Өркен Нәбиұлы: Оспан атам көтеріліске дейін де батырлығымен көзге түскен

Өркен Нәбиұлы: Оспан атам көтеріліске дейін де батырлығымен көзге түскен

Өркен НӘБИҰЛЫ, Оспан батырдың немересі
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ТҰТАС ӨМІРІ АҢЫЗҒА ТОЛЫ


– Өркен Нәбиұлы, әңгімемізді атаңыз Оспан Исламұлының өмір тарихынан бастасақ?
– Оспан батыр Исламұлы 1899 жылы қазіргі Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданында дүниеге келген. Әкесі Ислам орта дәулетті, діни сауатты ауыл молдасы болған. Оспан батыр бала кезінде әкесінен діни білім алып, сауатын ашқан. Кейін ес біліп азамат болған шағында ағайын-туыстарының бір айғыр үйір жылқысын бағып, Көктоғайдың Күрті елді мекенінің Екіқызыл деген жерінде жазда аздап егін салуды кәсіп қып тіршілік еткен. Қазіргі Монғолия жеріне де әкесінің інісі Қыдырханды жақын тартып, бірнеше рет шағын сауда жасап барып-келіп жүрген. Оспан батырдың 1940 жылғы Алтайдағы ұлт-азаттық көтеріліс басталғанға дейінгі өмірі осындай бірсыдырғы, сол кездегі қазақтың сахара тұрмысымен өткен қарапайым өмір болды.
– Әкеңіз Нәби батырдың нешінші баласы? Оспан ұрпақтары туралы айтып берсеңіз?
– Атам Оспан батыр өз өмірінде үш әйел алған кісі. Бірінші әйелі Нұрбұзар деген әжемізден Зия, Шердиман, Ниғымедолла, Ойдолла, Нәби, Кәри есімді алты ұл, үш қыз сүйген. Екінші Мемей деген апамыздан да үш қызы болған. Үшінші Баян деген апамыздан бір ұл, бір қыз қалған. Ұлының аты – Әмақ. Оспанның ұлдарының арасында көзі тірісі осы Әмақ атамыз, қазір Қытайдың Көктоғай ауданы, Күрті ауылында тұрады.
Әкем Нәби батырдың жеті ұлының ішіндегі бесіншісі. Үлкен ұлы Зия алғашқы ұлт-азаттық қозғалыста Көктоғайдың Қуүй деген жерінде соғыста қаза болған. Батырдың Ойдолла, Кәри есімді ұлдары мен бірнеше қызын, екінші әйелі Мәмей апамызбен бірге 1940 жылы сол кездегі Қытайдың билеуші үкіметі тұтқынға алып, 1943 жылы аянышты түрде азаптап өлтірген. Батырдың жалғыз інісі Дәлелхан атамыз да жау түрмесінде жан үзген. Ал атамыздың қасына еріп, көтерілістің соңына дейін соғысқан ұлдары – Шердиман, Ниғымедолла, Нәби. Үлкен ұлы Шердиман әкесінің қасына еріп, сенімді серігі болған, он шақты жылға созылған ұлт-азаттық соғыста талай қанды қырғындарды басынан өткізген.
1951 жылы әкесі ұсталғанда сарбаздарымен елден бөлініп, бір жылдай партизандық соғыс жүргізіп, 1952 жылы қаруын тапсырып, Қытай үкіметіне бағынған. Жергілікті Қытай үкіметімен Шердиман арасындағы келісім-шарт бойынша «қаруын тапсырып бағынса, бұрынғы істері қудаланбайды және жұмыспен қамтамасыз етіледі» деген саясат негізінде Алтай аймақтық мал шаруашылық мекемесіне лауазымды жұмысқа орналасқан. Кейіннен Құлжа қаласына жұмыс ауыстырған. Одан соң Қытайдағы он жылдық «мәдени ревалюцияда» түрмеге қамалып, сонда қаза тапты. Шердиманның інісі Ниғымедолла да ағасымен бірге Қытай билігіне бағынып, біраз жыл Алтай аймақтық мал шаруашылық мекемесінде жұмыс атқарған. Кейіннен атышулы «Қытайдың мәдени ревалюциясында» тұтқындалып, ауыр жұмыстарға салынған, Қыран дейтін өзенге ағызған ағаштың діңі басып қалып, жарты денесі салданып қайтыс болған.
Менің әкем Нәби қаруын тапсырған соң лауазымды жұмыстарға бармай ауылда қалып қойған екен, ағашшылықпен айналысып, үй ағаш басып, шана жасап, ел қатарлы қарапайым өмір сүреді де, 2000 жылы аурудан қайтыс болды. Мен өзім 2002 жылы атажұртқа оралдым. 2008 жылы Ахмет Яссауи атындағы университеттің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алдым.
– Оспан батыр есімін атажұртына насихаттау мақсатында Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылды?
– Оспан батырға қатысты Тәуелсіз қазақ елінде бірқатар игілікті жұмыстар істелді. 2006 жылы Оспан батыр атындағы қоғамдық қор құрылды. Оған дейін 1990 жылдардан бастап баспасөзде Оспан батыр есімі аталып, көптеген мақалалар жарияланып, ақпараттар берілді. Қазірге дейін батырға қатысты жазылған кітаптың саны оннан асып қалды. 2007 жылы Алматыда Оспан батыр атында халықаралық ақындар айтысы өтті. 2009 жылы батырдың 110 жылдығына орай Мәдениет министирлігі мен дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бірлесіп, Алматыда халықаралық ғылыми конференция өткізді. Түркістан, Астана, Алматы қалаларында үлкен-үлкен ас берілді. Астана қаласындағы бір көше – батыр атында. Осының бәрі Оспан батырдың өз елінде ұлықталып жатқанының белгісі. Мұның бәрі үлкен істің бастамасы деп білемін. Себебі, Оспанды ұлықтау, Оспан батырдың ерлігін тәуелсіз елдің жастарының санасына сіңіру әлі де жалғаса береді деген үміттемін.
– Атаңыздың ел арасында аңызға айналған қандай ерліктерін білесіз?
– Оспан батырдың тұтас өмірі аңызға толы десек артық айтқанымыз емес. Батырдың көтеріліске дейінгі ерліктері де ел арасында жиі еске алынады. Оспан батыр бірде немере әпкесін ұзатып, кіші шешесіне еріп, жері іргелес жатқан Монғолияға барады. Екі ел арасындағы күнделікті өтіп жүрген ашық шекара жабылып, қайтып келе жатқан Оспанды «шекара бұзды» деген жаламен ұстап алып қалады. Шекара бөлімінде біраз күн қамауда жатқан батырды ішкі қалаларының біріне алып жүрмекші болады. Қарулы екі әскер кісендеулі Оспанды айдап жолға шығады, тау арасындағы оңтайлы жерге жеткенде «дәрет сындырам» деп сәл босап алған ол екі әскерді ұрып жығып, ат-көлігін алып Алтайға асады. Қолға түскен мылтықты өзінің Ышқынты деген жайлауына тығып кетеді. Кейін 1940 жылы Көктоғай әкімінің басы кесіліп, Есімхан қарулы көтеріліс бастағанда, қазақтардың қолындағы жалғыз мылтық Оспанның Монғолиядан алып келген осы қаруы болатын.
Ел арасында көп айтылатын батырдың тағы бір ерлігі – Алтайға аты шыққан Зуха батырдың Оспанды сынауы туралы. Жорықтан құр қайтып келе жатқан Зуха батырдың жігіттері жолда кездескен Оспанның аз жылқысын айдай жөнеледі. Бес бірдей жортуылшыны Оспан жалғыз өзі ұрып жығып, жылқысын алып қалады. Осыны естіген Зуха батыр Оспанды сынамақшы болып құдасы Исламның үйіне келеді. Ислам құдайы қонағын мал сойып, қымыз құйып күтіп алады. Кешке қарай жұмыста жүрген Оспан үйге келеді. Қонақтармен амандасып болған соң Зуха батыр киіз үйдің көлеңкесінде жатқан біреуді нұсқап: «Біздің жігіттердің бірі қымызға мас болып қалыпты, үйге кіргізе салшы», – дейді. Оспан барып көтере бергенде, әлгі адам жағаласа кетеді, сөйтсе, ол әдейі дайындалған Зуханың Омырау-қара деген атақты балуаны екен. Бірінші қарпып ұстаған Оспан әлгіні тырып еткізбей Зуханың оң жағына әкеліп тасай салады. Оспанның күшіне сүйсінген Зуха батыр: «Бағыңның қаншалықты болатынын бір Алла біледі. Бірақ түбінде бір таныласың, керейдің кер жақ батыры боласың», – деп батасын береді. Көтеріліске дейін де Оспанның тегін адам болмағаны осы оқиғадан аңғарылса керек.
Жоғарыда айтқанымдай, 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында Есімхан бастаған қарулы көтеріліс болып, аудан әкімінің басы кесіледі. Көтеріліс басталуының бір себебі, сол кездегі Алтай қазақтарының рухани көсемі, діни ғұламасы Ақыт Үлімжіұлының ұсталуы еді. Алғашқы көтеріліс жарты жылға созылғанда Қытай үкіметі түрлі жолдармен халықты алдаусыратып көтерілісті тыныштандырып, келісімге келеді. Есімхан бастаған көретілістің басшыларын Үрімшіге алдап шақырып, түрмеде өлтіреді. Дәл осы кезде Оспан қасына үлкен ұлы Шердиман мен Шақабай Сүлеймен деген кісіні ертіп, үкіметке бағынбай тауға кетіп қалады. Қыс бойы қар жастанып, мұз төсеніп бекініс құрып, қосын жинайды. Үш адамнан басталған қосын он мыңдаған сарбазы бар үлкен ұлт-азаттық қозғалысқа ұласады. Қол бастау – үлкен өнер, себебі көшпелі елдің өз өмірі, әркімнің өз тіршілігі бар. Көшпелі халықтың ішінен үлкен қол құрап, оны басқарудың өзі үлкен еңбек. Оспанның қасында болған сардарлар: «батырдың өзі басшылық еткен ұрыста қандай жағдай болмасын, бірде бір рет жеңіліп көрмеген» — деп айтып отыратын. Оспан соғыс тактикасын жақсы меңгерген, жер жағдайына қарай қай жерден жауды тору, қай жерден шабуыл жасау, қалай шегінудің қыр-сырын жетік білетін. Батырдың басшылығына сарбаздар ғана емес, астарындағы аттарына дейін үйренген екен. «Оспан батырдың ақбоз атына оқ дарымайды», «Батырдың тонынан оқ өтпейді екен, жаңбырша жауып тұрған оқтың арасынан шауып шығып, тонын сілкісе оқ жерге топырлап түседі екен» деген сияқты аңыздар да көп айтылады. Оның өзі халықтың сенімінен шыққан сөз болуы мүмкін. Ол кісі туралы аңыз бен ақиқат қатар айтылады, себебі Оспан батыр – әлі де көп зерттелуді қажет ететін күрделі тұлға.

ОСПАН БАТЫР АЛДЫНА «ЕЛІН, ЖЕРІН, ДІНІН ЖАУДАН АРАШАЛАУ» ДЕГЕН АЙҚЫН МАҚСАТ ҚОЙДЫ
– Бірнеше алып империямен соғысқан Оспан батыр сол кездегі саяси жағдайды қаншалықты жете түсінді, көтерілістің болашағын қалай болжады деп ойлайсыз?

– Кейбіреулер «Оспан батыр оқымаған надан болды, бірнеше алып империяның саяси ойынының құрбанына айналды, соны түсіне алмады» деген пікірлер айтады. Бір ғана мысал, Оспан батыр өмір сүрген дәуірді былай қойғанда, қазіргі әлемнің жазып-сызып қойған саясатын адамдар толық түсіне алмайды. Ол кездегі саяси ойын мүлде басқаша болған. Оспан батыр «елін, жерін, дінін жаудан арашалау» деген айқын мақсат қойды, сол үшін анталаған жаумен алысты. Он мыңдаған сарбазды басқарып, он шақты жыл ұрыс жүргізу жай адамның қолынан келетін жұмыс емес. Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыс саяси ойын болса, сол жылдары мұхиттың арғы бетіндегі Американың ақпарат құралдарында айтылып, жазылып, зерттелер ме еді?! Шынын айтқанда саясат деген түлкінің құйрығы сияқты бұлаңдап тұрған дүние, оның сырына ешкім қаныға алмайды. Енді біреулер «Оспан алғашында орыспен, моңғолмен дос болды, соңынан өзі жауласқан Қытай үкіметімен тіл табысты, Шығыс Түркістанға қарсы шықты», – дейді. Оспан батыр сол кезде жерді сақтап, елді аман алып қалу үшін қайсысы өзіне жақын болды соны дос тұтты, сонымен тіл табысты, ары қарай өзіне тиімсіз болған жағымен күресіп отырды. Жалпы, сол кездегі заман тұрғысынан қарағанда көп жағдайды біліп, болжады деп айтуға болады.
– Оспан батырдың соңғы күндері туралы қасында болған әкеңіз Нәби не айтатын еді?
– Оспан батырдың соңғы күндері туралы айтылатын әңгімелер көп. Оспан өзіне ерген елді бастап Алтайдан көшіп, Баркөл деген жерге барып, одан ары Бәйтік, Қаптыққа өтіп Мақай деген жерге дейін барып, қайта қайтып келді. Біраз ел ары қарай Үндістан арқылы Еуропаға өтіп кетті. Оспан батырдың да шетел асуға мүмкіндігі бар еді, бірақ оны өзі қаламады. «Ел үшін, жер үшін осынша жыл қан кешіп, соңында туған жерден ауып кетсем, маған сенген халықтың үмітін ақтамағаным болар, мен шетелге өтіп кетсем, қалған ел не болады?!» – деп кері қайтты. Оспан батыр Алтайдан ауған соң да, артқы елге бірнеше рет кісі жіберіп, жағдайды барлап отырған. Әр жолы жіберген шолушысы жағдайдың қиындап, қызыл қытайдың әскері күшейіп кеткенін айтып барады. Осыны естіген батыр балаларына: «Жағдай осылай болды, ел мен жер қолымыздан кетіп барады, бір айтайын дегенім менен бақ қайтайын деген екен. Енді біз қайтадан Алтайға барамыз, өлсек Алтайдың топырағында жатамыз, тірі қалсақ ары қарай тағы басқа бір жолын қарастырамыз», – деп Мақайдан жау қолына түскен Хайзы деген жерге дейін екі ай көшіп келеді. Өмірінің соңында қобалжудың, абыржудың, қорқыныштың еш белгісі байқалмады дейді. Тек бір-екі жерде ғана «менен бақ қайтайын деген екен» деп қайталапты. Оспан батыр қолға түскен соң қол-аяғын байлап, түйеге артып ауылға алып келеді. Түйені шөгеріп түсіріп жатқанда Паусия деген қызы әкесінің қасына жүгіріп барады. Сонда жылап, көріс айтқан қызына: «Сендер жыламаңдар, көзіңнің жасын көрсетпе, мені қытай ұстаған жоқ, Құдай ұстап берді», – дейді. Екі жеңгесі барып, Паусияны алып кетеді. Сосын елдің алдынан екі қолы байлаулы, үстіне желбегей жамылған тоны бар Оспан батырды алып өтеді. Жұрттың көңілі босап, көздеріне жас алады. Сонда Оспанның соңғы сөзі: «Мен сендерге жоқпын, өздерің өлместің күнін көріңдер» болыпты. Ары қарай батырды машинаға салып алып кетеді.
– «Алдырар күні жаздырар» демекші, әкеңіз сол күні ауылды жау басып алғанын қалай еске алушы еді?
– «Алдырар күні жаздырар» деген осы мәтелді біздің әкеміз үнемі айтып отыратын. Алтайға қайта қайтқан Оспан ауылы 1951 жылы ақпан айында ұсталарынан бірер күн бұрын Хайзы деген жерге келіп қонады. Алтайға жету үшін де әлі біраз жер бар, көктемгі малдың арық кезі, жүрісті тездету де қиын. Шердиман атамыздың үйіндегі Мапаш апамыз: «Батыр атамыз өз үйімен қатарластыра үш ұлының үйін тіктірген, екі кештің арасында Шердиман: «Әкем шақырып жатыр» деп үйден шығып кетті, көп кешікпей қайтып келіп, «Таңертең жолға шығам, моңғолдарға бақтырып қойған 300 атты алып келем, арғы күні көшеміз» – дейді. Таңертең Шердиман оянып, етігін киіп жатыр екен, мені көріп: «Мапаш, түсімде қан көріп ояндым, ауылды жау басып қалыпты», – деп үлгергенше болған жоқ, тарсылдаған мылтық дауысы естіліп, ауыл үсті у-шу болды да кетті. Шердиман мылтығын алып үйден шығып кетті, күн көтерілгенде батырды ауылға ұстап алып келді», – деп айтып отыратын. Әкемнің айтатын әңгімесі де осы төңіректе. «Батырдың белдеуінен қай кезде де ат кетпейтін, «батырдың ақ қайығы» деп аталатын ақбоз аты сол күні де белдеуде байлаулы тұрған, бәріміз киімімізді шешпей мылтық жастанып ұйықтаймыз. Ауыл үстіне жау келгенде жүгіріп шығып, әкемнің белдеуіне қарадым, ат жоқ. «Иә, сәт! Кетіп қалған болды ғой», – деп қуандым. Өзім есік алдындағы кішкене суағар жыраға түсіп, құлдай жүгіре жөнелдім. Алаң-елең уақыт, таң намазының кезі, ары қарай ағаларымызға жолығып, бірнеше әскерді атып түсіріп, Бәйтік, Қаптық тауына шығып кеттік. «Әкеміз құтылып, тауға шығып кетті» деп малданып қалып тауға барсақ, ешкім жоқ, қайта келіп бір малшыдан сұрастырсақ, «батырды ұстап алып кетті» дейді. «Алдырар күні жаздырар» деген сол шығар, болмаса ауылды айналдыра биіктерге қарауыл қойылған, солар ұйықтап қалған ба, селқостық танытқан ба, кім білсін?! Батырдың соңғы қолға түсуі міне осылай», – деп әңгімелейтін.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ
jezbuyda.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста