Алаш арыстары қазақ шекарасын қалай бекітті?

Алаш арыстары қазақ шекарасын қалай бекітті?

Осыдан 96 жыл бұрын бір топ алаш азаматы қазақ елінің жер көлемін белгілеу үшін жан беріп, жан алысты. Ақыры, дегендеріне жетті. Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасы сол алаштың арда ұлдарының қажырлы еңбегінің арқасында белгіленген. Айтар әңгімеміздің әлқиссасын бүгінгі күннен бастап, кешегі өткен тарихқа барлау жасауды жөн көрдік...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз­дің шекарасын тас-түйін етіп бекіткен соң, «Тұңғыш рет та­рихта біздің мемлекет халықара­лық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың ша­қырым мемлекеттік шекара межеленді» деп, ақжарма сөзін халқына арнағаны бар.
Рас, ТМД кеңістігінде ха­лықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекітілген мемле­кеттік шекараға Қазақстан ғана ие. Тіпті осы ТМД кеңістігінде шекара сызығын айқындамаған кейбір республикалар біраз тер­риториясынан айырылып қалған жайы бар... Құдайға шүкір, Қа­зақстан шекарасына селкем түсірмей, уақытында шегендей алды. Рас, түйткілді мәселелер болмай қалған жоқ. Өйткені, 13400 шақырымға созылған шекараны бекіту оңай емес. Көр­шілермен келісе отырып, бейбіт жолмен шешу, халықара­лық деңгейге сай делимитациялау, демеркациялау бір пәрменмен шешілетін дүние емес. Тіпті ке­зінде КСРО шеше алмаған Қы­таймен шекарадағы даулы аймақ мәселесін шешу Қазақстанға оңай тимеді. Сондай-ақ, 7591 шақырымға созылып жатқан Ресеймен екі арадағы шекараны делимитациялау да қажырлы еңбектің арқасында келді. Соны­мен қатар, Қырғызстан, Өзбек­стан, Түркіменстанмен де бейбіт келісімдер жүргізе отырып, шекара мәселесін ши шығармай шешіп алған жайымыз бар. Әрине, бұл жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін айт­пай кетуге болмайды. Мемлекет басшысының бет-беделі болма­ғанда, әлі де шекара мәселесін өзгелер секілді шеше алмай жүрер ме едік, кім білсін?! Құдайға шүкір, қазір еліміз халықаралық құқық норма­ла­ры­мен заңды түрде бекітілген мем­лекеттік шекараға ие. Бұл жерде еске сала кететін бір жайт, тәуел­сіз­дікке қол жеткізген еліміз та­рихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағының құра­мындағы Қазақ КСР-інің аумағы мен шекарасына иелік еткені белгілі. Ал ол шекараны бекіту үшін үлкен айқас болғанын та­рихтан білеміз. Ең бастысы, алаш арыстары иісі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін жан беріп, жан алысты. Енді, осы мәселеге келейік.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жө­нінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыста­рының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәсе­леге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.
Ол баяндамада Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияла­рын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құра­мына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақ­тардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ер­мековтің айтқандарына то­лықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені, ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.
12 тамыз күні Лениннің төраға­лық етуімен өткен мә­жілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқа­сында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.
Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл – олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды. Ал осы ай­тулы дата бүгінде көптің наза­рынан тыс қалды. Ескерілмеді. Сондықтан мұны біз айтып, ха­лықтың есіне түсіріп қою – пары­зымыз.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы ғалым, жазушы:

Бұл күн ұлттық мерекеміз болуға тиіс
– Әлімхан Ермеков өз сөзінде мы­надай пікір айтыпты: «Қазақ­стан шекара­сын анықтау бары­сында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерек­шеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көш­пелі өмір салты мен мал шаруашы­лығын басты кәсіп ре­тінде сақтап қал­ғанын назарға ілсек, онда бұл облыстар­дың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сон­дықтан да Қазақ авто­но­миялы респуб­ликасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекара­лық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүм­кін әрі нақты өмірлік сипат алады.
Бұл мәселе керісінше шешіл­ген жағ­дайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталық­тарда талап етіп отырған терри­торияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оң­түстік облыстар эконо­микалық, шаруашылық, мәдени ашар­шы­лыққа ұшырап, тірі өлікке ай­налады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автоно­мия­сының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек».
Ермековтің айтқаны шындық еді. Егер де Сібірревкомының ырқына кө­не­тін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облы­сы: Шы­ғыс Қазақстан, Семей, Ақ­мола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды. Егер сол астрахандық делегацияның сөзі­не сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кетуі керек болатын. Тұрар Рыс­құловтың өтініші өтіп кетіп, Түр­кістан мемлекеті құ­рыла қалған жағдайда, онда қа­зіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыс­тары Түр­кістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбек­станның құра­мын­да қалып қоятын еді.
Міне, осы мәселені қойып, оны заң­дастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, он­дағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау Әлихан Бөкейханның кеңе­сімен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады.
Мәжілісте Әлихан Бөкейхан­ның, Әлімхан Ермековтің, Ле­ниннің тікелей ықпалы болма­ғанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұс­қауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұр­сынұлы­ның қатты айтқан сөзінің нәти­жесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе ше­шілген. Ол дауға түспейді. Енді, осы бел­гіленген территорияның нақты шека­расын анықтау керек деген шешім түсті. Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмыс ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комис­сия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ерме­ков­тің қайта баян­дама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шық­қаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ер­меков естелі­гінде былай жазады: «Өзімнің табы­сыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкей­хановты тостық. Әлекең Ленин­мен пікірлесіп, әңгімелесіп қал­ған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орын­дауға уәде беріпті».
Сонымен, жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақ­станның территориясы қалып­тасты.
Біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Соның бекітілгеніне тоқсан алты жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек. Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы – Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан террито­риясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты.


Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақ жерін жинақтаған құрылтай
– Қазіргі Қазақстан Рес­публикасының мемле­кеттілігінің тарихи дәстүрлері XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығынан басталады. Ал, оның қазіргі шекараларының нақты белгіленуі Кеңестік дәуірдегі саяси өзге­рістерге байланысты қалыптас­қаны ақиқат. Азамат соғысы аяқтала салысымен, Алаш пар­тия­сының көсемдері және ұлт­шыл зиялылар Кеңес Одағы құрамында жүргізілген ұлт­тық-аймақтық межелеу жұ­мыстарына белсене атса­лысты. Қазақ хал­қы­ның та­рихи қалыптасқан жерле­рін оның иелігінде алып қалуға күш салды. Ресей Федера­циясы құрамында қазақ автоно­миясын құру жо­лында құрамында Алаш қайрат­керлері мен боль­шевиктер кірген Қазревком жұмыс істеді. Кеңестер мен больше­виктік партияның көсемі В.И.Лениннің декретімен құрыл­ған Қазревком 15 айдай қызмет етіп, Қазақ­стан­ның аумақ­тық тұтастығын қал­пына келтіру мақсатын бірінші орынға қойды. Себебі, қазақ жерінің оңтүстік ай­мақтары Түр­кістан авто­номиясы құрамында қалып қоюы, ал солтүстік аймақ­тары Башқұрт-қазақ автономиясы құрамында қалуы, солтүстік-шығыс аймағы­ның Ресей Феде­рациясының құрамына еніп бөл­шек­тенуі қаупі тұрды. Сон­дықтан, Қазревком мүше­лері қатарындағы ұлтшы­лдар патша өкіметі бөлшек­теп тастаған қазақ жерлерін бірік­тіру жолында Қазақ­стан Кеңес­терінің Құрыл­тай съезін өткізуді қолға алды. Құрыл­тайға дайындық ба­ры­сында болашақ Қазақ респуб­ликасының шекараларын анық­тау жөніндегі комиссия Ахмет Байтұрсыновтың басшы­лы­ғы­мен зор қызмет ат­қарды.
Империялық пиғылдағы боль­ше­­виктік басшылар ұлт­жанды қайраткер­лердің қазақ жерін біріктіру жолындағы қызметіне бөгет жасап бақты. Тарихи әділеттілік үшін айтуға керек шындық бұл істе Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленин қазақ халқының өкілдерін қол­дады. Қазақ жерінің біртұтас авто­номия құрамына жиналуына А.Байтұр­сыновпен бірге Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Сейітқали Мең­дешев, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Әліби Жанкелдин, Халел Ғаббасов т.б. қайраткерлер үлес қосты. Сонымен бірге, бұл жұ­мыстар саяси-таптық тартыстар және қайшылықтар жағдайында жүрді. Жетісу, Сырдария, Орал, Торғай, Семей, Ақмола, Бөкей ордасы, Түркістан, Астрахан қа­зақтары бір автономия құрамына енуге ниет етті. Қазақ халқының мақсатына орай 1920 жылы 26 тамызда В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған Кеңес­тік федерациялық социа­листік мемлекет РКФСР құра­мында Қыр­ғыз (Қазақ) Авто­номиялы Кеңес­тік Социалистік Республи­касын құру туралы Декреті шық­ты. Астанасы болып Орынбор қаласы бекітілді. Қаз­ревком құрамы қай­тадан қара­лып, оған В.­А.­­­Ра­­­­­дус-Зень­ковия, И.Д.­­Мар­­тынов, В.Пок­ро­вс­кий, С.Авдеев, А.Байтұр­сынов, С.Сей­­фуллин, Х.Ғаб­басов т.б. енді.
Ең бастысы, қазақ ұлтының тарихи иелік етіп келген жер­лерінің басым бөлшегі ҚазАКСР құрамына енгізілгені жария етілді. Қырғыз (Қазақ) АКСР қара­мағына 1917 жылға дейінгі шекара белгісіндегі Ақмола облысының Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл уездері және Омбы уезінің бір бөлігі, Семей облы­сының Зайсан, Семей, Павлодар, Өскемен, Қарқаралы уездері, Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездері, Орал облысының Гурьев, Лбішін, Темір, Орал уездері енді. Сонымен қатар, Маңғыстау уезі, Бөкей ордасы, Астрахан губерниясының Синеморье облысы, бірінші, екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған уездері де кір­гізілді. 1920 жылы күзде ел аумағы 1 млн 871 мың шаршы версті қамтып, халқының саны 5 млн 46 мың адам болды. Бұл ха­лықтың 46 пайыздан астамы қазақтар болатын.
Айта кететін жағдай, Жетісу мен Сырдария облыстары ҚазАКСР құра­мына тек 1924 жылы Түркістан КАСР құрамынан шығарылып қайтарылды. Ал, Ақмола мен Семей облыстары Сібір ревкомының құрамынан тек 1921 жылдың басында қай­тарылды. 1925 жылға дейін ҚазКАСР астанасы Орынбор қаласы болып, 1920-1925 жылдар аралығында Қазақстандағы ұлттық-аумақтық межелеу жұ­мыс­тары аяқталады. Қазақ жерінің Қазақ КАСР құрамына қосылуы қазақ халқының пай­дасына шешілгенін атаған жоқ. Азамат соғысы, 1921-1922 жыл­дардағы ашаршылық, қуғын-сүргін жағдайындағы алапат қиыншылықтарға, қырылуға қара­­мастан, қазақ ұлтшыл қай­рат­­керлері қазақ жерін жинақтау мақсатында зор тарихи маңызы бар жұмыс жасады. Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік террито­риясын 8 губернияның құрамын­да болған 41 уезд жасады. Олар: Бөкей губерниясынан Таловка, Орда, Жаңақала, Теңіз уездері; Орал губерниясынан Орал, Елек, Жымпиты, Камыков, Гурьев, Азат уездері; Ақтөбе губерния­сынан Ақбұлақ, Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Шалқар уездері; Қостанай губерниясынан Федоров, Боровский, Қостанай, Урицкий, Денисов, Торғай уездері; Ақмола губерниясынан Петропавл, Черлакский, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездері; Семей губерния­сынан Семей, Павлодар, Өске­мен, Бұқтарма, Зайсан, Қар­қаралы уездері; Сырдария губер­ниясынан Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент уездері; Жетісу губерниясынан Алматы, Талдықорған, Лепсі, Жаркент уездері енді.
Губерниялар мен уездер атауларына қарап отырсақ, Қазақ КАСР құрылуымен басталған тарихи маңызы бар үрдіс бүгінгі Қазақстанның территориялық-аумақтық және мемлекеттік шекарасын жасап берген үрдіс екендігін анық байқаймыз. 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ КАСР құрылуының қазақ халқының дамуына тигізген ең басты тарихи ықпалы – осында.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:

Алғысты алаш қайраткерлеріне айтайық
– Қазір кейбір ғалымдар, зиялы қауым өкілдері істің байы­бына бармай, тарихтың ұңғыл-шұңғылына үңілмей жатып, «Қазақтың шекарасын Ленин сызып берген, алғысты соған айтайық» деп жатады. Шындығы солай ма еді? Жоқ. Ең бірінші, рақметті алаш қайраткерлеріне, большевиктердің арасында жүрсе де, «ұлтым, елім, жерім» деген қа­ракөз азаматтарымызға айтуға тиіспіз. Алғаш қабылданған декретке Орынбор губерниясы енбей қалды. Қазір көп ешкім біле бермейтін сол кезде Ахмет Байтұрсыновтың Ленинге жазған хаты бар. Хат Елбасының мұрағатында сақтаулы. Ол хатта Ахмет Ленинге Орынборды Қазақ автономисының құрамына беруді сұраған. Неге десең, ол аймақта қазақтар аса көп шоғырланған еді. Осындай ұсыныс болған­дық­тан, Ахаңның бұл хатын әлі күнге жариялай алған жоқпыз. Өйткені, ел арасында түсініспеушілік туын­дап кетуі мүмкін. Тіпті тәуел­сіздікке ие болған соң, кейбір орыс тарихшылары «сіздердің Байтұрсыновтарыңыз Солтүстік Қазақстанның біраз жерін Ре­сейге берейік деп ұсыныс жа­саған» дегенді шығарып алып, іріткі салуға дейін барды емес пе? Шындығында, Ахаң «Орынборды бізге бер» деп, оның өтеуіне Петро­­павлдің маңайындағы кей­бір жерді алуын өтінгені рас. Бұл – жеке Ахмет Байтұрсыновтың пі­кірі емес, сол кездегі алаш қай­раткерлерінің ортақ пікірі еді. Егер де Орынбор қазақ еліне қа­раса, сол өңірдегі түркі тектес елдермен тығыз байланыс ор­найтын еді. Ортада шекара бол­майды. Түркі тектес елдер (баш­құрт, татар т.б.) қарым-қатынасы күшейеді. Салмағы артар еді. Осы Ахметтің хатының әсері болды ма, әлде өзге де алаш қайраткер­лерінің пікірі ықпал етті ме, арада ай өтпей жатып, сол 1920 жылдың қыркүйегінде Қазақ автономиясы мен оның аймақтық-террито­рия­лық межесіне өзгерту енгізіліп, оған Орынбор кіргізілді. Тіпті Орынбор Қазақ автономиясының астанасы болып бекітілді. Алайда, қазақ автономиясымен Еділ бойында жатқан өзге түркі жұр­тының ынтымағы артып бара жатқанын көрген әрі болшақта бұл өте қауіпті екенін сезген боль­шевиктік билік 1925 жылы Орынборды қайтадан Ресей құра­мына енгізіп жібергені белгілі. Жалпы, қазақ автономиясын құруда, оның аймақтық-террито­риясын белгілеуде қазақ зиялы­ларының орны ерекше. Өзге мәселеде олардың пікірі қақ жа­рыл­ғанымен, жер мәселесіне кел­генде, ортақ көзқарасқа тоқтады. Сондай ауызбіршіліктің арқа­сында қазақтар мекендеген жерлердің бәрі Қазақ елінің құрамына енгізілді. Ал енді «осы мәселелер бүгінгі күнге дейін неге ашық айтылмады?» дегенге келсек, сол кездегі хаттамалардың көбі құпия болып келді. Алашорда басшыларының айтқандарын, жазысқан хаттарын жариялауға тыйым салынды. Сондықтан тарихшыларымыз ойларын ашық айта алмады. Енді ғана құпия хаттамаларға қол жеткізіп жатыр­мыз. Алдағы уақытта 1920 жыл­дың шілде-тамыз айларында Қа­зақ елін құруға талпыныс жасап, басын қатерге тіккен алаш қай­раткерлерінің еңбектері талай айтылады деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста