Абылай ханның сүйегін экскаватор табанына таптаған кім?
Біз осы уақытқа дейін Абылай ханның және басқа да қазақ хандарының мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген деп есептеп келеміз.
Бірақ атақты жазушы Ордабек Шаяхметовтың кешегі "Халық жауы", Сталиндік ВКП(б) тарихының оқытушысы, райкомның екінші хатшысы Б. Қонақбаевпен жүргізген сұхбат негізінде жазылған "Түркістан тұтқыны" романында келтірілген деректер бұл пайымды теріске шығарады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Айталық, бұл кітапта Абылай ханның мүрдесі 1974 жылдың 6-қыркүйегінде күресінге тасталғаны туралы дерек келтіріледі. "Әзірет Сұлтан" кесенесінің маңайын өңдеп, көріктендіру мақсатындағы дренаждық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде, қатардағы экскаваторшы С. Манасуев күйген кірпіштен өрілген мүрдехана мен еңселі адамның сүйегін табады.
Сағана-бейіттің көлемі 6х3 метр. Бұл жайында С. Манасуев өзінің басшысына хабар берген. Бірақ сол жердегі бригаданы басқарып жүрген бастықсымақ оның сөзін жүре тыңдап, қаза беруді бұйырады.
Сәйкестік!
Абылай ханның сағана бейіті 1974 жылдың қыркүйегінде бульдозер табанына тапталып кете барды осылай. Ал Ипатьев үйі 1977 жылдың қыркүйегінде жойылды.
Андропов Ипатьев үйін жоюға нұсқау берген кезде КГБ басшысы болса, Абылай хан мүрдесін шынжыр табанның астында күл-талқан еткенде де дәл сол құзырлы орынында еді.
Экскаваторшы Мансуевтан белгілі ақын, қаламгер Орынбай Дастанов түсініктеме-сұхбат алған. Бірақ бұл жазбаны жария етудің сәті тек 17 жылдан кейін түсті. Араға 17 жыл салып, әлгі жазба "Жібек жолы" журналының бетінде жарияланды.
"Әзірет Сұлтанның" жанындағы хандар мүрдесінен қазіргі уақытқа дейін тек Есім ханның сүйегі қалып отырған көрінеді.
Жоғарыдағы деректердің барлығы аты аталған автордың туындысындағы тосын әрі тың деректер. Осы тақырыптарға қатысты өзге бағыттағы ақпараттар, нақты фактілерге құрылған дүние болса, жариялауға болады.
Тарихтың тура жолын табу, ақ һәм бұрмаланбаған тарихымызды жасау, жасау емес табу – біздің ұлт алдындағы парызымыз.