Қайтпай сұлтанды қазақ неге танымайды?
Негізінде, Қайтпай сұлтан туралы жазуға ынтықтырған дінтанушы Мұқан Исахан болатын. Былтырлары, бес-алты айдай Мысырда (Египет) болып келгесін біраз әңгімелескенбіз.
Сол сұхбатта ол жақта біз білетін Бейбарыс сұлтаннан басқа да қыпшақ билеушілерінің болғаны, олар мысырлықтар үшін, иісі мұсылман жұрты үшін толағай іс тындырғаны сөз болды. Сөйтіп, соңында отыз-қырық жылдай Мысырды билеген шеркештерден шыққан Қалауын, Қайтпай сұлтандар турасында айтылып, қызыққаным сондай, Қайтпай қамалын көрсем ғой деген үміт жылт еткен.
Біздің беріштен шыққан Бейбарыс Құтыз сұлтанды тағынан тайдырып, түгел билікті өз қолына ұстады. Мәмлүктер негізінен, әскери адамдар болғаны белгілі. Ал ол заманда мұсылман шариғатында әскери нормалар жоқтың қасы болатын. Сондықтан да, мәмлүктер Шыңғыс ханның Ұлы Ясасын шариғатпен қатар ұстанды, өзара қатынасы сол заңмен реттелді. Бейбарыс сұлтан әскерді көшпелілердің осы тәртібі бойынша құрып, кейіннен 1382 жылдан бастап османдықтар жаулап алғанға дейінгі 1517 жылға дейін мәмлүктерді шеркештерден (бүгінгі Кіші жүздің руы) шыққан сұлтандар басқарды. Соның ішінде соғыстағы жаужүректігімен, шапқат-қайырымдылығымен, жұртқа жұғымдылығымен аты шыққаны Қайтпай сұлтан болатын. Бейбарыс бабамыз секілді Қайтпай атамыз да – қазаққа ортақ нар тұлға. Толық ныспысы – әл-Әшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай. 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілді. Қыпшақтың шеркеш руынан шықты. Кескілескен қанды соғыстың бірінде бала Қайтпай, құлдыққа алынып, елден жырақтап кетті. Сол айналғаннан жиырма жасында мысырлық саудагердің құлы болып, Каирға барып табан тіреді. Жас Қайтпай садақ атудың шебері болатын. Сонысына қызыққан Барысбай сұлтан (1422-1438 жылдар) оны 50 динарға сатып алған. Одан Шақпақ сұлтанның (1438-1453 жылдар) қарауына өткен. Кейін Шақпақ Қайтпайды азат етіп, өзінің хатшысы етіп бекітті. Шақпақ дүниеден өткеннен кейін алты бірдей сұлтанға қызмет етті. Осы кездері әскери қимылдарымен көзге түсіп, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мыңбасысына дейін көтерілді. Соңғысы Темірбұға сұлтанның (1467-1468 жылдар) кезінде атабек (бас қолбасшы) атағын алды. Соңыра Темірбұғаның орнын басып, 1468 жылдың қаңтарында 54 жасында сұлтан тағына отырды.
Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мәмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468-1496 жылдар) болған. Мысырды билеген елуге жуық мәмлүк cұлтанының қырықтайы жас кезінде-ақ қаза болғанын білеміз. Көбісі қудаланды, тақтан тайдырылды немесе қастандық жасалды. Ал Қайтпай сұлтан отыз жылдай ел басқарып, мәмлүктердің ең атақты сұлтандарының біріне айналды. Қайтпай билікке келген күннен бастап сенімді серіктері мен сарай ақсақалдарын жиып, жаңа басқарушы кеңес құрды. Екі адамды өзіне атқарушы сұлтан етіп таңдап алып, басқа тағайындаулардың бәрін солар арқылы реттеп отырды. Мемлекет билігіне мәмлүктерді көптеп тартты. Көбіне билікті соларға қалдырып, ұзақ уақытқа сарайынан ұзап кететін. Осылайша, қол астындағы әмірлердің өзіне деген сенімін тексерді.
Қайтпай мәмлүктердің экономикалық жағдайын жақсартты, елдегі сауда-саттықты дамытты. Осман империясымен шектесетін Мысыр сұлтандығының солтүстік шекарасын нығайтты. Алайда Қайтпай сұлтанның атын шығарған мұсылмандардың сәулет өнерін дамытқаны болатын. Сұлтан Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо) Александрия секілді қалалардың құрылыс нысандарына өз қолтаңбасын қалдырды. 1472 жылы Қайтпай сұлтан Меккеге барып, қажылық сапарын өтеген екен. Сол кезде Мекке халқының кедейшіліктен көз ашпағанын көріп, ғұмырының біраз бөлігін қасиетті қала халқының тұрмысын көтеруге сарқыды. Қасиетті Қағбаның сәулетін арттырды. Осындай қамқорлығын көргесін болар, мұсылмандар Қайтпай сұлтанды жанындай жақсы көрді.
1485 жылы Осман империясы мәмлүктердің шекарасына қарай жақындап сес көрсете бастады. Негізінде, Қайтпай сұлтанның көздегені екеуара бейбіт келісімге келу болатын. Бірақ османдықтар жағы оған көнбеді. Сөйтіп, 1486 жылы Адана түбінде түріктер мен мәмлүктердің кескілескен шайқасы болып, түріктер тізе бүкті. Ал 1491 жылы Мысыр мен Осман билеушілері Қайтпай және II Баязит сұлтан ресми келісімге қол қойып, бір-біріне сый-сияпат ұсынды, діндес екі ел арасында елшілік қызметке жол ашылды. Қайтпайдың қос мұсылман елін бір келісімге келтіруі оның мұсылман халықтары алдындағы беделін одан сайын айшықтата түсті. Тек мұсылман елдері ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де даңқы жете бастады.
Қайтпайдың ел басқарған кезі мұсылмандардың жаймашуақ кезеңімен тұстас келді. Мәмлүктердің әскери қуаты артып, саяси салқындық саябырлаған кез болатын. Қайтпай мәмлүктердің дәстүріне дем беріп, сол кезде тұрғызылған мысырлық ескерткіштердің бәріне мәмлүктердің өрнегін қосып отырды. Қайтпай Мысыр билеушілері тарихындағы көне ескерткіштерге көңіл бөлген жанашыр сұлтан болатын. Ол ел басқарған кезде 230 жаңа нысан тұрғызылды. Өзінің тікелей араласуымен Мысырда Александрия мен Рашид (Розетта), Шамда Дамашық пен Халеб қалаларында жаңа құрылыстар жүргізілді. Құдыстағы Қайтпай субұрқағы мен Газадағы Әшрафия медресесін өзі салдырды. Араб түбегінде қалаларды да гүлдендіріп, сонау пайғамбар, сахабалар заманынан келе жатқан мешіттер мен медреселерді жаңғыртты, субұрқақтар салдырды. 1481 жылы Мәдинадағы Пайғамбар мешіті өртке оранған кезде де, Қайтпай сұлтан қасиетті мешіттің қайта бой көтеруі үшін көмегін аямады.
Алайда Қайтпайдың атын тарихта қалдырған құрылыс Александриядағы «Қайтпай қамалы» болатын. Бұл қамалдың тұрғызылуы Қайтпай сұлтанның Жерорта теңізіндегі беделін жоғарылатып, османдықтардың сағын сындырды. Құрылыс 1477 жылы басталды, қамалды салу үшін Александрияның теңізге жақын тұсы Фарос аралының шығысындағы бұрынғы әлемнің жеті кереметінің бірі атақты Александр шамшырағы (маяк) орналасқан жер таңдап алынды. ХIV ғасырлардағы жер сілкінісі салдарынан жермен-жексен болған шамшырақтың үстіне қамал салу арқылы Қайтпай сұлтан көне тарихты тірілткісі келгенге ұқсайды. Қамалдың ішінен кішігірім мешіт тұрғызды, ал жалпы құрылысы үшін қазынадан жүз мың динар бөлгізді. Сонша ақша бөлінгесін шығар, құрылыс айналдырған екі жылда толықтай аяқталды. Қайтпай ең мықты деген мәмлүктерін таңдап, қамалдың күзетін жасақтады, күзет қызметкерлеріне жалақы төленді. Қаншама шайқастарда қабырғасы сетінегенінен қарамастан, Қайтпай қамалы бізге дейін аман жетті. 1952 жылы Қайтпай қорғаны қайта жөнделіп, теңіз музейіне айналды.
Қайтпай сұлтан салдырған тағы бір тарихи нысан – «Қайтпай сұлтан кешені». Каирдың солтүстігінде орналасқан бұл кешен 1474 жылы дайын болды. Кешен салынбай тұрғанда бұл жер шөл дала болатын, қалай құрылыс басталды, солай айналасына жан бітті. Қала солтүстікке қарай ұзарып, жаңа қоныстар пайда болды. Қызыл теңізге, Шамға қарай шығатын керуен жолдары ашылып, осылайша, еларалық сауда-саттыққа жол ашылды. Сол себепті, Қайтпай сұлтан кешенін Мысырдағы алғашқы сауда үйлерінің бірі деуге толық негіз бар. Бұл ескерткіш те әлі күнге дейін мәмлүктер заманынан қалған ең әдемі әрі көне ескерткіш ретінде қорғалып отыр.
Қайтпайдың атын алған нысандардың бәрі де сұлтанның өз қаражаты бойынша тұрғызылды. Сұлтан салдырған құрылыстардың бәрінде сол заманның сәулет өнері сақталды. Тіпті Қайтпай сұлтан архитектураны одан әрі дамыта түсті. Себебі тастарды әшекейлеп кесудің алтын дәуірі тура сол кезден басталған болатын. Құрылыстарды мәрмар тастардан тұрғызу үрдісі де дәл сол кезде қанат жайды.
Құдыстағы Қайтпай субұрқағын да салдырған өзі болатын. Әл-Ақса мешітінен жиырма метрдей жерде орналасқан субұрқақ сол заманның ең әдемі құрылыстарының бірі болды. Субұрқақты салуға мысырлықтардан бөлек шеркеш шеберлері де атсалысты. Ол заманда түбірімен мәмлүк өрнектерімен безендірілген болатын. Кейіннен Құдысты Осман сұлтандары алған кезде субұрқақтың сәулетін мүлдем өзгертіп жіберді.
Міне, осындай зор ғимараттарды тұрғызған, халқының жүрегіне жол тапқан Қайтпай сұлтан 1496 жылы дүниеден өтті. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешенінде жерленді. Ал сұлтан тағына ұлы Насыр Мұхаммед отырды.
Бүгінде Қайтпай сұлтан салдырған сол ғимараттардан бөлек, көзі тірісінде өзі ұстаған, тұтынған заттары да сақталған екен. АҚШ-тағы атақты Метрополитен музейінде Қайтпай сұлтанның осы заманға дейін жеткен тостағаны бар екен. Мәмлүктер қорында сақталған күміс тостағанның диаметрі – 36,8 см. Тостағанды музейге 1891 жылы Эдвард Мур деген коллекционер өткізіпті. 1517 жылы бұл тостағанды түріктер қолды қылып, аздап өрнектерін өңдеген екен. Түріктер дегеннен шығады, Түркияның Топқапы сарайында Қайтпай сұлтанның сауыты сақталыпты. Сауыттың сұлтанға тиесілі екенін 1963 жылы доктор Рахман Заки растапты. Ал Вашингтондағы музейде Қайтпай сұлтанның қару ораған кілемшесі сақталыпты. Көлемі 210x220 см болатын кілемше 1965 жылы музейдің текстил қорына өткізіліпті. Оны айтамыз-ау, бізге тіпті сұлтанның суреті де жеткен екен (мақалада сол суретті пайдаланып отырмыз). «Ұлы Қайтбай, Мысыр сұлтаны» деп аталатын сурет о баста ағашқа салыныпты. Суретті 1575 жылы итальялық атақты суретші, тарихшы-ғалым Паоло Джовио cалған болып шықты.
Қайтпай сұлтан – қазақтың даңқты ұлы. Қателеспесем, қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубайдың мақаласынан оқыдым-ау деймін, сонда көрнекті қаламгер Рақымжан Отарбаевтың Мысырға барғанын, сондағы зираттарға барып зиярат еткенін айта келіп, қыпшақтардан шыққан мәмлүк сұлтандарының басына барып Құран бағыштағанын жазады. Сол зират шырақшысы мәмлүк сұлтандарының зираты алдында тізе бүгіп отырған адамды көріп есі шығып кете жаздайды. Неге десеңіз, Қайтпайдың жаны жүрелеп отырған кезінде кеудесінен шығып кеткен екен. Сондықтан мысырлықтар жүрелеп отырған адамды «Қайтпай құсап отырма» деп тыйып тастайды екен. Мына көрініс оғаш әсер еткен болуы керек, әлгі шырақшы Рақаңмен жақынырақ танысады. Рақаң өзінің Қазақ жерінен, Қыпшақ даласынан келгенін айтады. Сонда әлгі шырақшы: «Мен бүкіл өмірімді осы зиратты күзетуге арнадым, сонда Қайтпайды іздеп келген бір қандасын көрмеп едім. Қыпшақтар бабасын неге іздемейді деп ойлаушы едім? Жер бетінде қыпшақтың тұқымы қалмаған болар деп түйгенмін. Сұлтанның іздеушісі бар екен ғой. Сіз мәмлүктерді іздеп келіп тұрған бірінші қыпшақсыз» деп егіліпті дейді. Шынында, бойында қазақтың қаны бар Қайтпай сұлтанды қазаққа танытатын уақыт келген сияқты. Бір кездері Бейбарысты қалай іздеп тапқан болсақ, Қайтпайды да дәл солай құрметтеп төбемізге көтерсек, бабаларының қайсарлығына қаныққан келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болар ма еді...
Серікбол ХАСАН
aikyn.kz