АТАЛАР мен шөберелер "СОҒЫСЫ"...

АТАЛАР мен шөберелер "СОҒЫСЫ"...

Мен соғысты көрген жоқпын,
Көргім де келмейді.
Естіген жоқпын ызылын ұшқан оқтың,
Естігім де келмейді!

Бұл менің 4-ші класта жазған "өлеңім"... Ұзақ сонар "поэмамның" осы жолдары ғана жадымда қалыпты. Соғыс туралы əңгімелерді титтейімнен естіп өстім. Бала кезімде: "Ата, соғыс туралы əңгіме айтшы", - деп ауылдағы үлкендердің мазасын алатынмын. Аталар əрине айтады. Бірақ əңгіме құмарлығымды білетін қарттар əуелі бұзау қайыртып, отын тасытқызып дегендей мені ұсақ-түйек жұмыстарға салып алады. Тегін жатқан əңгіме жоқ. Барлығы соғыс туралы хикаялардың өтеуі үшін екенін ішім сезеді. Сыртынан "гормошка" тартуға болатындай арық қабырғаларым ыржың-ыржың "күлім қағып" жүріп, істе деген шаруалардың барлығын тап-тұйнақтай қылып тындырып тастаймын.

Сағынтай Нұрсақалов деген көрші атам болды. Марқұм Сталинград қырғынына қатысқан еді. Əңгімені сұмдық айтатын Алдында тура кино көргендей тапжылмай отыратынмын. Сол атам "Ерлөшке, бері кел соғыс туралы əңгіме айтып беремін", - дейді. Мен орнымнан құстай ұшамын.

Сағынтай атам əңгімені бірден бастамайды. Əуелі анау-мұнау жұмыстарын істетеді. Кейде қорасын тазалатады, кей күні есік алдын сыпыртқызады. Қыс болса, қар күретіп алады. Құсты көп асыраушы еді. Қара күздің суығында үйрек қаз бауыздаттырады. Ол енді екі-үш сағатқа созылатын ұзақ "процесс". Құс қорадан қып-қызыл ала болып, үсті-басым қан жауып шығамын. Бет аузыма дейін қызыл ала қан шашыраған түрімді көрген апамның үрейі ұшып кетеді: "Бұғанасы қатпаған баланың бетін қан жаптырып, жүрегін шошыттыңыз ғой" - деп реніш білдіреді. Ондайда Сағынтай атам: "Ештеңе етпейді, Бибігүл, қайта ерте есейеді. Істегені маған жақсы, үйренгені өзіне жақсы", - дейді жай ғана. "Тайдың мінілгені, баланың жұмсалғаны білінбейді", - деп қосып қояды тағы да. Екінші кластың оқушысы едім сол кезде. Бірақ бұл қанды қасаптар бертінге дейін, жыл сайын жалғасып жүрді....

Өзінің көшеден, даладан шеге жинайтын "хоббиі" болушы еді. Көлденең жатқан шеге көрсе "құтқармайтын" - жиып алып келіп бірден төске салатын. "Ерлөшке, бері кел, - дер еді, онда, - əңгіме айтамыз!" "Əңгіме айтамыз" дегені шеге түзетеміз дегені. Мен де бала емеспін бе, достарыммен ойнағым келіп тұрады, оның үстіне шеге түзету деген қолдан қол қалдырмайтын бір ит жұмыс. Ол уақтың шешелері қандай жəне! Танктың бронын тесуге шығарғандай, оңайлықпен түзетілмей итіңді шығарады. Отыз-қырқын тынымсыз түзеткеніңде ескі шегелердің тоты жұққан саусақтарыңның терісі тозған шүберектей үлдіреп қалады. Ара-тұра төске салып шеге түзетіп отырған қолыңды байқамай балғамен ұрып алып, қан-қақсап қаласың. Қайтесің, қызықты əңгіме тыңдау үшін төзесің бəріне.

Ақыры, жұмыс бітіп, ұзақ сонар əңгімеге отырамыз. Сағынтай атам сол бастағанынан Сталинградтан кіріп, Берлиннен бір-ақ шығады. Мен де қаршадайымнан қаз үйрек бауыздап "қаныпезер" болып алған пəлемін, оқ тигенде солдаттардың қалай өлетініне дейін қадалып сұраймын. Күн ұзақ шаруасын істеп, сатып алған əңгімем болғандықтан, басқа амалы қалмаған Сағынтай атам менің балалықпен қойылған барлық сауалдарыма ерінбей-жалықпай жауап береді. Қазір қарап отырсам, менің сұрайтыным соғыс психологиясы екен ғой. Айтары жоқ, алапат əңгімелер еді...

Əлі есімде төртінші класты бітірген жылы Ағадыр деген ауданның Қызылтау аты ауылында тұратын əке-шешемнің ауылына алғаш рет бардым. Бірде маған тете Нұрлан деген інім екеуміз үйдің қойын бағып жүрген едік. Шаңқай түсте қойды өзен жағасына иіріп тастап, сусын ішуге үйге келе жатсақ, еңгезердей бір шал ауыл сыртында дүрбі салып отыр екен. Түрі - соғысқа қатысқан сияқты.

- Мына ата соғысқа қатысқан ба, - дедім Нұрланға,
- Қатысқан, - деді інім.
- Жүр, кеттік!
Қойтастың үстінде шөккен нардай боп отырған дəу шалға: - Ассалаумағалайкум, ата, - деп сəлем беріп, жетіп бардық.
Уағалайкумассалам, - деп жатыр дəу ата да.
- Ата, дүрбіңізді ұстап көруге бола ма, - дедім, соғыс туралы əңгімеге деген құмарлығымды дүрбіге деген қызығушылығым жеңіп кетіп.
- Е, неге болмасын, болады! - деп əлгі ата ат басындай дүрбісін қолыма ұстата салды.

Бұрын дүрбі ұстап көрмеген басым, көзіме тақап салып келіп жіберіп едім, о ғажап, күллі дүниені қол созымға əкелсін! Көз ұшындағы көгілдір таулар, асқар-асқар белдер, жылап аққан бұлақтар ап-анық бедерленіп көз алдыма жетіп келді. Бағана су жағасына иіріп тастап кеткен қой ешкілердің түр-түсіне дейін анық танып, тіпті қой бастайтын көк серкенің ай мүйізіне қонған дөкей қара шыбынға дейін айқын айырып тұрмын.
- Ата, бұл дүрбіні қайдан алдыңыз, - дедім, қарап тұрмай.
- Қайдан алушы ем, фашестерден тартып алғанмын, - деді əлгі атам ойымды оқып қойғандай, тосын əңгіменің шетін қылтитып.
- Қалай?! - деп менің де көктен іздегенім жерден табыла кетіп, əлгі атамның қарсы алдына жайғаса бердім.
- Қалай дерің бар ма, қоян қолтық соғыста бір дəу немістің əпитсерімен бетпе-бет кеп қалдым. Мойнында мына дүрбісі салақтап жүр екен, қызығып кетіп, іштен екі теуіп, бастан бір пердім де тартып алдым.
Не деген батыр деп қоямын іштей. Содан əлгі атаның əңгімесі де Берлинге кіріп, Гитлерді өлтіргеніне шейін ұзап кетіп, біз қан майданның ішінде жүргенде қойымыз өріп кетіпті...

Кейін есейгенде білдім, əлгі жарықтық соғыста ауыр жараланған "контузный" шал екен. Əңгімені мен сияқтыларға ойдан құрап соға береді екен, бірақ маған айтқан əңгімелері шындыққа бергісіз көркем еді...
Ұмытпасам, аты Қошан ғой деймін. Əлде Қошай ма еді? Осы күнгі көрнекті əншіміз Сейіл Аяғанов сол ауылдан еді. Сейіл анық атын білуге тиіс. Есінде қалса, ауылдас атасының қызықтарын осында бөлісіп, айта жатар.

...Біз ардагерлердің əңгімесін тыңдап, көкейімізге түйіп өскен ұрпақпыз. Содан болса керек, олардың жан жарасын, жүрек қайғысын сезініп өстік.

Қарағандыда бұл күнде жасы 97-ге келіп отырған Бүркіт Есжанов атты ақсақал ғұмыр кешіп жатыр. Бүркіт ақсақал менің Бейбіт деген бажамның əкесі. Бейбіт Есжанов Кеңес Одағы құрама командасының сапында қатарынан тоғыз жыл өнер көрсеткен, əлем кубогының күміс жүлдегері деген сияқты талай-талай бəйгелер олжалаған бокстан халықаралық спорт шебері.

Бір жылы сол Бүркіт ақсақалмен кішкентай ұлым сөйлесіп отыр екен. Назар салып тыңдап көрсем, ол да менің баяғы бала кезімдегі сауалдарыма ұқсас сұрақтар қойып отыр атасына. Қаланың баласы да əңгімелесе біледі екен ғой деп таңғалғаным есімде.

Қарағандыда тұрған жылдарымда 9 мамыр сайын құттықтап барып жүріп, Бүркіт ақсақалмен жиі əңгімелестім. Көпті көрген шежіре кісі. Эскадрильяда қызмет еткен. Майдан өмірі туралы əңгіме шерткенде əлі күнге шейін көзіне жас кеп қалады. Əсіресе, талай жаралы солдатты жау қолынан құтқарып қалған майдангер серігі, беларустің жаужүрек қызы Валентина Бабричтің əңгімесіне келгенде көзінің жасы сақалын жуып кете береді.

Өзімнің үлкен бажам Қаппас Түсіпов деген подполковник кісі былтыр 94 жасында дүниеден қайтты. Майдан əңгімелерін күйзеле отырып айтатын. Жұмағали Саин сияқты бір жақ қабырғасы, бір өкпесі түгел жоқ еді.
Осы майдангерлердің əңгімесінен тоқығаным, бұл кісілер соғысты "Ел басына күн туды" деп ұққан, "Ел басына күн туса, ер етігімен қан кешер" деп майданға аттанған. Бұлардың бəрі ердің, қарулас достың қадіріне жеткен адамдар. 'Кеңес Одағында қанша ұлт бар, бəріміз бір атаның баласындай соғыстық, - деуші еді Сағынтай атам, - себебі жау күшті, сен атпасаң, ол сені атады, сен өлтірмесең, ол өлтіреді. Соғыстың қатал заңы - осылай, қарғам" - деуші еді марқұм.

Өзімнің туған атам Төлеутай да 1944 жылдың 6-ыншы ақпанында Витебск майданында, Белоруссия мен Литваның шекарасындағы қанды қырғында қаза тауыпты. Атамның қаза тапқан жерін програмист, математик досым Қуаныш Сейдахметовтың көмегімен 2014 жылы əрең тауып алдым.

Апам (əжем) марқұм менімен бірге соғыс туралы кино көріп отырып, "Қайран, боздақтар-ай..." деп күбірлеп отырушы еді. Бүгін таңертең жұбайыма шелпек пісіртіп, апам айтқандай, қайран боздақтарға құран бағыштадым. Сонан соң əлеу желілерді ашып қалсам, Құдай сақтасын, аталарының түгін қалдырмай жатқан жас ұрпақтың неміс фашистей қаптаған қалың пікіріне жолықтым. Сатқын дей ме, құл болған дей ме, құдай өзі кешірсін, туған елімді, жарымды, ұрпағымды, келешегімді жаудан қорғаймын деп, майдан даласында қасық қаны қалғанша шайқасып, кеуделерін оқ тесіп, көмусіз қалған боздақтардың аруағын күңірентіп жатыр екен. Шыдай алмай, осыны жазуға мәжбүр болдым.

Бұл соғыстың болғанына қанқұйлы тирандар - Гитлер мен Сталин кінəлі. Совет əскерін қайта-қайта қанды қасапқа айдап сала берген Сталиннің дарынсыз қолбасшылары кінəлі. Бұйрықты орындау үшін жаралған керзі етікті, сұр шинелді, өзекті жаны өлімге қиылған қарапайым солдатта не жазық бар?

Қазір елімізде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бірнеше жүздеген ғана майдангер қалыпты. Олардың интернет білмейтіні, ФБ-ға кірмейтіні қандай жақсы. Əйтпесе шөбере ұрпағының өзіне деген мынандай өшпенділігін көрсе, төрінен көрі жуық ардагерлеріміз құсадан өлер еді.

Егер біз бала кезімізде майдангер аталарымызға бұл күннің шындығы деп бүгінгі шөберелердің сөзін айтсақ, қолындағы балдағымен сол сəт басымызды жарар еді. Өйткені ол ерлердің өз шындығы болды. Бірақ мұны бүгінгі əскерге бармаған, оқ дəрі түтінін иіскемеген, ақсаусақ, "диван батыр" шөбере ұрпақ қайдан ұқсын - кешеден бері ойына келгендерін жазып, майдан даласында қан құсып өлген аталарының аруағын күңірентіп жатыр. Ұққаным: шөбере ұрпақ атаға жат, керек десең, жау болады екен. "Шөбере етін жеп, сүйегін береді" деген осы да...

Соғыста өлген боздақтарға Құдай рахмет қылсын!

 

Ерлан Төлеутай
Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста