«Қайдан білейін, осы жұрт мені академик деп жүр ғой»

«Қайдан білейін, осы жұрт мені академик деп жүр ғой»

Аға буын ұмыта алмайтын, оның үстіне, өзіміздің талантты әншіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева «Бұлбұлды» жүрек шымырлата шырқағанда еске түсе кететін композитор, Қазақстанның халық артисі Латиф Хамидидің естелігінде Мәскеудегі бір сәтті баян ететін мынадай жолдар бар еді:
«…Бір күні Сейітқали ағаның жазу үстелінің үстінен жаңа ғана баспадан жарық көрген А.Жұбановтың «Музыка әліппесі» деген кітабын көзім шалып қалды. Әліппеде қазақ тілінде музыкалық сауат жөнінде қарапайым мәліметтер және көптеген ноталық мысалдар келтірілген екен. Бұл музыка жөнінде қазақ тілінде шыққан тұңғыш кітап еді. Сондықтан да А.Жұбановтың бұл еңбегі маған үлкен әсер етті. Сейітқали аға бұл әліппенің ақы иесі Ленинград консерваториясының студенті, музыкалық жоғары оқу орындарындағы бірден-бір қазақ екендігін айтты. «Біз оның Қазақстанға қайтып оралуын асыға күтудеміз», — деді Сейітқали аға».
Сәл түсініктеме бере кетсек, кейін қазақ жұртына сіңісіп кеткен композитордың Сейітқали аға деп отырғаны — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 1937 жылы қуғын-сүргін құрбаны болып кете барған Сейітқали Меңдешев.
Ал 1933 жылы шыққан «Музыка әліппесі», расында да, музыкалық тәлім алғысы келетін қазақ өскіндеріне арналған тұңғыш әліппе еді.
Сөз оздырмай және айта кетер болсақ, қазақтың тұңғыш профессионал композиторы Ахмет Жұбановқа музыка саласында бұдан басқа да бірқатар тұңғыш қадамдарды басуға тура келді.
Ол — республикамыздағы өнертану ғылымының тұңғыш докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылғанда тұңғыш сайланған алты академиктің бірі (Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Бектұров, С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев), Жамбыл атындағы қазақ филармониясының тұңғыш директоры және көркемдік жетекшісі, қазақтың тұңғыш хор капелласын ұйымдастырушы, тұңғыш би ансамблін құрушы, қазіргі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының негізін қалаушылардың бірі және оның директоры, осы консерваториядағы қазақ халық аспаптары кафедрасының іргетасын қалаушылардың бірі және кафедра басқарушысы, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің негізін салушы және оның көркемдік жетекшісі, бас дирижері.
А.Жұбановтың ұйытқы болуымен тұңғыш іске асырылған мерейлі істер жеткілікті-ақ: қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Қазақ КСР Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі, т.б.
Ахмет Қуанұлы алпыс жасқа толған шақта, 1966 жылы сөз өнерінің білгірі Зейнолла Қабдолов «Ахаң жайлы аз сөз» деп аталатын мақаласын былай бастаған еді:
«Табиғат задында жомарт.
Дей тұрғанмен, сол жомарт табиғаттың өзі жарық дүниеге тым сирек, сараң сыйлайтын дарқан дарын иелері болады. Олар — өзгелерден озық, оқшау тұратын, есімі ел аузында ертегіге айнала жаздаған, туған халқының мерейі мен мақтаны болғандай тамаша таланттар.
Сондай сирек ұшырасатын ірі, іргелі творчестволық тұлғалардың бірі — Ахмет Қуанұлы Жұбанов.
Ахаң туралы сөйлеу аса қиын. Өйткені ол — қыры-сыры мол, жан-жақты жүйрік. Турасын айтсақ, қазіргі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымында кешегі өткен кемеңгер Әуезов Мұхтардың орны қандай болса, қазіргі қазақ музыкасы мен музыкатану ғылымында Жұбанов Ахметтің де орны сондай».


Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында, 2006 жылы бұл әңгімені әйгілі Әбіш Кекілбаев алпысыншы жылдардағы Алматының рухани өмірін мысалға ала отырып былайша таратыңқырап жазғаны бар:
«…Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе — Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе — Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдыңа төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай тегіс ағылатынбыз».
Солай солай-ау, дегенмен, біз алғашқы академиктердің — қазақ жұртының маңдайына ХХ ғасырда жазылған осындай тұңғыштардың қандай қауіпті өткелектерден өткенін де ұмытпаймыз.
Сол Сәтбаев, сол Әуезов, сол Жұбанов туған елдерін тастай қашып, Мәскеуді пана тұтқан кезі кешегі ғасырдың кешегі елуінші жылдарының басы емес пе еді?! Бұл ретте тіпті жазушы Медеу Сәрсекеев өмірбаяндық «Қаныш Сәтбаев» кітабын еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда бастыра алмай, «ЖЗЛ» сериясымен әуелі Мәскеуде жариялатқаны да баршаға мәлім. Кейін толықтырылған сол кітапта дана ғалымның бастан кешкен шырғалаңдары тайға таңба басқандай етіп айтылады. Ал Мұхтар Әуезовтің қандай әдеби (саяси) талқыларда қалайша «таланғанын» қазір жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ауызекі әңгімелердің желісімен емес, тура стенографиялық жазбалар арқылы әшкерелеп жүр. Тап осылайша талдап жазылмағанымен, әуелі сонау отыз жетінші жылдары, кейін елуінші жылдардың басында Ахмет Жұбановтың тағдырына өткір пышақтың жүзі қанша рет қалай төнгені де біршама белгілі. Әрине, бұл ретте ғалым-композиторға қатысты сол заманда түрлі басылымдарда жарияланған зәрлі мақалалар мен баяндамаларды, стенографиялық есептерді еңбекқор Тұрсын Жұртбайша тірілтсек, қазір өзіміз аса қадір тұтатын талай тұлғаларымыздан бір сәтке болса да көңіліміз суып қалар еді. Отыз жетінші жылдарғы зобалаңдарды қоя тұрайықшы, мысалы, одан беріде де қыруар іс тындырған, сол еңбегі партия мен үкімет тарапынан жоғары бағаланған, отыз жасында «Құрмет белгісі», қырық жасында Еңбек Қызыл Ту ордендері берілген қадірлі академик, Қазақ КСР халық артисі Ахаңа 1951 жылы қандай кінәлар тағылды?
Композитор, КСРО халық артисі Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың сөзіне назар аударалық:
«…1947 жылы либреттосын М.Әуезов жазған «Төлеген Тоқтаров» операсының премьерасы өтті. Тағдыр әкеме қайтадан оң қабақпен қарай бастаған секілді көрінді, дегенмен бұл ұзаққа созылмады. 1948 жылы космополитизммен күрес науқаны басталып кетті. Бірақ әкем бұдан әйтеуір аман қалды. Ал 1951 жылы интеллигенцияны ұлтшылдыққа қатысты айыптаулар кенет өріс алып кетті де, міне, сол кезде әкемді қандалаша талады: респрессияға ұшыраған ағасын (Құдайберген Жұбановты — ред.) еске түсірді, Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымов туралы әуеннің ноталық жазбасы енгізілген «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы» кітабын еске алды. Тіпті сөзі де жоқ музыкалық жазбаның өзі әкемді ұлтшылдар санатына жатқызуға жеткілікті дәлел болды. Консерваторияда, Композиторлар одағында, Ғылым академиясында «сауаттандырылған» жиналыстар өтіп жатты… Дегенмен тағдыр тағы да мейірімін төкті, оны қапасқа қамап қойған жоқ, әйтсе де ол, консерваторияның бірден-бір профессоры, бірден-бір музыкант-академик, дирижер, композитор, жұмыссыз қалды. Сонан соң ол сол бір қандалаша талауға дағдыланған һәм талантсыз пенделерді ызаландыра бермеу үшін Мәскеуге кетті»…
Бір қосымша: сол жылы (28 қыркүйек 1951 жыл) композитор «Социалистік Қазақстан» газетіне «Музыка ғылымындағы менің күрделі қателіктерім» деген мақала жариялауға мәжбүр болды.
Осы сөзге және жалғай кетелік, 1952 жылы сәуірде Қазақ КСР Ғылым академиясының сессиясы Ахмет Жұбановты академик атағынан айырды.
Сонда соншама жазаланатындай, яғни «композитор Жұбановтың буржуазиялық-ұлтшылдық қателері» қандай еді немесе «Қазақстан музыкатанымындағы теріс бағыт» не еді? Сол заманның көзімен қарағанда кінә тіпті де осал емес: Кенесары ханға қатысты әуенді дәріптегені немесе Дәулеткерей тәрізді «тап жаулары өкілдерінің» күйлерін нотаға түсіріп, оркестрде орындатқаны, т.б.
Әрине, мұның бәрі өткен күндер қасіреті. Сол қасіреттерге біздің бүгінгі бір өкінішіміз қосылады. Ахмет Жұбановтың соңында музыкалық туындылары мен музыкаға қатысты кеңестік заманның талабына сай түзілген ғылыми еңбектерінен басқа ерекше ештеңе қалған да жоқ.
Әйтпесе, айталық, нешеме кітаптар жазған Ахаң туған ағасы, қазақ тілі ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов туралы шыншыл естеліктер жазған болса, қазір бұлар баға жетпес құнды дүниелердің қатарында тұрар еді ғой. Ахаң: «Коммунист Құдайберген өзінің педагогикалық, ғылымдық жұмыстарымен қатар, қоғамдық зор қызметтер атқарды, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды», — деді де… іркілді. Кеңестік тіл ғылымының сол ірі тұлғасы неге, қалай оққа байланғаны жөнінде тіс жара алмай кетті.
Әйтпесе империяшыл саяси цензура кірпік қақпай қарауылға алып тұрмаған болса, қазақтың күй өнері мен күйшілері, ән жанры мен әншілері жөнінде қымтырыла қысқа қайырмай, ұлт қазынасының қазақтық ерекшеліктері жайында көсіле толғар еді-ау. Оған қоса қазақ күй-әуендерінің ежелгі түпбастаулары, тіпті беріден ғана сөз еткенде, түркілік сипаттары туралы қандай терең дүниелер қолымызда жүрер еді.
Яғни үнемі қайталана берген саяси түртпек Ахаңның адымын аштырмады, дарынды ғалым-композитор рұқсат етілген тұсқа дейін ғана жүзуге мәжбүр болды.
Немесе Ахаңның шәкірттерінің бірі, профессор Тмат Мерғалиевтің мына сөзі де ойландырарлық-ақ ескерту: «Халқымыздың дарынды әнші-күйші, сазгерлері, ғалымдары мен өнер қайраткерлері, т.б. жайлы том-том кітаптар жазса да, өзі туралы небәрі екі-ақ бет сөз қалдырыпты». Өзі туралы екі-ақ бет емес, еңселі кітап жазу да Ахаңның қолынан келер еді-ау, әттең, жазғызбасы жазғызбаған ғой. Баршаға мәлім мына әңгімені тірілте кетейік. Баспаға кітабын тапсырған Ахаң қолжазбасының кейінгі жай-жапсарын біле кетейін деп сол баспаға соғады ғой. Кітап редакторы етіп бекітілген жігіт жатып кеп мақтайды: «Ой, аға, кітабыңыз тамаша, еш міні жоқ, өте сауатты екенсіз ғой, тіпті үтір-нүктелеріне дейін орнында тұр». Сонда Ахаң: «Қайдан білейін, осы жұрт мені академик деп жүр ғой», — деп мырс етіпті. Бұл да қазіргі қаптаған академиктерге бір үлгі.
Әрі-беріден соң «Қарлығаш», «Көгершін» тәрізді көптеген әндер, әйгілі «Би күйі» тәрізді қаншама аспаптық шығармалар мен операларды да композитор жоғарыда аталып өткендей қыруар шаруалардың ортасында жүріп жанкештілікпен дүниеге әкелгенін және естен шығармаймыз.
Ендеше Ахмет Қуанұлының «Елім деп өткен ер», «Қазақ музыкасының қарлығашы», «Қазақ музыкасының ғұламасы», «Саз өнерінің сардары», «Первоискатель», «Выдающийся современник» атанбайтын жөні бар ма еді?!
Ал есімі аңызға айналған академиктің өркениетке ілескісі келмей, ескіні көксей беретіндігін, қос ішекке табынғыштығын сынаушылар тіпті бергі кезеңнің жекеленген арамшөптері еді. Сонда, өркениетке ілестік дегендегі жеткеніміз қазіргі заманның қазақтықтан мүлдем айырылып қалған мына музыкалық қойыртпағы ма? Шүкір, бұл ұлттық сорақылықты Ахмет Жұбанов көрмей кетті.
Біз биыл туғанына 110 жыл толғалы отырған қайталанбас тұлға туралы жазылар жайларды атүсті ғана шолып шықтық. Әйтпесе жоғарыда айтылған, Ақаңның қолтаңбасы қалған әр істің әрқайсысы өз алдына бір зор тақырып емес пе!? Мына жаңарған заманмен бірге Ахаң туралы айтылар әңгімелер мен қағазға түсер зерттеулер де жаңғыра бермектігіне, тармақтана түспектігіне және дау бар ма?!


Ертай АШЫҚБАЕВ.

www.aktobegazeti.kz/ 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста