Бір суреттің тарихы...
12 қаңтарда ірі тұлға, қоғам қайраткері, қазақ халқының есінде кемеңгер саясатшы, абыройлы азамат ретінде қалған Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Осыған орай бір суреттің тарихынан естелік айтқым келеді. Отбасылық болса да, айтар өнегесі орасан деп ойлаймын.
 
Бірде Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған курстас досым Гүлнар Серікқызының  жеке архивінен Дінмұхамед Ахметұлымен бірге түскен суретті көріп, қайран қалдым. Өз үйінде, қарапайым ортада, үстіне оюлы шапан киген Димекең досыма сый-кәдесін ұсынып жатыр. Гүлнардың алдында сәби отыр.
 
 
-Оо, бұл бір тарихи сәт еді. Естен кетпес оқиға. Бұл сурет 1992 жылдың 11 сәуірінде түсірілген, - деп бастады естелігін досым. &ndash Менің тіземде отырған сәби - Ақдана, менің ағам Ернардың қызы. Содан бір  жыл бұрын біздің шаңырақты шаттыққа бөлеген, ата-анамның тұңғыш немересі дүниеге келген болатын. Көптен күткен нәресте. Әкем Серік Әбдірайымұлының қуанышында шек жоқ. Содан, ол кезде үлкен әжем бар, анам Шәрбанумен отырып, өзара ақылдасады. «Димаш ағамыз ірі, киелі тұлға. Сол кісінің батасын алайық. Есімін Димекең қойсын» деп шешеді отбасылық кеңесте. Әкем Димекеңе қоңырау шалып, қуанышымен бөлісіп: «дүниеге тұңғыш немерем келіп жатыр, өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің атын өзіңіз қойсаңыз» деп қолқалайды. Димекең біраз есімдерді тізіп шығады да, аяғында Ақдана деген есімге тоқталады.  «Тұңғыш бала қыз болса, ырыс келеді» деседі. Ендеше өзі дана болсын, сенің есімің -Ақдана» деген Димаш Ахметұлы үш рет азан шақырып, атын қойған еді. Содан Ақдана тура жасқа толғанда әкем «енді Димекеңе барып, сәлем берейік, немереме ақ батасын берсін» деп, бізді &ndash ағам Ернар, келініміз Ардақ пен мені Төлебаев көшесіндегі үйіне ертіп барды. Ол кезде Димаш ағаның зайыбы Зуһра апай қайтыс болып кеткен, есікті консьерж ашты. Димекең бізді көріп, қатты қуанды, бір жағынан абдырап қалғаны да көрініп тұр. Қалбалақтап, қай жерге отырғызарын білмей, жалпақтап жатыр.
 
«Димеке, есімін өзіңіз қойған Ақданаңыз қалт-қалт тұрып, аяғын басқалы жүр. Үлкен өмірге қадамы сәтті болсын деген ниетпен, өзіңіздей асыл тұлғаның батасын алуға келдік» деп жай-жапсарды түсіндірді әкем. Димаш ағаның қатты толқып кеткенін байқадым. Ақдананы алдына алып, басынан сипады. Ақданаға, бізге ақ жол тілеп, ақ батасын бергеннен кейін «бұл сәби әлі періште ғой, қуыс үйден құр шықпа деген, енді не берем?» деп бәйек болды. «О не дегеніңіз, Димеке?! Сіздей өр тұлғаның батасынан артық сый-сияпат, құрмет жоқ бізге» деп біз де жинала бастадық. Содан  суретте сіңілім қолына ұстап отырған қуыршақты алып келді. «Мынау Үнді сапарынан келген қуыршақ еді, ал мынау сіздерге» деп Ақдананың анасы Ардаққа орамал, маған «Может быть» деген әтір ұсынды. Есіңде ме, Польшада шығатын бұл әтір сол кезде қолға түспеуші еді ғой. Иісі мүңкіп, жүріп өткен жерімде жұпары біраз уақытқа дейін тұратын. Бәрінен де, тарихта өшпес ізі қалған, жылдар өткен сайын халқының алдында қадірі артып келе жатқан Дінмұхамед Қонаевтай ұлы тұлғадан бата алғанымызға, осындай асыл азаматтың киелі шаңырағында болып, бірер минут болсын лебізін тыңдағаныма өзімді бақытты санаймын. Осындай  мүмкіндік сыйлаған әкеме алғысым шексіз. Міне, бұл суреттің тарихы осындай.
 
-Қандай қарапайымдылық! Ол кісінің тұрмысы да үлде-бүлдеге оранбаған деп жатады. Есіңде жоқ па?
 
-Өте көп кітап көрдім. Әр жақтан әкелінген сый-кәделер, зажигалканың коллекциясы болды. Ол кісі зажигалка жинаумен әуестенген екен. Қазір ол үй Дінмұхамед Қонаевтың музейіне айналған, - деп аяқтады әңгімесін Гүлнар досым.
 
Кинооператор Ескендір Тынышбаев бір естелігінде былай дейді: «Сонша мәрт адамның сен бір жақтан жолаушылап келгенде балаша қолыңа қарайтынына қайран қаламын. Сондағы күтетіні Тас шақпақ (зажигалка). Әкелсең &mdash ат мінгізгендей қуанады, әкелмесең &mdash «мен сенің сараң екендігінді енді білдім» деп, қасқайып қарап отырады. Ұлы адамның біз білмейтін құпия жаратылысы бар шығар».
 
Осы жерде Серік аға туралы айта кеткен де орынды болар. Университетте оқып жүргенде, ол кісілердің шаңырағында талай рет болып, Шәрбану апайымыздың  тіл үйірер палауынан дәм татқанбыз. Серік Әбдірайымұлы  көрнекті журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінде 1974 жылдан дәріс оқыған, талай жастардың қаламын ұштап, өмірлік бағыт берген ұстаз. Әр жылдары «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы, «Өнер» баспасының редакторы, «Санат» баспасының директоры қызметтерін абыроймен атқарған. 1993 жылдан Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті қызметін атқарды. «Жалынды жастық шақ», «Еңбек Ері Ермеков» кітаптарының авторы. Дінмұхамед Қонаевтың «О моем времени», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты мемуарларының әдеби көркемдеушісі. О.Кемаль, П.Куусберг, Б.Васильев, Ф.Шаляпиннің еңбектерін қазақшаға тәржімалаған талантты аудармашы. 2010 жылы аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде жазушы Серік Әбдірайымовтың оқу залы ашылғанын мақтанышпен айтамыз. Серік ағамыз өмірінің соңына дейін қазақ халқының біртуар перзенті Димаш Қонаев туралы жағымды пікір айтып, ұлы тұлғаның ойып алар орны туралы айтып кеткен азаматтардың бірі.
 
Дінмұхамед Қонаевтың ақ батасын алған Ақдана Ернарқызы бүгінде бойжетіп, отбасын құрған, бір ұл, бір қызы бар. Гумилев атындағы Еуразиялық университетте докторантура бағдарламасы бойынша оқуын бітірген. Халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, ұлтының Ары мен Намысы бола білген Димекеңдей азаматтың батасы Ақдананың өмірлік шамшырағы болады деп сенемін.
 
 
Айна Ескенқызы