Атасының баласы...
Иллюминатордан қарағанда сонау төменде аппақ бұлттар көрінеді. Тура апасының сабаған жүніндей. Міне сол аппақ бұлттың ішінде ол өзін қалқып ұшып жүргендей сезінген.. Бірақ неге аппақ бұлт осыншама ыстық? Ауа жетпей барады... Бір сәт аппақ бұлт сөгіліп төменге, жерге қарай құлап бара жатқандай. Апыр-ай, мына қалпымда жерге түссем, сүйегім шашылып қалатын болар... о, Алла...
Ой, Алла... міне құлап барады.... Манағы ақ мамық шарпы бұлттар емес. Кәдімгі қарашаның қар жауардағы сұрғылт бұлттардың арасынан жұлдыздай ағып барады. Аяқ-қолы ербеңдеп не ұстайтын, не ештеңе ілігетін, қармайтын зат болмай төменге, сонау құз жартастың үстіне ағып келеді. Міне басын қар басқан, төмен қарай үңілген биіктен құз жартастар көрінеді. Қай жерге құлар екем...? Қарағайдың басындағы бұтақтарын сатыр-гүтір сындырып, үсті-басы жұлым-жұлым боп дәл құздың шетіндегі қара тастың үстіне күрс етіп құлаған. Құлағы шыңылдап, тек басы ғана солқ-солқ етеді. Бірақ денесі аяғы, қолы орнында сияқты. Ей,Алла! Ей Алла өзің жар бола гөр! Бір сәт әлгінде ғана өзі құлаған жөңкіле көшкен сұр бұлттардың ар жағынан бір әуен естігендей... Иә, әуен..
Құлама бала, жылама бала
Жылаған жүрек жұбана ала ма?!
Арманға жетпей, жалғаннан өткен
Данышпандар да-ай, ғұламалар да
Мынау әнді қашан, қайдан естіп еді?
Неткен таныс әуен, танымал терме... Терме ғой.. Иә...иә... Бұл Мейрамбек емес пе?
Арыма бала, налыма бала
Күш қуат берсін, жаныңа Аллаһ
Құлыным әмән, жүрсін деп аман
Жаратқанға мың жалынады ана
Құлыным әмән, жүрсін деп аман
Жаратқанға мың жалынады ана
Жалынады ана...
Апам...Апам не болды екен?
Дүк-дүк, дүк-дүк, дыбыс енді күрк-күрк жөтелге ауысқан. Жөтел... А-с-ссс Ей ,Алла өзің жар бола көр! Апыр-ай, балалар Бейбарыс пен Ақарыс не болды екен а? Айнур ше? Қап Айнұрдың ауырыып қалғаны қиын болды-ау. Күрк-күрк жөтел... «Блин , пошел ты, Знаешь сука? » Дәл жанындағы дауыстан Нүркен оянып кетті. Қасындағы жігіт әлде ұйқысырап қысылып сандырақтап жатқан сияқты. Әлде телефонмен сөйлесіп жатыр ма? Нүркен оянғанда көзін ашты. Үсті басы малмандай тер. Ей Алла өзің жар бола көр! Жастығының астындағы телефонын қарап еді таңғы сағат төртке аз-ақ қапты. Тұрайын деді Нүркен, Намазымды оқиын...
Ей, Алла амандығыңды бере көр. .. Анам да, Айнұр, Бейбарыс, Ақарыс аман болса екен... Аман болса екен құлындарым...
Нүркен алты ағайынды. Дұрысы ұлдың кенжесі. Қарындасы 6 жылдан соң өмірге келді. Атасы Өтеуіл осы Нүркеннің шашын алмай жалбыратып өсірді. Қайда барса да қасынан осы кенже немересін тастамайтын. Әкесі қарапайым ауылдың тракторшысы болды. Ол сондай заман болған. Соғыстың ащы дәмін татпаған ол кезде шаңырақ жоқ қой. Соғыстың қиямет қайымынан аман келген Өтеуіл баласын қасында ұстады. Бұл қорқыныш еді.
Алысқа тұрмақ, мына тұрған Алматыға жалғыз ұлды жібермеді. Оқымаса оқымасын, тек қарайып көз алдымда жүрсе болды деген. Кейін осы ұлдан ұрпақ сүйді. Кейде көне қапты Абайдың кітабын қолға алатын.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Иә... Абай қалай дәл айтқан. Өтеуіл де дәл солай... Өзі оқи алмады... Жастайынан көргені аштық, кедейлік, жоқтық... Әсіресе ашаршылықтан енді ғана есін жиғанда Ұлы Отан соғысы басталды. Осы ауылдан қаншама боздақ келмей қалды. Шүкір... Өтеуіл бір аяғы жаралы болса да, аман-есен елге оралды. Оң жамбастан кірген снарядтың жарықшағы оның айрылмас серігі болды. Өмір бойы сол жамбасында Өтеуілмен бірге жүрді. Өтеуіл ұлы Әшімханды ешқайда жібергісі келмегені де сол болар. Алысқа кетсе көз жазып қалам деп қорыққан. Бері келе бейбіт өмір басталғанда осы Әшімханнан да жаман оқыған, өресі тар біреулердің оқуға түсіп кейін ауылға біреуі зоотехник, біреуі инженер, біреуі мұғалім болып келіп жатқандарын көргенде іші ашығаны да рас. Алайда оған күйініп жатқан Өтеуіл болған жоқ. Жалғыз ұлға амандық берсе болды деп қана жүретін. Бұйырса енді немерелерін оқытса да жетеді. Өтеуіл кейде домбыра шертіп, қамшы өретін өнері бар. Сосын қолы тисе кітап оқиды. Осы кітапты баяғыда соғыстан соң Алматыдан осы өңірге аңшылыққа келген бір жорналист жігіт тастап кеткен. Дұрысы сол кітапты Өтеуіл аттай қалап сұрап алған. Сол Абайға көп үңіледі. Қасиетті кісі екен-ау... Өлеңдері тұнып тұрған ақыл. «Дәл осы Өтеуілдің» өз ойындай. Өтеуіл көбінде тауға барып, кейде есекпен, кейде есек арбамен отын әкеледі. Қотырқара, баялыш, тобылғы шабады. Сонда Нүркенді қасынан тастамайды.
Нүркеннің әлі есінде ауылдан ұзағалы талай болған. Тауға қарай ирелеңдеген қара жол ағыны қатты болмаса да тастай суық кішігірім арықтардан өтеді. Кей жерде ол арықтар ернеуінен асып маңайдың бәрін су басып жататын. Өтеуіл жаралы аяғына қарамай тастай суға түсіп үлкен тастарды теріп, тазалап кетеді.
-Ата, жүре берейік те... Ол біздің арбаға кедергі емес- дегеніне қарамайды. Судағы үлкен тастарды тазаламай орнынан кетпейді. Ол аз десең тауға жақындаған сайын сүрлеу жіңішкеріп жағасындағы талдар өткен-кеткеннің берекесін кетіреді. Өтеуіл сол үшін де қонышындағы ағаш кесетін секатормен бұтақтарды кесіп жүреді. Қарап тұрсаң нағыз әпенде дерсің... Иә, әпенделік- нағыз қазақтың бойындағы далалық, даналық еді. Бала Нүркен оны кейін... көп кейін ғана ұққан.
Дүниеге келер бір рет
Дария кеуде тау мүсін
Құрыштан құйған құдірет
Қарттарым аман саумысың
Иә, бұл Сағи Жиенбаев. Әні Досхан Жолжақсынов ағасынікі. Қандай ғажап... Тура өзінің атасы Өтеуілге арналған секілді. Соңғы жолы қалай еді...
Жанды ғой бала даланың
Сендерге қуат дем берсін
Киесіде оның сендерсіз
Иесіде оның сендерсің
Адам өмірге келіп бала сүйеді... Ол бала өсе келе азамат болады. Ал адам ғұмыр бойы сол бала үшін, ұрпақ үшін шырылдап, сол балам аш болмаса екен, киімі бүтін болса екен, оқыса екен, біреу-міреуден таяқ жеп қалмаса екен, аман болса екен дейді. Кейін ол балаң да үйленіп өмірге немере келеді. Ал, немерең - ол сенің жаның, тәнің, барың, арың үмітің, болашағың, тірлігің, тынысың...Енді сен сол немере үшін басқа өмір бастайсың. Осыған дейін аялаған, алақаныңа салып құрметтеген келініңмен де сол немере үшін ұрысасың, жек көрінішті боласың... Бұл табиғат заңы.Дұрысы табиғатта аңдар да, құстар да бәрі –бәрі тек ұрпағына қамқор болады. Тек адам ғана немере деп өмір кешеді, өледі. Бұл Ұлы Жаратқанның Алланың адамға берген ең үлкен сыйы, құрметі, бағы-бақыты... Немере де сондықтан әкесінен, шешесінен гөрі әжесіне-атасына жақын болады. Өйткені ата мен әженің мейіріміндей әлемде мейірім жоқ. Ол Алладан жеткен Ұлы Махаббат. Мүмкін адам баласы дүниеге шыр етіп көзін ашқанда, сосын есін білгенде Ұлы мейірім мен махаббаттың жылуына, сәулесіне, нұрына шомылатын болар. Адам баласы сондықтан да өмір бойы тек Жақсылық шұғыласын шашуға тырысатыны осы шығар... Нүркен дәл осы Нұр төгілген шаңырақта өсті, ер жетті. Әлемді таныды. Оң мен солын білді. Ол жай ғана қарапайым шаңырақта Дала тәрбиесін, Дана дәрісін атасы Өтеуілден алды. Әлгінде құз басында жатқанда да сол өтеуіл атасы кеп «Тұр» деген. Сонау бала кезіндегідей қолынан тартып тұрғызған.
Иә... Өтеуіл атасы осындай кісі болған.
Нүркен таңғы намазын оқып бетін сипады да төсегіне қисайды. Көрші жігіт тағы да тықылдап жөтеле берді.
"Апыр-ай, бейшара өліп кетпесе жарар еді.... Нүркеннің екі көзі аурухананың төбесіне қадалды.
Есіне тағы да екі баласы түсті. Ауырып жатқанда дәл осы жаққа" Жедел жәрдеммен" кетерде үйге ыржалаңдап Ақарыс келді. Шешесінің де, әкесінің де ауырып жатқанын көріп жүр ғой. Есіктен келе
-Әке мынау сізге- деді де қолына бір мың теңге ұстатты.
- Қайдан алдың балам? -деді Нүркен.
-Өзіміз таптық... Есіңде ме ең бірінші тапқан ақшаңды әке-шешеңе бер»,- деп едіңіз ғой.
Нүркен осы баласының гитара тартып үш досымен бір группа құрып жүргенін еститін. Сөйтсе оларды бір жерге шақырыпты.
- Ә... Ә- деді Нүркен ауырғаны жеңілдегендей. Іштей ғана "Аппақ көңіліңнен айналайын" -деген.
Иә... Нүркен дәл осындай жаста мектепте жақсы оқыды. Ән айтты, домбыра тартты. Мектептегі барлық мәдени іс-шара тіпті ауылдағы той-домалақта Нүркенсіз өтпейтін. Әкесі Әшімхан өнерпаз, он саусағынан өнер тамған, этнограф қазақ халқының әдет-ғұрпының жанашыры Дәркембай Шоқпаровпен бірге өскен досы-тын. Бір күні Дәркембайдың үйіне келгенде атақты Нұрғиса Тілендиев, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевты алғаш рет сол үйден көрген. Сол үйде Дәркембай Нүркенге күй тартқызды. Кейін Дәркембай Нүркенді А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепке алып келген. Нүркен домбыра тартты, слухын, ритмін бәрін тапсырды. Алайда әкесі Әшімхан Нүркенді қайта ауылға алып кетті. Кіп-кішкентай баласын Алматыға қалдыруға қимаған.
Нүркен мектепті бітірер кезде әкесі бұған зооветке бар деген. Баяғы өзі армандаған оқуға баласы түссе деген. Алайда Нүркеннің ойы басқада еді. Оған себеп Бекжан... Иә... Кәдімгі туыстас, ауылдас Бекжан Тұрыс. Бекжан бұл кезде М. Әуезов театрының актері. Кейде «Қымызханада» кейде Республика Сарайында концертке қатысады, «Алатау» телеарнасынан да көрініп қалады. Қысқасы ауылдан шыққан азаматтың «дүркірей бастаған» шағы. Сол Бекжан Нүркенге «Сен де актерлік мамандыққа барсаңшы» деген. «Былай жүрсе өгіз өледі, былай жүрсе арба, сынады». Нүркен әкесінің айтқанын екі еткен жоқ. Зоовет институтқа барды. Бірақ «Зоотехникке», «Веттехникке» де құлқы жоқ. Алдына келген сұрақтар химиядан да, биологиядан да онша қиын сұрақтар емес. Алайда Нүркен алдына келген ақ қағазын құр шимайлап-шимайлап бос қайтарды. Әкесінің көңілін қалдырмаудың бұл жалғыз ғана жолы болатын. Қасындағы бірге тапсырған жігіттер «түстік» деп қуанса, Нүркен «ух, түспедім-ау» деп қуанды. Енді не істеу керек? Әрине Алматыда қалу керек. Бекжан Нүркенді М.Әуезов театрына бутафор қып жұмысқа орналастырды. Онда да осы Әзекең Әзірбайжан Мәмбетов бір ауыз сөзге келмей Нүркенді бутафор ғып алған. Ол аздай Бекжан Нүркенді қасына алды. Бекжан ол кезде үйленген. Абай- Байзақов көшелеріндегі бір бөлмелі жатақханада бөлмесі бар. Нүркен сол бір бөлмеде ағасымен бірге тұрды. Иә, ол бөлме нағыз артистердің бас қосатын жері екен. Күнде жиын, күнде бас қосу... Нүркен күндіз театрда, кешке спектакльде. М. Әуезов театрының спектакльдерін түгел көрді. Бір емес кей спектакльдерді оншақты, он бестен артық көріп шықты. Әр көрген спектакльден соң бәйгеге шабар тұлпардың байлауда тұрғанындай, тыпыршып «Шіркін-ай менде осылай қашан сахнаға шығам?» деген... Нүркен оқуға өнер институтына қиналмай түсті. Қазақстанның Халық артисі белгілі әнші, опера режиссері, кино актер Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың курсына қабылданды.
Нүркен кішкене палатаның ішінде әрі-бері жүрді. Денесінің қызуы көтеріліп тұр екен. Апырай мына дәрігерлерде жан жоқ екен-аз. Неткен жанкешті адамдар. Осы уақытқа дейін неге біз осы дәрігерлердің қадірін білмегем. Әр ауру үшін күндіз-түні осында жүреді. Шіркін-ай осыдан құлан таза жазылсам... Сендерге айтар алғысым ұшан теңіз болары хақ. Мүмкін бұйырса енді сендердің образдарыңды шығарсам ғой.
Әлгі қалай еді Мұқағалидың өлеңі
Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.
Қане, қалай жағдайың, баяндағын.
...Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.
Таянғаның, қарағым, таянғаның,
Адам үшін барыңды аянбағын.
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,
Өліктер мен сойылған қояндарың.
Енді алдыңда тұрады тірі жандар,
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар...
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?)
Өлгендерді тірілтем деп ойлаған,
Денесінен жан ізде өліктің де.
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын...
Осы кезде дәрігер қыз келіп ыстығын өлшеді. 39 боп тұр. Бәсе басы ауырғаны осы екен ғой. Дәрігер укол салды. Нүркен су ішті де төсекке қайта жатты. Салған уколдан жамбасының ауырғанын сезді. «Мына жаман дерттің қиыны- ауыздағы дәм сезу, иіс сезу деген қасиеттер жоғалып кетеді екен. Жамбасымның ауырғанын да сезіну қандай қуаныш. Есіне баяғы бала күнінде осылай таяқ жеп жылағаны түсті. Жалпы Нүркен үйдің кенжесі болған соң ерке боп өсті. 14-15 ке дейін өзінен үлкен балалармен бірге жүрген, солармен бірге есейді, ержетті. Талай рет төбелесті де. Бірде көрші үйдегі досы өзімен шамалас бала, «аңға барайық, мылтығыңды ала шық, қоян атамыз» деді. Нүркен үйде әкесінің жоқтығын пайдаланып, мылтығын алып шықты. Күні бойы сандалып ештеңе ата алмады. Дегенмен таза ауа, тау іші гүрс-гүрс атқан мылтық оған керемет романтика боп көрінді. Қас қарая ауылға екеуі шаршап қайтты. Үйге жеткенше түн болған. Ауылдың сыртындағы дөңнен бір кезде әжесінің «Нүркен, Нүркен!» деген даусынан селк ете түсті. Не де болса әкем енді өлтіретін шығар, - деп қатты састы. Апасы Нүркеннің аман есен келгеніне қуанып бауырына басқан. «Әкең қазір сояды сені» деді. Ол аздай Нүркен бір кезде есіктен әкесінің тарс-гүрс кіргенін көрді. Әкесі апасының құшағынан суырып алды да, қамшымен жон арқасынан тартып тартып жіберді. Ол аздай май көтеннен тепкен. Нүркен бар даусымен бажылдай берді. Апасы үстіне құлап әзер алып қалған. Бұл Әшімханның баласын ең алғашқы және соңғы сабағаны болатын. Иә...ол кезде жамбасы дәл осылай ауырған...
Ойға түстім,толғандым.
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Апыр-ай, Абай неткен ғұлама еді? Қазақтың ойын қазаққа қалай жеткізген десеңші.
Жалпы Нүркен жолы болғыш жігіт. Кәукен Кенжетаевтаевтай тұлғадан, Есім Сегізбаев сияқты ұстаздан тәлім алды. Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтың мектебінен өтті. Осы кезде Қарағандыдан ауысып Әлімбек Оразбеков келді. Әлімбектің атын естігенмен жөнді білмейтін. Әлекең "Абайды" алды. Тілектес Мейрамов екеуіне де Абайды берді. Тілектес ағасының жөні де жолы да бөлек. Алайда спектакльдің бар күші Жас Абай – Нүркенге түскен. Ұйқысыз түндер, мазасыз күндер... Нүркен қасындағы әріптестерінен де, Тілектес ағасынан да емес, тіпті режиссер Әлімбек Оразбековтен де қаймыққан жоқ... Нүркен ұлы Абайдың аруағынан қорықты... Сол кезде бір түнде жайнамазға жығылды. «Ей, Алла, өзің қолдай гөр»,-деген... Сол түні Нүркен ұйқысы қанып оянды.
Ат мініп, аспан асынып, алыстан жау іздеп қайтесің сен, Оразбай! Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Ол осы тұрған надандығың, қараңғылығың... Сен жабыссаң өткен күннің қараңғылығына жабысасың... Мен алыссам, келешектің жарығын іздеп талпынамын.
Иә...Иә... бұл Абай... «Сенің жауың... өзіңде... ол осы тұрған надандығың, қараңғылығың». Абай бұл сөзді кеше емес, дәл бүгін айтқандай. Дұрысы бүгінгі галстук тағып бір жерден оқып, екінші жерден диплом сатып алған көкірегі соқыр, сезімі семген... байлықтан семген-сөнген өз елін, өз халқын іштей жек көретін қазақ атын жамылған жемқорларға, есіл-дерті тек баю ақша-ақша деп арын сатқан арамзаларға арналған сияқты... Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Апырмай, бұлар аранын қашан тияды, қашан тоқтайды? Бұл оңбағандар Ел ішін түгел жаулап алған ба? Бұрын коррупция тек кеден деуші едік... Сөйтсек қателесіппіз... бұл тіпті короновирустен де қауіпті екен... Бұл бар жерді, бар саланы қамтыған сияқты... Ол осы тойымсыздық, ашкөздік, дүниеқоңыздық, мақтаншақтық... Сонда бұл жемқорлық, парақорлық, соқырлық, сорлылық, надандық, топастық тоқтамаса қайтіп Ел боламыз? Ертеңгі ұрпаққа нені мұрат етіп қалдырамыз? Сонда мына қаймана халық, Қазақ Елі болашақта не болады? Қайтіп Ел боламыз? Қайтіп Мемлекет боламыз? Бір жағында аузынан от шашқан Ұлы империя Айдаһардай Ел бар да, бір жағында аюдай ақырған тоңбойын жұрт тұр. Сонда өз ішімізде ішкен-жегеніне семірген, адамдығын ақымақтыққа, тойғанын тоғышарлыққа, байлығын надандыққа айырбастаған бейшараларға қалай үміт артасың? Бұл-Нүркен Абай... Бұл бүгінгі заманауи актердың жан айқайы... Абай боп үн қатқан, бозторғайдай шырылдаған тұлғаның толғауы... Нүркеннің Абайы осындай... Ойшыл... жо-жоқ ойшыл емес Нүркеннің Абайы Ертеңіне Елеңдеген, болашаққа үркіп емес, болашаққа қорқа қарайтын образ... Иә, солай осындай тоғышар топас жемқорлар басқарған көп саладан қалайша қорықпайсың? Бұл өзі үшін емес... Ертеңгі ұрпақ, Ертеңгі Елі үшін елеңдеген ойшыл. Философ актердің жан айқайы, жан азабы... жан шырылы... Қазақ Елі деп шырылдаған Абайды ол осылай сомдайды. Иә, солай... Қашан өзге өркениетті Ел қатарына қосылар күн болар екен? 70-жыл қызыл империяның табанында болып енді ғана Егемендік алғанымызда неге жеттік? Неге осы уақытта өзгелерден кенже қалдық екен? Неге? Неге? «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демекші әлде біз үміт артқан арқа сүйегендер осындай жемқор болғаны ма? Неге? Міне Нүркен-Абай осылай ойлайды, осылай күңіренеді... Күрсінбеуге, күңіренбеуге Құдай ақыл берген соң амалың қалмайды...екен-ау. Нүркеннің образы осыны меңзейді, жаны, жүрегі қан жылап тұрып осыны жырлайды, жырлап тұрып жүрегі жылайды...
Тағдырдың кісенінен ешкім құтылып көрген жоқ. Қазірдің өзінде қол-аяғыңның матаулы екенін білмейсің?... Айырмашылығы – біздің кісеніміз, қазақтың қайыс шідерісі сияқты, заман ысыған сайын қыса түседі. Ертеңін ойламайтын қайран жұрт, надандықтың құрбаны болуға шақ тұрғанын сезбейді. Бұларға қарын тоқ болса болды. Бірінің тілеуін бірі тілеспейтін, бос мақтанға семірген тойымсыздар. Оқуға, білімге ден қойса, жандайшаптар мен көлденең көк аттыларға жем болмайтын едік. Елдің болашағы тек көзі ашық, көкірегі ояу зерделі жастарда? Ол жастар қазір қайда? Олар неге қазір үнсіз?...
Бұл Жарасбай «Қара-Қараш» спектакліндегі монолог...
Нүркеннің Жарасбайы жай ішкен-жегеніне мас болған, мәз болған дәу қарын емес... Жарасбай ол ертең Еліміз қайда барады? Не болады? Деп ойлаған адам... Заман өзгереді. Еліне мысқылдап кірген өзге жұрт күн санап, ай санап, жыл санап Ел ішіне еніп барады. .... өздерінің ділін, тілін, дінін, салтын осы елге таратуда. Әлде Абылайдың түсі – шынымен іске аса ма? О, Тоба! Оның бетін әрі қылсын...
Жарасбай қазақ әдебиетіндегі алғашқы күрделі образ... Адам баласы пенде болғасын оның да кемшілігі болады. Жарасбай да бұл қасиеттен ада емес... Сондықтан да Жарасбай трагедиялық кейіпкер... Құдды Шекспирдің Гамлеті сияқты жақсылық пен жамандықтың , күн мен түннің, ақ пен қараның ара жігін ажыратам деп аласұрған образ. Сол бір кезде жасаған пенделік қателігін кеш болса да түсінген... Түсінген де «Аһ» ұрып айқайлауға шамасы жетпей тұншыққан жүрегі қан жылап, жанын қоярға жер таппай арпалысқан, қамаудағы, қапастағы Арыстан іспетті... Сондықтан ол итшілеп, ирек қамышлап есекше өмір сүргісі келмейді... Сол себепті де ол өлімді таңдаған тағдыр иесі...
Қадірлі киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Бұл Мағжан Жұмабаевтың өлеңі. Олар кездеспесе де, жолықпаса да Мағжанда Жарасбаймен бір дәуірде өмір сүрген замандасы.... Рухани сырласы...
Бұл Нүркеннің Жарасбайы. Кейде оны Жарасбайдай жалғыз жаны, жүрегі, сезімі, қиялы, ойы, арманы – оны да осындай оңашалыққа итермелейді... Жалғыз ғана ешкіммен сөйлеспей өзімен-өзі иен далаға, ешкім жоқ елсізге, сонау баяғы балалық шағы өткен ауылдың сыртындағы жалғыз соқпақпен биік тауға серуендегендей қазір де сенделіп жүре бергісі келеді... Тек ешкім кездеспесе екен дейді... Ойы он бөлек, санасы сан бөлек боп басы ауған жаққа кете берсе болады. Апыр-ай... Мынау миыма, миллион инедей сұққылаған ой ма...
Нүркеннің кумирі Әнуар Молдабеков те дәл осылай жалғыздықтың жел қайығын мініп, желсіз түнде өнер айдынында белгісіз, беймәлім, бұлдыр да бұлыңғыр аралға сапар шекпеуші ме еді? Жалғыздық тек ақынға, ойлыға, суреткерге ғана берілетін азап. Бұл ақын боп тумаса да, жаны, жүрегі, ойы, арманы, болмысы шайыр боп жаралған жандардың пешенесіне жазылған емделмейтін дерт....Осы мақаланың авторы - мен сонау жылдары, бала кезімде орыстың ұлы актеры Иннокентий Смоктуновскийдің өз қолымнан билет алып Малый театрда ол ойнаған «Царь Феодорды» көрген жанмын. Смоктуновский де сол..... Жалғыздықтан, даралықтан, даналықтан, әр түрлі алып қашпа өсеккке ілінген, бірден бір Ұлы тұлға болатын.... Нүркен де сол өзі көрмеген, білмеген, кездеспеген, оны танымаған, алайда табиғатымен бас иетін Ұлы талант, Ұлы тұлғадай бұл да Гамлетті ойнады. Әрине Шошанай қайда? Шекспирдің Гамлеті қайда? Екеуі екі басқа дүние, екі әлем, екі бөлек планета.
Алайда өмірдің де, өнердің де өз ағымы, өз заңы бар....Ол географияға да, биографияға да қарамайды. Ол заң талант деген ұғымның заңы...
Өлмек пе, қалмақ па — ендігі сауал екі ұдай.
Өмір, өлім — арпалыс. Татар дәмім
Таусылды деп бас ием бе тағдырға,
Әлде мынау қасіреттің селімен
Жан шыққанша жағаласып, бұлардың
Бітірсем бе істерін?
Гамлет әлемдік драматургияда айсберг сияқты қарлы шыңы ғана көрінетін, және кез-келген актердің арманы болған Гималайдай биік роль. Бұған бару кім көрінгеннің жүрегі бара бермейтін Бермуд аралы іспетті. Әрине ол рольдің философиялық, трагедиялық болмысын, ойын ол кезде қазіргідей түсінбеген болар... Оның үстіне Гамлетті қою ұлы режиссер Шекспирдей шебер шар анадан шырылдап туғанда талант екенін дәлелдейтін дара болғаны қандай жарасымды болар еді. Әттең...Әйтпесе...
Иә Владимир Высоцкий де осы Гамлетті ойнады. Үстінде қара футболка, қара джинсы, қолында гитара... Қап-қара шынжырға байланып, шыңғырған.... Кеңес кезеңінде бостандық пен демократияны аңсаған , жүйкесі жұқарып, тамырлары баданадай болғанша жан ұшырған кейіпкер.... Нүркен де сол, «болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп соған еліктеген, ұқсауға тырысқан. Мүмкін ол Высоцкий бола алмаған шығар.... Болудың керегі де жоқ. Алайда осы жанкештілік, жалғыздық, қоғамдағы әділетсіздікке жанұшыра айқай салу, жар салу көрерменге жеткен.
Нүркеннің көзі ілінгендей... Тағы да денесі бір қызып, бір суыған.... Жөтел бар сияқты... Сонда бұл не екен? Әлде бұл індет адамды осылай қинай ма? Күрк-күрк... Екі құлағы ызыңдап, басы шыңылдап, екі шекесі солқылдап, басына біреу құрсау салып қысып жатқан сияқты.
Ей, Алла, өзің жар бола гөр...
О, Құдіретті Абай! Қасиетті Абай! Мына науқастан жазылсам, басыңа барып тәу етермін. Басыңа барып сөйлессем, сырлассам, іштей ғана өзіңмен тілдессем.
Нүркен оянып кетті. Өңі ме, түсі ме? Шынында талай жер, талай өңірді аралап жүріп Абайдың басына, Жидебайға бармаған екен-ау... Әттең бір кем дүние-ай...
Нүркеннің көзі ісініп кеткен екен. Шайдай ашылғандай болды. Жаңа ғана қасына келген дәрігер қыз Айнұр еді ғой. Ә... ә... түсі екен ғой... Айнұр ақ халат киіп жаңа ғана қасында жүргені түсі екен ғой... Иә... түсі... Не болды екен? Қызуым басылды ма екен? Айнұр... Айнұр... Жаным менің...қиналдың-ау...
Нүркен мен Айнұр бірге оқыды. Төрт жыл бірге жүрді. Партнер болды. Көзі көк ақ сары қыздың алғаш ән салғанында Нүркен бір ысып бір суыған... Бұл жас жігіттің ең алғаш рет әдемі сары қыздың көкпеңбек аспандай көк көздеріне еліктеген, еріген, есі кеткен сәті еді. Төрт жыл төрт күндей өте шықты... Нүркен бүкіл курстас достарымен жаңа театрға Ақмола қаласына жол тартты... Алматыдан соң Ақмола кәдімгі ауылдай көрінгені де рас... Талай рет Алматыға кетем бе деген ой да болды. Алайда өз достарын, әсіресе Айнұрды қимаған. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді... Өмірге үйелмелі-сүйелмелі екі ұл келді... Шүкір... Айнұрдың мамасын қолдарына алды. Ел қатарлы тіршілік... Иә, тірлік, тіршілік демекші... Нүркен қатарластары Ерлан Малаев, Сайлау Қамиев үшеуі «Бәйтерек» деген топ құрды... Алдымен Сайлаудың ағалары, кейін қалалық әкімшіліктің көмегі көп тиді. Талай-талай мәдени іс-шараларға қатысты. Бірақ өнердің де өмірдің де заңы бар. Кейін үшеуі ұрыспай-таласпай «Бәйтеректі» таратты... Әркім өз ісімен айналысты... Нүркеннің қазіргі шығармашылық ізденуі, шарқ ұруы тыпыршыған тұлпардай өзін-өзі қамшылап өзін-өзі жеуі ол осы творчествоға көңілінің тоймауы... аштығы... Сондықтан ол кейде телевидениеге, кейде киноға, кейде радиоға қуанып барады... торығып қайтады... Өзіне тағы көңілі толмайды... Иә, иә... Бұл тек ақынның тағдыры... Актердің ғана маңдайына жазылған жазу... Өмір бойы болдым-толдым демейтіні... Өйткені актер болдым-толдым дегенде ол актер өледі. Жалпы өнер адамының үш өлуі болады. Біріншісі-творчестволық өлуі, екіншісі-моральдық өлуі, үшіншісі-физиологиялық өлуі. Алайда өнер адамы үшін Ең қиыны, ең сорақысы оның творчестволық қайтыс болуы... Оған ем қонбайды. Оған әлемнің бар мықты деген дәрігерлерінің де күші жетпейді... Оны емдеу тек Алладан содан соң тұлғаның өзіне ғана байланысты...Ақын өлмеу үшін, Актер өлмеу үшін осылай жанкештілікпен өмір сүруі тиіс... Жанкештілік өнерге деген Ұлы талпыныс Таланттардың темір қазығы. Ол жасқа қарамайды... Ол басқа, яғни тұлғаға кеп тіреледі. Мысалы әйгілі суретші-импрессионист Клод Моне өзінің ең бір тамаша туындыларын 70-тен асқанда салса, композитор Эллиот Картер өзінің ұлы шығармаларын 88-ге дейін жазып, 89-да өзінің алғашқы операсын жазады, ал ағылшын жазушысы Мэри Кингсли өзінің алғашқы кітабын 70-де жазып артына 10 кітап қалдырған тұлға. Иә, Гайдн әйгілі «Времени годаны» 66-да жазса, ұлы Гете өзінің ең керемет «Фаустын» 80 жасында бітірген. Мұндай мысалдар өмірде де өнерде де кездесе беретіні рас...Тек ол үшін қашанда жаның, жүрегің, көңілің, көзқарасың жас болуы керек... Мына аппақ дүниені сүю керек... Оған ғашық көзбен қарау шарт. Адам сонда ғана биікке сонау шың басына қалай шыққанын сезбей қалады.
Тағы да Абай ойыңызға оралады.
«Ондай болмақ қайда деп?
Айтпа ғылым сүйсеңіз»
Нүркен басын көтерді... Терезеден сыртқа қарады. Жаздан да сұлулық кетіп, сұп-сұр болған сияқты көрінеді... Ол жайнамазын жайды да бесін намазын оқыды... Иә... Нүркен Алланың жолына түскелі біраз болды... Сынағандар да, мінегендер де, келемеждеп күлгендер де, қолпаштап қолдағандар да болды... Ал, Нүркеннің өз ойы, өз философиясы бар.Ол өмірдің заңы. Ол бар тілегін, құранын, намазын, садақасын, оразасын ең алдымен сонау Кеңес кезіндегі оқи алмаған - атасы Өтеуілге, әжесіне, сосын әкесі Әшімханға арнайды... Бірақ өнер бар жерде өкініш те, арман да қатар жүрері хақ... Әттең, - дейді ол кейде, - Шіркін-ай, әкем мен атам көз алдымда болар ма еді, -дейді... Кейде келіп менің ойнаған рөлдерімді: Абайды, Жарасбайды,Гамлетті, Ягоны көрер ме еді,-дейді. Дейді де іштей «шүкір» дейді. Иә, шүкір...
Телефонына «дың» деп «СМС» – келді... Айнұр екен... Нүркен, «шүкір, ертең шығамын»,- деді. Сен де 3-4 күнде шығарсың..!
Шүкір,-деді Нүркен... Бәріне шүкір
Ей, Алла, өзің жар бола гөр...
Нүркен Өтеуіл бүгінде қазақ театрында өз орны, өз қолтаңбасы бар ойлы да ізденімпаз актер... Оның шығар биігі, алатын асуы, көтерілер шыңы әлі алда... Өйткені ол сондай... Қашанда тек «шүкір» деп жүретін дарынды жігіт. Шүкір... дейді. Біз де тек «шүкір» дедік іштей...
ҚР Халық артисі, профессор,
Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік
академиялық қазақ музыкалық драма
театрының көркемдік жетекшісі Т.Теменов