Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақтың халықаралық рөлін нығайтуы тиіс
Қараша айында Президенттің тапсырмасымен 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жылы деп жариялағаннан бастап қызу дайындық басталып кетті. Қазақ елі егемендік пен елдікті, татулық пен тұрақтылықты, отансүйгіштік пен патриотизмді насихаттайтынбұл атаулы мерейтойды ғасырлап күтті. Осыған орай, Қазақ хандығы тақырыбында жиырма жылдан аса терең зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалым, т.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Берекет Кәрібаевпен сұхбаттасқан едік.
‒ Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының тарихи, мәдени, халықаралық маңызы қандай?
‒ Кез келген халықтың тарихында мақтанарлық, үлгі тұтарлық маңызды деген оқиғалары болады. Сол атаулы оқиғаларды дәріптеу арқылы халық мемлекеттілігі мен егемендігін насихаттайды.
Биыл елімізде мемлекет деңгейінде өткізілу жосарында тұрған төрт атаулы мерекенің бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Байқасаңыз, дүниежүзіндегі барлық елдер өз мемлекеттілігінің тарихын анықтап алған. Мәселен, Қытай 5000 жылдығын, Иран 4000 жылдығын, көрші Қырғыз халқы да 2000 жылдығын әлдеқашан тойлаған.
Қазақ хандығы қазақ халқының алғашқы мемлекеттілігінің бір көрінісі. Біздің бұған дейінгі түркі әлемі, тіпті, сонау сақтардан бастау алған тарихымыз бар. Алайда қазақ хандығының ерекшелігі ол біздің ұлттық сипаттағы алғашқы мемлекетіміз.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап «қазақ» сөзі саяси термин ретінде тарихқа алтын әріптермен енді. Бұл көне тарихымыздағы мемлекетілігіміздің Республика көлемінде тұңғыш тойлауымыз. Сондықтан «Қазақ хандығының 550 жылдығының» тарихи, рухани маңызы орасан.
Қазірде Қазақстан әлем халықтарының назарын аударып отырған Орталық Азиядағы бірден-бір дамыған тұрақты елдің бірі. Сол себептібұл елде болып жатқан оқиға әлем елдерінің назарында. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан халық ассамблеясының 20 жылдығын атап өту біздің татулығымыздың көрінісін айғақтап берсе, айталық, Ата заңның 20 жылдығы тойлау, ол біздің құқықтық тұрақтылығымыздың кепілін көрсетеді. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту, ол еліміздегі бірліктің көрінісі. Бұл әрине, қазақ елінің халықаралық деңгейдегі рөлін нығайта түсетіні анық.
‒ Мұндай мемлекеттік шараларға еліміз бірнеше жыл бұрын дайындалатын. Мәселен, Абайдың 150 жылдығына дайындық ерте басталған. Ал, 550 жылдыққа біз дайындалып үлгереміз бе? Қазіргі біздің дайындығымыз қаншалықты деңгейде?
‒ Мұнда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Қазақ хандығының 550 жылдығы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы үкіметтің қаулысымен бекітілген ресми мереке. Тоқсаныншы жылдардан бастап, елімізде қаншама батырларымыздың, тұлғаларымыздың, көптеген оқиғалардың мерейтойларын өткердік.
Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын, Астананың мерейтойын, 2010 жылы қазіргі заман тарихындағы елуден аса мемлекеттер мен қоғамдық ұйым басшылардың қазақ жерінде басқосуы жиылысы - САММИТ, Азияда секілді ірілі-ұсақты спорт ойындары өткізілуде. Әрине, осыдан кейін өз қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу қиындық тудырады деу сенгісіз. Үкімет осы атаулы мерейтойды өткізуге арнайы комиссия құрды. Соның бір мүшесі ретінде және премьер-министрдің орынбасары, қоғам қайраткері, ұлтжанды іскер азамат Бердібек Сапарбаев бастаған топ жоспарға сәйкес орындап шығатынымызға сенімдімін.
Мұнда атқарылатын жұмыстардың өзі ғылыми, ақпараттық, мәдени секілді бірнеше бағыттардан тұрады. Сәйкесінше, оған ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық әкімшілердің барлығы ат салысады. Мәдени шаралар Таразда өтеді деп жоспарланса, саяси жағы Астанада өтеді деп күтілуде.
‒ Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің арнайы тұжырымдамасы дайындалды. Онда «қазақ мемлекеттілігі туралы ақпараттарды анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан сияқты елдердің мемлекеттік мұрағаттары мен музейлерінен, ғылыми-зерттеу орталықтарынан іздестіру жұмыстары қолға алынады» делінген. Бұл жайт Қазақстан тарихына жаңа өзгерістер әкелуі мүмкін бе? Жалпы Қазақ хандығының тарихын біз қаншалықты терең зерттей білдік?
‒ Кеңес дәуіріндегі тарихшылардың зерттеу нәтижесінде, қазақ хандығының тарихы зерттеліп, өз бағытын әлдеқашан анықтап алған. Ал ендігі табылатын деректер мен мәлімметтер соларды толықтыра түседі. Біз қазақ хандығының қай кезде құрылғанын, оның хандығын, қандай саясат жүргізгенін және Тәуке ханға дейінгі оқиғалардың барлығын білеміз.
Әрине, кейбір көмескі жақтары да баршылық. Ол нақты бір ханның саясатына немесе нақты оқиғаларға байланысты болуы мүмкін. Тарих болғаннан соң бұл секілді мәселелер әлі күнге дейін көміскі жатыр. Ал табылып жатқан деректер болса, қазақ тарихын тек толықтырып, кеңейте түседі.
‒ «Аңыз Адам» басылымына берген сұхбатыңызда «ұлттық идеологияның негіздерін төл тарихтан іздеу керекпіз» деген екенсіз. Қазақ тарихынан қазіргі ұлттық идеологияға негіз болар ұстанымдарды, үлгі алатын идеяларды айтып берсеңіз...
‒ Қазақ тарихында бір заңдылық бар екен. Мемлекет құрылған, айтылық, оны құрған Бумын қаған болсын немесе Керей мен Жәнібек болсын. Бірлік нәтижесінде ол мемлекет күшейеді. Шамамен бір ғасыр, яки жарты ғасыр өмір сүргеннен соң, белгілі бір жағдайда ол мемлекет әлсірей бастайды.
Зерттеулерімде мемлекеттің әлсіреу салдарын қарастыра отырып, мемлекеттің ыдырауына себеп болар ең басты факторға көзім жетті. Яғни, мемлекеттің ыдырауына ең алдымен билеуші әулет, билеуші топ арасындағы алауыздық басталуы себеп екен. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл алауыздықты кейде сыртқы көршілер үнемі қоздырып отырған.
Сайып келгенде, билеуші топ арасындағы алауыздық сол мемлекетті екіге бөледі немесе сол билеуші әулет арасында күрес жүреді. Нәтижесінде бұл күрес мемлекеттің әлсіреуіне, содан кейін құлдырауына, жойылуына алып келеді. Кез-келген ұлт, кез келген халық өткен тарихындағы әлсіз жақтарын дұрыс пайдаланып, үнемі назарда ұстап, алауыздық болдырмай, ел бірлігін сақтаса ол ұлы халыққа айналады. Бірлік тілдік жағынан да, діни жағынан да сабақтасуы тиіс.
Яғни, саяси бірлік, әлеуметтік бірлік, экологиялық бірлік, діни бірлік барлығы жиыла келе мемлекеттік нүктесінде ұштасқанда ғана қазақ елінің дамуы одан ары қарыштай береді. Сондықтан біздің болашақ дамуымыздың негізі осы бірлік идеологиясында деп есептеймін.
‒ 550 жылдық қарсаңында білім орындары, ЖОО мен мектептер қалай өткізу тиіс?! ҚазҰУ-нің 550 жылдыққа дайындығы қандай?
‒ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылым-ұстаздарының бірігуімен алдағы маусым айында халықаралық конференция ұйымдастырылмақ. Екіншіден біздің Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ университеті» деген өзінің газеті бар. Соған жыл бойы Қазақ хандығының 550 жылдығына бір беті тұтастай арналмақ.
Қараша айында Президенттің жарлығы жариялағаннан бастап, мақалалар тізбегі жариялана бастады.
Одан өзге де университеттегі барлық факультеттерде қазақ хандығының тарихына қатысты, қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарда бар. «Қазақ хандығының 550 жылдығымен» қатар, Тарих, археология және этнология факультеті Е.Бекмахановтың 100 жылдығын, Ж.Тәшеновтың 100 жылдығын, І.Есенберлиннің 100 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығын атап өту іс-жоспарын құрып бекітіп қойды.
Өткен жылы «Қазақ хандығының құрылуы» деген монографиям жарық көрді. Осы жылдың ішінде «Қазақ хандығының нығаюы», Керейден Тәуке ханға дейінгі он жеті қазақ хандарының өміріне арналған «Қазақ хандары» деген монография шығару жоспарда бар. 1992 жылы «XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басындағы Мәуеренахрдағы оқиғаларға байланысты Қазақ хандығының саясаты» деп аталатын ең алғашқы мақалам шыққан еді.
Сол жылдан бастап барлық зерттеу еңбектерім қазақ хандығына арналыпты. «XV ғасырдың соңы мен XVІ» ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ хандығының Мәуренахр билеушілерімен қарым-қатынасы» кандидаттық диссертациям да, «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты докторлық диссертация да осы Қазақ хандығын зерттеу мақсатында жазылған еңбектер. Сондай-ақ, осы тақырып аясында 400-ден аса ғылыми мақалалар баспасөз бетінде жарияланған болатын. Алдағы уақытта осы зерттеу-ғылыми мақалалардың басын құрап, екі томдық кітап шығарсам деген ой да жоқ емес.
Сұхбатыңызға рахмет!