айттық. Табаны кім болмақ?
Қазақ тарихын ғұннан, түркіден бастап жүргендер баршылық. Үйсін, Қаңлы дәуірін де көлденең тартушылар бар.
Аса бір сақтықпен сақтан таратушылар да бар. Кейінгі кезде осынау тұжырымға елдің бәрі құлай бастады. 1969 жылы Есіктен табылған сақ патшасы – Алтын адам бүгінде Қазақ елінің брендіне айналды. Алматыдағы тәуелсіздік ескерткішіміздің ұшар басында осы Алтын адам тұр!
Алтын адам Қазақ елінің тәуелсіздігінің рәмізі ретінде ұғынылады, түсініледі. Әзірге талас жоқ. Дау-дамай жоқ. Өйткені, бүгінге дейін Еуразия құрлығының бір жерінен де Алтын адам табылмай отыр. Әйтпесе, барлығының да арғы атасын сақтан таратқысы бар. Ондай ұлт-ұлыстарды алыстан іздеп керегі жоқ. Алтын адамдардың Қазақ даласынан бірінен кейін бірінің табылуы оларды еріксіз тұқыртып отыр.
Қазақ тарихын жазып берген орыс көршіміз әзірге бізді баққаннан әріге аспай отыр. Оған себеп қазақ тарихшыларының бұрынғыша ел тарихын он алтыншы ғасырға байлап қойғаны. Ерте ме, кеш пе оның көкжиегінің сан ғасырды көктей өтіп, сақ дәуіріне ұласатынын олар білмей отырған жоқ. Біз қазақ тарихын қайта жазған күні олар да бір бүйірден қосылатын болады. Өйткені, қазақ тарихының қайтып жазылуы әлемдік дүниетанымды өзгертетін болады.
Демек, сақтар Қазақ жерін жайлаған. Қазақ баласы өз тарихын осы Сақ дәуірінен бастауы керек! Қалғанын таратып аламыз.
Қазақ тарихының білгірі Манаш Қозыбаев Қазақ баласының тарихын: адам баласы қазақ сахарасында пайда болып, өмір сүрген белес; Сақ, Үйсін, Қаңлы, Ғұндар заманасы; Түрік тектес тайпалар дәуірі; Қыпшақ белесі; моңғол дәуірі; Қазақ хандықтары; ұлттың қалыптасу кезеңі; Отаршылдық заманы; қазақ халқы Кеңес империясының уысында; егеменді кезең деп жіліктейді.
Сөз жоқ, Қазақ баласының тарихын былайша жіктеумен келіспеушілер де баршылық, жалпы, бұл жерде де бір ізділік жоқ. Әсіресе, моңғол дәуірімен келіспеушілер қарасы қоюлау. Оған да түсіністікпен қарау керек болады. Моңғол деген ел, халық, ұлт жоқ. Бірақ, Моңғол мемлекеті болды ғой. Және ол басқа емес Қазақ жерінде болды. Сол мемлекеттің қолын бүгінде Қазақ елінің құрамында отырған Найман, Керей, Қоңырат, Меркіт, Жалайыр тайпалары құрады емес пе? Біздің де бүгінгі бағытымыз Мәңгі ел болу! Мәңгі ел болу аңсары кешегі Шыңғыс ханнан басталған. Содан да барып ол ұйыстырған жаңа ел Мәңгі ел – Моңғол атанды емес пе?!
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақтың мәңгілігі – мәңгі елдігі жөніндегі концепциясы тақыр жерде туа салған жоқ. Оның артында үлкен астар жатыр. Қазақ бүгін, ертең Мәңгі ел болайын деп жатқан жоқ.
Қазақ кеше де Мәңгі ел болған!
Бүгін де – Мәңгі ел!
Ертең де – Мәңгі ел!
Қазақ кешегі Сақ дәуірінде де болған. Абай айтты екен деп бірінші сыныптың оқушысының айтар сөзін айту бүгінде жарамайды. Қазақ Ақ қаздан тарады деп.
Ендеше, Қазақ халқы тарихының қай кезеңін зерттемейік, бір бүйірімізде қазақ халқының мемлекеттілігі тұруы керек.
М.Қозыбаевқа дейін де қазақ мемлекеттілігінің көнелігі жөнінде пікір айтушылар болған. Сонау Алтын адам табылмай тұрған заманның өзінде тағы бір корифейіміз Мұсатай Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» зерттеуін 1967 жылы жариялата алды. Мұндай кітаптың дау-дамайлы болатыны түсінікті болса керек. Орыс емес, ең алдымен қазақстандық тарихшылардың өздері ғалым концепциясына қарсы болған. Сонда М. Ақынжанов не дейді?!
Қазақ халқының арғы тегі ерте заманда, біздің заманымыздан бұрынғы ҮІІІ-ІҮ ғасырларда, Орта Азияны мекендеген ежелгі сақ тайпаларынан шыққан, ал қазақ деген сөз қас (нағыз) пен сақ (тайпа аты) деген екі сөзден (нағыз сақ) тұрады. Қазақтар түрік, моңғол тектес халықтың екі бұтағынан (ғұн мен сақ) құрылған ежелгі халық...
М.Ақынжанов – М.Қозыбаев – Н.Назарбаев концепциясы бойынша қазақ халқы қай уақытта да өз алдына мемлекет болып келген. Сақтан бастау алатын Қазақ мемлекеті бүгінде архетипін сақтап отыр. Батысшыл тарихшылар айтып жүргендей Сақ мемлекеті жер бетінен құрып кеткен жоқ. Ол Қас сақ, Қазақ болып қалды. Сақ жерінде бүгінде қас сақтар, нағыз сақтар – қазақтар отыр.
Әрине, М. Ақынжанов өзінің концепциясын дәлелдей алмады. Дұрысы мүмкіндік бермеді. Алайда, кейінгі жылдары шығып жатқан зерттеулер ғалым тұжырымдамасын бекіте түсуде. «Қазақтың көне тарихы» ҚХР-да басылды (1987). Бұл кітап «Жалын» баспасынан 1993 жылы аударылып шықты. Онда қазақ туралы деректердің Ежелгі Қытай жылнамасында кездесетіні айтылады. Және осы еңбекте қазақты ежелгі парсы, грек тарихында да ұшырасады деп жазады.
Соның бір парасы мынадай.
Араб саяхатшысы және жазушысы Мұхаммед әл-Ауфи 1228 жылы «Таңдаулы әңгімелер мен аңыздар жинағы» деген кітабында Алтайды мекендеген елдердің тоғыз ұлысқа бөлінетінін, бұлардың ішінде үш тайпа шығыл, үш ұлыс қазақ барлығын жазыпты. 982 жылы парсы тілінде жазылған «Худуд әл-Ғалам» (Әлем шекаралары) кітабында «Алан елінде қазақ деген ұлыс бар» деп жазыпты. Византия императоры Константин Порфирордни (905-959) өз жазбаларында Кубаннан шығысқа қарай мекендеген елді «Қазақия» деп атаған.
Мұндай мысалдарды кітаптардан көптеп келтіруге болады. Орыстың иек артқан жәдігері «Өткен жылдар баянында» да қасақ елі аз айтылмайды. Олардың баянында қасақтар жеңіліп жатады, салық төлеп тұрады. «Өлдің Мамай, қор болдыңды» осы орыстар жазған. Әйтпесе оның дұрысы «Жеңдің Мамай, ер болдың» емес пе еді?!
Әріге сілтесек, қазақ халқы ерте заманнан еліміздің шығыс және түскей өңірлерін, Алтай, Тяншань таулары, Жоңғар ойпаты, Жетісу мен Сырдария алабы, Дешті Қыпшақ даласын жайлаған. Өйткені, сақ, үйсін, қаңлы, қимақ, қыпшақ, дулат, түркеш, қарлық, оғыз, найман, керей, арғын, қоңырат тайпалары осы өңірлерде тұрды. Ұлт ұйыстырушы ретінде арғын кеңінен тараған. Алайда, Арғын дегенде қазақ ұлты ұғынылады. Міне, қызық, Өзбек елінде отырған қоңыраттар ешқашанда өздерін өзбекпіз деген емес. Керісінше Башқұрт ішіндегі арғындар өздерін естекпіз дейді.
Бүгін заман басқа. Ғұмыры қашанда шолақ болып шығатын тарихты қолдан жасап керегі жоқ. Біздің өз тарихымыз өзімізге жетеді.
Біздің тарихымыз сақтан басталып, нағыз сақпен аяқталатын тарих. Бұл мәңгі елдер тарихы. Өйткені, қас сақтардың тарихы сақтардан басталады.
Бізге қалғаны сақтардың қас саққа қалай айналғанын жылнамалау ғана.
Төрехан Майбас, «Орталық Қазақстан»