Бір өзі 20 адамды жайратып салған Құныскерей батыр
Экспресс К Кеңес билігінің отарлық саясатына қарсы шығып, милициямен күрескен Құныскерей батыр туралы қолда бар деректерді жариялауды жөн көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Құныскерей батырдың тарихы өткен ғасырдың 1920 жылдарынан бастау алады. Кеңес үкіметі қазақ жеріне билігін орнатқан кезде Кіші жүзден Құныскерей бастаған үлкен топ Кеңес әскеріне қарсы шықты. Олардың басты мақсаты қазақ жеріндегі Кеңес билігін құлату болды.
Құныскерей Қожахметұлы 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол Кіші жүздің он екі ата Байұлынан тараған Ысық руынан шыққан. Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен 1880 жылы салынған қазақ мектебінде білім алып, сауатын ашады. Өте білімді болған Құныскерей басшылық қызметтерді де атқарады.
Оны замандастары өте әділ, шыншыл, қайсар ретінде сипаттаған. Құныскерейдің қайсарлығы соншалықты, суға батып кеткен қазақ шаруаларының құлындарын бірнеше рет өзеннен шығарып алыпты. Батыр ат үстінде ойнап, аңға шыққанды жақсы көрген.
Құныскерейдің мергендігін де айта кеткен жөн. Ол ұшып бара жатқан құсты көзге ататын, мылтықпен адам құлағын дәл тесе алатын болған. Оның ерліктерін халық аңыз қылып айтады.
Деректі кітаптарда көзкөргендердің айтуымен мынадай бір жағдай суреттеледі. Киіз үйдің ішінде отырған Құныскерей өз мылтығын тексермек болып, бір адамға сыртқа шығып, нысана ретінде күректі жоғары көтеріп тұруын сұрайды. Одан қай жерді көздейтінін сұрағанда, ол: "Күрекке кез-келген ақымақ тигізе алады, ал мен сабына тигіземін", — депті. Киіз үйдің ішінде отырып, нысанаға көздеп атқан ол күректің сабын қақ айырған екен.
Қазақ жеріне Кеңес үкіметі орнатылып жатқанда, Құныскерей орыс билігін қабылдайды. Алайда ол ұжымдастыру кезіндегі әділетсіздікті өз көзімен көріп, ойын түбегейлі өзгертіп, Ресей саясатына қарсы соғыс ашады. Қарапайым халықтың бар жиған-тергенін орыс милициясы тартып алып жатқанда, Құныскерей қарап тұра алмаған...
Үкімет белсенділерімен қақтығысқан алғашқы оқиға 1920 жылы болды. Ол кезде Кеңес билігі жекеменшігінде малы болған азаматтардың барлығына бірдей азық-түлік салығын енгізген тұс. Құныскерей ауылдық кеңестің төрағасы болып жұмыс істей жүріп, басшылыққа халықтан жүн, ет және сары май жинау жөніндегі есепті ай сайын тапсыруға міндетті болады. Жоспарды толық орындау мүмкін бола бермейтін. Күн ыстық кезде халық ет пен майды сақтай алмай қалып жататын. Кей кезде азық-түлік салығының жиналуын тексеріп, бір топ чекистер қазақ ауылдарын аралайтын. Олар көбіне тым шектен шығып кететін, "зиянкестерді" анықтап, коммунистердің саясатына "контраларды" іздейтін.
Құныскерей Кеңес үкіметі "Халық жауы" деп таныған қазақтарға көмектесіп, оларды жасырған. Бұл туралы сол кездегі аудандық милиция біліп, оған да қысым көрсете бастайды. Алайда Кіші жүз батыры барлық арандатушылықтарды жеңе біледі.
Құныскерейдің алғашқы қақтығысы жазушы Қайыржан Хасановтың әңгімелерінде суреттеледі. Ол оқиғаны 60-жылдары жазушы Хамза Есенжанов "Ағайынды Жүнісовтер" атты романында сюжет ретінде пайдаланған. Бұл оқиға жайлы атыраулық қариялар — қызылқоғалық ақсақал Хасан Жақыпқалиұлы мен Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Базаршолан ауылының тұрғыны Ораз Ұсағалиева толығымен әңгімелеп берді.
...1922 жылдың күзінде Құныскерейдің үйіне Кіші жүздегі атақты ақын, композитор, еркіндік сүйетін тентек Ерғали Аязбаев түнеуге келеді. Қазан төңкерісіне дейін оны қарақшы-барымташы деп ізіне түссе, коммунистер оған контрреволюционер деген айдар тақты. Ол Құныскерейдің құрдасы болатын. Олар ежелден дос-жаран, туыс адамдар болатын. Олар бір-біріне құда еді. Сол түні жаралы Ерғали қуғыннан жасырынып жүрген. Жанында екі жолдасы болған. Олар демалып жатқан кезде Құныскерейдің үйін ОГПУ мен милиция қызметкерлері, жалпысы 20 адам қоршауға алады. "Қашқын қарақшыны" ұстау ісіне Ырза деген аудандық милиция бастығы, Зиман деген болыстық комитет төрағасы (академик Салық Зимановтың әкесі) және аудандық ОГПУ бастығы жетекшілік жасаған. Милиционерлермен келіссөз жүргізуге Құныскерей сыртқа шыққанда, милиция үйге кіре бергенде, атыс басталады. Құныскерей ауылдың жас милиционер жігітін атуға аяп, аяғынан атады. Кейін үйдегі адамдарға қауіпсіз жерге алып кетеді. Ал Ерғали Аязбаевтың одан кейінгі тағдыры қайғылы. 1928 жылдың қаңтарында жапан далада ОГПУ-дің қолына түседі. Тура бір жылдан кейін Оралда ОГПУ "үштігі" "халық жауы" Ерғали Аязбаевты, оның екі ұлы Ахмет пен Жұмабайды ату жазасына кеседі.
Атырау облыстық мұрағатында өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында Гурьев чекистерінің Мәскеуге жіберген жеделхаты бар. Жеделхатта Құныскерейдің халық арасындағы танымалдығы айтылады. Мәселен, мынандай жеделхат бар: "Құныскерей Қожахметовтың контрреволюциялық бандысының соңына түстік. Қуғын жергілікті кедейлердің оны қолдайтынына және жасыратынына байланысты қиын болды. Гурьев ОГПУ бастығы Фролов".
Ол аудандық милиция бастығын атып тастағаннан кейін, батырдың ізіне түсушілер де көбейеді. Тайсойған құмына жасырынған батырды ұстауға сол кездегі Гурьев милициясының бар күші жұмсалады. Туыстарын тұтқынға алып, ауылын милиция қоршайды. Бірақ Құныскерей өзінің жігіттерімен бірге қоршауды бірнеше рет талқандайды.
Негізі, Құныскерейдің атын жамылған қылмыскерлер де аз болмаған. Оның жолдасымыз деп, тонаушылықпен айналысып, адам өлтірген. Бұл, әрине, кеңес билігіне жағатын жағдай болатын. Олар Қожахметов бандасының қарақшылық істері туралы өсек таратты. Әдетте, мұндай адамдарды Құныскерей өзі іздеп тауып, қатаң жазалайтын. Олардан барымта малын тартып алып, иелері мен кедейлерге қайтаратын. Құныскерейдің қарасы аз тобы ешқашан Қызыл Армияға қарсы ашық әскери әрекетке бармаған.
Кеңес үкіметі оны аса ауыр қылмыскер, баскесер ретінде көрсетеді. 1930 жылы Құныскерей мен оның жолдастарын ұстауға арналған үлкен операция басталады. Милиция батырдың қыстағын өртеп, оның қарт әкесін атып тастайды. Тіпті қарт шалдың денесін далаға лақтырып, үш күн бойына жер қойнауына тапсыруға рұқсат бермейді. Чекистер "Құныскерей әкесін жерлеу үшін туған ауылына келеді" деп үміттеніп, қақпан құрады.
Алайда көп ұзамай жазалаушыларға "Құныскерей әкесінің үйіне келіп, отбасымен, жақындарымен, ауылдастарымен қоштасып, Қызылқоға даласынан кетіп қалыпты" деген сөз жетеді. Мұны естіген милиция басшылығы бірнеше күнге созылған бақылаудан шаршап, қырағылықты ұмытып, демалуға кетеді. Түнде Құныскерейдің адамдары ауылға жасырынып келіп, Қожахметтің сүйегін ұрлап әкетеді. Әкесін жерлеген соң батырдың тобы ауылға басып кіріп, милицияның барлығын аяусыз атып, көмекшілерін жазалайды.
Құныскерей кейін Батыс Қазақстанды аралап, қауіпсіздік мақсатында жолдастарын таратады. Өзі Башқұртстанға жетіп, туыстарының үйінде жасырынады. Арада жылдар өткен соң батыр туған жеріне бір рет келіп кетіп, Уфада бас қосқан татар қызы Мәрияммен бірге Қарақалпақстанға кетеді. Осыдан кейін оны ешкім көрмеген.
Тек 70-жылдардың соңына таман "атақты Құныскерей қалған өмірін Түрікменстанда өткізді, онда екінші отбасы бар екен" деген сөз тарады. Өтепберген Әлімгереевтің "Құныскерей" кітабында Индер ауданының прокуроры Қадыр Нұржановтың естелігі келтіріледі. Ол 1976 жылы түрікменстандық белгісіз әріптес-заңгерден мынадай оқиғаны естиді. Түрікмен заңгер өзінің отанында тағдыры қызық бір қазақ барын әңгімелеген.
"Біз Түрікменстанның оңтүстігіндегі Мары облысында өмір сүреміз. Шеркеш-Байұлы руынан тарайтын Әбілқайыр Жаманов деген бажам бар. Біз оны кейде Елемес, кейде Андрей деп атаймыз. Біз Уфалық апалы-сіңлілі татар қыздарына үйленгенбіз. Ол Түрікменстандағы Ташкөпір бекетіне 30-жылдардың ортасында келді. Ол жерде қазақ босқындарының отбасылары тығыз орналасқан. Жаманов "әйеліміз екеуіміз аштықтан, Батыс Қазақстандағы ұжымдастырудан қаштық" дейтін. Әбілқайырдың әйелінің аты — Мәриям. Жақсы дос болдық және бірімізді біріміз туған бауырдай сыйлайтынбыз", — дейді заңгер.
1964 жылы 70-ке тақаған шағында Әбілқайыр ауыр науқастанып жатқан кезде бажасын шақырып алады. Қария "ақырғы тілегімді орындай аласың ба?" деп сұрапты. Ол орындауға уәде берген соң құпиясын айтқан екен.
Мен сендер Әбілқайыр Жаманов деп жүрген адам емеспін. Елемес те, Андрей де мен емеспін. Менің азан шақырып қойған атым — Құныскерей, тегім — Қожахметов. Батыс Қазақстанның Гурьев облысында, Қызылқоға ауданында, Тайсойған құмында дүниеге келгенмін, — дейді Әбілқайыр.
Осылайша Кіші жүздің батыры туған жерін сағынып, құса болып дүниеден өтеді. Жат елдегі қабіріне оның шын есімі жазылады. Өкінішке қарай, Құныскерей батырдың аты әлі де толық насихатталмай жүр. Атырауда тек бір көше ғана беріліп, туған жері Қызылқоға ауданында ескерткіші ашылды. Оның өмірі мен ерлігі мектептің тарих кітабынан орын алуға әбден лайық...