Әнші байыса, кино түсіреді
Қазанның басында «Звезда родилась» фильмінің тұсауы кесілді. Басты рөлде – Леди Гага мен Брэдли Купер. Қарапайым даяшы қыздың қалай әлемдік жұлдызға айналғанынан хабар беретін мюзикл. Кей жерінде күлдірсе, енді бір жерде еріксіз жылатады. Әнші жолында кездесетін қиындықтар, «жұлдыз» ауруының бойға дендеуі, махаббат – бәрі бар. Актер Купердің режиссер ретінде дебютіне көпшілік жақсы баға берді. Өйткені бір әншінің өмір жолын, талантымен көзге түскен self-made тағдырын әсем көрсете білген. Өз жайын өзі айтатындар бізде де аз емес. Соңғы кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткенін жақсыға баласақ па, бос әуре десек пе – белгісіз. Бірақ біздікілер комедияға үйір. Продюсерлікті мойнына алған әншілердің киноға кірісуіне не себеп? Қазақстанға бұл тренд сегіз жыл бұрын ене бастады. Асқар Ұзабаевтың «Ғашық жүрегінің» жарнамасы жер жарды. Продюсері – Баян Есентаева. Табысы да кеткен шығынын ақтады. 500 мың долларға түсіріліп, прокаттан 1 миллион доллар тапты. Мейрамбек пен Мөлдірдің махаббаты, Есентаеваның қатал сыны мен қиын мінезі көрерменін сендірді. Мюзикл элементтері қосылған комедияның алғашқы бөлімі сәтті шыққан соң, Есентаева екіншісіне кірісті. Бұл жолы фильмді Ұзабаев емес, Жасұлан Пошанов түсірді. Актерлер құрамында аздаған өзгерістер бар демесек, басты рөлде бұрынғыша – Бесбаев пен Әуелбекова. Мұнда алғашқысындай музыка көп болмады. Кей жерлерде көрерменді жалықтырып алған тұстары да бар. Бірақ кейіпкерлерді басқа амплуада көрсете білді. Баянның биыл жарық көрген тағы бір туындысы – «Сиситай». Мұнда да продюсер өмірінің кей тұстарын көрсеткен. Есентаева феномені кезекті рет көрініс тапты десек, артық емес. Шыққан бойда қазақстандық кинопрокаттың көшін бастады.
2013 жылы отандық кино қатары «Өкінішпен» толықты. Басты рөлді сомдаған Қайрат Нұртас ол кезде отбасы туралы тіс жармайтын, көпшілікке құпия еді. Сондықтан әншінің өмір жолы жайлы түсірілген туындыны тамашалауға талайы ынтық болды. Лирикалық драмада махаббат пен өкініш суреттелген. Продюсерлік еткен Гүлзира Айдарбекова былтыр «Арман/Когда ангелы спят» фильмін ұсынды. Мұнда да Қайрат ойнайды. Дегенмен көрерменді қызықтырғаны – әншінің әйелі Жұлдыз Әбдукәрімованың кинодағы дебюті. Бұл жерде басты акцент Қайратқа емес, келіншегіне түсті. «Өзім жайлы фильм» деп қызықтыруға шебер топ бұл жолы көрермен шақырудың басқа әдісін тапты. «Ешкімге көрсетпеймін, алам да көкке ұшамын» деп жүрген әнші әйелін үлкен экраннан көрсетті. Жұлдыздың актерлік шеберлігін мойындағандар да баршылық. Бұл енді – басқа әңгіме. Өз жайын айтқандардың ішінде аты шулы Ninety One тобы бар. Бұл жобаға әншілермен бірлесіп жұмыс істеуде тәжірибелі Асқар Ұзабаев білек сыбана кірісті. Кілең комедиядан көз ашпай жүрген режиссер өміріне өзгеше реңк бергісі келетіндей сезіледі. Өйткені комедияларына драма элементтерін көбірек қосуға ұмтылады. Осы орайда бұл фильмді түсіру Ұзабаевқа ұнаған болса керек. Әңгіме музыкалық топтың қалыптасуы жайлы болғанымен, кинода әуен аз. Музыка мен басты рөлдегі музыканттардан экранда продюсер Беделханның бет-бейнесі көбірек деген реніштер де айтылды. Дегенмен бұрынғылардан басқа стиль байқалды. Соның ішінде операторлық жұмыс, эмоцияларды жеткізуде – шеберлік жоғары деңгейде. Ел ішінде топтың концертін болдырмай, қоғамда негатив қаптаған кезде дауысын естірткісі келген мақсат орындалған сияқты. Күні кеше Төреғалидің тағдыры туралы туындыны тамашалап қайттық. Фильм «Ұлы дала комедиясы» деген атау алды. Соңғы кездері кез келген жерге «Ұлы дала» тіркесін қосу трендке айналды. Тақырыптан тыс айта кететін бір жайт – бізде тіпті «Ұлы дала кілемдері» де тоқылады. Сөздің сәні осындайдан кететін болса керек. Көп жеген бал жүрек айнытады. Жөнсіз жерде «ұлы даланың» мәні де жоғалмаса болғаны. Енді, киноға оралайық. Тіркесті Төреғали алғашқылардың бірі болып иемденіп алды. Өзінің айтуынша, ол – Ұлы дала баласы. Елдің еркесі, Төреші атанған ол әбден масаттанып, «жұлдыз» ауруына шалдығады. Көзін шел басып, есі кетеді. Тәубеге түсіруші кейіпкер Төреғалиді қарапайым Талғаттың кейпіне енгізеді. Фильм сценаристерінің жұмысына жақсы баға беруге болады. Өйткені сюжет арасындағы байланыс, диалогтар сәтті шыққан. Әзілдері де осыған дейінгі комедияларға қарағанда сапалырақ. Әншінің басы бірнеше рет дауға қалғаны бар. Басты месседж – сол қылықтарына сұраған кешірімі, қатесін түсінгені. Актерлік шеберлікке келсек, Төреғали өзін ойнаған соң ба, шынайы шықты. Сөйлеу мәнері, істеген ісінде жасандылық жоқ. Бірақ бұл да үзеңгілестерінің туындылары киген кейіпте қалатын болса керек. Біраз уақыт фильмдегі сленгтермен сөйлеп, «Мына макаронның іші пысып кетпей ме?» деп әзілдеп жүрерміз. Бірақ аздан соң ел есінен ұмытылады да қалады. Әншілердің жаппай кино түсіріп, соның ішінде өмірінен сыр шерткеніне қатысты мамандардың не ойлайтынын да білдік. Режиссер Жандос Құсайын «жұлдыздарға тыйым салуға құқымыз жоқ» дейді. Дегенмен түсірген кезде идеологиялық тұрғыдан берері бар дүние болса құба-құп екенін атап өтті. «Біз – қай жағынан болса да, өтпелі кезеңді бастан өткеріп келе жатқан қоғамбыз. Сондықтан талап пен пікірдің қайыспайтын тұсы көп. Мысалы, құқықтық қоғам құрғымыз келеді, нарықтық экономикада өмір сүріп, әркім қалағанын жасаса дейміз. Жанымызға жақын дүниені кәсіп қыламыз. Біздің талабымыз осындай. Бірақ пікіріміз бұған қарама-қайшы. «Сен мынаны істе, мынаны істеме» деп шығамыз. Әншілердің кино түсіруіне қатысты да осылай айтылып жүр. Кино, музыка, театр, сурет – бір-біріне жақын, егіз мамандықтар. Яғни, театр факультетінде оқыған адам музыканы жақсы көреді. Вокалдан сабақ алса, актерлікті қоса үйренеді. Сол себепті фильмді кімнің түсіргенінен гөрі қалай түсіргені маңызды. Талқы осы тақырып төңірегінде болуы тиіс. Көрермендердің «әншілер фильм түсіріпті» дегенін естіп, зәрезап болатын біраз себебі бар. Бұған дейін біраз әншілер осы тұнықты лайлап келді. Жарқ-жұрқ көп, өмірлерін көрсетіп, өз басына тән болмашы проблеманы халыққа алып шықты. Бұрын «Мейрамбек синдромы» деген болды. Яғни, ол ауырып қалған кезде халық жаппай қолдап, аяп, оған деген махаббаты бұрыннан бетер күшейген. Мейрамбектің ол синдромы табиғи процеспен, табысты өткен шығар. Бұл тәсілді қолданғысы келген кейінгілердікі сәтсіз болды. Міне, көрерменнің әншілерге сенімсіздікпен қарайтын себебі – осы. Мысалы, Төреғалидің фильмін алып қарайық. Комедия жанрының заңдылығына сай түсірілген. Сондықтан оны Төреғали түсірді ме, басқа ма – маңызы жоқ. Бастысы, фильм тамаша шықты. Комедия өзі екіге бөлінеді. Біріншісі, ситуациялық түрінде жағдай комедиялық сипатта болады да, актерлер драмалық рөлде ойнайды. Екіншісі, сюжеттік желіге құрылып, актерлердің мінезіне лайықталады. Мінезіне құрылатындардың жарқын мысалы – Гайдардың фильмдері. Жалпы, комедияны түрлі трактатта талдай беруге болады. Мәселен, мимикалық комедиялар болады. Мұны қазақшалап «ыржақай» дейміз. КВН-де көбірек қолданылады. Бұл қазақтарға бөтендеу. Сондай-ақ ситуацияның өзі күлкілі болады. Оған Рязановтың фильмдерін мысалға келтіре аламыз. Бірақ кейіпкерлері драма ойнап жүреді. «Ұлы дала комедиясының» категориясы осыған көбірек келеді. Бұл – қазақтарға жақын комедия. Төреғали өз басындағы трагедияны ойнап жүр, бірақ ситуация комедияға құрылған соң біз күлеміз. Енді мақсатына келсек, әншілер түсірген фильмдердің басым бөлігі ақша табу, имидж қалыптастыру үшін түсіріледі. Оларға «түсірме, қой» деп айта алмаймыз. Ұнамаса, қарамаңыз. Сол фильмдерде күлдіру үшін күлкілі бір дүние ойлап табуға тырысады. Тіпті оқиғаға оның қатысы болмауы да мүмкін. «Ұлы дала комедиясында» сценаристердің жұмысы өте тамаша. Әзілдері қазақы аудиторияға өте таныс, астарлы. Әрі Төрағалидің өмірінен хабардар адамдар түсінетін әзілдер де бар. Қазақстандағы кино саласында әсіресе, комедияның жақсы дамып келе жатқанын байқаймын. Драматургиялық, актерлік жағынан даму бар. Бірақ техникалық жағынан, әрине, индустрия емес. Әлемде 20 шақты кинодержава бар. Үндістан, Корея, Жапония, Америка сияқты алпауыт емеспіз. Біз киноға әлі өнер деңгейінде қараймыз. Осыған қоса кішігірім болсын, идеологиялық тұрғыдан қарайтын саңылау табатын болсақ, ол – үлкен олжа. Төреғалидің фильмінде отбасы тақырыбы жақсы қозғалған. Ана мен баланың қарым-қатынасы, әйел мен күйеудің байланысы көрсетіледі. Басына қонған бақты көтере алмаудың салдары көрініс тапқан. Яғни, көрерменге моральдық жағынан берері бар. Яғни, фильмдерде осыған көбірек мән берілсе екен деймін» дейді режиссер. Тақырыптың тоқетері: Аниматор Адай Әбілда газетімізге берген сұхбатында «Бізге әзір сапа туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Санның соңы – сапа. Қазір санның көп болғаны дұрыс» деген болатын. Әлбетте, ол кезде әңгіме отандық мультфильмдер хақында болған. Мұны бәлкім, кинематографқа да қатыстырып, өзімізді «жұбатсақ» па екен? Өзі жайлы кино түсіргеннен бөлек, өзі кино түсіріп жүргендер тіпті көп. Біркелкі, жеңіл әзіл мен отбасы – ошақ қасындағы тақырыптарымен Әсел Сәдуақасова талай сыналып та жүр. Басқаша бағыттан бастаған Бүркіт былтыр «Логовосын» ұсынды. Қазақстандық триллерді түсіріп болған ол келесі жобасын бастап кетіпті. Ерке Есмаханның «Махаббат кафесінің» тұсауы да күні кеше кесілді. Әншінің алаяққа тап болған оқиғасының негізінде түсірілген фильм де комедия жанрында. Бір байқағанымыз, кино басталмас бұрын берілетін жарнамада қазақстандық өнім көп. Соның басым бөлігінің продюсер-лері – жұлдыздар. Әншісі бар, әзілкеші бар тынбай еңбек етіп жатқандай. Саны көбейіп келе жатыр екен, сапа жайлы ойланатын кез де көз ұшында болса керек. Жұлдыздар ұсынған туындылар ақша табумен қатар, ақталуға бағытталатындай. Әлдебір назын жеткізудің тәсілі қылып алған ба дейсің. Әлде бұл жай ғана «әнші байыса, кино түсіредінің» кебі ме? Мұндай қадамдарына жақсы қараймыз ба? Қалай, ағайын?!
Жадыра АҚҚАЙЫР