Қорқыттың қабірі неге көп
Қорқыт дегенде көз алдыңызға қандай көрініс келеді? Шыныңызды айтыңызшы, өлімнен қашқан бір әпенді шалды көресіз, солай ғой? Рас, советтік идеология санамызға солай сіңірді. Қорқыт ажалдан қашқан сужүрек адам болған болса, неге бүкіл түркі жұрты абыз деп құрметтеп, төбесіне көтереді? Жо-о-оқ, бұл жерде нәзік мәселе бар.
Әлкей Марғұланның жазуына қарағанда, Қорқыт – ислам дәуірінде ғұмыр кешкен адам. Демек, Қорқыт атаның, ол туралы аңыздардың ислам дінімен тікелей байланысы бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын журналист Салтан Сайранұлы «Қорқыт өлімнен қашқан жоқ!» деген мақала жазды. Автор Қорқыт атаның Ислам дінінің көрнекті өкілі, насихатшысы болғандығын айта келіп, «Қорқыттың қайда барса көрді көруіндегі сыры не?» деген сұраққа жауап іздейді.
«Біздіңше, Қорқыт атаның қайда барса алдынан қазулы көр шығуының астарында «өлімді еске алу», «көрді, қабірді ойлау», «өлімді сезіну» философиясы жатқан секілді. Тіпті басқа біреу үшін қазылып жатқан көрді көрсе де ғибрат алуы үшін өзінің қабірін қазып жатқандай сезініп, «Қайда барсам да Қорқыттың көрі» деген болуы да мүмкін» дейді Салтан Сайранұлы.
Қорқыт атаны бүгінде қазақ қана емес, түріктен тараған біраз жұрт кие тұтып, құрметтейді. Әсіресе, түрік, әзірбайжан, түркімен халықтары үшін де қадірлі. Қорқыт атаның қабірі жайында түрік халықтары арасында талас бар. Біз, қазақтар, Қорқыт ата Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жерленген дейміз. Қазіргі уақытта басына үлкен күмбез тұрғызылды. Әзірбайжандар болса Қорқыттың жай тапқан жері Дербенттің солтүстік жағында дейді. Түріктер Түркияның Байбурт ауданындағы Масатта жерленген деп жүр. Анадолыдағы бауырларымыз жыл сайын Деде Қорқыт мәдени-өнер жиынын өткізеді. Сонда қалай, бір адамның үш жерде жерленуі мүмкін бе?
Қорқыттың Дербентте жерленгені туралы деректі 1638 жылы неміс саяхатшысы Адам Олеарий келтірді. Ол Дербентте болып, Қорқыт жайлы аңыздарға қаныққан. Көнекөздерден осында Қорқыттың жерленгенін естіп, жазып кеткен. Олеарийдің замандасы, түрік тарихшысы Эвлия Челеби де «Саяхатнама» кітабында Қорқыттың қабірі Дербентте екенін растаған. Мазардың маңдайында «Қорқыт ата зираты. Бұл – ұлы сұлтан. Бұл сұлтанға ширвандықтар табынады» деген арабша жазу барын жеткізген. Осы жазбаларды оқып, 1908 жылы Василий Бартольд Дербентке барып, Олеарий айтқан Қорқыт мазарын іздеді. Алайда таба алмады. Кейін бұл сапары жайында «Тағы да Қорқыт туралы хабар» еңбегінде тәптіштеп жазды. Соған қарағанда Қорқыттың Қазақстанда жерленгені жайлы дерек ең сенімдісі секілді.
Қорқыт – қазақтың төл тұлғасы. Қорқыттың қазақ топырағында жерленгенін шегелеп тұрып дәлелдеген – Әлкей Марғұлан. Академик еңбегінде 1848 жылы Әбубәкір Диваев түсірген Қорқыт мазарының суретін де берген. Сөйтіп, Қорқыт бейітінің Қызылорда облысы Қармақшы ауданы маңындағы Қорқыт стансасына жақын жерде жатқанын нақтылады.
Негізінде қазақ пен Қорқытты байланыстыратын бірнеше дүние бар. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі біздің газетке берген сұхбатында: «Қорқыт аңыздары қазақта мол сақталған. Сонымен қатар Қорқыт мазарларының негізгісі – Сырдың бойында тұр. Олай дейтініміз, Түркияның Байбурт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары бар. Дегенмен де Қорқыт күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасының мұрагері қазақ екенін көрсетеді» деген болатын.
Профессор Бағдат Кәрібозұлы да Сыр бойында жерленген адамның Қорқыт екенін растайды. Дербенттегі Қорқыт, басқа Қорқыт деген ой қорытады.
«Ә.Марғұланның дәлелдеуі бойынша бір емес, бірнеше Қорқыт болғанға ұқсайды. Мәселен, Орхан Шайх еңбектерінде Германия елшісі Адам Олеариустің 1638 жылы «Имам Қорқыт» деп танылған мазарды көргенін, оның Түрік еліндегі Дербент қаласына жақын маңайда орналасқанын жазғандарын келтіре отырып: «Дербенттегі Олеариус айтқан Қорқыттың моласына мән беруге болмайды, ұлы Қорқыт ол жерде болмаған. Бір ғана Сырдың бойында оғыздар ортасында өткен кісі. Дербенттің Қорқыты қыпшақтардан қалған басқа Қорқыт, ондай Қорқыттар бергі кезде көп болған» деп жазады. Демек, Қорқыт жырларындағы Қорқыт, Ә.Марғұланның және басқа әлемдік деңгейдегі қорқыттанушылардың дәлелдеп бергеніндей, Жанкентте туып, Сырдария өзенінің оң жағалауына жерленген Қорқыт деген тұжырымға келуге болады» дейді.
Жазушы Қойшығара Салғараұлы «Ортағасырлық түріктер» кітабында Қорқыт атамыздың Дербенттегі мазарына қатысты қызық мәлімет береді. Жазушының пікірінше, Дербентке барған оғыздар Қорқыт мазарын қайта салған болуы мүмкін.
«Жаугершілік, шапқыншылықтың жиі болуының салдарынан атамекенінен жиі айырылып, басқа жерге қоныс аударған тайпалар құрбандық шалар кезінде бұрынғы қара жұртқа – киелі орынға жете алмайтын болған соң, сол жаңа барған жерінде баяғы ел таныған, өздері табынған әулиелерге арнап, жаңадан әуелгі кезде бастапқы түріне ұқсатып, кейін оның архитектурасын жетілдіре жаңартып мазар тұрғызып, соның басына құрбандық шалуды әдетке айналдырған. Міне, біз білетін Сырдария бойындағы, сондай-ақ әлгі Олеарий жазатын Дербенттегі Қорқыт мазарлары осындай ретпен өмірге келген мазарлар болса керек… Ашығын айту керек, бұл мазарлар жөнінде дау көп. Соның бәрін жөндей беру де қиын. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» деген кітабында: «Дербенттегі Олеарий айтқан Қорқыт моласына мән беруге болмайды. Ұлы Қорқыт ол жерде болмаған» деп ашық жазады. Мұның сыртында академик Василий Бартольд та Дербентте Қорқыттың мазары жоқ деген пікірі бар.
Бұл арада екі академиктің пікірінде қайшылық бар. Бірі – «бар» дейді, бірақ оған «мән беруге болмайды» дейді. Екіншісі – «Дербентте Қорқыттың мазары жоқ» дейді. Былай қарағанда, Ә.Марғұланның айтып отырғаны дұрыс. Расында, Қорқыт ол жерде болмаған. Бірақ ол жерде оғыздардың болғаны шындық. Х-ХІІІ ғасырларда Закавказье мен Кіші Азияға кеткен оғыздардың оңтүстік тобы Әзірбайжан мен Анатолия түріктерінің халық болып қалыптасуына үлес қосқаны жұрттың бәріне тарихтан белгілі. Демек, Дербентке барған оғыздардың онда Қорқыт мазарын салып, сонда ата-баба аруағына арнап құрбандық шалуы әбден мүмкін» дейді.
Қорқыттың бірнеше жерде мазары болуына қатысты пікірді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Төрәлі Қыдырдан сұрадық. Ғалым жоғарыда айтқан Салтан Сайранұлының ойын қуаттады. Қорқыт қабірлерінің көптігін оның рухани іліммен байланысты болғанымен түсіндірді.
«Мұндай дүниелер ирфани (мистикалық) танымда жиі кездеседі. Ахмет Яссауидің рухани ұстазы саналатын Арыстан бабтың да, ақиқатты іздеген Нәсриддин Қожаның да екі-үш жерде мазары бар. Жалпы қабір біреу болғанымен де, мазар бірнеше болуы тасаууфта қалыпты жағдай. Себебі, үлкен әулиемен не абызбен рабита жасау (рухани байланыс) үшін киелі мазар болуы керек. Тіпті кейбір әулиелердің денесін жуған жерлеріне де мазар тұрғызған жағдайлар бар.
Түркі халықтарының ауыз әдебиетінде «Қорқыт» деген атпен кездескенімен де, «дәрежесі» бірде «Деде», кейде «Ата» (тіпті «Баба» деп те кездеседі) болып беріледі. Мұны оғыз һәм қыпшақ топтарының тілдік ерекшелігі дегенімізбен де осы екі ұғымға назар аударған жөн. Мысалы, Яссауи тариқатының пірлеріне «Ата» дәрежесі берілген. Сондықтан да Исмаил ата, Бақырған ата, Хакім ата, Садр ата секілді. Яғни, «Ата» – жасы келіп қалған адамды атағанымен де тариқатта кемел әулиелерге ғана берілген. Бұдан Қорқыт Яссауи тариқатын ұстанған деген тұжырым жасамағанымызбен де, Қорқыттың «ата» аталуы жасы келіп қалғаннан (кейбір аңыздарды 290 жыл өмір сүргендігі айтылады) емес, рухани іліммен байланысты болуы мүмкін. Көне түркілік сенімнің абызы не сопылықтың әулиесі болса да Қорқыт есімінің тасаууф-ирфани (сопылық-мистикалық) танымға тікелей қатысы бар. Бақсы, балгер не ақиқатты іздеген жанның түсінде «маған аян берілді» деп белгі қойылып, мазар тұрғызылған жерлер де аз емес. Мысалы, Ауғанстандағы «Мазари Шәрифтің» («Киелі мазар» деген мағына береді) тұрғызылуына Әбдірахман Жәмидің түсінде Хазірет Әли аян беріп, сонда жатқандығын айтқаннан кейін осы қала тұрғызылған (алайда исламтанушы ғалымдар Хазірет Әли ол жерге бармағанын жазған). Қорқыттың мазары делінген Байбұрттағы «Әли баба», Дербенттегі «Имам Қорқыт» немесе Ахлаттағы «Қорқыт хан» мазары болуының бір сыры осында жатса керек» деді Төрәлі Қыдыр.
Жазушы Нұрғали Ораз бір мақаласында: «Түрік бауырларымыз Қорқыт бабамыздың мазары Байбуртта жатыр дейді екен. Түркі тектес басқа халықтар да Қорқыттың моласы біздің жерімізде дейді. Мұндай кезде әзірбайжан халқының атақты ақыны Вахабзаденің: «Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі», – деген сөзі оралады ойыңа. Ең бастысы, Қорқыт бабаның өлмес, өшпес бейнесі жүрегімізде екендігі. Сондықтан да оның бейіті біздің жерімізде деп ойлауға бәріміздің де қақымыз бар» деп жазған болатын.
Шынында, Қорқыт бейнесі жүрегімізде болғаны абзал. Түбі бір түрік халықтарын бір біріктерсе, Қорқыт біріктіреді. Елбасы мақаласында айтқан ұлттық кодымыздың бірі – осы Қорқыт ата. Сондықтан Қорқыттың қазыналы мұрасын зерттеп-зерделеу, кейінгіге үлгі қылу – бізге мұрат.
Серікбол ХАСАН