Қасым хан

Қасым хан

Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырьп, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше өзгерістердің тез немесе баяу болуына, оқиғалардың объективті даму, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Халқының тарихында мұндай ұлы адамдар өте көп, "бірақ та" олардың қатарында, 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның орны ерекше.
Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол — біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден—Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген енбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден — қазақ халқының этникалық, ұлттық территориясын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден — мемлекетті басқару ісіндегі келесі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы.
Міне, осы Қасым ханның туғанына биыл 550 жыл толып отыр. Сол себепті де біз қалың қазақ жұртына Қасым ханның кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын, қазақ тарихында алатын орнын көрсету мақсатымен баяндағалы отырмыз.
Қасым ханның жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның сұлтандық және хандық дәуірінен үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыри, Мухаммед Хайдар мырза Дулат, Бабыр, Бинай, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд ибн Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және т. б. авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс деректерінде де ол туралы - мәліметтер баршылық.
Енді Қасым хан туралы айтпас бұрын, алдымен оның ата-тегіне қысқаша тоқтап кетелік. Қасым хан — Шыңғыс хан ұрпағы. Шыңғыс ханның кім екендігі баршаға мәлім. Қасым хан оның үлкен ұлы — Жошыдан тарайды. Жошының он төрт ұлының бесеуі және олардан тараған ұрпақтар ХШ-ХV ғасырларда Еуразияның шығыс бөлігіндегі саяси тарихта үлкен рөл атқарады. Орда Ежен, Батый, Шайбан (Шибан), Тұқай Темір ұрпақтары Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Қырым, Астрахан, Сібір, Хорезм хандықтарының, Мауреннахрдың (XVІ-XVІІІ ғ.ғ.) хандары болған.
Ортағасырлық кейбір дерек мәліметтері мен соларға негіздеп жазылған қазіргі тарихи зерттеулерде Қасым ханның Жошының қай ұлынан тарайтындығы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарас бойынша, қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды, ал екінші пікірдегілер қазақ хандарын Жошының ең кенже ұлы — Тұқай Темірден өрбітеді.
«Тұқайтемірлік» пікірді -қостаушылардың сүйенетіні XVI және XVII ғасырларда жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме» мен Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» мәліметтер. Осы жолдардың авторы бұл жөнінде «тұқайтемірлік» пікірді сынап, дерек мәліметтеріндегі қателердің жіберілу себептері туралы аз дәлелдемелерін айтқан болатын.
«Орда Ежендік» пікірді ұстанушылар негізінен XIV және XV ғасырдың басында жазылған Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен атышулы «Ескендірдің анонимі» атты деректеріне сүйенеді. Біз де осы пікірді қостай отырып, Қасым ханнын шежіресін былайша өрбітеміз: Шыңғыс хан — Жошы -  Орда Ежен – Сасы  Бұқа — Шымтай— Орыс хан — Қоиыршақ — Барақ хан .
Көріп отырғанымыздай, Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, ежелден бері келе жатқан хандық әулеттің тікелей жалғасы, заңды өкілі, Орда Еженнен Орыс ханға дейін Қасым ханның аталары Деппі Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік құрған. Алғашында Орда Ежен ұлысы деп аталған бұл бөлік, XIV ғасырдың басынан бастап Ақ Орда деп аталады. Саяси әкімшілік орталык, Сыр өңіріне көшіріліп, астана алғашында Сауранда, сосын Сығанақта болады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек мәліметтеріне жүгініп көрелік. Онда Орда Ежен туралы: «Жошының мұрагері екінші ұлы Батый билікке келгенімен, Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және одан кейінгі кездерде үлкен сый мен құрметте болды. Менгу ханның оларға жіберген жарлықтарында оның есімі бірінші жазылып отырған. ...Жошы әскерлерінің жартысын Орда Ежен, ал қалған жартысын Батый басқарды. Орда Ежен мен Батый ұлыстары бір- бірінен өте қашықта орналасты және әркім өз ұлысында дербес билік жүргізді», — деп жазады Рашид ад-дин. Одан әрі ол: Орда Еженнің немересі Қоныша «ұзақ уақыт бойы Орда ұлысының билеушісі болды, — дейді. Қонышаның үлкен ұлы Баян әкесінің мұрагері және Рашид ад-диннің замандасы болған. Рашид ад-дин: «Қазіргі уақытта Баян әкесі Қонышаның орнында отыр, бұрынғыдай оның ұлысын басқаруда», —деп жазады. Қасым ханның бұл бабаларының билік құрған кезі 1225-1290-шы жылдар іші.
Қасым ханнын XIV ғасыдағы хан бабалары туралы Натанзи көп дерек береді. Ол: «Баянның ұлы Сасы Бұқа Ақ Орданың билеушісі болып, 30 жыл басқарды. Ол хижраның 720 жылы (1320/21 ж.) қайтыс болды. Қайбірі Сауран қаласында деп жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен Алтын Орда ханы Өзбектің жарлығымен әкесінің орнына отырады. Өзінің үлкен қабілеттілігі мен көрегендігі арқасында аз уақытта Өзбек ханның беделіндей дәрежеге жетті», — делінеді деректе. Ерзен Ақ Ордада 25 жыл билік құрып, 1344/45 жылы қайтыс болады. Ерзен хан тұсында Сыр өңіріндегі Отырар, Сауран, Жент және Бар- шынкент қалаларында көптеген ғимараттар хан жарлығымен салынады.
Дешті Қыпшақтағы Мүбәрәк қожа ханның бүлігінен кейін Ақ Орда тағына Алтын Орда ханы Жәнібек ханның арнайы жарлығымен Қасым ханның бесінші атасы Шымтай отырады және оның билігі 17 жылға созылады. Одан кейін хандық билік 4-ші ата Орыс ханға (Мухаммед ханға) көшеді. Ол тіпті 1370-ші жыл­дар ортасында Алтын Орда тағын да билейді. Орыс хан туралы мәліметтер ортағасырлық деректерде мол кездеседі.
Орыс ханның төртінші ұлы және Қасым ханның үшінші атасы Қойыршақ 1395-96 жылдарда Жошы ұлысын билейді. Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы күресінде Қойыршақ алғашқысын қолдап, жәрдем береді. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ-оғлан Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен (Ақсақ Темірдің) ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды», — деп баяндайды. Гафари де Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жасаған екінші жорығына қатынасқанын, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тапсырып, Еділ бойынан Дештіге жібергенін айтады. Қадырғали Жалайыри болса Койыршақты «хан» атағымен қосып жазады.
Ал Қасым ханның атасы Барақ хан Ақ Орданың соңғы билеушісі болып, 1425 жылы Алтын орда тағын тарихта белгілі Ұлық Мухаммед ханнан тартып алған. Және сонда 1428 жылға дейін хандық құрады. Замандастары Барақ ханды «Алтын орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бураға» теңеп, «батыр, әрі алып болған», — деп суреттейді.
Қасымның әкесі Жәнібек ханның кім болғандығы көпке мәлім. Қазақ хандығының негізін қалаушы және Керей ханнан кейін қазақта хан болған. Билік құрған жылдары шамамен 1460-шы жылдар соңы мен 1470-ші жылдар басы.
Жоғарыдағы қысқаша шолудан байқағанымыздай, атақты Қасым хан жай ғана ІІІыңғыс ұрпағы емес. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Ол тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге қалыптасқан жаңа саяси, этникалық жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер.
Жәнібек ханның тоғыз ұлы болған. Оның ішінде Қасым мен Қамбар бір анадан, Жаған биден тұрады. «Тарихи Рашиди» атты еңбекте Қасым ханның қай жылы дүниеге келгендігін анықтайтын мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын», — деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-дерде десек, онда ол 1445-46 жылдарда дүниеге келген болады. Ортағасырлардағьі Қазақстан тарихының зерттеушісі Т. И. Султанов Қасым ханды 1445 жылы шамасында дүниеге келген деп есептейді.
Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470-ші жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Оның себебі түсінікті де. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470-ші жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым, Махмут, Әдік және т. б. сұлтандар хандардың жанында жүріп сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректерде негізгі хандар аталып отырған. Алғаш рет жазба деректе Бұрындық хан 1469/70 жылғы оқиғаға байланыс­ты кездеседі. Өйткені бұл кезде оның әкесі Керей қайтыс болған еді. Сол сияқты Қасым да алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470-ші жылдар басынан бастап айтыла бастайды.
XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Саяси тарих тұрғысынан қарасақ, бұл кезең — Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, этникалық тарих тұрғысынан — қазақ халқының  этникалық, ұлттық территориясының біріктірілуінің басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға — Казақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мауреннахр билеушісі ТХ6ріяен жүргізген күресі жатты. Бұл күрес 1470-ші жылдардан 1598 жылға созылды. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең — 1470-1520-жылдар аралығында өтті. Мыс., алғашқы кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы, әрі ірі мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға түрінде көрініс табады. 
1470-ші жылдар басында Жәнібек ханнан кейін хандыққа Бұрындық келеді. Бұрындық хан тұсында льш, бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы „йодады. XVI ғасыр басьпіла^азьілГЭН «Шайбани нама» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым тура­лы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі», — деп жазады.  Сырбойы үшін күрестің басталуына Әбілқайыр ханның (1428-1463) немересі Мухаммед Шайбани ханның 1471/1472 жылдары осы аймаққа келіп, тұрақтануы түрткі болды. Қазақ хандығы бұған наразылық білдіріп, қыс мезгіліне қарамастан, Сығанақ пен Сауран төңірегіндегі шайбанилықтарға соққы береді. Қасым хан басшылық еткен қазақ әскерлері осы қалалар маңында шайбанилықтарды талқандап, қашуға мәжбүр етеді. Бұл шайқаста Қасым ханның бауырлары: Махмут, Жиренше, Қамбар сұлтандар бастаған жасақтар ерлігімен көзге түседі. Мухаммед Шай­бани хан болса өзінің атақты сұлтаны мен баһадүрінен айырылады.
1471/72 жылғы ұрыс Қазақ хандығы үшін өте нәтижелі аяқталды. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылды және аймақтың солтүстік және солтүстік батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ хандығының құрамына өтеді.
Кезіндегі Ақсақ Темірге арқа сүйеген Ақ Ордаға қарсы күрескен Тоқтамыс хан секілді Мұхаммед Шайбани хан да Мауреннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарынан әскери жәрдем алып, Қазақ хандығына XV ғасыр соңында бірнеше рет күрес жүргізеді. Шайбани ханның екінші peт Сыр өңіріне келуі 1480-ші жылдарда болды. Бұл жолы да Қазақ хандығы оған тойтарыс береді және Сыр өңірінің қалған бөліктеріне ықпалын күшейте түседі.Бұл жолғы күресте  Қасым мен оның інілері қол бастап, жауын тағы да қашуға мәжбүр еткізеді.
Күрестің үшінші кезеңі XV ғасырдың 93-96 жылдары етті. Бұл Қазақ хандығы үшін ауыр кезең болды. Күреске Мауреннахр билеушілерімен қатар Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт хан да араласып, Мұхаммед Шайбани ханға әскери көмек береді. Екіншіден, Қазақ хандығының Сыр өңірін толығымен қайтарудың соңғы кезеңінде билеуші топтар арасында қайшылық туып, екі топ пайда болады. Бірін — Бұрындық, екіншісін — Қасым және Жәнібек ханның өзге ұлдары құрайды.
Қайшылық — Жәнібек хан ұлдарының Сыр өңірінде жаңа ұлыстарды иеленуіне, соның салдары — олардың күшейе бастауына байланысты туындады. Болашақта өз билігіне қауіп төнетінін сезген Бұрындық енді Жәнібек хан ұлдарын әлсірету мақсатымен кешегі жауы — Мухаммед Шайбани ханмен жақындаса бастайды. Және де шайбанилық сұлтанның Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұхсат етіледі. Бұрындықтың бұл әрекеті — Қасым хан тобынын Сыр бойын толық иеленуіне мүмкіндік бергізбеуге және қажет болса, кешегі жаумен Жәнібек хан ұлдарына қарсы одақтасуға жасаған бағыты бол­ды.
Қасым сұлтан қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шығады. Өз кезегінде ол Бұрындық пен Шай­бани хан одағына қарсы моғол ханымен одақ құрып, қарсы шаралар әзірлейді. Сөйтіп, 1496 жылы Сыр өңірі үшін күрестің алғашқы дәуірі аяқталып, Қазақ хандығы Қасым және оның жақтаушылары арқасында Сыр өңірінің солтүстік бөлігін иемденеді.
Егер ХV ғасырдың 70-80-ші жылдары Қасым үнемі Бұрындық ханның жанында жүріп, «оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе», сол ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап, одан алшақтай бастайды. Қалыптасқан саяси жағдай және оның одан әрі дамуы Бұрындық пен Қасым арасын күннен-күнге салқындата түседі.
XV ғасырдың соңғы жылдарында Қасымның әскери қолбасшылық қасиетімен қатар, мемлекет қайраткері ретіндегі шебер дипломат ретіндегі қыр- лары айқындала түседі. Бұған дәлел ретінде, Қасымның жеке бастық мүддесінен гөрі мемлекеттілік мүддесін артық қоюы және осы соңғы мүддеге сай іс-әрекет жасап, шешім қабылдауы, оны жүзеге асыруы жатады.  
Қасым ханның қазақ халқы алдында, қазақ мемлекеттілігін нығайтуда сіңрген еңбектерінің бірі— XV ғасыр соңында Сыр өңірінің біртіндеп қазақ халқының этникалық территориясына ене бастауы болды.  Ал XVI ғасыр басындағы  ханның аса бір рөлі — қазақ жеріне басқыншы болып келген Мұхаммед Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңуден керінді.
1496 жылы Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне табан тіреген Шайбани хан, Мауреннахрдағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самарқан тағына отырады. Және де 1500-1504 жылдары Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып  қуатты мемлекет құрады. Бірақ солтүстікте Қазақ хандығының болуы оған үнемі қауіп төндіреді. Сондықтан да Шайбани хан XVI ғасырдың басында Қазақ хандығын өзіне бағындыруды басты мәселе етіп қояды. Шайбанилық сұлтанның бірі, кейіннен хан болғанУбайдуллах XVI ғасыр басындағы қазақтармен соғыс туралы мәселеде «біздің бүкіл мұсылман әлемін жаулаудағы алғашқа қадамымыз қазақтарды бағындырудан басталады»,- деп жариялайды. Бұл- 1509 жылы айтылған сөз.
Орта Азия билеушісі XVI ғасыр басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау  үшін 1505 жылы жарлық шығарады. Жарлықтарда қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады. Және де Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық береді. Бірақұ бұл шара оған оң нәтиже бергізбейді, керісінше Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мауреннахрлық дін басыларына қазақтарды «дінсіздер» деп жариялатқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдырады.
Сөйтіп, ол 1505 — 1509 жылдар аралығында  Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама табысты аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Талқандалған ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермейді. Керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен  шегініп кетеді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетеді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Өйткені Шайбани хан алғашқы үш жорықта қазақ елін бағындыруды мақсат еткенімен оған жете қоймаған еді. Сондықтан да болашақта түпкі мақсатқа жету үшін әлі де болса жорықтар болу қаупі болатын. Міне, осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған күрестерде жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы – Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады. 
Мұны сол кездегі тарихшылар да аңғарған. Мысалы, Мұхаммед Хайдар мырза Дулати: «Қасым ханның күшінің өскендігі соншалықты, Бұрындық хан туралы ешкім де ойламады», және «хандықты басқару мен ондағы бүкіл билікті қолына алды»,- деп жазады. 
Шайбани ханның келесі жорықтарынан хабардар болған Қасым хан оған алдын-ала әзірленеді. 1510 жылғы Шайбани ханның соңғы жорығында Қасым хан өз Ордасын ішкері қарай, Ұлытау маңына қондырады. Және де Ордада аз күш қалдырып, негізгі күшін кейін шегіндіреді. Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен – қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан батырларын қарсы шабуылға шығарады. Қазақтардан мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас-сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Шайбани хан әскерінің қалдықтары деректерде жазылғандай, қорыққанынан арттарына қарауға мұршасы келмей, Самарқанға дейін ешбір жеңілістің дәмін татпаған Шайбани хан әскері Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде осылай жеңіледі. 
Орта Азия билеушісінің бұл жеңілісін сол тұстағы тарихшы Балхи былай деп бағалайды:«Бір сөзбен айтқанда, Шайбани ханның үлесіне ірі жеңіліс тиді. Өзінің ең шырқау биігіне жеткен оның билігі енді құлдырай бастады». Көріп отырғанымыздай, Қасым хан тек қазақ елін құтқарып қана қойған жоқ, қарсыласы Шайбанидың белін үзіп, омыртқасын опырғандай соққы береді. Орны келгенде айта кетелік, Қасым ханнан жеңілгеннен соң Шайбани хан өшін айналасындағы сұлтандардан алып олардың иеліктерінің бәрін өзгертеді.Өз кезегінде сұлтандар бұған наразы болып, іштей қарсылық білдіреді, бірақ бірден сыртқа шығара алмайды. Сол жылы оның Бадахшанның таулы тайпаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. Күзде Мерв қаласында Иран шахы Исмайыл шах әскерінің қоршауында қалғанда қарамағындағы бірде-бір сұлтаннан көмек келмейді. Сөйтіп 1510 жылы күз айында ол қоршауда қаза табады, ал бірнеше жыл бойы орта Азияда саяси бытыраңқылық жайлайды. Міне, Қасым ханнан жеңілген Мұхаммед Шайбани ханның тағдыры және ол құрған мемлекеттің тағдыры осылай аяқталады.
Қасым ханның Шайбани ханды жеңуі оның рөлін одан әрі өсіреді, сонымен бірге ол билеген Қазақ хандығының халықаралық жағдайы арта түседі. Жалпы алғанда, Шайбани хан жорықтарына қарсы күресі, оны талқандауы- Қасым ханның қазақ халқы алдында сіңірген тағы да бір еңбегінің бірі.
Қазақ жұрты алдында беделінің жоғалғандығын көрген Бұрындық 1511 жылы Мауреннахрға кетеді. Ешбір деректе жазылмаса да, осы жылдан бастап Қасым ханның ресми хандық дәуірі басталады. 
Қасым хан Қазақ хандығында 10 жыл (1511- 1521 жж) отырды. Қазақ халқы үшін ол осы 10 жыл ішінде бірнеше хан ұрпағы атқаратын іс атқарып кетті. Ол хандық құрған жылдар ішінде қазақ елін, қазақ жұртын іргесіндегі көршіден алыстағы Еуропа халқына дейін танып біледі.
1510-1513 жж Шайбани хан өлгеннен кейін, орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, Сыр өңірінде оның ықпалы әлсірейді. Сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті ыдырайды. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасымхан Жетісуда толығымен сыр өңірінде, Қазақ хандығының билігін орнатады. Мұнда бір ескеретін жай- бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының  этникалық территориясына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық компоненттерінің бірі болатын.    
Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл осы жылда­ры орыс халқынын этникалық территориясының қалыптасу үрдісі, сонымен қатар, саяси үрдісі бір орталыққа бағындырылған мемлекеттің құрылып жатқан кезі болатын. Бірақ та бұл прогрессивті процестер кейбір княздықтардың қатты қарсылығына тап болып, қырғын соғыстар арқылы жүрді.
Ал XVI ғасыр басындағы Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісінің Жетісу, Сыр өңірлерінде бейбіт өтуі бірнеше мән-жайды ашады. Біріншіден, этникалық процестің біртұтас этнотерриторияда жүруі этникалық компоненттердің этнопсихологиялық  жағынан жақындасуын тездетеді. Сол себепті де Жетісу мен Сыр өңіріндегі этникалық топтар саяси кедергілер жойылғаннан кейін өзінің негізгі этникалық ұйтқысына қосылады. Екіншіден, мұндай күрделі үрдістің қырғын- соғыссыз етуіне өз заманының ұлы қайраткері — Қасым хан тұрды. Жеке адамдардың тарихи кезеңдердегі тарихи рөлін Қасым ханның атқарған рөлі арқылы түсінуге және түсіндіруге болады. Түбінде болатын объективті тарихи үрдіс — қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы — мүмкін басқа хандар тұсында басқаша жүрген болар ма еді. Немесе орыс тарихындағыдай соғыстар арқылы жүрген болар ма еді. Нақты оқиғалы кезеңдерге жеке тұлғалардың араласуы, ол үрдісті не тежейді, не тездетеді, бірақ тоқтата алмайды. Біз бұл арада қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы Қасым хан тұсында бейбіт түрде және тез жүргенін көрдік. Қасым ханның қазақ тарихындағы тарихи рөлдерінің бірі осында.
Қасым хан қазақ халқының территориясын қалыптастырумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де күш салады. Оған дәлел — 1513 жылғы оның Ташкентке жорық жасауы болды. Осы жылдары Ташкенттің Қазақ хандығына өтуі бірнеше мәселені шешкен болар еді. Біріншіден, Ташкентті алу арқылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен елді мекендердің бейбіт өмірін сақтау, хандықтың оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру және бір саяси кеңістіктегі Дешті Қыпшақ пен оңтүстігінде Сайрамға дейін Сыр өңірінің этникалық тұтастығын қамтамасыз ету, дамыту болды. Екіншіден, дәл осындай мақсаттар Жетісуға да қатысты болды. Мауреннахр тарапы­нан Жетісуға және Сыр өңіріне апаратын қысқа және төте жол—Ташкент арқылы өтті. Сондықтан да қаланың қазақтарға өтуінің әскери-стратегиялық  маңызы болды. Үшіншіден, Қасым хан алдында саяси міндет 1513 жылдың басынан  қайта күшейе бастаған шайбанилық сұлтандардың күшін, Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Міне, осындай маңызды мақсаттар Касым Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Міне, осындай маңызды мақсаттар Қасым ханды Ташкентті алуға итермеледі. Жорықтың басталуына Сайрам қаласын өз еркімен Қасым ханға берген Қатта-бекті њсыкысы турткі болды. Бірақ та Қасым ханның Ташкентке жасаған 1513 жылғы жорығы сәтсіз аяқталады. Кейін шегінген қазақ әскері Ташкенттің солтүстігіндегі қала — Сайрамға келіп тоқтайды. Уақытша болса да бұл қала әскери — стратегиялық маңызға ие болды.
1513 жылдан кейін қайта бірігіп, күшейген Мауреннахрдағы шайбанилық сұлтандар Қазақ хандығының Сыр өңіріндегі ықпалын жою мақсатымен 1516/17 жылдың қысында жорық ұйымдастырады. Шайбанилық тарихшылар жорықтың ұйымдастырылуы туралы қанша марапаттаса, жорықтың немен аяқталғандығы туралы сонша аузын ашпайды. Яғни, біздің ойымызша тағы да бір ірі жеңілісті жазуға олардың дәтібармаған. Бұл жолы да қазақ ханы Қасым хан жаудан айласын асырып, шайбанилықтарға күйрете соққы береді. 1516/17 жылғы оқиғадан соң Қасым хан қайтыс болғанға дейін Сыр өңірі мен Жетісу аймағындағы саяси талас-тартыс аяқталып, бейбіт өмір қалыптасады.
Қазақ хандығының оңтүстік пен оңтүстік - шығыс бағыттардағы сыртқы саясатын сәтті аяқтаған Қасым хан 1517 жылдан бастап күш- жігерін батысқа Жайық, Еділ бағытына жұмсайды. XVI ғасыр басында екі өзен аралығындағы Ноғай Ордасы ауыр-саяси дағдарыста болатын. Мырзалар ру- тайпа көсемдері билік үшін өзара күресте мемлекетті толығымен ыдыратып, бір-біріне бағынбайтын, дербес иеліктерге бөлініп кеткен еді. Ноғай мырзаларының өзара күресінен әбден шаршаған ру-тайпалар өздерінің этникалық ортасы, этникалық кеңістіктегі құрамдас бөлігі- қазақ этносына қосыла бастайды. Этникалық бірігу сая­си тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазақ ханы Қасым хан мұнда да көрегендік танытып, қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісін соғыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырады. Тарихшы А. Исиннің зерттеулерінде кейбір ноғай мырзаларының 1519 жылы Еділдің оң жағалауына ығыстырылғандығы жөнінде айтылады. Ал сол жағалауда Қазақ хандығының билігі жүре бастайды да, ол енді Астрахан хандығымен шектеседі. Өз кезінде бұл жағдай Қазақ хандығына Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның батыс бөлігіндегі саяси қарым-қатынастарға белсене араласуға мүмкіндік береді. Және де Қазан, Астрахан, Қырым, сондай- ақ Москва княздықтарымен осы тұста Қасым хан кезінде дипломатиялық қатынастар орнатылады.
Алтын Орданың мұрагері болуға ұмтылған Қазан, Қырым және Астрахан хандықтары бір- бірімен күресте өздеріне мықты одақтас іздестіреді. Москва княздығы бұл кезде әлі де болса қуатты емес еді. Сондықтан да күшті одақтас Қасым хан деп танылады. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығында қазақтардан елші келгендігі айтылады. Жазба деректер бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпаса да, осы жылдардағы үздіксіз болған байланыстар халық ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Тарихи, батырлык, жырларда Қырым, Казан хандықтарына байланысты, жекелеген батырларға байланысты көптеген оқиғалар баяндалады.
Бұрынғы Жошы ұлысы, одан кейінгі Алтын Орда жерінде XVI ғасырдың басында ең қуатты мемлекет — Қазақ хандығы болды. Оның ханы — Қасым хан. Дәл осы кезде Москва княздығы Қазақ хандығымен байланыс орнатуға ұмтылады. Бұл байланыс арқылы Москва қазақтар туралы, Қазақ хандығы және Қасым хан туралы көп мәлімет алуға тырысты. Өйткені енді-енді Алтын Орда езгісінен құтылған Москва княздарының есінде кешегі күн елестері көп еді. Олар Алтын Орда территориясында жана қуатты мемлекеттің пайда болуынан қатты сескенді. Мұрагерлікке таласқан үш хандықтың өзара күресі Москваға өте тиімді болатын. Бірақ та 1519 жылдан бастап Қазақ хандығының бұл іске араласуы Москваға өте қауіп туғызды.
Сондықтан да Москва байланыс орнату арқылы қазақтар туралы көп білмек болды. XVI ғасырдын 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде: «38-жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар туралы қағаздар бар». Өкінішке орай, бұл қағаздар бізге дейін жетпей өртеніп кетті. Москваның Қасым ханға жеке көңіл аударуы, біріншіден Қазақ хандығының қуаттылығына байланысты болса, екіншіден оның мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне бай­ланысты туындаған деп санаймыз.
Ортағасырлық тарихшылар қазақ хандары ішінде Қасым ханнан басқа ешкімге көп баға берген емес. Бұл жай — оның тарихи тұлғасының сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің танығандығын көрсетеді. Ал ол ту­ралы қалың қазақ жұрты біле ме екен? Ірі тарихи тұлғаның 550 жылдық тойына байланысты за- мандастырының ол туралы пікірін тыңдап көрелік. Захир ад-дин Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының  бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мың адам болған», — десе, Мұхаммед Хайдар мырза Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа толық билігін таратты, оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл мұндай күшті хан болған жоқ», — деп жазады. Ал Қадырғали Жалайыри болса, «Жәнібек хан ұлдары ішінде аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уалаяттарды өзіне қаратты», — дейді «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды», — деп Махмуд ибн Уәли баяндаса, Хайдар Рази: «1515-16 жылдары Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның халқының саны миллионға дейін жетті», — деп хабар береді. Ал Гафари деген тарихшы «Қасым хан Дештінің ханы бол­ды. Шайбани хан екеуінің арасында кикілжіндер болып, 1509/10 жылы Шайбани хан оған қарсы аттанды, бірақ жеңіліс тапты», — деп жазады.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жайындағы хабарлар Еуропа елдеріне де жетеді. 1525 жылы Москва княздығы туралы кітап жазған итальяндық әдебиетші Иовий Московияның шығысындағы көршілерді жалпы атаумен «татарлар» деп, «олардың территориясы Қытайға дейін созылып жатыр», — деп түсіндіреді. Ал 1516 және 1526 жылдары Москвада екі рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейн «Во­лга бойындағы бұл патшалық (Қазан хандығын айтып отыр Б. К.) оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилар және қазақтар деп аталатын татарлармен араласып тұрады», — деп баяндайды. Бұл тұңғыш рет қазақ деген халықтың еуропа халықтарына таныстырылуы, белгілі болуы еді. Мұнда әрине, Қасым ханның рөлі айрықша орын алады.
Қасым ханның тарихи рөлі жоғарыда айтылған ойлармен шектелмейді. Қасым ханның билігі тұсында бұрыннан қолданылып келе жатқан «Дешті Қыпшақ», «көшпелі өзбектер», «өзбек-қазақ» деген әртүрлі мәні бар атаулар- дың орнына бір ортақ этноним — «қазақ» және этносаяси термин—«Қазақстан» қолданыла бастайды.
1512-13 жылдардағы оқиғаларды баяндайтын Мұхаммед Талибтың «Матлаб ат-талибин» атты шығармаларында алғаш рет «Қазақстан» термині айтылады. Одан кейін 1537 жылғы оқиғаларға байланысты Васифидың «Бадай ал- вакай» еңбегінде де бұл термин тілге тиек бола­ды. «Қазақ», «Қазақстан» атауларының көршілес елдерінің тарихына енуі де Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының нығайғандығына байланыс­ты болса керек.
Қасым ханның қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы — елдің саяси бірлігін  ақтауы мен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы оны мойындатуы еді. Жоғарыда келтірген "орта- ғасырлық авторлар мәліметтерінен біз осындай ойларды табамыз. Тағы бір дәлеліміз — 1513 жылдың жазында болашақ Мочулия ханы Сайд хан Қасым Ордасына келгенде ханды күтіп алуға Қасым хан Жошы ұрпағынан тараған 30—40 сұлтанды жұмсайды. Олардың ішінде 5-6-сы 50—60-тан асып кеткендер. Осыншама сұлтандардың Қасым хан төңірегіне шоғырлануы, — Қасым ханның тәрбиесі, өнегесі болса керек.
XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы» — осының куәсі.
«Қасқа жол» - деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:
1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
3. Хандық билік этникалық территорияга толық тарап, рөлі артты;
4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өсті;
5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.
Міне осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша тексі болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.
Ендігі айтар бірер сөз — Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде. Шығыс жаз­ба деректеріндегі мәліметтер әртүрлі жылдарды айтады. Дулати мен Хайдар Рази 1518/19 жыл десе, Гафари және басқалар 1523/24 жылды көрсетеді. Қазіргі кездегі оқулықтар мен кейбір зерттеу еңбектерінде ұлы тұлғаның қайтыс болған жылын 1518-23 жылдар аралығындағы кез-келген жылды көрсетуде. Қайтыс болған жылды анықтауда орыс деректерін зерттеген тарихшы А. Исиннің материалдары жәрдемдеседі.
1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астраханмен шектеседі дедік. 1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында болып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды», — деп жазады. Бұдан басқа көздер арқылы да Москваға Қасым ханның қайтыс болғандығы туралы хабарлар жетсе керек. 1521 жылы июнь айында Түркияға бара жатқан бояр ұлы Василий Михайлович Третьяк-Губинге ІІІ Василий «Қазақ Ордасы туралы анықтау, қазіргі кездегі қазақтардың патшасы кім және олар қай жерде көшіп-қонып жүр»,— соны анықтауға тапсырма береді. Бұдан көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы не 1523 жылы емес, 1521 жылдың қысында қайтыс болған.
Қадырғали Жалайыри  Қасым хан  Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық бойында өтеді. Қайтыс болғанда Ұлы хан 75—76 жастар шамасында болады.
Қасым ханның өмірі мен қазақ тарихында алатын орны, міне осындай. Биыл 550 жыл толып отырған Ұлы тұлғаның  тарихи орны осындай.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 
тарих, археология және этнология факультеті, 
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.
kaztar.kaznu.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста