Бодандыққа бағынбаған батыр

Бодандыққа бағынбаған батыр

 

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы сөз

Әлбетте, баяғы замандағы әрбір ауылдың сойыл сілтегіш қойтентек барымташы-қарымташыларын қолқаруына бола дәріптей берсек, онда бар қазақты «батыр» атандыруға болады. Ал ақиқатында батырлардың да батыры болған. Айталық, Кіші жүз елінде ғұмыр кешкен батырлардың халық жадында жатталып, аласапыран дәуірлер сынынан есімдері екшеліп бізге жеткендері санаулы-ақ. Сондай сиректердің бірі – Нұрмұхаммедұлы Жанқожа батыр (1774-1860).
Мен туып-өскен ауылда көпті көрген дана пішінді аталарымыз арғы-бергі тарихтан сыр шерткенде Бақтыбай, Құл, Жылқаман, Жылқыайдар, Ақтан, Толыбай, Бәйімбет, Жанқожа сынды батырлар туралы жиі әңгімелеп отыратын. Нелер заман айнала анталаған­дар­дан қазақтың құрып кетпей жұрт бағып қал­ғаны – қол бастаған баһадүрлердің арқасы еді. Бірақ олардың жанқиярлық еңбегін советтік қитұрқы саясат еш қылды. Мысалы, «Қазақ Совет энциклопедиясының»1976-шы жылы басылып шыққан 8-ші томында (419-шы бетте) Жанқожа батыр туралы: «Н.Ж. еңбекші халықтың патша үкіметіне қарсы наразылығын Сыр бойында өз билігін нығайтуға пайдаланбақ болды, өз қарауындағы қазақтарға сұлтандар билігін орнатуға тырысты», − деп жазылған. 
Бұл – жала! Жанқожаның ата тегі шұбартөс шонжарлардан емес. Ал өзі байлық пен мансапқа қызықпаған, билікке де белсеніп құмартпаған; алдындағы аз ғана малы мен даланың құмаршығын (жабайы дәнді дақыл) қанағат қылған. Жаратылысынан көп сөйлемейтін, ойланып отырып сөйлейтін, мінезі ауыр, бес уақыт намазын қаза қылмайтын, үнемі ой шырмауында жүретін тұйық адам болған. Жаугершіліктен түскен олжаны әрбір шаңыраққа қылдай бөліп бергізеді екен. Оның осындай кісілігі, азаматтық өресі, ерліктері мен қайырымдылығы ел аузында аңызға айналған. Жаумен жекпе-жек айқастарда жеңілмеген ерен ерлігі мен елшілік дау-шарды қоздырмай райластырудағы әділдігіне тәнті болған халық оны әулиедей көрген. Жыраулар жырға қосқан, бізге ол туралы 8 дас­тан жеткен.
Егер Жанқожа «қазақтарға сұл­тан­дар билігін нығайтуға тырысқан» болса, оны көзкөрген жұрт осылай құрметтер ме еді? Батыр патша ұлық­тары ұсынған әскери шеннен де, мойынға тағатын бағалы аннен баулы медальдан да, жәрдем пұлдан да бас тартқан. Арына адал болған. Орыс орамының дала жұртының тұрмыс салтымен үйлеспейтіндігін ерте аңғарған.
Ол қанша қаһарман батыр, иманнан жаралған әулие, ақылды дана болса да, өмірден рахат көре алмай дүркін-дүркін дүрбелеңге салатын жаугершіліктен жаны күй­зе­ліп жабырқап, мамырайқан бейбіт тұрмыс­тың жан тыныштығын аңсаумен болған. Дерек­терге жүгінелік. Сырдарияның сол жағалауы мен Арал теңізінің шығыс және арқа-шығыс өңіріндегі ежелгі ата қоныстарында отырған жиеней, жолшора, төртқара, қаракесек, қарасақал, құрманай, құттық, асан, үсен, жақайым руларының, дарияның оң жағалауындағы Қазалы саласының, Атанбас пен Ақбай, Шөмішкөл, Қарабұғаз, Қамыстыбас көлдерінің, Ақирек тауының атырабындағы ауылдардың, егінші жатақтардың қорғаны болуды маңдайына жазыпты. Олардың алып жатқан аумағы, жайлаған жерлері – бүтін бір мемлекеттің байтағындай еді. Ұшы-қиырына көз жетпейтін сол өлкенің малы мен жанын қорғау Жанқожа бастаған жанкештілерге оңай болмаған.
Жанқожа жаратылысында кеңқол­тық қара шаруаның өзі еді. Оны батыр­ қылған сол заманның қиян-кескі оқиғалары. Энциклопедиядағы: «Еңбекші халықтың патша үкіметіне қарсы наразылығын Сыр бойында өз билігін нығайтуға пайдаланбақ болды» деген дәйек – жалған дәйек. Ақиқатында, Жанқожаның қара бор­бай шаруаларды билейін деген ниеті болмаған. Сыртқы сойқан дұшпан­дардан, ел ішіндегі мейірімсіз кісәпір­лер­ден зәбір көріп, жапа шеккендердің өздері келіп батырға шағымданады екен. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында З.Шүкіров және Б.Алдамжаров халқының қор­ғаны болған қолбасшы баһадүр туралы ақиқат пен аңыз әңгімелер ізімен «Сыр бойы», «Ұлы сел» деген романдарын жазып еді. Сол туындыларда өмірде болған адамдармен бірге қаламгерлердің қия-лынан туған жанама кейіпкерлер баяндалатын. Турасын айтқанда, ақиқа-тынан аңыз баяны басым шыққан. Айталық, Зекеңнің туындысында Сыр бой-ында, Жанқожа батырға байланысты болған оқиғаларға қатысы жоқ Сегізсері мен Мақпал қыз жүр. 
Жазушы Әбсаттар Оспановтың осы жуырда жарық көрген роман­да­рында («Наркескен») жанама-жасанды кейіпкерлер атымен жоқ. Кейіп­керлерінің бәрі өмірде болған тұлғалар. Автор осы уақытқа дейін ел ішінде айтылып келген аңыз әңгімелерден шын болған оқиғаларды аршып алған. Әрбір оқиғаның болған жылын, айы мен күніне дейін мұрағаттан (архивтен) нақтылап алып, Жанқожаның 15 жасынан ақтық демі біткенге дейінгі аралықта болған небір хикметтерден ауытқымай хронологиялық жүйемен баяндаған. Бұл кесек туынды сонысымен, яғни бұлтартпас деректілігімен құнды, әсіресе тарихшыларымыз үшін! Жазушының бізді және сүйсінткені: трилогияда әрбір өзен, көл, тоғай, құдық, сай-сала, төбе-төбешікке дейінгі жер атауларын жасынан жаттап өскендігі. 
Осы азаматтың 1992-ші жылы «Ғылым» баспасынан «Жанқожа батыр» деген зерттеу еңбегінің бірінші кітабы жарық көрген еді. Жанқожа тағдырын мұрағаттарды ақтарып зерттеуге және осы үш романды жазуға өмірінің елу жылын сарп еткен. Халық батырының өмірін түбірлеп зерттеу үшін тарихшы ғалым, жазушылармен бірге 16 рет экспедициялық сапарда болған. Кейде экспедиция құрамын өзі басқарған.
Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді: «Ғалымдар қазақ елінде болған ұлт-азаттық көтерілістердің санын 372-ге жеткізді» деген екен. Заманында Жан-қожа бастаған көтеріліс осы санға енді ме, енбеді ме, бізге белгісіз. Ал мына туындының бірінші кітабында бүкіл саналы ғұмырын Хиуа, Қоқан хандықтары мен патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күреспен өткізген теңдессіз дала батыры Жанқожаның және оның сайыпқыран қаруластары: Толыбай Мыңбайұлы, Дабыл Бекшеұлы, Ақтан Ақайұлы, Беласар Рысбай-ұлы, Дәрменқұл ахун Қосымқожаұлы, Бекарыстан би Амалдықұлы, Есет Көтібарұлы, Қызылбас палуан, Шабақ Қазанбайұлы, Еспенбетұлы Төремұрат сияқты есімдері ел жадында жатталып қалған билер мен батырлардың 1792-1841-ші жылдар аралығында болған қиянкескі шайқастардағы ерен ерліктері туралы оқиғалар көркем суреттелген.
Бұл заңғарлар тарихтың өте бір қым-қиғаш кезеңінде ғұмыр кешкен. Кезінде Әбілқайыр хан Хиуа жеріне ығыстырған қарақалпақтар, оларды бағындырған Қоқан бектері аяғында қазыналы байлық үшін діндес жамағаты қазақпен жауықты. Және сол тұста Үндіқытай түбегінің басым бөлігін отарына айналдырып алған ағылшындармен сыбайлас Хорезм шахы Сыр өңіріне дүркін-дүркін, сұғына кіріп ойрандайтынды шығарды. Қоқан бектері де озбырлық жасаумен болды. Бір жағынан Қытай, Үнді және Таяу Шығыс елдерімен сауда жасауды көздеген Ресей патшалығы иен даланы еркін жайлаған қазақ елін қақ жарып керуен жолын ашу үшін кезінде Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылу жөніндегі келіссөзін желеу етіп, Арал жері мен Сыр бойына бекіністер салуға кіріскен еді. Содан жергілікті халық Қоқан, Хиуа бекіністері мен орыс орамының қыспағында қалды.
Міне, Жанқожа осындай қым-қиғаш қилы кезеңде шықты тарих сахнасына. Бірінші кітап («Бас кескен балта») Жанқожаның әкесі Нұрмұхаммед батыр бастаған ерлердің Хиуа хандығын 14 жыл билеген Мұхаммед Рахим шахтың өктемдігіне қарсы күресін баяндаған. Оқып көрсеңіз – сұмдық! Қанішер қарақшылар айқаста шейіт болғандардың санын Хиуа ханына дәлелдеу үшін баяғы Шыңғыс хан жаналғыштарының «үлгісімен» құлақтарын кесіп апарып беретін, сонысына сыйлық алатын болған. Сыр бойының жұрты осындай тексіздікті де көрген. Екі шапқыншылықта Сырдарияның, оның Қуаң, Адам-Ата, Сабыр дейтін салаларының төменгі және Арал теңізінің шығысындағы ауылдар адам айтқысыз ауыр қасіретке ұшырап, жеті жүзден аса адамынан айырылған. Ондаған отбасын тұтқындап, елуге тарта нәрестені бесігімен ағысқа лақтырған. Батырдың жасы 83-ке қараған әкесі де шейіт кеткен. Кейін Жанқожа, Ақтан бастаған батырлар Қызылқұм шайқасында шахтың әскерін тас-талқан ғып жеңіп, кек қайтарған. Содан Сыр атырабына 15 жылдай бейбіт дәурен орнаған екен.
Алайда бүліншілік онымен тынбады. Бабажан, Уәйіс-Нияз, Қожа-Нияз деген бектер Қуаң мен Сырдың арғы бетінен бірнеше бекіністер салдырып, әрқайсысында жүзден төрт жүзге дейін сарбаз ұстаған. Халық хиуалықтар мен қоқандықтарға тағы таланды. Бұл шақта Жанқожаның жасы алпыс­тан асқан, бірақ жанына тыныштық жоқ. Бұл қандай тағдыр?! Жортуыл да жортуыл. Ат үстінен түспей жүріп сарттардың Қосқорған, Күмісқорған, Жөлек, Жаңақорған бекініс-қамалдарын қиратты. 1841 жылы тамыздың жиырма тоғызына қараған таң алдында Ақмешітке тұтқиылдан атойлап, Якуп бектің есін жиғызбай, бекінісінің ойран ботқасын шығарған. Алпыс жеті жасында!
Сондай аласапыранда қазақ қазақ­қа жәрдемдесуден қалған еді. Айнала – Қорқыттың көрі. Жолбарыс жүректі Жанқожа мен «ақша бұлтты» Ақтанның сайыпқырандарына тек бір Алла ғана жар болып тұр. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Кенесарымен арадағы драма да Жанқожаға оңай соққан жоқ. 
Бір жанталастан кейін тағы жанталас. Ресейдің Арал жерінен бастап бекіністер салуға жіберген алғашқы жолашар қосынын Тілеу-Қабақ жерімен шекарада Есет Көтібарұлымен күш біріктіріп жеңді. Оны аяқтай бере Кенесарының шақыртуымен Созақ қамалын алуға аттанды. 
Екінші кітапта («Адыра қалған үміт») Жанқожа батыр сарбаздарының хиуалық бектердің 1842-1852 жылдарда Сыр бойы атырауына жасаған жо-рықтары кезінде болған ерліктері және Ресей отаршылдарының Райым, Қаза-лы, Қармақшы форттарын салып, бұл өңірді де бөліп алып билеу саясатын жүргізуі салдарынан жергілікті жұрттың езгіге, аштық пен босқынға ұшырау сергелдеңі жыр болады. Бұл кітаптан біз Ақтан батырдың Бабажан қамалын алудағы ерлігіне қанығамыз. Ол екеуін тек ажал ғана айырған. Сондағы ұрыста Бабажан өлді. Ақтан мен Бердібай батыр Бабажанның зекетшісі Раманқұлды, сатқын Жанғазы ханды, Омар төрені тұтқындап, билер алқасына жүгіндірген.
Бұл уақытта Сыр бойы сайып­қы­рандарын тағдыр тағы бір ауыр сынға салды. 1846 жылқы жылының қысы өтіп, жазы бастала бергенде Ресей-дің Орынбор бекінісі жағынан генерал-губернатор В.В. Обручевтің мұздай қаруланған ауыр әскері Тілеу-Қабақ жерін басып өтіп, Арал, Сыр бойына бекіністер салып орнығу жорығына бет алды. Ел ішінде үрей басталды. Жанқожа Ырғыз жеріне көшіп барған еді. Келесі жылы Уәйіс-Нияз бен Қожа-Нияз бектің бес жүзден аса хиуалық қарақшылары Ақбай, Қарабұғаз, Қамыстыбас, Атанас көлдерін, Ақирек тауы мен Сырдарияның екі жағалауын сағалап отырған ауылдарды шауып, талап, тонап, төрт жүздей адамын қырып кеткен. Шабарманның хабары Жанқожаны тағы да атқа қондырды.
Орыстардың алғашқы легінің Қандыағаш жерінде масқара болып жеңілгенінен хабардар Хиуа мен Қоқан озбырлары бұрынғыдан да еркінсіп кеткен еді. 1814 ит жылы Түркістанды жаулап алған Қоқан хандығы соңғы 20 жылдай уақытта Жаңақорғаннан Майлыбасқа, одан Арал теңізіне де­й-ін­гі жолдарды бақылаумен болды. Қожа Нияз бек бастаған хиуалықтар мен Хорезмге бағынған Жанғазы хан және Елеке сұлтан бір жорығында мың қаралы шаңырақты қиратып, 21 келіншекті тұтқындап, 30 сәбиді тірідей өлтірген қорлығы бар. Дүние-мүлікті тонап, төрт түлікті айдап кеткен. Батырдың Хиуа мен Қоқан шапқыншылығын тоқтата алмасына көзі жеткен. Олар орыстардан да айбынар емес. Сондықтан қасына Бекбауыл биді ертіп, Қамыстыбас көлінің салқын сабатында демалып жатқан В.Обручевке жолығып, сарттарға қарсы күш біріктіру жөнінде пікірлескен.
Райым бекінісінің басшысы подполковник Ерофеевтің жауынгерлері Жанқала қамалын алуға зеңбірекпен көмектескен. Батыр бастаған ерлер қамал қапасындағы тұтқындарды босатып, 3 мың түйе, 500 жылқы, 2 мың сиыр, 50 мың уақ малдарын иелеріне қайтарған. Бұл 1847 қой жылы тамыз айының жиырма үшінші жаңасында болған дүрбелең еді. Жанқожаның 73 жасында!
Сол жылы қазан айында Хиуаның 8 мыңнан аса әскері қайта шапқан. Бұған жалғыз Жанқожа қолының қауқары жетпейтін еді. Тағы да келіссөз. Ерофеев бұл жолы да жауынгерлерін қосты. Хиуалықтардың қырылғанынан аман қалғандары бассауғалап қашқан. Бірақ халықтың көргенінен көрмегені әлі алда еді. 1849 тауық жылы мен ит жылының қақаған қысында Сыр елі бұрын болмаған жұтқа ұшырады: 4200 түйе, 16 мың жылқы, 18 мың сиыр, 43 мың уақ мал қырылды. Наурызбай төрені жауға жалғыз тастап кетіп елге оралған Бұқарбай сол жұт жылы қоқандықтармен бірігіп өз бауырларын шауып: 555 бас түйе, 934 жылқы, 139 сиыр, 20800 уақ мал олжалады. Жанқожалар қапы қалған. Амал жоқ, енді ауыртпалық әкелген жұт пен іштен шыққан дұшпанның әлегінен күйзелген ауыл-аймақты қыстан аман алып шығу керек. 
Жанқожаның бұдан былайғы ғұмыры үшінші кітапта («Сатқындық құрбандары») тағы да қасіретке толы болды. Оған 2 рет қастандық ұйымдастырыла жаздады. Бірі Хорезм шахы Мұхаммед Рахим, сосын батырдың абырой-беделін көре алмаған ағайындары тарапынан. Еңбегі еш, тұзы сор болды деген – сол. Арал кіндігі мен Сыр атырауына алаңсыз орнығып алған орыстар жерсіне келе жергілікті жұртқа күн көрсетпейтін болды. Неқилы сорақылықтары аздай, жалданып жұмысқа жегілген 3 азаматты тірідей отқа жағып жіберген. Қазақты жабайылар деп қорлайды, қарсыласса аямайды. Орныққан ата қоныстарының сулы-нулы жерлерін тартып ала бастады. 
Қорлық пен зорлықтан зардап шеккен елдің рубасылары мен билері батырдан тағы да пәрмен күтті. Онсыз да зығырданы қайнап жүрген батыр жұртын жерге қаратпады. Орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті бас­тады. Трилогияның үшінші кітабында 1856 жылы басталып, келесі жылы жеңіліспен аяқталған соғыста жаужүрек батырлардың ерліктері баяндалады. Батыр Қазалы фортын қоршауға алғанымен жасақ санының аздығы мен қарудың жетімсіздігінен бекіністі ала алмады. Бұқарбай Естекбайұлы мен Сейіл Байқадамұлының және Е.Қасымовтың бірнеше жүз жасақтары (мұрағатта саны анық көрсетілген) Сырдария шебінің әскербасы барон Фитингофқа жағынып, көтерілісшілерді жазалауға да қатысқан. Қазалы форты маңы мен Сырдарияның арғы-бергі бетіндегі ауылдарды тонап, талап, түгелдей өртеп жіберуге көмектескен. Ел үдере босқынға ұшыраған.
Орынбордың жаңа генерал-губернаторы Катенин өзінің халқын аямаған Елекей, Бұқарбай, Сейіл сарбаздарының әлегін тоқтатып, үріккен елді №1 Қазалы фортының төңірегіне оралуына ілтипат білдіріп, сапырылысты басқан. Ал Фитингоф көтерілісшілерді жаныштауға көмектескендерді түрлі марапатқа ұсынған.
Сол рапортында барон: «Табын руының Оңтаңбалы аталығын басқару-шы би әрі батыр Бұқарбай Естекбаев, осы рудың Терістаңбалы аталығының басқарушысы Сейіл Байқадамов батырлығымен, ұқыптылығымен, орындаушылығымен, адалдығымен белгілі. Олардың біріншісінің бұрын 1851 жылы Құмсуатта Қазалы маңындағы шектілерді барымталап көрсеткен ерлігі үшін мойынға тағатын аннен баулы күміс медаль алғандығын ескеріп, оған зауряд-хорунжий атағын беру, ал екіншісін мойынға тағатын аннен баулы күміс медальмен марапаттау керек деп есептеймін», − деп жазыпты.
Ал тағдырға не деп болады. Көтері­лісті 82 жасында бастап, ақырып тең­дік сұраған Жанқожаны 4 жылдан кейін Сейіл әкесі Байқадамның өлер алдындағы сөзіне бола Қызылқұмның меңіреу түкпірінде жалғыз үй отырған жерінде басты. 
Орыс ұлықтары Жанқожаны пат­шаға бодан болуға антын алып көн­діргісі келген. Батыр көнбеген. Жоғарыдан жазылған хатқа да жауап қайтармаған. Қазақтың қилы тарихында төрелерден Кене хан, қара қазақтан осы Жанқожа бодандық антты қабылдамай өткен. Екеуінің де есімі халқымыздың жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалды. 

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ

turkystan.kz

(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста