Асанәлі ӘШІМОВ: Мәдениет, руханият мәселесін табалдырыққа тастадық

Асанәлі ӘШІМОВ: Мәдениет, руханият мәселесін табалдырыққа тастадық

 - Асанәлі аға, сіз жас кезіңізден бастап сынның өтінде жүрдіңіз. «Шәкен Аймановтың күйеубаласы» деген атаудың өзі көп жайттан шектелуге мәжбүрлеген шығар...

- Аз қазақты ғана емес, адамзатты бір-бірінен бөліп-жару Шәкеннің табиғатына жат болатын. Ол табиғатта сирек кездесетін сом алтын еді. Күні бүгінге дейін өзімді оның шәкірті сезінемін. Қиналған, кібіртіктеп қалған сәтте аруағымен сырлаcамын. Біразына жауап алғандай боламын.

- Шәкен аға кейін бір әңгімесінде «Менің ең басты жаңалығым - Асанәлі» депті. Ал кешегі Сағи Әшімовтің төлқұжаты Шоқан Уәлиханов рөлі болды. Сіз Сағиды Шәкен атамыз тәрізді менің жаңалығым дер ме едіңіз?..

- Мүмкін. Өнер адамының табысы өмірімен өлшенбейді. Мүмкін, Сағи менің ашқан жаңалығым болуы да мүмкін. Оның киноға келуі де тосын құбылыс болды. Шоқанды түсірмек болып, кастинг жариялағанбыз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай, біраз уақыт жүріп алдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой. Түрі келіп тұр Шоқанға» деген сөзіне мән берген жоқпын. Сөзден қорықтым. Бірде операторлар менің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Орталық Комитет те Сағиға тоқтады. Бар болғаны 16 жаста генерал-губернатордың адьютанты болған, Достоевскиймен дос болған Шоқанды сомдау - Сағиға да оңай түспеді.

- «Шоқан Уәлиханов» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ осы тұста «әкелі-балалы Әшімовтер өздерін-өздері ұсынып жатыр» деген әңгімелер шықты.

- «Шоқанды» түсіру кезінде актер мәселесі көп ойландырды, мен оларға түсіністікпен қарауға тырыстым. Жақсы актермен серіктес болудың өзі - бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерге тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес.Фильм түсіріп болғаннан кейінгі кездер есіме түссе - кеудем өртеніп кеткендей болады. Орталық Комитеттегілер «Екі Әшімовті ұсына алмаймыз» деп талап қойды. Рас, «Шоқан» ұсынылған екен, басты кейіпкерді сомдаған Сағиға неге берілмейді? Қоюшы режиссер ретінде маған да берілуі керек. Бірақ мен өзімді сыздырып тастадым. Сағиыма сөз келмесін дедім.Содан кейін де біраз рөлдерге түсті. Бірақ халқының зердесінде Шоқан болып таңбаланып қалды ғой. Екеуінің тағдыры да ұқсас. Кейде маған Сағидың Шоқанды ойнауы - тағдырдың қалауы тәрізді әсер етеді. Шоқанның келбеті арғы атасы Абылайға көбірек ұқсаса, мен ұзақ ғұмыр кешіп, 94 жасында дүниеден өткен Шыңғыс төреге ұқсайды екенмін. Соған қарағанда кинодағы тағдыр адамның өміріне де әсер етеді екен.

- Тіпті Бекежанды да жақсы көресіз бе?

- Мен Бекежаннан жүрегі бар, әдемі қызды беріліп сүйе білетін, елін қорғай алатын білегі бар, ойлы, мінезді дала рыцары бейнесін жасадым. Әзірге оның Қазақстандағы жалғыз қорғаушысы, адвокаты - менмін. Қорғаймын. Оны жағымсыз емес, керісінше, жағымды кейіпкер етіп, өмірге жақындатып көрсетуге тырыстым. Бәленің бәрі қызғаныштан туады ғой, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң, ол да ет пен жүректің иесі.Бір жолы Франциядағы «Қыз Жібектің» көрсетілімінде француз бикештерінің «анау Қыз Жібектің өзі ақылы аздау болуы керек, әйтпесе ғашық болуға Төлеген емес, Бекежан лайық» дегендері бар. Олардың көзқарастары, түсініктері басқаша ғой, біздің эпосымызды қайдан білсін?!

- Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайды дейді. Сіз кинода да, театрда да бас кейіпкердің образын сомдадыңыз, бұл кездейсоқтық емес шығар?

- Демек, басты рөлдердің бәрі маған лайық болғаны да. «Қыз Жібек», «Атаманның ақырынан» кейін көрерменімді жоғалтып немесе «өкпелетіп» алғым келмейді. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейді ғой, осы күнгі жетістік пен жемістің бәрі менің сол 30 бен 40-тың арасында істеген жұмыстарымның нәтижесі.

- Біздің қазақ тұлғадан кенде емес. Қазір олардың қатары селдіреп барады. Кейде қорқыныш билейді. Солардың көзі кетсе қазақ кімді тұлға деп таниды? Кімдер тұлға болады? Саясаттың салқыны тұлға деген ұғымды тым аласартып алған жоқ па?

- Қазір қатарымыз азайып қалды Райымбек Сейітметов пен Әнуар Молдабеков, Нұрмұхан Жантөриндер барда қандай едік? Өзімді тасқа салса да мұқалмайтындай сезінуші едім. Қазір достарымның бәрі тастап кетті. Асығып кетті. Соңғы бірер жылда Ақселеу, Қадыр, Тұманбайлардан да көз жазып қалдым. Әбдіжәміл ағам да өз әлемінде тұншығып қалды. Оның да дауысы шыға бермейді. Қазір мен солардың аманаты тәрізді сезінемін өзімді. Иә, тіршілікте талайлармен ұзақ жылдар сахнада театрдың қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Енді біреулермен өмір жолында табысқан жан достар едік, ал енді біразы өнер жолында өзіміз қадір тұтып, қастерлеген тұлғалар болатын. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов сынды асқаралы жазушылар театрдан бір сәт қол үзіп көрмеген нағыз тұлғалар. Олар - өздеріне дейінгі ұлтым деп өткен Алаш азаматтарының жалғасы. Өзімізбен қатар жүргенде қандай тұлға болса да «е, соны қойшы» дейміз. Талай ұлы тұлғаларды менсінбедік қой кезінде. Халықтың талғамы, уақыттың сүзгісі шын асылды асықпай таңдайды екен.

- Ал қазір, қазақ киносы бізді әлемге қай қырынан танытып жүр? Ол идеология құралына айнала алды ма?

- Қазақстанның сырт елдердегі имиджін қалыптастыратын - қазақ киносы. Американы алпауыт елдердің қатарына қосуға жол ашқан оның киносы. Өзбекстан өз елін кино тілімен жарнамалай бастады. Оған сенер болсақ, Орта Азияда Өзбекстаннан артық жұмақ жоқ. Ал бізде мәдениет жаңалықтары - ауа райы бюросының алдында бір екі секундтық ақпаратпен шектеледі. Қазақтың мәдени қоры қандай жаңалықтармен толысып жатыр деген сауалдың жауабы аспанда ілініп тұрғанына жиырма жыл болды. Біз мәдениет, руханият мәселесін табалдырыққа тастадық.

- Сіз кітаптарыңызда Сағи мен Мәдиді еркелете алмадым, інім, бауырым тәрізді қарадым дейсіз. Ал кішкентай Асанәлі қалай өсіп келе жатыр?

- Мен оның артист болғанын қаламаймын. Ал мамасы кейбір кейіпкерлерімнің сөзін жатқа айтады дейді.

–Болашақтың еншісіне қалдырған дүниелеріңіз бар көрінеді.

- Солай болғаны. Жүгі ауыр болғандықтан келешектің еншісіне қалдырдым. Кейін мені іздегендер болса, ойларымның мәйегін сол кітаптан кітаптан табады деп үміттенемін. Онда қазір айтуға болмайтын, ешбір иірімге көнбейтін оқшау ойларым баяндалады.

- Сіздің шығармаларыңыз туралы көпшіліктің пікірі оң. Жазушылар арасында «Асанәлінің афоризмдері» деген пайда болды.

– Қазір жазушылармен көбірек кездесемін. «Қазақта сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бар. Қадірбек 60 жасқа толғанда «Ұрымен жолдас болсаң, ұры боласың, жазушымен жолдас болсаң, жазушы боласың » дегенмін.

- Қазақстандық киноиндустрияда қомақты қаламақы алу мүмкін бе?

- Көрші Ресеймен салыстырғанда жағдай мәз емес. Мысалы, «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» бір жылда шықты. Қаламақысы да оншалықты қомақты болған жоқ. Ал енді голливудтық актерлерге қараңыз. Сауатсыз трюк жасаған бозбалаларының өзі миллиондарды қалтасына басып кетті. Ал Голливуд деген не? Бұл өнер емес, қырық ұлттан жиылған актерлердің шоғыры, әдемі жасалған гүл дестесі. Ол тек америкалық арманға ғана бағынады. Бұл миллиондап қаржы құйылған, соның табысы еселеніп қайтып жатқан бизнес-жоба, АҚШ-тың қырық құрақ мәдениетін әлемге жарнамалап жатқан идеологиялық қару. Оның авторлары көздеген мақсатына жетті. Ал отандық кинематографтарда прокат мәселесі күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Мен жүрген жерімде киноға барыңдар деймін. Біздің қоғам кинотеатрды емес, DVD-ны қалайды. Бірақ телевизор киноның «душасын» жеткізе алмайды. Мемлекеттің киноға деген көзқарасы өзгермесе, осылай болып қала бере ме деп қорқамын.

Рауан ІЛИЯСОВ

«Адырна» ұлттық порталы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста