Қара тоқтының өлімі немесе Қазақстан қайтсе көктейді?

Қара тоқтының өлімі немесе Қазақстан қайтсе көктейді?

Бала кезім. Үйдегі азын-аулақ малға жауапты өзім. Шамасы көктем жазға ұласар шақта екі тоқты бір күнде сұлқ ауырды. Екеуі бірдей еді, тек бірі ақ болса екіншісі кәдімгі қара тоқты. Ауру малдар орындарынан да әзер тұрады, көтерсең қайта жата береді. Баста ауруларының неден екенін білмедім, бірақ бір көтергенімде, ақ тоқтының бауырынан қара дақтарды байқап қалдым. Үңіліп қарасам, бейшараның төсі мен бауыры қаптаған кене, қанға тойып, баланың бармағындай болып ісініп алғандары да жетеді. Қара тоқтыны көрдім, дәл сол жағдай. Дереу екеуінің де кенелерін кесіп, у (бізде ДУС деп атайтын) жағып, ерекше күтімге алдым. Бірақ, кене деген пәле, қазір алып тастасаң, сағат аралатпай тағы оншақтысы қайта жабысып алғанын көресің. Қысқасы, ақ тоқты ерледі, үстіне ұмтылған қансорғышты көрсе тұрып кетіп, тұяғымен таптады, үстіне жабысқанын өзі тістеп алып тастады, мен көмектестім, әйтеуір жазылды. Ал, қара тоқты жігерсіз екен. Не алдына қойған асты ішпеді, не кенелерге қарсылық жасамады, жатты да қойды. Тірідей қаныңды сорған оңай ма, жаны қиналғанын тек қарш-қарш еткізіп тістерін қайрағанынан ғана білесің. Ал, жатқан малдыкі түсінікті, әлгінің кене жабыспаған жері қалмады. Ақыры өлді.
Қазіргі Қазақстанның жағдайын мен осы тоқтыларға ұқсатамын. Тоқты халық, ал кене .... Олар көп, оларды сіздер менсіз ақ жақсы білесіздер. Ендігі анық емесі бір ғана нәрсе, біз ақ тоқты боламыз ба, жоқ қарасы ма?
Бүгін Астанада періштедей бес бала өртеніп өлді. Пікір көп. Астанаға барып лашықты сағалағанша ауылда мал ұстап неге отырмады, сонда балалар да аман болар еді, сол тапқан табысын малдан алатын еді дегендерді де оқыдым. Көбі билікті кінәлап жатыр, әлеуметтік қолдау саясаты нашар, тиісті органдар алдын алмады тағысын тағы. Ия, барлық пікірдің жаны бар, жүрегі ауырғасын жазып жатыр ғой қай қайсысы да.
Айта берсең, себеп көп. Дегенмен, түптеп келгенде бәрі сонау тәуелсіздік алғаннан басталды. Меніңше, мәселе идеологияда, ұлттық идеологияда. Дәлірек айтсақ, оның жоғында. Біз 28 жылдан бері онсыз өмір сүріп келеміз. Соның салдарынан, "мемлекет үшін ең маңызды не, ең басым бағыт қайсы, қайда бара жатырмыз, мақсат не?" деген сауалдарға жауап жоқ. Дөрекі тілмен айтқанда ориентир жоғалтып алдық. Осыдан келіп қазір бізде мемлекет халық үшін емес, халық мемлекет (бұл жерде мемлекет деп отырғанымыз шенеуніктер) үшін өмір сүріп жатқан жағдайға жеттік.
Біз шын мәнінде іргесі мықты ҚАЗАҚ ЕЛІН, ҚАЗАҚТАР МЕМЛЕКЕТІН құрғымыз келе ме өзі? Заман қиын, қауіп көп, оның бәрін айтып қайтеміз. Қысқасы, жаңа туған сәбидің өз жанын сақтап қалуға тырысқаны сияқты, жас мемлекеттің қазіргі ең басты ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ – жойылып кетпеу, яғни ұлтымызды, мемлекеттігімізді сақтап қалу болуы тиіс. Бұл арада «Мәңгілік ел» идеясы көңілге қонады. Дегенмен бұдан әрі көбі (мүмкін бәрі) ол құжатта айтылғаннан өзгешерек болуы тиіс.
Өз мемлекетімізді сақтап қалу үшін біз қазақтардың ұлттық салт-дәстүріне негізделген, бірақ заман ағымына сәйкес мемлекет құруға тиіспіз ғой. Ондағы басты құндылық халқымыз, оның ішіндегі мемлекетқұраушы ұлт болмай ма?
Егер солай болса, мемлекеттің ЕҢ БІРІНШІ міндеті – халықтың (қазақтың) көбеюін қолдау болмас па еді?
Ұрпақты жалғау. Адам баласы үшін бұдан асқан миссия жоқ шығар. Ал, жойылып кетпеймін деген мемлекет үшін де дәл солай, халық санын көбейтуден маңызды ештеме болмауы тиіс. Отбасы институтын қорғау, бала тууға ынталандыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, аналарды қолдау мәселелері. Яғни, жастарды үй болуға ынталандыру, әр балаға жәрдемақы төлеу, балалы болған отбасыларға баспана алу мәселесін жеңілдету т б мемлекет шешуі керек. Осы тұрғыдан кешенді реформа керек.
ЕКІНШІ МІНДЕТ -ТӘРБИЕ БЕРУ.
Баланы туу басқа да, тәрбиелеу басқа. Бұл мәселені де мемлекет толық өз бақылауына алуы тиіс. Балабақшадан бастап, мектепте білім беру (оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесі де бар), мамандық таңдап жоғарғы оқу орнында оқытуға дейінгі барлық мәселелерді мемлекет шешіп беруі тиіс. Бір ғана мәселе, бізде қазір ұстаз қадірсіз, полиция қадірлі. Бірақ, ұрпаққа тәрбие беретін сол ұстаз ғой. Жаңа буынға тәрбие бере алмасақ, ертең өскенде тәртіпсіз ұрпақтың әрқайсысының қасына бір полицейден қойсаң да ешнәрсе өзгермейді. Ал, ұстаздар ұрпаққа жастайынан дұрыс тәрбие берсе, ертең полиция тіпті керек емес болып қалар еді. Сондықтан бүкіл елде ұстаздар ең жақсы жағдай жасалған, ең үздіктер ғана іріктеп алынатын мамандық иесі болуы тиіс.
ҮШІНШІ МІНДЕТ – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ.
Қазақ жалқау емес. Тек мемлекет дұрыс бағыт беріп, тиісінше қолдау білдіретін тетіктер жасап қойса, болғаны. Қазба байлықтарымызды өзіміз игерсек, экономиканың мал шаруашылығы сияқты өзіміздің «оң жамбасымызға» келетін салаларын дамытсақ жетіп жатыр. Мемлекет тек көзін көрсетіп берсе болғаны. Жоқ, айтпақшы тек онымен болмайды, одан кейін кедергі жасамауы (септігін тигізбесе де) тиіс.
ТӨРТІНШІ МІНДЕТ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ОРНАТУ.
Тәртіпсіз ештеме де болмайды. Әділеттілік деген сол заңның үстемдігі. Бүкіл ел (ханы да қарасы да) тек бір ережемен жүріп,бір ережемен тұруы тиіс. Сонда қазір қоғамды іштен жеп бітуге жақын қалған көптеген проблемалар өзінен өзі жоғалар еді.
Мұндағы айтпағым, бізге құқық қорғау саласында реформа керек, жәй емес ұлы реформа керек.
БЕСІНШІ МІНДЕТ - АЛАПАТ ТАЖАЛ, ЖАҺАНДАНУДАН САҚТАНДЫРУ.
Глобализацияның дұрыс, бізге керек тұстары да бар. Дегенмен бірінші кезекте ол қазақ үшін –қатер. Жұтып қояды, қалай жоқ болып кеткенімізді білмей де қаламыз. Сондықтан мемлекеттің ұзақ мерзімдік стратегияларының бірі осы – глобализация әсерінен жойылып кетуден сақтандыру болуы тиіс.
ҚЫСҚАСЫ: Бұл айтылғандардың әрқайсысының ішінде қат-қабат мәселелер жатыр. Менің айтпағым, тек өзегі, ең негізгісі ғана.
Бес сәбидің өлімінен шықты ғой. Бұл қайғы іштегі жиналып қалған уытты қозғап жіберді. Әр қазаққа да солай әсер етті деп ойлаймын. Ойланайық, не ақ тоқтымыз, не қара тоқтымыз.

Жанахмет Ағыбаев

«Қамшы» сілтейді

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста