Қыпшақ тайпалары

Қыпшақ тайпалары

Қазақ хандығының қалыптасуына үлес қосты

Тарихшылар мен тiл ғылымын зерттеушiлер қыпшақ тайпаларының қазақ халқының құрылуына қосқан үлесi өте зор деп есептейдi. Тарихшы Ахас Тажутов қазақ этносының шығуы жайлы өзiнiң «Куманы, половцы, кипчаки и казахи» деген еңбегiнде Британия энциклопедиясында жазылған мынадай ойды мысалға келтiредi: «Казахский народ, по всей вероятности, сформировался из кипчакских племен, составлявших часть населения Золотой Орды». Әрине, бұл ой тектен-тек қалыптаспаған болса керек.

Қыпшақтар туралы мәлiмет беретiн ең көне жазба ескерткiш «Селенгi тасы» (759 ж.) деген атпен белгiлi. Бұл құлпытасқа руникалық жазумен «түрiк-қыпшақ елу жыл билiк құрды» деп қашап жазылған. Сонымен қатар қыпшақтардың Тоғыз-оғыз одағында жетекшi тайпалардың бiрi болғандығы жайлы айтылады. «Селенгi тасындағы» жазбаша хабарламаны назарға алған жағдайда қыпшақтар V-VII ғасырларда Орхон түрiктерiнiң құрамына кiрiп, iшкi Орталық Азияда өмiр сүрген сыңайлы. VIII-XI ғасырларда қыпшақтар мемлекет деңгейiнде болған қимақтар тайпа одағының құрамына кiредi. Асылы, қыпшақтар мен қимақтар туыстық жағдайда болғандықтан тiлдерi ұқсас келедi.

Академик Болат Көмеков «VIII ғасырдан бастап бiр тайпалық құрылымға топтаса бастаған қыпшақтар XI ғасырда қыпшақ тайпаларының күштi одағын құрды. Қыпшақтар мәдениетiнiң жоғары болғандығының айқын куәсi ретiнде XI-XII ғасырдан бастап, олардың тiлi көпшiлiкке ортақ халықаралық тiлге айналғанын айта аламыз, себебi, ұлы даладағы керуен жолдары солардың қолында едi. Көпестер қыпшақ тiлiн үйренуге мәжбүр болды, соларға арналып «Кодекс Куманикус» (Қыпшақ сөздiгi) жазылды. Қыпшақтар – көне түркi тайпаларының бiрi. VII-X ғасырларда қыпшақтар қимақтарға тәуелдi, қимақ мемлекетiнiң құрамында болды. XI ғасырдың басы қыпшақтардың саяси, әлеуметтiк өрлеу кезеңi саналады. Олар Ертiстен Сырға дейiнгi өңiрге иелiк еттi. Моңғол шапқыншылығы алдында қыпшақтар Дештi Қыпшақ деп аталатын. XIII-XVI ғасырлар аралығында қазақ халқының қалыптасу кезеңiнде негiзгi ұйытқы күш болды» дейдi.

Тарихшы Ахас Тажутов «парсы тарихшысы Рашид-аддинiң айтуынша, қыпшақтар Оғызханның қолбасшылығында болған түрiк халқының бес тармағының бiрiнен саналады. Олардың шығуын ол мынадай аңызбен түсiндiредi: «Оғызхан Итбарақ атты тайпадан жеңiлiп, екi өзен аралығындағы жерге шегiнуге мәжбүр болады. Осы жорықта қолбасшы күйеуi соғыста қаза тапқан әйелдi толғақ қысып, оның басқалардан кейiндеп қалып, үлкен ағаштың қуысына тығылуына тура келедi. Осы жерде ұл табады. Бұл оқиға Оғызханға белгiлi болғанда: «Ол әйелдiң күйеуi жоқтығына байланысты оның ұлын өзiме бала етiп аламын», – деп жариялайды. Бұл бала «Қыпшақ» атын алады. Өйткенi, ол сөз түрiктiң «Қубшах» (ағаш қуысының қабығы) деген сөздiң түсiндiрмесi болған. Осыдан барып сол аттас атпен халық тараған. Он жетi жылдан соң Оғызхан Итбарақтарды жеңедi. Қыпшақ атты батыр жiгiт басқарған халықты Итбарақтар мен Жайық өзенiнiң арасына орналастырады. Осы кезден бастап қыпшақтар сол өлкелерде жаз бен қыс маусымында көшiп жүрген» дейдi.

Академик Әбдуәлi Қайдардың 2004 жылы шыққан «Қаңлы» атты кiтабындағы қыпшақтар тарихы жайлы ой-түйiнi де назар аударарлық. Бұл еңбекте қаңлының тарихында қыпшақтармен болған әралуан қарым-қатынасының жалпы қазақ тарихы үшiн мәнi зор екенi, осының арқасында өзара тоғысып, мидай араласқан дәуiрлерi де, бiр-бiрiнен алшақтап, дараланып кеткен кезеңдерiнiң де болғанына тарихтың куә екенi алға тартылады. «Олай болса, қазақ халқының этникалық iргетасын қалауға атсалысқан iрi ру-тайпаларының бiрегейiне қаңлы, үйсiн, қыпшақ, т.б. тайпалар жататынына кiм таласа алады?» деген пiкiрi қосылуға тұрарлық.

Көрнектi тарихшы Манаш Қозыбаев «Қазақ халқының тағдыры хақында» деген еңбегiнiң «Қыпшақтар белесi» деген тарауында «Қазақ тарихына бағыштай айтсақ, бұл оғыз-қыпшақ дәуренi үстем болған белес. Дәл осы түста Ұлы далада қыпшақ халқы қалыптасты… Лев Гумилев айтқандай, XI ғасырда түркi суперэтнос санатында сөне бастады. Осы шақта түркiлердiң бағына 92 баулы қыпшақтар тарих сахнасына шықты... Ол түркi деген жинамалы этнонимдi ысырып тастап, өзi суперэтносқа айналды, басқа түркi тайпаларының бiрден-бiр ұйытқысы болды. XII ғасырда қыпшақтар бүкiл араб, парсы, славян, роман-герман халықтарының үрейiн ұшырған құдiретке айналды. Ертiстен Едiлге, Шу мен Таластан Каспийге дейiнгi бiртұтас ен далада Қыпшақ одағы үстемдiгiн жүргiздi. Ежелгi Оғыз даласы, ал ендi Дештi Қыпшақ – Қыпшақ даласы атанды... Тарихи әдебиетте қыпшақтарды болашақ қазақ этносының (протоқазақ) өзегi деген ұғым кездеседi» дейдi. Ол Шыңжан тарихшысы Н.Мыңжанның пiкiрiне қосыла отырып «Қыпшақ», «Қазақ» атаулары тарихта қатар шықты деген ой айтады. «Қорыта айтқанда, дейдi академик М.Қозыбаев, – «Қазақ» атауының даңқы Қыпшақ одағы әлсiреген, қыпшақтан қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт, т.б. болып бөлiне бастағанда әйгiлi болды. Қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түркi әулетiнiң қара шаңырағы болды».

Тарих ғылымының докторы, профессор Көшiм Есмағанбетов 2015 жылы «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған «Елдiк белестерi» деген мақаласында «XI ғасырдың басында Қимақ қағанаты құлағаннан кейiн бұрын қимақ, қыпшақ және куман тайпалары мекендеген аумақта әскери-саяси басымдық қыпшақтарға ауысады. Қыпшақ мемлекеттiк бiрлестiгiнiң халқы бiртектi болмады. «Қыпшақтар» деген жалпы атаумен аталғанымен, бұл қауымдастыққа қыпшақтардың өздерiнен басқа, түркiтiлдес қимақтар, кумандар, оғыз тайпалары, көне башқұрттар, қаңлылар, түргештер, иран этникалық тобының түрiктендiрiлген элементтерi кiрдi.

П.Б.Голденнiң өзi де қыпшақтар тайпалық конфедерацияға ғана бiрiктi деп жүргенiмен, «Кодекс Куманикус» ескерткiшiн зерттеуге арналған еңбегiнде қыпшақ қоғамында мемлекеттiк институттардың болғандығын жоққа шығара алмайды. Қыпшақ дәуiрi кезеңiнiң ең маңызды ерекшелiгi «қыпшақ тiлдес түркiлер» деген жалпы атаумен этникалық шоғырлану процесi орын алады» дедi.

Қыпшақтар хандығы күшейе бастаған кезде оңтүстiк жағындағы шекарасын кеңейтiп, Сырдарияның орта және төменгi бөлiгiн, Арал мен Каспий өңiрi далаларын өздерiне қаратқан. Қыпшақ шонжарлары Сыр бойындағы қалалардың билеушiлерiне айналған. Қыпшақ мемлекетiнiң саяси жағынан күшейiп тарих сахнасына көтерiлген кезi – XI ғасыр. Бұл кезде олар Орта Азия елдерiмен, Русьпен, Кама бойындағы бұлғарлармен, Кавказ халықтарымен, т.б. мемлекеттермен саяси және экономикалық байланыстар жасап отырған. Қыпшақтардың саяси беделiнiң тез өрлеуiне Сырдария және Арал бойындағы Оғыз қағандарын талқандап, ол жерлерге ие болғандығы үлкен әсер еттi. Сонымен қатар олар Оңтүстiк орыс далаларына, Кавказ, Қырым жерлерiне иелiк етiп, территориясын Донға дейiн ұлғайтты. Қыпшақтар билiгiнiң Арал өңiрi мен Сыр бойындағы аймақтарға таралуына байланысты XI ғасырдың екiншi ширегiнiң басында «Оғыздар даласы» деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы (Дештi Қыпшақ)» деген атау пайда болды. Маңғыстауды, сондай-ақ оған көршiлес аймақтарды жаулап алған қыпшақтар, Хорезмнiң солтүстiк шекарасына таяп келдi. XI ғасырдың ортасында Кумандардың билеушi Тоқсоба және бурджоғлы тайпалары, Оңтүстiк орыс даласына және Қара теңiздiң солтүстiгi мен Византия шекарасына дейiн қоныс аударды. Осы оқиғалар нәтижесiнде Едiл өзенi бөлiп жатқан шығыс қыпшақ және батыс қыпшақ деп аталатын екi этноаймақтық бiрлестiкке бөлiндi.

Көшпендiлiк жағдайда қала отырып батыс қыпшақтары Днепр арқылы сауда жүргiзген кезiнде тоқтағаны болмаса, Киев Русiмен үнемi соғыс жағдайында болды. Қыпшақтардың шығыс славяндарға қарсы әскери шабуылдары кейбiр кезде жеңiлiске ұшырағанымен, көп жағдайда (1067 ж., 1096 ж.) жеңiспен аяқталып отырды. Бейбiт қатар өмiр сүрудiң кезеңдерiн есептемегенде Киев Русi әр кезде оларға салық төлеуге мәжбүр болды. Русьтiң жоғарғы басшы топтары қыпшақ ақсүйектерiмен туыстық байланысты қалыптастыруға зор көңiл бөлдi. Половцылар мен орыс князьдерi және Шығыс Еуропа билеушiлерi әулеттерiнiң өкiлдерi арасында көптеген некелесу жағдайлары жиi кездеседi. Оған князь Мстислав Галицкийдiң және Венгр королi IV Беланың қыпшақ қыздарын әйелдiкке алғандығын айтса да жеткiлiктi.

Шынында да, қыпшақтардың мемлекеттiк құрылымы кейiн құрылған Қазақ хандығына көп ұқсас болды. Қыпшақ хандарының билiгi кейiнгi қазақ хандары сияқты әкеден балаға немесе iнiге мұра болып қалып отырған. Елбөрiлi руы билеушi әулет болып саналып, хандар осы әулеттен шыққан. Орда деп аталатын хан ордасында ханның дүние-мүлкiн күзететiн және хан әскерiн басқаратын басқару орталығы болған. Қыпшақ хандары, Түркi қағанаттарының дәстүрлерiн ұстанып, әскери-әкiмшiлiк жүйе бойынша: ордасы Жайық өзенiнiң бойындағы Сарайшық қаласына орналасып, оң қанатқа және ордасы Сығанақ қаласына орналасқан сол қанатқа бөлiндi.

Тарихшы-ғалым Сәйден Жолдасбаев 2014 жылы «Егемен Қазақстан» газетiнде жариялаған «Сығанақ қаласы» деген мақаласында «Сығанақ қаласы XI ғасырдың екiншi жартысында қыпшақтардың орталық қаласына айналды. Егер осы кезбен есептесек, қаланың қазақ елiнiң астанасы болғанына 1000 жылдан асты деп айтуға болады. Ал, Сығанақтың XI-XII ғасырлардағы Қыпшақ хандығының астанасы болғанынан берi есептейтiн болсақ, қыпшақ тайпасы қазақ халқының негiзгi этникалық құрамының бiрi» дейдi. Осылайша Сығанақ қаласы алғаш Қыпшақ хандығының, одан кейiн ақ Орда мен көшпелi өзбек хандығының, бұдан соң қазақ хандығының саяси-әкiмшiлiк, мәдени-экономикалық, әскери қорғаныс орталығы болған.

Қыпшақ хандары оңтүстiгiнде өз мемлекетiнiң шекарасын кеңейтiп, Тараз төңiрегiне дейiн жеткен. Бұл өлкеде олар Қарахан мемлекетiмен шекаралас Кенжек-Сеңгiр бекiнiсiн салған. Мұсылман дереккөздерiнiң мәлiметтерiне қарағанда, XI-XII ғасырларда қыпшақ тайпаларының адам саны бүкiл түркiтiлдес халықтар iшiнде ең көбi, ал, олардың қоныстанған аймағы ең көлемдiсi болған.

Хорезм елiнiң билеушiлерi де қыпшақтардың беделдi жетекшiлерiмен жақындасуға әрекеттер жасады. Олар қарамағындағы маңызды қызметтерге қыпшақ тайпаларының өкiлдерiн алып, қыпшақ хандарының отбасыларымен туыстық байланыстар орнатты. Мұндай саясаттың идеологиялық түбiрi қыпшақтарды исламға кiргiзу болды.

Хорезм шахы Текеш қыпшақ ханы Алып-Қара Ұранның қызы Теркен-хатунға үйленiп, қыпшақтардың жалдамалы әскерiн жасақтап, шығыста қара қытайларға, түстiк-батыста сельджуктерге қарсы бiршама табысты соғыстар жүргiздi. Сонымен бiрге Хорезм билеушiлерi қыпшақ даласында өз ықпалдарын күшейтуге тырысты. Осы мақсатта олар қыпшақ көсемдерiнiң арасында алауыздық туғызуға тырысып бақты. Оған жоғарыда аталған Алып-Қара Ұран мен Алып-Дерек арасындағы оқиға мысал болады. Соңғысы ағасының тағын иеленуге әрекеттендi. Жағдай сонымен бiрге қыпшақтардың түрлi топтарының арасында Сығанақ қаласын иемдену үшiн күрескенде шиеленiсе түстi. 1215 жылы Сығанақ және Жент аймағындағы қыпшақтардың Хорезм бақылауынан босануға бағытталған әрекеттерi болды. Бұл iсте жеңiлiс тапқан олар солтүстiкке қарай қоныс аударды. Қыпшақтардың көпшiлiк тайпалары Қазақстанның территориясында көшiп-қонып жүрдi. Бiрақ күштi көршi мемлекеттер билеушiлерiнiң тарапынан олардың бiрiгуiне мүмкiндiк бермеу саясаттарының салдарынан Шығыс Дештi Қыпшақ моңғолдардың басып кiруiне тиiстi қарсылық жасауға дайын болмады. Оның үстiне Хорезм шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұрарлықтай әскерi болғанымен, бетпе-бет шайқасудан бас тартып, бар күшiн жеке қалаларын қорғауға арнады. Оның бұл әдiсi Хорезм мемлекетiнiң талқандалуына әкелдi. Дегенмен, қыпшақ тайпаларының көсемдерi Сырдария бойындағы қалаларды қорғауда ерлiк пен жанкештiлiк танытты.

Қыпшақ хандығы құлағанымен, оның халқы жойылған жоқ. Олар өздерiнiң күресiн одан әрi жалғастырумен болды. Жерiнiң, елiнiң тәуелсiздiгi үшiн Башман, Баян, Жықу сияқты қыпшақ батырларының бастауымен олар ұзақ күрестi.

Қыпшақтардан тартып алынған кеңiстiкте Бату хан өзiнiң империясын – Алтын Орданы құрды. Дей тұрғанмен, жергiлiктi көпшiлiк сырттан келген азшылықты араларына сiңiрiп жiбердi, сөйтiп көп ұзамай-ақ мемлекет Қыпшақ хандығы деп аталды. Батыстың тарихи және танымдық әдебиетiнде «Алтын Орда» және «Қыпшақ хандығы» тең түсiнiк ретiнде айтылады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрiбаев 2013 жылы Астана қаласында өткен «Еуразия қыпшақтары: тарих, тiл және жазба ескерткiштерi» халықаралық ғылыми конференциясында жасаған баяндамасында «...моңғолдар жаулап алуына дейiн бүкiл Дештi Қыпшақ аумағында өмiр сүрген тайпалардың ортақ тiлi болған қыпшақ «куман, половец» тiлi өзiнiң негiзгi функциясын жоғалтпай, XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орданың негiзгi ресми тiлi болып қала бередi. Ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi, жазба әдебиет туындылары, халықаралық сөздiк, ресми құжаттар қыпшақ тiлiнде айтылып, жазылды» дедi. Берекет Кәрiбаев бұл еңбегiнде одан әрi былайша ой өрбiтедi: «Қыпшақтану үдерiсi моңғолдық дәстүрлердiң де бiрте-бiрте жойылып, оның орнына жергiлiктi немесе қыпшақтық дәстүрлердiң қоғамдық өмiрдiң барлық салаларына таралуы болып табылады».

Моңғол дәуiрiнен кейiнгi кезеңде бiрнеше мемлекет құрылды: Ақ Орда, Моголстан, Әбiлқайыр (Көшпелi өзбек ұлысы) хандығы, Ноғай ордасы.

Ертiс пен Дунайға дейiнгi ұлы даладағы белсендi өмiр айналымынан «қыпшақ» және «Дештi қыпшақ» атаулары бiртiндеп түсе бастады.

XIV-XV ғасырлардың деректерiнде Әбiлқайыр хандығына кiрген тайпалардың барлығына ортақ «өзбек» деген саяси атаумен белгiлi. Олар: қыпшақтар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қоңыраттар, қаңлылар, үйсiндер, ұйғырлар, дүрмендер, кенегестер, бүркiттер, қияттар және т.б. Бұлар негiзiнен шығу тегi жағынан 92 баулы қыпшақ тұрғындары, iшiнара Дештi Қыпшақтың және оңтүстiк-шығыс Қазақстанның қаңлы, үйсiн, қарлұқ сияқты ерте ортағасырлық тұрғындарының, өзге де түркi тайпаларының ұрпақтары.

Қазақтар және Қазақ хандығы туралы түсiнiк Керей мен Жәнiбек сұлтандар бастаған бiрнеше ру-тайпалардың Әбiлқайыр ханға бағынғысы келмей, Шу мен Талас өзендерiнiң бойына қоныстануы кезiнде пайда болды. Қазақ хандығы құрылғаны туралы баршамызға мәлiм дата ол – Мұхаммед Хайдар Дулати жазып қалдырған хиджра есебi бойынша 870 жыл. Сондықтан 1465 жылды Қазақ хандығының құрылған жылы деп санаймыз.

Осылайша Қазақ хандығы құрылған өңiр сол тұста этникалық тұрғыдан тазарған, қазақ халқын құрайтын бiрыңғай тайпалардан тұрды. Олар алғашында бiраз уақыт өзбек-қазақтар, кейiннен қазақтар деп аталып кеттi. Мұндай этноним Ақордада, көшпелi өзбек ұлысында да жоқ болатын. Бұдан шығатын қорытынды – қазақтың алғашқы мемлекетi Қазақ хандығы болды.

Ал, ендi «Қазақ» терминi зерттеушiлер арасында көптеген, әртүрлi талас тудырды. Соларды талдап көргенiмiзде «Қазақ» терминiнiң алғашқыда таза әлеуметтiк мағынада болып, жауынгерлiкпен айналысып, жағымсыз билiктi қабылдамай, өз мемлекетiн құруды көздеген, еркiндiк аңсаған тұлғаларға және топтарға қатыстылығын бiлдiретiнiн байқаймыз.

Мiне, сондықтан алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнiбек бастаған Шу өңiрiне қарай бөлiнген ел «Қазақ» атауын алды. «Қазақ» этнонимi еркiн адам, ерiктi қоғам мағынасын бердi. Осылайша қазақ елi «Қазақ хандығы» деген атауға ие болды. Осы кезден бастап «қазақ» сөзiнiң мағынасы өзгере бастады, ол әлеуметтiк терминнен саяси мазмұнға ие болып, одан этнос атауына айналды, яғни ендi Қазақ хандығына қараған елдi бiлдiрдi.

Биыл республикалық көлемде аталып өтетiн Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қазiргi қазақ жерiнде бұрынғы құрылған мемлекеттiк құрылымдар тарихына да көңiл бөлiнгенi дұрыс. Өйткенi, олардың барлығы да кейiн құрылған Қазақ хандығының, қазақ халқының қалыптасуына зор ықпал еттi. Сондай мемлекеттiң бiрi моңғол шапқыншылығы қарсаңында бiрнеше хандықтар құрып, кейiн қазақ хандығының қалыптасуына ерекше үлес қосқан қыпшақ тайпаларының конфедерациясы едi.

Сағынғали ӘБУБӘКIРОВ, ОҚМПИ профессоры. 

okg.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста