Елбасы Шыңғысханның ұрпағы болуы әбден мyмкін

Елбасы Шыңғысханның ұрпағы болуы әбден мyмкін

Бір аптаның ішінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты екі жағдай жұртты елеңдетіп тастады. Бірі – Елбасымыздың тегі Шыңғысханмен сәйкес деген ақпар. Екіншісі – Астана қаласының атын Президенттің есімімен байланыстыру жөніндегі депутаттардың ұсынысы. Екінші мәселе жөнінде ғаламтордағы пікірлерден асып айтарым жоқ. Ал Елбасының тегі Шыңғыс ханмен бір болуы ықтимал деген пікірге, өз басым, еш таңданған жоқпын.

Ғаламтордағы «Шапырашты Шыңғыс ханмен қалайша туысады?» деген сұрақтарға он жылдай бұрын жауап тауып алғанмын. Онда Шыңғыс хан мен Елбасының туыстығын емес, бүгін шапырашты аталып отырған қазақ руының арғы жағын, олардың қай кезден жазба тарихқа енгенін, қандай ру-тайпалардың құрамында болғанын азды-көпті зерттеп көргенмін. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде Жетісуды мекендеп отырған қазақ ру-тайпаларының өзге ру-тайпалармен байланысы, ежелгі ата қоныстары жөнінде бірнеше рет жазғанмын. Шапыраштыларды жеке бөліп те қарастырғанмын. Бұлар менің жеке блогымда да тұр. Сол мақалаларға дау айтып, кикілжің шығарған ешкім бола қойған жоқ. Осыларды Сіздермен бөлісейін.
Шыңғыс хан заманы, Теміршінің ғұмырнамасы туралы оқыған кітаптарымның есімде қалғандарын санамаласам, ұзын-ырғасы жиырмаға жете жығылыпты. Әлем таныған ғалымдар мен ғаламдық әдеби орта әбден мойындаған қаламгерлердің жарыса жазған дүниелерін, тіпті, аты беймәлім авторлардың да ортаға салғанын жатсынбаппын. Бұлардың арасында өтірікті суша сапыратыны, бір ұлтты-руды оздыру мақсатында шимайланғандары да бар екенін әу баста аңғармаппын. Мыңдаған кітап шықты, жүздеген кино түсірілді, саны жоқ мадақ айтылды. Менің көз майымды тауысып жүргені осы таудың етегіндегі бір шөкім қиыршық екен. Дегенмен де аз-мұз хабар алғандаймын.
Осылардың арасынан алғаш рет күдік тудырып, Шыңғысханды әр кім өз мүддесіне орай бұратынын 1982 жылы В. Чивилихиннің «Память» атты романы қолыма түскенде түсіндім. Айтпағы-есте жоқ ерте заманда битін сығып, қанын жалаған орыстың бір топ қаншырқұрсақ қашқыны шығысты бетке алып, сандалып кетеді ғой. Арып-ашып, сабылып жүріп, неше айлар мен жылдар өткенде тоқтайды. Чевелихиннің жазуынша осы жерде кейіннен Темірші, болашақ Шыңғысхан туады. Теміршінің көзі көк, шикіл сары. Ымын түсінген шығарсыз! Шыңғысхан Чевелихиннің паймында-орыс.
Ноғайсібірлік Д. Стругачев деген тарихшы «Предки и потомки Чингизхана» атты кітабінде Шыңғысханның арғы тегіндегі мына бір оқиғаға баса назар аударады. Шыңғысханның шешесі Уалин ужин меркіттің Дәу Чиледу дегенінің қатыны еді. Есукей тартып алып кетеді. (Бұл фактіні «Мыңғұлдың құпия Шежіресі», (Алматы, «Өнер», 1998 жыл, 33 бет.), «Алтын тамыр» атты Шыңғыс көз жұмысымен жазылған кітаптар, сол заманның адамдары, кейінгі барлық ғалымдар да растайды) Сонда Темірші іште кеткен Дәу Чиледудің ұлы, демек, Шыңғысханның тегі-меркіт. Есукейдің кіндігінен емес. Мыңғұлға бір мысқал жақындығы жоқ. Дәлел ме? Уалин ужиннің Чиледудің қойнындағы қатыны болғаны рас қой. Рас. Оның үстіне Темүжін мен Қасар атып өлтірейін деп тұрғанда Бектұр:
-Қасар, атсаң-өзің ат! Ана меркіт Темүжінге Белгітейді қор қылма,-депті, дейді орыс білгірі. («Мыңғұлдың құпия Шежіресінде Белгітейдің өлтірілгені расталады. Бірақ дәл мынадай сөз жоқ. Аталған кітап, 41-42 бет)
Талдықорғандық бір топ азамат Шыңғысханды жалайыр етіп, меншіктеп алғалы қашан. Ғылыми-танымдылық конференция өткізіп, мәселені Талдықорған қаласының және жалайырлардың деңгейінде біржола шешіп, хаттап, өзгелер жақ ашпастай етіп мөрлеп тастады. Дәлел ме? Т. Тыныбайын деген азамат «Құпия Шежіренің құпиясы» деген кітабінде (15 бет) «жалайыр» сөзінің тууын былай жазыпты: «Яқма (Яғма)- Яқлақар- Яғлақар- Яғлағыр- Жағлағыр- Жалайыр». Осылайша атауы сан құбылған жалайыр мен Шыңғысханның арғы аталары бір туыпты. Әлем ғалымдары шатысып жүр екен, дұрысы-Т. Тыныбайын мен Талдықорғандық жалайырлардікі деген бірауызды қорытындыға келіп, қол көтеріпті. Міне, бар-жоғы осы. Тастай айғақ! Бірақ, ҮІІ ғасырдағы керей, татар, бура, тама, қыпшақ, одан арғы , біздің дәуіріміздің басында бар үйсін, дулат, қаңлы, найман, қырғыз атаулары өзгермей бүгінгі күнге жетті. Жалайыр алты шекпен айырбастаса, бұлар ескі шапанын тастамай әлі жүр. Жалайыр не себептен, кімнен жасырынып атауын өзгерте берді екен? Оның үстіне осы кітаптың 57 бетінде «Жаршоқлы» (Жалайыр) деп және бір атауды қосыпты.
Қазақ тарихының білгілерінің бірі Мәмбет Қойгелді Шыңғысханның тегіне ревизия жасау ұят екенін қадап тұрып айтып еді, мұны ескерген ешкім жоқ. Естуімізше Мәкең жалайыр көрінеді. Ендеше, ең болмаса жалайыр құлақ қойса керек еді Мәкеңе. Жоқ, бет қаратпайды.
Жуырда батыстан да Шыңғысханды өз аталастары етушілер қараңдады. Адай ішінде «мұңал» деген тайпа бар екен. Осы мұңал уақыт өзгере келе мұңғыл деген сөзге өзгерген, әйтпесе, мұңал мен мыңғұл тамырлас дейді адайлардың бір азаматы. Бұл дәлелге біреу сенер, біреу сенбес, бірақ, Шыңғысхан бүгінгі қазақ тайпасынан екен. Не жалайыр, не адай.
Кеше ғана «Сіргеліміз» деген бір ақсақал да таң етті. Сіргелінің ішінде қият деген ру барын білмеппін. Ақсақал осы-қият тайпасынан екен. «Бәріңдікі, сенікі де бос сөз. Шыңғысханның қият екені рас қой. Рас. Ендеше Шыңғысхан сіргелі болмай кім болады? Біздің атамыз» деп кесімді сөйледі. Бұған да дау айтпадым. Шыңғысхан, әйтеуір, қазақ екен де.
Әнеу күндері бір ой келді. Осынша кітап оқыппын, Шыңғысханды азды-көпті біліп қалғандаймын. Ендеше Шыңғыс қағанның бойында найман қаны бар-жоғын неге іздестіріп көрмеймін? Оның үстіне мен де Талдықорған өңірінің тумасымын ғой. Найман да адай, жалайыр, сіргелі секілді сонау шығыста Темүжінмен қатар көшкен. Сол замандағы бар-жоғы үш-төрт Мемлекеттің бірі.
Шыңғысханды мыңғұлға, еуропаға, қытайға барып нақтылы ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген, Лондонда әлем ғалымдарының басын қосып үлкен ғылыми мәслихат өткізген, профессор Қ. Зікіриянов былай деп жазады: «Түрік жұртының таңбасы аса көп мағұлұмат береді. Бұл шындық. Шыңғысханның ата-бабасы өздерін «бөржіген»-бөрі ұрпақтарымыз дейді. Ал, осы бөрі таңба қазақта бір ғана руда-найманның матайында ғана бар.» Зікірияновты қысқартып қана келтірдім. Әйтпесе, бұл өзі етек-жеңді дүние. Еуропа ғалымдары баяндамаға жоғары баға беріпті. Шыңғысханды зерттеудегі соңғы жылдарғы ең үздік еңбек депті. Ал, Еуропалықтар біреудің ығына жығыла кетпейді, «пәлен ағамыз былай деген» сөзіңді қыстырмайды, өз ойын ашып айтады ғой. Иланбасқа амал жоқ. Шыңғысхан-найман, оның ішінде матай болуы әбден мүмкін.
Айтпақшы, қандай айғақ, қандай ғалымдар мен құжаттарды арқаланғанын білмеймін, Т. Тыныбайын деген бауырымыз бен Бексұлтан Нұржекеев ағамыз кейінгі кезде Шыңғысхан Іле аңғарында туған деп жүрген көрінеді. Бұл Қ. Зікіряновтың дәлелдерін тікелей қуаттайды, нақ осы Іле бойында Сулы Матай, Сусыз Матай деген тау жоталары бар. Төмен қарай Қаптағай жазығы тау етегіне ілесіп жатыр. Ықылымға барсақ-Қаптағай қазақ наймандарының ұраны. Бері түссек найманның матайының бір атасы-Қаптағай. «Қаптағай» деген сөздің көне мағынасы-жабайы бура. Ғажабы, осы бура тайпасы да ҮІІ ғасырдан бері найман Мемлекетінің құрамындағы, күні бүгінге дейін найманнан шет кетпеген бағзы, мол жұрт. Өзге Көк Түрік руларында сонау ҮІІ ғасырлардан бері келе жатқан басқа бура тайпасы жоқ. Шыңғысхан Т. Тыныбайын мен Бексұлтан Нұржекеев ағамыз айтқандай Іледе туса, ол жер қалың матайдың ортасы болса, Темүжін өзін «бөржіген» атаса, бәрі келіп тұр. Матайдың таңбасы бөрі. Тіпті, дауласар ілік жоқ.
Оның үстіне мынаған қараңыз. Қытай архивін бала жасынан ақтарып, ғұмыры жеткенше зерттеген Нығмет Мыңжан «Матайлар ҮІІ ғасырлардан бастап Жетісудың бүгінгі Іле бойын мекендеген... Садырлар олардан шығысқа қарай беттеп, Тарбағатай тауларынан аса жатты» деп өткен ғасырда жазып еді. Осындай деректерден соң, өзі Жетісуда, Іле бойында-қалың найман-матайдың ортасында туса Шыңғысхан найман болмай кім болады? Тап-таза, қоспасы жоқ, нағыз найман, басқалар бекер таласады. Әйтеуір-қазақ.
Бұл аз болса тарихшы, шежіреші, қытай жазбаларымен жете таныс Қ. Дәукеев былай жазыпты: «Шыңғысханның шыққан тегін Қият-Бөржігіт деп атайтыны белгілі. Қият тайпасының құрамында Қият-тобықты, Жауырыншы, Айдын, Байжігіт атты буындары болған. Қытай деректерінде қият-юркин дегендер де айтылады. Юркин дегеніміз көне керейдің-жырқын тайпасы». Ары қарай автор найманға осы қият-жырқындар араласып, қаракерей аталса керек деп ой пішеді. Басқасын қайдам, соңғы пікір орынды. Сонау ҮІ ғасырда аталатын қара, қызыл, дүрмен, бура, саржомарт, матай, садыр наймандардың қара найманына керейдің жырқыны қосылып қаракерей аталып кеткеніне өз басым сенемін. Себебі, күні бүгінге дейін татар, өзбек, қырғыз, тыба, ноғайда қаранайман атты ру бар. Өзбек, қырғыздағысын іздеп барып, әңгімелестім. Татардағымен жол үстінде таныстым. Тыбадағыларды профессор Айбек Созғалдың жазғандарынан оқыдым. Бұл ғалымға сенсек Рессейдің Қорғаныс Министрі Сергей Шойгудың нақты аты-жөні Сергек Шойғы (Шойын) және ол найманның күжігет руынан, найманның соңғы ханы Күшіліктің тікелей ұрпағы. Осы күжігет өзбектің қара наймандарының бір кіші атасы. Байжігіт, Жаңбыршы, Айдын рулары қазақ найман руының құрамында күні бүгінге дейін сорабын үзбей күнелтіп келеді. Ал, тобықты жайлы әңгіме сәл бөлектеу.
Өзбек, татар, тыбадағы қара наймандарға керейдің қосылып айтылмауы өте көп информация береді. Бұл, қара наймандардың Шыңғысхан наймандарды жеңіп, наймандар батысқа дүркірегенге дейін үлкен бір ру болғанының нақты дәлелі. Осы кезеңде бой тасалаған қара наймандардардың бөліктері қандас қырғызға, тываға, татарға сіңіп кетті. Сол жұрттың есімін алды. Ал қазақ наймандарына керейдің бір тобы қосылды.
Осылайша жорамалдасақ Шыңғысханның ар жағы не жалайыр, не, адай, не сіргелі, не найман. Қалай десек те бүгінгі қазақ.
Енді Жошыханға келейік. Оны да мыңғұлға еш қатысы жоқ, бүгінгі қазақ ішіндегі меркіт руының батырынан туған бала деушілердің қатары мол. Тіпті, ХІІІ ғасырды орта тұсында, Шыңғыс көз жұмған соң отыз шақты жылда жазылған «Мыңғұлдың құпия Шежіресі» мен «Алтын тобшы» да осы вариантты ары-бері аунатып алады. Жоқ демейді. Сонда Жошыхан таза меркіт болғаны. Мыңғұлға да өзгеге де еш қатыстары жоқ.
Қазақ арасындағы меркіттердің ізі найман, кереймен ғана шектелмейді екен. «Түп- ұқияннан өзіме шейін» деген кітапта мынадай өте-мөте қызық ақпар жүр:
«-Мен, Меркіт-Шапырашты баласымын,
Үйсін-Керей екеуінің таласымын...» (96 бет)
Кітапқа сенсек меркіт шапыраштының баласы. Бірақ, осы тұста сәл дәлсіздік кеткен көрінеді. Шапырашты, Шежіре бойынша ХІҮ-ХҮ ғасырда ғұмыр кешкен Бәйдібек бабадан тарайды. Бұған талас шықпаса керек. Себебі, «Домалақ Ана» атты кітапта Нүрила-Домалақ Ана 1376 туған деп анық жызылыпты. Бәйдібек баба тоқалы Домалақ Анадан қанша үлкен болса да сол ғасырда туса керек. Ал профессор Е. Сәлімбайдың « Ата-баба тарихынан» атты кітабіндегі дерекке сүйенсек, меркіттер ҮІІ ғасырдағы найман конфедерациясының құрамындағы сегіз рудың бірі. (Алматы, 2007 жыл, 34 бет) Сонда ҮІІ ғасырдағы найман Мемлекетінің құрамындағы Меркіт пен ХІҮ ғасырдан ата бастауын алатын шапыраштының арасында жеті жүз жыл айырмашылық жатыр. Әкесі деп отырған, ХІҮ ғасырда туған Бәйдібек бабадан тарайтын Шапырашты-баласы делінетін меркіттен жеті ғасыр кіші болып шықты. Демек, кітапта әке мен баланың орны ауысқан секілді. Оның үстіне, қазақ тарихынан аз ғана сауаты бар кез-келгеніміз Семей өңіріндегі Қалба тауда Қойсоймас-Қараша билердің бастауымен 1700 шаңырақ шапыраштының 1770 жылдардан тұрғанын, мөлшері 1810 жылы түстікке жылжығанын, осы кезден 1840 жылдарға дейін Лобсу (Лепсі) мен Қопалыны (Қапал) мекендеп, үлкен бөлігінің Алатау етегіне келіп қоныстанғаны 1840 жылдардан бері екенін, осы уақыттарда Ұлы Жүздің құрамына толық енгенін білеміз. Бұл тарихи оқиғаны В. Андреев екі жүз елу, Н. Аристов жүз елу, М. Тынышбаев жүз жыл бұрын жазып кеткен. Күні бүгінге дейін әлем таныған бұл ғалымдарға қарсы дау айтқан кәсіби, білікті тарихшы шыға қойған жоқ. Демек, жөні де осы-ау! Не десек те шапыраштының үлкен бір бөлігі, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітаптың жазуында сөз жоқ-меркіттер. Осы дерекке сеніммен қарау керек сияқты. Себебі, мұны өзге емес, шапыраштылардың өз аталары жазып отыр, таласа қоймас.
Тарихшыларды таң ететін бір оқиға-Шыңғысханның тұсында Үйсін, Арғын секілді екі ірі ру аталмайды. Арғындардың бұл жағдайын Шәкәрім қажы «Менің ойымша ол кезде арғындар наймандарға бағынған» деп түсінідіріп кеткен. (Шакарим Кудайберди-Улы, Алматы, «Жазушы», 1990 жыл, 77 бет) Шәкәрім атаның бұл сөзін «Арғындар найман Мемлекетінің құрамында болған» деп түсінген орынды. Ол тұста шығыста Көк Түрік ұрпағынан Найман, Керей, Қырғыз Мемлекеттері, батысқа қарай Көк Түрік тайпаларынан құралған Қидан (Қарақытай) Мемлекеті ғана болғаны анық. Бүгінгі қазақ рулары, қалай дегенде де осы Мемлекеттердің құрамынан бөлініп шыққандар деген шындыққа сәйкес келетін секілді.
Енді манадан бергі жазып отырғандарымыздың басын қоссақ, Шыңғысхан да, Жошы да меркіт болуы мүмкін. Жошы, Жошының ұрпақтары, шынтуайтына келсек, Шыңғысхан алған жерлерден де ұлан-ғайыр жерді жаулады. Өкініштісі-барлық атақ-даңқ біржола Шыңғысқа ауды. Әйтпесе, бүкіл батыс дүниесін басып алған, Еуропаны ат тұяғының шаңына бөктірген Шыңғыс емес, Жошыханның ұрпақтары ғой. Жошының ұрпақтарының еңбектері Шыңғысханның көлеңкесінде қалып келеді. Бүкіл әлем бұларды моңғол деп біледі. Ал, біздің көзіміз моңғол емес Көк Түріктің бір бұтағы-меркіт екеніне жетеді. Төре де емес, өзге де емес-Көк Түріктің өз ұлдары.
Міне, осы оқиғаларды алдыға тарта отырып, Қазақстанда Жошы ханға лайықты құрмет көрсету қажет деп санаймын. Алтын Орданың дербес иесі ретінде Жошы ұрпақтарын толық мойындауымыз қажет. Соның басы етіп Жошыханға Астанада алып ескерткіш қою керек. Жошыханның кесенесін бүгінгі күннің талабына жауап беретін күрделі архитектуралық кешенге айналдырып, бүкіл Көк Түрік ұрпағы зиярат ететін қасиетті орын жасау-міндет. Бұл ойдағы-орыс, қырдағы-қытайға Алтын Орданың мұрагері тек қана қазақ екенін айғақтап тұрар еді. Алтын Орданың мұрагері біз-қазақ болсақ біздің жерге ешкім таласа алмайды. Керісінше, көрші жатқан мемлекеттердің барлығы Алтын Ордадан-қазақ жұртынан бөлініп шыққан болады. Демек, өзгенің жері «менікі» деп айтсақ, біз ғана айта аламыз.
Келесі бір өте шәкімді мәселе-шапыраштының бір бөлігі «Түп- тұқияннан өзіме шейін» атты кітаптың авторының айтуы бойынша «шапырашты» аталып кеткен меркіттер екен. Бұл кітап жөнінде Қабдеш Жұмаділов, марқұм Балғабек Қыдырбекұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Бексұлтан Нұржекеев сынды дуалы ауызды ғалымдар мен жазушылар айтты ғой. Не десек те, басқасын қайдам, шапырашты мен меркіттің тамырлас бір ата екеніне, өз басым, сенімдімін. «Түп- тұқияннан өзіме шейін» деген кітап шапыраштылардың бар шежіресін айтып тұр дейді ғой. Бұл шапыраштылардың өз сөзі. Ендеше, Елбасымыз шапыраштының ішіндегі нақ осы бөліктен ата бастауын алуы, ар жағы Шыңғысханның, бер жағы Жошыханның аталасы болуы әбден мүмкін.
Бұл жерде «Шапырашты-меркіт, меркіт-шапырашты болуы қалай?» деген сұрақ туады. Мұның жауабы-бүгінгі қазақ рулары ХҮІІІ ғасырдың аяғына дейін бір ортадан екінші ортаға ауысып, толығып, саяси одақ құрып келген көне Көк Түріктің тайпалары. Әлеуметтік, қоғамдық, территорялық жағдайларға байланысты бір тайпадан екінші тайпаға ауысу, рулардың бірігуі, бөлінуі сол замандарға тән құбылыс екенін тарихшылар өте жақсы біледі. Жоғарыда Шәкәрім атамыздың жазғаны осының бір дәлелі.
Міне, осы себептен де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шыңғысхан мен Жошыханның аталастары-ұрпағы болу мүмкіндігін жоққа шығауға болмайды. Ғалымдар Елбасының бойынан Шыңғысханның тегін тапқаны рас болса, бұл келесі бір маңызды факторды ашып, айшықтап көрсетеді. Президентіміз-Көк Түріктің төлі. Абайды қайталасам «Әр қазақ-менің жалғызым».
Енді айтарым-бұл менің жеке пікірім. Нақтылы тарихи оқиғалардың желісін түйістіруден туған болжамым. Қатарлас ойларыңыз болса бөлісерсіздер.
Камал Әбдірахман, Астана

Abai.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста