«Көрісу» Батыс қазағына ғана тән бе?

«Көрісу» Батыс қазағына ғана тән бе?

Биыл Алматыда көктем ерте келді. Ақпан өтпей жатып, қар түгел еріп, күн жылып сала берді. Алдымызда асыға күткен Наурыз мейрамы. Осыған байланысты көкейімде көптен жүрген бір сұрақты ортаға қойсам деп едім.

Бүкіл ел Наурызды ресми түрде 22-сінде тойлайды, ал батыстың қазағы елден ерекше 14-інен бастап кетеді. Сіз осы сұрақты Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Арал-Қазалының қазағына қойып көрдіңіз бе? Қайсысынан сұрасаңыз да, бір жауап естисіз: «Бұл біздің атам заманнан келе жатқан ата салтымыз. Амалда Жаңа Жылға құтты болсын айтып, наурыздың 14-інде басталатын «көрісу» деген дәстүр бізде ешқашан үзілген емес. Кешегі кеңес уақытында да қызыл коммунистер тоқтата алмаған». Ал сол наурыздың 14-іне қарай Үш Қиян жұртына жолаушылап бара қалсаңыз, көрген көз сүйінерлік мәре-сәре, нағыз қазақы тойдың куәсі боласыз. Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор аймағының, Өзбекстан, Иран, Түркияның қазақтары көп қоныстанған жерлерінде де бұл дәстүр бұлжымай сақталып келген екен. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге «Жыл құтты болсын!» айтып, арнайы келіп сәлемдеспесе, әбестік саналады, кеш қалғандар үлкендерден міндетті түрде сөгіс естиді. Ал қазіргіше, наурызды 22-сінде тойлағанды ол жақтың қарттары «қызылбастың жаңа жылы» дейтінін қайтерсің?!

Бұл қайшылық қайдан шықты? Бір қазақтың жаңа жылды екі түрлі атап өтетіні қалай? Қазақстанның басқа өңірлерінде бұрыңғы қазақ жыл басын қай күні тойлап келген?

 

Әуелі өз әкемнен сұрадым. «Біздер кеңестік дәуір тұсында наурыз мейрамы туралы естімегенбіз, алғаш 1987 жылы білдік. Біз ес білгелі жұрт Жаңа жылды қаңтардың бірінде тойлайды. Сол кезде «Қыс ортасында неғылған Жаңа жыл? Жылдың басы көктемнің бірінші жұлдызы болуы керек емес пе? Демек біз христанның діни мейрамын даңғаза ғып жүрміз-ау, осы?» деген түйткіл бәрімізді де мазалайтын. Ал қазақтың наурызы ескіше марттың бірі, жаңаша 14 март деген пікірді алғаш Шәкерімнің ұлы Ахаттың жазбаларынан оқып: «Е, міне! Солай-ау, бәсе! Табиғаттың қайта түлеп жаңаруы, адамзаттың да жаңа тілеу, жаңа үмітпен жаңарып, жаңа өмірге аяқ басуы марттың бірі болуы керек емес пе?!», — деп көкейімізге қона кеткені де рас. Ал жазғытұрым «көрісу» деген сөз Абайда бар ғой», — деді.

Жалма-жан Ахат Шәкерімұлының естелігін ақтара бастадым. «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз», — деп жазыпты Ахат ақсақал. Орыстардың да қаңтардың 14-ін «ескіше жаңа жыл» деп тойлайтыны сияқты екен ғой!

Енді Абай атамыздың «Жазғытұры» өлеңін еске түсірейік: ​​

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…», — деп жазады бас ақынымыз.

«Көрісу» деген сөз қазіргі көптің ұғымында өлім-жітімге қатысты қолданылады. Ұлы Абай не себепті бұл сөзді жыл мезгіліне қатысты қолданды екен? Қыс бойы бір-бірімен қатынаса алмай қалған ағайын жер аяғы кеңіп, қатынас жол ашылған соң бір-бірін іздеп, түгендеуге кіріседі. Кім бар, кім жоқ? Қарттар қыстан аман шықты ма? Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында үлкендерді арнайы іздеп барып, қол ұшын беруге асығу керек. Демек, көрісудің мәнісі сол. Әрине, алдымен жастары қарттарын, жасы кішілері үлкендерін бұрын іздеп барып, хал сұрасқаны жарасымды. Сәлемдесіп, «көрісіп, құшақтасып, мауқын баспақ» керек. Жақсы тілек айтып кеп, төс қағыстырып, бұрынғы өкпе-сықпа, ренішке кешу айтыспақ керек. Ендеше, жыл басы наурыз мейрамында «көрісу – батыс қазағына ғана тән», — деп есептеу қаншалықты дұрыс деген сұрақ туады.

Март айының «амал жұлдызы» деген қазақша атауы Шәкерім қажының «Әділ – Мария» романында кездеседі. Тіпті романның алғашқы бетінде екі рет аталыпты. Себебі шығарма «жер кепті деп», «мал ащылаймыз деп» бауырға қарай көшкен ауылды суреттеуден басталады. Қыстаудан қозғалған жайдары, жаймашуақ көш аса қанық бояулармен көз алдыңызға келтіріледі. Ал Әділді өлді деп ойлап, қырқын берген күн тағы наурызға, марттың 14-іне тұспа-тұс келеді. «Әділ өлген екен деп айналған уақыт тоқтай ма? Қазақтың «ұлыстың ұлы күні» дейтін күн мен түн теңелген наурызы да жетті. Сол күні Әділдің қырқын да берді. Ол күнді «наурыз – жаңа жылдың басы» деп Әділдің үйі қазан толтырып ас асса да, «бәлекет кетсін» деп, далаға апарып от жағып, кетік, ескі ыдыстарды отқа өртейтін ешкім болмады. Неге десеңіз, «Бәле кетсін» деп бақ сұрап, оны қылатын Әділ жоқ. Өзі өле алмай отырған кемпір мен Марияға бақтың да керегі жоқ. Біреу жылмен құттықтап, біреу тамақ үшін келіп, сол күні тіпті көп кісі жиылды…» дей келе, «Сөйтіп күндіз жылаумен, түнде түс көрумен күндері өтіп, марттың он төртінен он бесіне қарай Мария мен кемпір Әділді жоқтап жылап-жылап, әбден талықсып, көзі ұйқыға жаңа ғана бара бергенде, есіктен біреу: «Мария, Мария, есікті аш», — деп Әділдің кіріп келгені баяндалады.

 

Ал қазіргі кезде Шығыс Қазақстан, Семей, Өскемен өңірінде халық арасында наурыздың 14-і «әбдікей» деп аталатын көрінеді. Сөз түбірі қайдан шыққанын сұрастырып, тұшымды жауап ести алмадық. Бірақ «Наурыздың 14-інде қара торғай тұмсығын суға шыласа, онда күн жылиды. Ал егер қар әлі ери қоймаған болса, көк мұз болып сіресіп жатса, көктем әлі келе қоймағаны», — деп, көнекөз қариялар жастарға: «Әлі бір ай арқаны кеңге салмай тұра тұрған жөн», — деп ескертеді екен. Қазіргіше 14 март – ескіше 1-март, Шәкерім қажы айтқан «қазақтың наурызы» осы.

Енді шығысымыздың ең шалғайы Үржар-Мақаншы, Алакөлге келейік. Ол жақтың қазағында «қыстың жуы – тоғыз» деген түсінік сақталған. «Жу» дегені «тоғыз» екен, яғни қыстың ұзақтығы 9*9=81 күн деп саналады. Мысалы, «бес жу болмай бел шешпе» деген сөз бар көрінеді. Бұлай деп бес жерде тоғыз 45 күн «қыстың шілдесін» айтады. Бұл шілде желтоқсанның 22-сінен басталып, «бес жуымыз» ақпанның ақырған аязы 9-10-дарына дейін созылады дейді. Осы аралықта бұл өңірдің қазағы түнгі уақытта үйге іштен ілгек салғанды айып санайды, бұрында тіпті жаза кесілетін болған. Адасып жолда қалған жолаушының қамын ойлаудан туындағаны даусыз.

Ал егер жыл басы – наурыздың 22-сі дейтін болсақ, онда қыстың жуы 10 болуы керек еді, яғни желтоқсанның 22-сінен (астрономиялық ең ұзақ түн) наурыздың 22-сіне дейінгі үш ай – 90 күн болса керек еді. Жоқ, олай емес, атам қазақ 9 күн шегеріп, «қыстың жуы он емес, тоғыз» деп, дәл наурыздың 14-ін көрсетіпті. Бұндай «тоғыз жу қыс» деген ұғым қытайдағы Алтай қазағында да бар көрінеді.

Ендеше наурызды 22-сінде тойлау қайдан шыққан? Тәрізі, 1987 жылы Наурыз мейрамын атап өтуді орталық совет үкіметінің, кеңестік компартия басшылығының назарына алғаш ұсынған адамдар бұл тамаша дәстүрдің таза ғылыми негізіне назар аударуды көздеген, астрономиялық құбылыс ретінде көрсеткісі келген деп топшыладық. Күн мен түннің теңелуімен байланыстырып, бұдан діни немесе ұлтшылдық сияқты астар іздемесін, ескіні көксеушілік деп үрке қарамасын деген сыңайлы. Және сол кездегі Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде «Наурыз байрам» 22-сінде тойланатынын алдыға тартып уәж айтқан болса керек.

Күні кеше ғана бізді ешқашан іргелі ел болмаған, қырық рудан құралған, елдік санасы оянбаған жабайы ордалар құрамасы деп көрсеткісі келген ұстанымдардан тазару үшін де халқымызды біртұтас этнос етіп біріктіріп тұрған, этникалық бірлігін, салт-дәстүр бірлігін паш ететін көзқарасты қолдауымыз керек деп ойлаймыз. Сондықтан да шыққан тегім Шығыс Қазақстан, Шыңғыстау қазағы ретінде түгел қазақ бір Наурызды тойлау керек, ол үшін дәстүрге берік батыс қазағын бар қазақ қолдап, қазақтың Наурызын наурыздың 14-іне ауыстыруы керек деп санаймын!

qasym.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста