Ғалекем өзі сонша сүйген қазақтың атын атауға да жарамай қалатынын білді ме екен, шіркін...
Бүгін қазақтың маңдайына біткен асыл ұлдарының бірі, сақа аудармашы, өткір журналист, интеллектуал тұлға Ғалымжан аға Мұқановтың туған күні. Өзінің жарты ғасырлық ғұмырында бүтін ұлт боп істей алмаған телегей дүниелер жасап үлгерген аяулы ағамыз тірі болғанда бүгін бар болғаны 68-ге кеп жатқан болар еді. Біз Абай, Әуезов, Махамбет арқылы қазақты сыртқа таныстырған қазақты ұлықтамақ түгілі, сонда жетпіс жеті атамыздың ақысы кеткендей атын атамауға шындап кірістік. Соншама білімді қарапайым болмысқа сыйдыра білген парасаты бір көргеннен қайран қалдырған Ғалекем ұстаз десе ұстаздық атқа, қайраткер десе қайраткерлік атқа әбден лайық единица еді ғой. Демократиялық жаңғырудың елесі қылаң берген 2000 жылдары қазақтың тағы бір аяулы перзенті Марат аға Қабанбаймен тізе қосып жұмыс істеген Ғалекемнің от пен суға қатар түсіп, ноқай номенклатурамен майдандасқан жылдары көз алдымда өтті. "Дәурен, сен ағылшынша білесің ғой, менің есігімнің сыртына "мұнда аудармашы Мұқанов тұрады" деп жазып қойшы" дейтін. Сол Ғалекем күні ертең өзі сонша сүйген қазақтың үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатпақ түгілі, атын атауға да жарамай қалатынын білді ме екен, шіркін...
✔️ 15.03.2021ж, Астана.
Аяқталмаған естелік
Балконға шыққан сайын есіме еріксіз Ғалымжан аға түседі. Күн жылы кезде үнемі қабырғаға балдағын сүйеп қойып, темекісін тарт-е-е-п отыратын. Күні бүгінге дейін сол бір үйреншікті әдет терезеге жақындаған сайын көзімді еріксіз сол бір балконға қарай тартып әкете береді. Оның жоқтығына көңіл құрғыр әлі де сенбейді...
Ғалекең (өзім осылай дейтінмін) екеуіміздің таныстығымыз шет тілдер институтының Жароков пен Абай даңғылының қиылысындағы жатақханасынан басталды. Екеуіміз де бір есіктен кіріп-шығып жүргенімізбен, бөлмесіне кіріп танысуға бірқыдыру уақыт жүрексініп жүргенім әлі есімде. Ұмытпасам, ол кісіге мені алғаш Дидар (Амантай) апарып таныстырды. Содан кейін-ақ бұрыннан таныс адамдардай қоян-қолтық араласып кете бардық. Енді қарап отырсам, соның бәрі құдды бір елес сияқты. Елес сияқты дейтінім, Ғалекеңнің ол кезде аяғы сау - өзі жүріп, өзі тұратын кезі. Қашан барсаң да қуана қарсы алып, емен-жарқын отыратын – мұқалмаған шағы. Ғалекеңді басқа қаламгерлерден ерекшелендіріп тұратын екі қасиет болса, ол – оның қарапайымдылығы мен әділдігі еді. Институтта оқытушы болып жүрген кезінде аударма өлеңдерін алып барған студент Танакөзге «сенің аудармаң менікінен де мықты екен» деп ақжарма көңілін білдіріп қана қоймай, «Жас Алаш» газетіне алғысөз жазып, сол шығармаларды ұсынғанын да әлі ұмыта қойған жоқпыз. Бір өкініштісі, ол сол беті жарық көрмеді. Себебін де түсіндірген ешкім болмады. Ғалекеңмен дидарласудың өзі бір ғанибет еді! Ғанибет болатын себебі – пікірін тықпалап, ойын таңбайтын. Бүкіл болмысы, жан-жаратылысы ойыңды ашық айтуға, сырласуға шақырып тұратын. Тың жаңалық, тосын айтылған сөз тіркестеріне балаша қуанып, мәз-мейрам болып отыратын. Есеппен сөйлеу – затында жоқ еді! Бүкіл ойын, жоспарын алдыңа жайып салып, қаннен-қаперсіз темекісін будақтатып қойып отыра беретін. Қандай қиындық көрсе де арманшыл-тын. «Құлагердегі» пәтерінде балдағына сүйеніп отырып, ендігі мақсатым – қазақ ертегілері мен Мұқағали жайлы бір кітапты француз тіліне аударсам дегені күні бүгінге дейін көз алдымда. «Құлагер» демекші, «Құлагерге» журналистер мен ақын-жазушылар көшіп келді дегенде баладай қуанғанын есіме алсам, жүрегім шаншып кетеді! Қалам ұстаған бауыр-қарындастарына сеніп кеткен қайран Ғалекем!
2008-2010 жж, Алматы, "Құлагер" ықшамауданы.
Dauren Berikqazhyuly