Ғарифолла Есім: Абай осы заманда жасаса – түрмеде отырар еді

Ғарифолла Есім: Абай осы заманда жасаса – түрмеде отырар еді

&ndash Ғарифолла аға, уақытыңызды бөліп, қым-қуыт кезде, карантин кезінде арнайы уақытыңызды бөліп, сұқбаттасуға келісім бергеніңізге алғысымды білдіремін. Қазан айында Абайдың туған жерінде, Семейде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы абайтанушылармен, өздеріңізбен кездесу жасады. Сол кезде Президентіміз биыл бүкіл ел болып, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтудеміз, өкінішке орай, бұл кезең әлемдік пандемияға тап келді. Бірақ соған қарамастан, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға күш салдық деп бастап, сонымен қатар биылғы жылы атқарылған бірнеше істер туралы айтты. Сіз басы-қасында болдыңыз, Президентпен кездескен, бүгінгі таңда жетекші абайтанушы ғалымдар өзіңізбен бірге мәслихат құрып, тілдесіп, Абай жылын қорытындылаған іспетті тамаша жиын болған екен. Атқарылған көп жұмыстар бар, бағдарлама барысында да айта жатармыз. Бұл сапарға қалай барып қайттыңыздар? Биыл ашылған Ақшоқыдағы «Құнанбай» мұражайы, Семейдегі, Жидебайдағы «Абай» мұражайларына, Абай атамыздың кесенесіне біраз жұмыстар жасалған екен. Барлығын аралап көрген шығарсыздар?

&ndash Аралап көруге пандемия бөгет болды. Бұрынғы заманымыз керемет екен ғой. Сіз айтқан жерлерге бара алмадық. Дегенмен, сапар сәтті болды. Разы болып қайттым. Абай туралы бәріміз шама, шарқымызша айтамыз. Алайда, Абай туралы Мемлекет басшысы айтса, сол кісі көңіл бөлсе, айтқан сөздерін тұжырымдап, екпін түсіріп айтса, жұрт ойланады. Өйткені қазақ Мемлекет басшысын қадірлеп, қастерлейтін, құрметтейтін халық. Ел басшысын сондай құрметтеу, қанымызға сіңген дәстүр. Абылай ханға, бертін келе Қонаевқа, Елбасына солай болды. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Семейге арнайы барады дегенді құп алдық. Келді. Абайтанушылар жиналды. Етек-жеңді кең ұстайтын кез емес. Аяқ астынан дертті болып қалуға болады. «Арена» деп аталатын жерге абайтанушыларды жинады. Іс-шараны облыс әкімі ұйымдастырыпты. Сағат 11:20-да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді.

Ол кісі жақсы сөйледі. Баяндамасы туралы пікір алыстық. Ол көптеген мәселені зиялы қауым дұрыс шешті деген пікір білдірді. Алдағы уақытта да зиялы қауымға үміт артамыз деді.

Мен бірінші болып сөйледім. Қасым-Жомарт Кемелұлының 10 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай &ndash рухани реформатор» деген мақаласы жарық көрді. Әрине, рухани реформатор деп біздер де, қатардағы адамдар да айта береміз, бірақ Мемлекет басшысының аузынан шыққан кезде, бұл тұжырым салмақты болмақ. Мен мақала жарық көргенде разы болып едім. Мақала &ndash шағын, шымыр. Бұл &ndash жаңа сөз, тың тұжырым. Абайдың реформаторлығы қайдан басталды? Биыл санаға серпіліс беретін мерейтойлар өтуде. Бірі Абайдың 175 жылдығы, оның арғы жағында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Санамызға серпіліс, саналар тоғысы басталды. 1150 жыл бұрын өмір сүрген бабамыздың сөзі мен 175 жыл кеше ғана өмір сүрген хакім Абайдың сөзі бір-бірімен тоғысып, сабақтасуда. Абайдың реформаторлығы қайдан басталды дегенде, Әбу Насыр әл-Фарабиден бастау алды дейміз. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармаларын оқып отырсақ, ол үш мәселені: Алланы тану, дүниені тану және ғылымдарды жіктеуді айтады. Абай отыз сегізінші сөзінде: Алланы тану, өзіңді тану, дүниені тану дейді. Таң-тамаша қаласың&hellip Бұл қалай? Арада тоғыз ғасыр бар, тоғыз жүз жылда қанша империялар келіп, кетті. Ал, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сөзі шашылмай, Абайға дейін жетті. Сонда кім данышпан? Әбу Насыр әл-Фараби ме? Хакім Абай ма? Әлде біздің халқымыз ба? Халық данышпан. Халықтан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби керемет. Халқы туғызған Абай керемет. Неге тоғыз ғасыр бойы ойлар шашырап кетпеді? Өйткені мұсылман-түркілік тұтастық жібермеді. Тіл &ndash түркілік, дін &ndash мұсылман. Орта Азиядағы ғұламалар, Ибн Сина, Ибн Бадж, Ибн Рушд, әл-Ғазали, т.б.

Рухани реформатордың басы Әбу Насыр әл-Фарабиде жатыр. Соған қатысты мен төрт ұсыныс бердім.

Бірінші ұсыныс, жоғарғы оқу орындарында Әбу Насыр әл-Фарабиден басталған рухани сабақтастықты пән ретінде оқу. Әл-Фарабиден басталған қаншама ғұламалар бар. Бұрын бөгде, Еуропаны ғана оқып келдік.

&ndash Сіздің айтып отырғандарыңыз Зар-заман ақындары ғой?

&ndash Зар-заман ақындары емес, ойшылдар. Х ғасырда әл-Фараби, одан кейін Ибн Сина, Ибн Рушд, әл-Ғазали, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Абайға дейінгі мықтылар. Зар-заман бергі жағы. Абайға дейінгі мықтылар негізінде түріктің түрлі мемлекеттік құрылымдарында болды.

Қазір қалт-құлт етіп тұрған заман. Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» шығармасында бәрі бір қайықтың үстінде отырды. Қайықта отырғандардың барлығы суға кетіп, жалғыз бала ғана қалады. Қалт-құлт еткен қайықпен бала жағаға шығады. Біздің қазіргі жағдайымыз да солай. Бәріміз бір қайықтамыз.

Абай біздің бағытымызды «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтты. Яғни, адамзаттың бәрін бауыр десек, қателеспейміз. Бұл &ndash биік ой. Абайдың ғарыштық ойы. Адамзатты Алла тағала махаббатпен жаратты. Алла тағала махаббатпен жаратса, неге сіз оны сүймеуіңіз керек? Осы жерде тағы үлкен мәселе шығады. Абайды типологияға жинақтаймыз. Абайды кімдермен жинақтаймыз? Абайды мұсылман-түркі ойшылдарымен жинақтаймыз. Олар, түрік Юнус Әмре, өзбек Әлішер Науаи, әзірбайжан Низами, түрікмен Мақтымқұлы, пәкістан Мұхамед Икбал. Осылардың бәрі әл-Фарабиден нәр алған. Осыларды студенттерге біріктіріп айтсақ, түркі дүниесінің ортақ әңгімесі, беріктігі, ойлауы, ғылымы сөз болмақ. Түркіліктің негізгі мағынасын ашады.

Осы тұста ұсыныс бердім. Қазақ елінде мұсылман-түркі ойшылдарын кеңінен насихаттауда Мемлекеттік Бағдарлама болуы керек.

Кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлына, былай айттым. Абай он үш жасына дейін оқыды. Әкесі Құнанбай осы оқуың жетеді деп, елге қайтарып алды. Абай ерте есейді. Балалық шағы болмады. Кейін өзінің талабымен, жігерімен парасат биігіне көтерілді. Ал, біз болсақ, ұзақ-ұзақ оқыдық.

Мысалы, менің оқымаған оқуым, бармаған жерім жоқ. Абайды әлі түсінеміз деп талпынудамыз.

Президент: «Абай &ndash рухани реформатор» &ndash деп дұрыс айтты. Абай сияқты адамдар интернетті wi-fi-сыз қабылдай береді. Интернет барлық заманда болған. Оны қазір ашып отырмыз. Біздің ашқанымыз интернеттің бір бөлігі ғана. Адамзаттың ойы, қабілеті деген бұрыннан бар. Мысалы, Мұхамед пайғамбар сауатсыз болды дейміз, Құран түскен адам қалай саутсыз болмақ. Абай: «Алланың сөзі &ndash қаріпсіз, дыбыссыз» &ndash дейді. Абайдың білімі &ndash аян білімі.

Мағжан Жұмабаев: «Абайдың сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кетпес» &ndash дейді. Біз ХХІІ ғасырдың жастарына арнап, Абай туралы 100 жылдық Бағдарлама жасауымыз керек деген ұсыныс бердім.

Төртінші ұсыныс, кадрларды аттестациядан өткізгенде Абайдың кем дегенде бес өлеңін, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын білгізуді енгізу керек.

&ndash Қай саланың қызметкерлеріне?

&ndash Барлық саланың қызметкерлеріне, әсіресе ел басқаратындарға.

&ndash Өте жақсы ұсыныс екен, аға. Абайды білмесе де, қазақ тілінде сөйлей алса екен деп ойлаймыз ғой. Ал, Абайды білу &ndash қазақты білу.

&ndash Сіз мәселені төмендетпеңіз. Қазақтың тілін білу үшін, Абайды оқу керек. Сонда қазақтың таза тілі шығады. Абай &ndash азат ойды тірілткен ғұлама. Азат ойы бар ел &ndash бақытты ел. Азат елі бар ел &ndash басына бақ қоған ел. Қазақ елі бақытты деп мен сөзімді аяқтадым. Қазақ елі шынында да бақытты. Бағы &ndash Абай. Бақытты бағалау деген мәселе бар.

Менен кейін Тұрсын Жұртбай, Мекемтас Мырзахметұлы жақсы баяндамалар жасады. Одан кейін де орыс тілінде екі азамат сөйледі. Президент қорытындылап, абайтанушыларды марапаттап, сыйлықтарын берді. Сонымен Абайдың жылы тәмамдалып қалды-ау деймін.

Абай тек мереке кезінде ғана емес, жыл сайын 10 тамыз күні аталып өтіліп, алдында, артында шаралар болуы керек. Абай туралы сөз айту &ndash қауіпті. Абай туралы сөз айтсаң, жемқорларға ұнамай қаласың. Абай:

Адам ғапыл дүние дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі, &ndash дейді.

Үй, машина біздікі деп жатамыз. Абай оның бәрі оныкі дейді. Оныкі деп отырғаны Алла тағала. Бар байлық &ndash Алла тағала нығметтері. Алла тағаланың нығметтеріне ие болған адамның мейірімі ерекше болуы керек.

&ndash Ғарифолла аға, Президентіміз биылғы Абай жылын атап өткен кезде, той тойлау емес, тағылым алуды мақсат еттік &ndash деді сөзінде. Биылдан бастап, 10 тамыз Абай күні деп бекітілді, мерекелер қатарына қосылды. Сонымен қатар, ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктердің жанынан Абай орталығы ашылды, бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана. Келешекте мүмкіндікке қарай Абай инститтуарын ашамыз деп ойлаймын деді. Сонымен қатар, мына Абай бірнеше тілге аударылды деді, тағы да толықтыра келе, солардың бірқатарымен мен өзім жеке танысып шықтым. Шын мәнінде аудармалардың көркемдік сапасы жоғары деп санаймын. Осыған орай, белгілі қоғам қайраткері, ұлттық аударма бюросының директоры Рауан бауырымызға да алғысын білдіреді. Аударманы қарап, оқып шыға алдыңыз ба? Қолыңызға тиді ме?

&ndash Аудармаларды қарап, оқып шыға алмадым. Президенттің сөзімен келісемін, бірақ өзімізге жақын орыс тіліне Абайды дұрыс аудара алмаудамыз.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы да орыс тіліне аударылды. Өте нашар аударылды.

Оны Мұхтар Әуезов кезінде өзі аударған. Ол кісі орысшаны жетік білген. Анатолий Кимнің аударғаны туралы айтсақ, ол не қазақшаны, не қазақтың тарихын білмейді. Менің көңілім толмады.

&ndash Он тілге аударылған еңбектерді Абайдың түпнұсқа еңбектерінен аударып отыр ғой? Немесе орыс тіліне аударылған дүниелерді беріп отыр ма?

&ndash Менің ойымша, қазақ тілінен аударды. Қазақ тілінен тікелей аударғанда, сапасы жоғары болуы мүмкін. Рауан мырзалар қазақ тілінен аударғанға ұқсайды.

&ndash Сонымен қатар, Президентіміз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты жайлы айтты. Бұл институттан біраз еңбектер шықты. Сіздің де «Абай пәлсапасы» деген тамаша еңбегіңіз жарық көрді.

&ndash Сіз менің жаралы жерімді айтып отырсыз. «Абай академиясын» ашу туралы Президентке хат жаздым. Президент құптады, бірақ сол «Абай академиясынан» мен шет қалып қойдым. Ректор сіз де қатысыңыз деп шақырды, оған рахмет. Менің ойым басқа еді. Мысалы, Абайдың шығармаларын зерттейтін елімізде кафедралар көп. Абай күндіз &ndash күн, түнде &ndash түн болса деп ойлап едім. Соған сай ойларым тұнып тұр. Менің ойым іске аспай қалды.

&ndash Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған «Абай академиясы» ол үдеден шыға алмай жатыр ма?

&ndash Оны басшыларын шақырып, солардан сұраңыз. Мысалы, Конфуций қытайға қалай керек болса, немістерге де Гете қандай қажет болса, Абайды да сол деңгейде қарастыру керек еді. Соны мен білдім, түсіндім, сол үшін Президентке хат жаздым. Маған: Ғареке, осыны сіз басқарыңыз десе, жүргізіп кетуші едім, олай болмады.

&ndash Өзіңіз айтып өткен Мекемтас, Тұрсын ағалар бар, бүгінгі күннің жетекші абайтанушы ғалымдар, ақсақалдарсыздар, қалай болғанда да сіздерден кеңес сұрап, қалай болғанда да сіздердің ақылдарыңызға жүгінеді.

&ndash Айналайын, ақсақалдарды қадірлеген, ақсақалдар ақсақалдық сөз айтқан заман қайда? Бірінші ақсақалды қадірлеу де жоқ, екіншіден біз ақсақал боп, ақсақалдық сөз айта алып жүрген жоқпыз.

&ndash Неге айта алмай жүрсіз?

&ndash Лев Толстой мен Шәкәрім хат алмасады. Адам баласы қандай ауыр күнә жасайды деп сұрайды? Сонда Лев Толстой: &ndash Сіз бір нәрсені біліп тұрып, соны не бастықтан, не өзіңізге жағдайыңыз қиын болады деп жасырып қалсаңыз, күнәнің ауыры сол &ndash дейді. Ал, біз бастықты тыңдаймыз. Бастықты тыңдамасаң, күн көрісің жоқ, қаңғытып жібереді. Солай бас иіп жүреміз. Қазіргі ақсақалдардың ісі &ndash бас ию. Қашан басын тік ұстайтындарын мен білмеймін. Ел ағасы деген жоқтың қасы. Мына кісі ел ағасы деп айтыңызшы сіз. Кім соның сөзін тыңдайды? Елге сөз тыңдата алатын ел ағалары жоқ.

&ndash Бұл қоғамның дерті ғой?

&ndash Бұл екі жақтың да дерті.

&ndash Бүгінгі руханияттың ақсақалдары, Президентіміз сенім артып отырған зиялы қауым өкілдері, өздеріңіз де кінәлі шығарсыздар?

&ndash Өте кінәліміз. Тура айтатын сөзді айта алмаймыз. Менен бір кісі сұрайды: &ndash Осы заманда Абай болса, не істер еді? &ndash деп. Мен: &ndash түрмеде отырар еді дедім. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» деген сөздерімен біздің қоғамда қалай өмір сүреді. Біздің қоғамда өсек те, өтірік те көп. Өсек 70-80%. Өтірік болған жерде, қайдағы ақсақалдық сөз. Бұл сөздерді мен айтып отырмын, осылай айта алмайтын менің жасымдағы адамдар жеткілікті. Айтсақ билікке ұнамай қаламыз дейтіндер.

&ndash Ғарифолла аға, өзіңіз де лауазымды қызмет атқардыңыз. Депутат болдыңыз. Сол кездерде осы кемшіліктерді түзеу қолыңыздан келмеді ме?

&ndash Шырылдадым. Мен шырылдағалы отыз-қырық жыл болды. Шырылдайсың, ең соңында жалғыз қаласың. Егер, сені он сенатор қолдаса, қандай жақсы болар еді.

&ndash Тақырыбымызға келейік&hellip

&ndash Бұл да тақырып&hellip Абай туралы тақырыптың көкесі осы.

&ndash Әрине, бұл арнайы бір сұқбатқа арнайтын тақырып.

&ndash Арнайық. «Кәрі қойдың жасындай жасы қалды» &ndash деп әкем жиі айтушы еді. Қашанғы басты ие бермекпіз&hellip

&ndash Атқарылған жұмыстардың бірі «Абай» телеарнасының ашылуы. Телеарнаны көріп жүрсіз.

&ndash Көріп жүрмін. Телеарна басшысы Ләззат Танысбайқызына ризашылығымды білдіремін. Әлемдік деңгейдегі Абай сияқты данышпандарды беріп, көрермендерді қызықтыру керек. Бірыңғай этнографияға түсіп кетсе, ол болмайды. Мониторинг деген бар, жабылып қалмаса екен деп қам жеймін.

&ndash «Абай» телеарнасы болғанымен, қазақтың рухани құндылықтары ұсынылу керек қой?

&ndash Рухани деңгейге жету үшін, мазмұнды болуы қажеттілік&hellip

&ndash Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Бұл да тамаша дүние. Өзіңіз де айтып өттіңіз. Сонымен қатар, қазақ қоғамында орны бар Семей қаласы, тарихи орталық ретінде белгіленген. Ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін, Абайдан асқан ақылшы жоқ деп атап өтті.

&ndash Ұлттың кемелденуіне, ұлттың сапасының артуына Абайдан асқан ақылшы жоқ деген сөз әр жерге жазылуы тиіс. Өте тамаша.

&ndash Президент: «Толық адам» дегеніміз &ndash бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Абай өз заманынан озық туған жан» деген болатын. Және де мақаласында «Толық адам ілімін халыққа түсіндіру» туралы айтқан болатын. Сіз бүгінгі таңдағы үлкен абайтанушылардың бірісіз. Толық адам ілімін түсіндіріп беріңізші. Толық адамды ілім деп айтқан дұрыс па?

&ndash Президент ілім деп айтқан жоқ. Абайдың: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» &ndash деген сөзі бар. Ол &ndash дұрыс. Мәселе осы үшеуінің үйлесім табуында. Мысалы, Сталин де, Гитлер де ақылды, бірақ олардың ақылы нұрлы ақыл емес. Екеуінде де жүрек бар, бірақ жылы жүрек емес. Екеуінде де қайрат бар, бірақ ыстық қайрат емес. Қайрат жалғыз болса, ол тек өткір пышақ болып қалады. Үшеуі біріккенде «Толық адам» болмақ. «Толық адамды» ілім деп айту мүлде қате. Ілім &ndash дүниені реттеу, бұзу деген сөз. Алла тағала дүниені кемшілікпен жаратты, мен соны түзетемін деу. Карл Маркс дүниенің кемшілігі бар, мен оны түзетемін деп халықты қырып салды. Абай: «Қайғы шығар ілімнен» &ndash дейді. Ілім &ndash Алла тағаладан, Құранда, Мұхамед пайғамбар сол ілімнің насихатшысы. Басқа ілімнің барлығы &ndash шайтандық. Абай қырық бесінші сөзінде дүние жасалып, жаратылып қойған, ешкім ешнәрсені жанынан ойлап таппайды. Мәселе соны сезіп, ақылмен түсіндіруде ғана &ndash дейді. Дүниені Абай арқылы түсіну керек. Шәкәрім «Үш анығында» ең дұрыс жол &ndash мұсылмандық жол дейді.

&ndash «Абай пәлсапасы» деген кітабыңыздың тұсаукесерінде Абайды жоғарғы оқу орындарына енгізу туралы жақсы пікір айттыңыз. Мектеп оқушыларына оқытудың қажеті жоқ дедіңіз.

&ndash Мен өз пікірімді айттым. Абайдан мезі жасап алмай, байқап берейік деген болатынмын. Америкада «Хакім Абай» деген кітабым шығуда. Чарльз Уеллер маған: &ndash Аға, сіз бірінші талдауды өлеңдеріне беріпсіз, қара сөздерді берсек қалай болады, американдықтарға түсінуге жеңіл болады дейді. Абайдың өлеңдері ауыр, ең бірінші қара сөздерін берсе деп ойладым.

Абайтану емес, Абайдың даналығын айту керек оқушыларға. Абайтануда үш-төрт қателік бар. Ұлы Абай деп айту қате, дұрысы &ndash хакім Абай. Қожа Ахмет Ясауи өзін Құл Қожа Ахмет, яғни Құдайдың құлымын дейді. Ол &ndash үлкен дәреже. Абай да солай болған. Сондықтан Абайды ұлы деп айтуға болмайды. Ұлы &ndash Алланың эпитеті. Абай ағартушы дейді, ол ағартушы емес. Ағылшын, француздың, орыстың ағартушылары дінсіздер болған. Мектептің оқулықтарында әлі күнге дейін ағартушылық оқытылуда. Абай гуманист емес, гуманистер Құдайсыз жақсы адам боламыз дегендер. Құдайсыз қалай адам жақсы болады? 1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен адам болмысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Адамды Алласыз қарастырсаңыз түсінбейсіз.

Абай философ емес, философия метериалистік, атеистік, еуропалық білім. Абай &ndash ойшыл, хакім. Абай Сократ, Аристотельді хакім дейді. Философияны дінге қарсы ілім деген. Шын мәнісінде философия дінге қарсы. Х ғасырда фәлсафаның негізін салған &ndash Әбу Насыр әл-Фараби. Ол Дінді білім деп қарастырған. Ал, Маркс дінді апиын дейді. Біз неге дінді білім деп қарамаймыз? Мысалы, Мысырдағы Пирамиданы діни адамдар салған. Пифагордың теоремасын, Пи деген тұрақтылықты білген, әйтпесе биіктік дұрыс шықпайды. Демек, бүкіл математика солардың қолында болған, кейін гректер алып алған. Пифагорға дейін болған. Пифагордың теоремасын білмеген адам пирамида сала алмайды.

&ndash Ғарифолла аға, сізді таныстырғанда философ деп айтайын ба, пәлсапашы деп айтайын ба?

&ndash Ойшыл деп айтыңыз. Мен ойшылмын.

&ndash Ғарифолла аға, сұхбат соңында бүгінгі абайтанудың деңгейі туралы бір ауыз айтып беріңізші.

&ndash 150 жылдығында мен Абай туралы ғана айттым. 175 жылдығы болғанда, Абайды жалғыз айту болмайды екен деген ойға келдім. Абайды данышпан Шәкәрімсіз, кемеңгер Мұхтарсыз айтуға болмайды деп «Ғұлама-наме» атты трилогия жаздым. Бұл менің мерейтойға қосқан үлесім. Абайтану туралы халық түсінігі өсті деп айта аламын. Мектептерде оқушылар Абай өлеңдерін жатқа біледі. Менің кезімде Абай өлеңдерін жатқа білгендер шағын еді. Балалардың көкірегі оянған. Олар бес-алты жылда биікке көтеріледі. Президент айтқандай, Абайдан асқан ақылшы жоқ десек, ақылымыз нұрлана түседі, толық адам болуға мүмкіндігіміз ашылады. Қайрат, күш-жігеріміз артады, намысымыз оянады. Қазақтың намысын оятып, үміт шамын жаққан &ndash Абай. Абай жаққан үміт шамы ешқашан сөнбесін деп тілеймін! Қазақ болса сөнбейді. Қазақ елі &ndash Мәңгілік деп жүргеніміз де осыдан. Мәңгілік Алладан басқа ешнәрсе жоқ, бірақ біз де мәңгілік болуға тырысайық. Алла тағаламыз, Абайымыз, еліміз, жеріміз болса, елін, жерін құрметтейтін азамттар болса, ешкімнен кем болмаймыз.

«Толық адамды» жоғарыда түсіндіріп өттіңіз. Соған қарап отырсам, бүгінгі таңда «толық адамдар» көп тәрізді.

Көп. Емханаларда, ота жасаушылар &ndash қайраты бар жастар. Мектепте білім берушілер &ndash «толық адамдар». «Толық адам» деген идеяға сай адамдар көп. Абай оларды «Кәміл мұсымандар» деген.

&ndash «Кәміл мұсылман» мен «толық адамда» айырмашылық көп пе?

&ndash Кәміл мұсылман &ndash Алланың сүйікті құлы, жұмаққа кіретін адам. Ешкімнің ақысын жемей, өз еңбегімен күн көреді, атақ қумайды. Абай: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» &ndash дейді. Арсыздықпен атақ қуамыз. Осыдан кейін қалай «толық адам» боламыз? Толық адамды ауылдан табасың. Жақсы қазақ &ndash толық адам.

&ndash Тамаша! Ғарифолла аға, сұқбат бергеніңізге рахмет! Сұқбаттасқан &ndash ойшыл, фәлсафашы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, абайтанушы, жазушы Ғарифолла Есім ағамыз.

Сұхбаттасқан: Жасұлан Наурызбайұлы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста