Дос Көшім. Орыс тілділердің қазақ тіліне көзқарасы

Дос Көшім. Орыс тілділердің қазақ тіліне көзқарасы

Қоғамдағы орыс тілінің басымдылығын сақтап қалу мақсатында өмірге келген түрлі ұғымдар мен ұстанымдар, қате түсініктер әлі күнге дейін талассыз ақиқат есебінде қабылданып, қолданылып жүр. Өкінішке орай, орыс тілінің мәртебесін көтеретін осы ұғымдар мен ұстанымдарға біздер де құран сөзіндей сенеміз, кейде өзіміз (әсіресе мемлекеттік қызметкерлер) де қайталаймыз. Меніңше, бұл «түсіндіру бағытын» орыстілді азаматтармен қазақ тілі туралы пікір таластырғанда тиімді тәсіл ретінде қолдануға болады.

«Орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі» ұғымы

Дөңгелек үстелдер мен кездесулерде біздер «орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі» деген адам құқығына қарсы келетін, 1989-жылғы ҚР «Тілдер туралы» заңда орын алған бапты жаңаша түсіндіреміз. Екі ұлттың өкілі, екі адам бір–бірімен қай тілде қатынас жасағысы келеді, оны өздері біледі. Бұл мәселе ешқашан заңмен реттелмеуі керек. Сондықтан да 1997-жылғы ҚР «Тілдер туралы» заңында бұл бап алынып тасталды. Алайда, орыстілді орта осы күнге дейін «орыс тілі - ұлтаралық тіл» деген ұстанымдарынан танбайды. Өкінішке орай, бұл қате тұжырымды кейде мемлекеттік деңгейдегі басшылардан да естиміз.

Бұл жасанды «мифтік» ұғым Қазақстандағы орыс тілінің заңдық тұрғыдан ерекше рөлі бар сияқты ой тудырады. Сондықтан болуы керек, «орыс тілі – ұлтаралық тіл ғой» деген ақымақ тұжырымды жиі естиміз. Барлық адамның қатынас тілін, өзара сөйлесу тілін өздері таңдап алуға толық құқықтары бар, сондықтан, ешбір елде «ұлтаралық тіл» деген ұғым заң арқылы реттелмейді. «Ұлтаралық қатынас тілі» деген ұғымның заңдық негізі жоқ екендігін орыстілділерге түсіндіре отырып, тілдердің барлығының қатынас құралы ретінде бірдей қызмет жасайтындығын, адамдардың арасында қатынас құралы ретінде ешқандай тілге артықшылық берілмейтіндігін түсіндіру қажет. Қысқасы, әлемнің ешбір елінде ұлтаралық қатынас тілі заң арқылы белгіленбейді.

«Тілдік дискриминация» ұғымы

Дос Көшім

ult.kz

Кездесу барысында орыстілді азаматтардың «тілдік дискриминация» деген саяси-әлеуметтік терминді мүлдем түсінбейтіндерін немесе қате түсінетіндеріне көзіміз жетті. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстаннан басқа елдерге көшіп жатқан азаматтардың 37 пайызы (2013- жылғы әлеуметтік зерттеудегі дерек) өздерінің көшу себептерін «орыс тілінің дискриминацияға ұшырауы» деп түсіндіріпті.

Алайда, дөңгелек үстелдер мен кездесулер кезінде менің: «тілдік дискриминация» деген сөз тіркесін қалай түсінесіңдер» деген сұрағыма ешқандай нақты жауап ала алмадым. Жауап бергендердің біреуі (Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Балкашино кентінің тұрғыны, 28 жаста): «мен дүкенге барып орыс тілінде бір зат сұрасам, ал маған дүкенші қазақ тілінде жауап қайтарса, орыс тілінің дискриминация жасалуы деп түсінемін» десе, енді біреуі (Петропавл қаласының тұрғыны, 25 жаста) «егер мынадай мамандық иелерінің мемлекеттік тілді білуі қажет деген заң бабы қабылданса, орыс тілінің шеттетілуі деген сол болады» деп жауап берді. Бірінші жағдайды «тілдік дискриминация» деп қабылдасақ, орыс тілін білмейтін миллиондаған қазақ тілділердің қазақ тілінде нан сұрағаны мен оған дүкеншілердің орыс тіліндегі жауаптарын да «қазақ тілін дискриминациялау» деп түсінуіміз керек.

Ал екінші жағдайға келсек, заң бойынша мемлекеттік тілді талап ету халықаралық тәжірибеде бар, қоғамдық қажеттілік болып табылады. Біздің Конституциямызда президенттікке түсетін адамның қазақ тілін білу міндеттілігі заңмен белгіленген. Прибалтика елдерінің заңдарында барлық дерлік мамандық иелерінің (заңда көрсетілген мамандықтың түрлері 3 мыңға жетіп жығылады) мемлекеттік тілді білуі – заңды талап. Демек, орыстілді тұрғындардың көпшілігі бұрынғы Кеңес Одағы кезіндей, «бізді түсіну үшін басқалар орыс тілінде сөйлесін» деген ұстанымнан құтыла алмай жүр. Оларға «тілдік дискриминация» деген ұғым мен адамдардың сөйлеу тілін таңдау құқығы деген ұғымды терең түсіндіру қажет. Егер, Қазақ еліндегі азаматтардың орыс тілінде сөйлеуіне не жазуына заңды түрде тиым салынса, орыс тілін шектеу (дискриминация ) дегеніміз сол болады. Өкінішке орай, Қазақ елінен көшіп бара жатқандардың көпшілігі өздері су ішкен «құдыққа бір түкіріп» кеткісі келеді…

Мемлекеттік тілді білудің азаматтарға міндеттілігі

Іс-шара барысында көптеген азаматтар мемлекеттік тілді білудің азаматтарға міндеттілігі туралы мәселе қозғайды. Сол уақытта қарсы пікір айтушылар «тілді заң жүзінде міндеттеу демократияға жатпайды» деген сылтауды алға тартты. Бұл жерде халықаралық тәжірибе мен халықаралық заңдарды алға тартуымыз керек. Мамандыққа байланысты мемлекеттік тілді білу талабы. Орыстілді азаматтардың көпшілігі белгілі бір мамандыққа байланысты мемлекеттік тілді талап ету қажеттілігін мүлдем түсінбейді немесе оны адам құқығын бұзу деп түсінеді. Сан жылдар бойы жүргізілген империялық саясаттың (бұл саясаттың Кеңес өкіметі кезінде де жалғасын тапқаны белгілі) салдарынан көптеген азаматтарда «орыс тілін білу — барлығына міндетті» деген пікір қалыптасып кеткен сияқты. «Барлығы орыс тілін біледі, сондықтан қазақ тілін білуді міндеттеудің қажеттілігі жоқ» деген ой мамандыққа байланысты мемлекеттік тілді білу деген талапты түсінуге де бөгет жасап отырған сияқты.

Бұл баптың ҚР «Тіл туралы» заңында бар екендігін де көпшілігінің кездесу кезінде ғана көздері жетті. Шет елдердегі (Прибалтика елдеріндегі заңдарда) «Мемлекеттік тіл» туралы заңдардың көпшілігінде мемлекеттік тілді білу талабы қойылатын мамандықтардың тізімі көрсетілген. Қазақстандағы транспорт саласында халыққа қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істейтіндер үшін мемлекеттік тілді білу міндетті болып саналады. Өкінішке орай, бұл заң баптары қатаң сақталынады деп айта алмаймыз, бірақ келешекте бұл талаптардың қоғамдық өмірден өзінің орнын алатындығында күмән жоқ. Бұл мәселені терең түсіну мемлекеттік тілді оқып-үйренудің қажеттілігін тағы бір дәлелдейтіні сөзсіз.

Мемлекеттік тіл – қазақ этносының тілі ғана емес, осы елдің азаматтарының тілі. Орыстілді аудиторияға мемлекеттік тілді түсіндіру жұмысы, «қазақ тілі» терминін түсіндіруден басталады. Олардың көпшілігі «қазақ тілі» деген терминді мемлекеттік тіл статустың атауы деп емес, қазақ ұлтының тілі деп қана түсінеді. Оларға өздерінің Қазақстанның азаматтары екендігін, ал «қазақ тілінің» өздерінің мемлекеттерінің тілі екендігін жақсылап түсіндіру қажеттігі туады. Әлі де болса, «қазақ тілі» деген сөз естілсе болды, кейбір орыстілді азаматтар «ал орыс тілі неге…» деген әңгімені бастап, екі тілді салыстыруға кіріседі.

Меніңше, орыстілді аудитория «Қазақ тілі — біздің тіліміз!» деген ұғымды толық қабылдамайынша, пікірталасты бастаудың қажеті де жоқ. Өкінішке орай, мұндай жағдайды да өзіміз қалыптастырдық. Осы күнге дейін «қазақ тілі» деген терминнің орнына біздер «мемлекеттік тіл» деген сөзді қолданамыз. Сондықтан болу керек, орыстілді азаматтардың көпшілігі бұл екі терминді екі бөлек ұғым деп қабылдайды. (Шет елдердің «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарының бірінші бабында, мысалы: «Мемлекеттік тіл – украин тілі» деген сөз жазылса, басқа баптардың барлығында «украин тілі» деген сөз тіркесі қолданылады. Ал біздер «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейміз де, басқа жердің бәрінде «мемлекеттік тіл» деген терминді қолданамыз. Сонда біздің елде мемлекеттік тіл деген жаңа бір ерекше тіл бар сияқты әсер қалдырады) Меніңше, орыстілділерге түсінікті болуы үшін барлық жерде мемлекеттік тіл дегеннен көрі «қазақ тілі» деген терминді қолдануымыз керек.

«Қостілділік» ұғымы

Кеңес одағы кезінен Қазақстанды – «қостілді Республика» деп атап келді. (Қазір де пікірталас кезінде «біздер қостілді»), тұрғындардың барлығы да қостілді меңгеріп, сөйлесу кезінде бір тілден екінші тілге еркін көше алатын болғанда ғана, ондай елді «қостілді ел» деп атайды. Қазақстанда тек қазақ тілділер ғана қостілді болды да, орыстілді қауым – бір тілді (орыс тілді) деңгейде қалды. Бұндай жағдайды «бір жақты қостілділік» деп атайды және бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамдағы қайшылыққа алып келеді.

Орыс тілділердің басым көпшілігі «қостілділікті» өздеріне қатысты қолданбайды, басқалар біздің тілімізді түсінуі керек деген бағытта ғана қолданады. Оларды осы қателіктен арылту қажет. 90-жылдардың басында Қазақстандағы орыстілді ұйымдар мен кейбір ұлыдержавалық бағыттағы қоғамдық тұлғалар екі тілді де мемлекеттік тіл деп жариялау керек деген ұран көтерген болатын. «Қостілділік» ұғымын түсінбеген жерлестеріміз шын мәнінде қостілділік орнаса, өздерінің жағдайларының өте қиын болатынын білмеген болатын.

Тіл мәселесін — саяси, ұлтаралық мәселеге айналдырмау қажеттігі

Дөңгелек үстелдер мен кездесулердегі ерекше көңіл бөліп, жан-жақты түсіндіретін бір мәселе – лингвистикалық мәселені саяси мәселеге айналдырмау мәселесі. Сондықтан да кездесулерде біздер тек қана «орыстілділер», «қазақтілділер» деген сөздерді қолданамыз. («Орыстілділер» дегенде оның ішіне миллиондаған қазақтар кіреді де, «қазақтілділер» деген ұғымға мыңдаған басқа ұлт өкілдері енеді). Өкінішке орай, 90-жылдарда тіл мәселесін саяси, оның ішінде, ұлтаралық мәселеге айналдыру кең орын алды. Сол кезеңдегі қалыптасқан қате түсініктің зардаптары әлі күнге дейін сақталып келеді. Айта кету керек, осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде, дөңгелек үстелдер мен кездесулерде тіл мәселесіне байланысты пікірталастарда ұлтаралық мәселе көп қозғалмады. Бұл да қоғамның оянып келе жатқанының көрсеткіші деп білуіміз керек.

Қазақ тілінің қазіргі даму қарқыны мен болашақтың талаптарын түсіндіру

Орыстілді азаматтарды көпшілігі қазақ тілінің даму қарқыны тоқтамайтынын, жыл сайын мемлекеттік тілдің қолдану деңгейінің күшейе түсетінін, қоғамның келешегі қазақ тілінде екенін әлі толық түсіне қоймаған сияқты. Олар өздерінің бүгінгі «қостілді» жағдайы өзгермейтіндей көреді. Сондықтан, қазақ тілін білуді қажеттілік деп санамайды. Кездесулерде олардың осы қалыптасқан пікірін өзгертуге күш салу қажет. Біздер сан түрлі деректермен, мысалдармен қазақ тілінің республика көлеміндегі дамуын көрсетіп, көздерін жеткізуге күш саламыз. Мысалы, сан түрлі зерттеулерге сүйенсек, Тәуелсіздікке дейін мектеп оқушыларының 34 пайызы ғана қазақ тілінде оқыса, қазір бұл көрсеткіш 64 пайызға көтерілді.

Алматы қаласында жалғыз қазақ мектебі болса, қазір 56 қазақ тіліндегі мектеп бар. Қызылорда қаласында жалғыз ғана таза орыстілді мектеп қалды…Қоғамдық орындарда жұмыс істейтін көптеген мамандық иелерінен қазақ тілін білу, заңды талапқа айналып келе жатыр. Дөңгелек үстелдер мен кездесулерге қатысып отырған Тілдерді дамыту басқармаларының қызметкерлері орыстілді азаматтарға жақын арада өмірге енетін «Қазтест» бағдарламасын түсіндіріп, келешекте қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын жүйенің іске қосылатынын, оның мақсаты мен міндеттерінен хабардар етті. Қысқасы, қазақ тілін меңгермеген адамдардың «тіршілік кеңістігінің» тарылып келе жатқанын орыстілді азаматтарға ашық жеткізу, олардың өз ұрпақтарының болашағын бүгіннен бастап ойлануға алып келеді. Өкінішке орай, осы мәселені «орыстілділердің мүддесін қорғайтын» ұйымдар мен азаматтар айтып жатқан жоқ. Оны айту, түсіндіру – біздің міндетіміз.

«Қазақтілді мектеп нашар білім береді, ал орыстілді мектептер сапалы білім береді» деген ешқандай негізсіз, қашпа әңгімені (насихатты) дұрыс түсінді.

Орыстілді әлемнің қазақ тілін үйренуінің ең тиімді жолы балаларын қазақ тілді мектептерге беру. Осы мәселе сөз бола қалса, орыстілділердің көпшілігі (орыстанып кеткен қазақтар мен басқа ұлт өкілдері де) бетттері былш етпестен, «қазақ тілді мектептердің білім беру сапасы төмен, сондықтан ғана біз балаларымызды орыстілді мектепке беруге мәжбүрміз» деп шыға келеді. Балаларының орыс тілін ғана білетіндігін ақтау үшін таратылған осы бір «ертегіге» біздің азаматтардың кейбіреулерінің қосыла бас изейтіндігін де ашық айтуымыз керек.

Бұл идеология – бір ұлтты, екінші ұлттан жоғары қоятын нағыз фашистік ұстаным.

Біріншіден, біздің еліміздегі барлық оқу бағдарламалары (қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептері болсын) бірдей, екіншіден, соған сәйкес, оларға арналған оқу құралдары да (оқулықтар мен көмекші оқу құралдары) бір нұсқада жасалынады.

Үшіншіден, қазақтілді топтарға сабақ беретін мұғалімдер орыс тіліндегі топтарға да дәріс береді (Мен де педагогикалық институтта жұмыс істеп жүргенде қазақ топтарына «Практикалық қазақ тілінен» сабақ берсем, орыстілді топтарға «Орыс және қазақ тілінің салыстырмалы грамматиткасынан» дәріс оқыдым). Сондай жағдайда орыс тіліндегі мектептің сапасы қалайша артық болмақ? Демек, бұл бір тілден не бір ұлттан екінші тіл (ұлт) артық жаратылған деген фашистік идеологияның нақ өзі. Әрине, көпшілігіміз жан-жақты ақпаратты орыс тілі арқылы көбірек аламыз. Бірақ, бұл жерде қазақтілді оқушылар орыс тіліндегі ақпараттармен таныса алмайды деп ешкім де айта алмайтын шығар. Егер оқушылардың арасындағы халықаралық конкурстар мен жарыстардың қорытындысына қарасақ қазақ тілді мектептер бірінші орында тұрғаны да шындық. ҰБТ қорытындысы да қазақтілді мектепті бітірушілердің ешкімнен кем емес екенін көрсетеді. Қазіргі билікте отырғандардың да басым көпшілігі қазақ мектептерінің түлектері екендігі де талассыз мәселе. 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста