Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс?

Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс?

 Патшалық Ресейдің идеологтары «түзеген» хаттың кесірінен асыл ерді күстәнаушылар көп болды. Тіпті ұлы хан жазған хаттың түпнұсқасы табылып, жарияланғаннан бері де «ескі сүрлеумен» кетіп қалып жүргендер көп. Сондықтан да біз  ғалым Амантай Исаұлының  2001 жылы «Абай» журналының №2 санында жарық көрген мақаласын қайыра ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақ халқының тағдырлы таңдау алдында тұрған 1730-1731 жылдары Ресей империясы жиі-жиі далалықтардың назарын өзіне аударып отырды.
I Петрдің сонау 1722 жылы уағыздап кеткен амалы — қазақтарды қайткен күнде, қағазға түскен сөз жүзінде болса да империя үстемдігін мойындату, сол арқылы болашақта қазақ даласы арқылы Орталық Азияда орнығып, Бадақшан мен Үндістанға шығу жоспарын бастаудың оңтайлы сәті түскендей. Ұлы Далаға қысым жасау құралының біріне империяның қол астында тұрған халық — башқұрттар қолданылды. Оларды қазақтарға қарсы итермелеп, мазалатқызып, тіл табысуға мәжбүрлетіп отырды. Бір жағы Ресейдің өзі мүдделі болса, тыныштықты қажетсінген башқұрттар одан бетер мүдделі болғаны айқын.
Бытыраңқы жағдайдағы қазақтарға тағдырлы таңдау жылы солай төніп-ақ келді. Ұлы мемлекетке ұлыстарымен ұрымтал отырған Әбілқайыр ханға жаңа әңгімені бастауға кезек келгендей. Хандық жағдайын да, өз билік-мәртебесін сақтап-өрістету шараларын да іздестіріп жүрген кезі болатын.
Рубиконнан өтумен парапар болған хан шешімі де туды: Ресейді арқаланбаса, жойқын мемлекеттің ығына тұрмаса болмас, ығы мен күшін қажетімізге жаратсақ хандыққа игі болар-ау деген ой ыңғайына салды. Кімнің құзырын кім мойындамай өткен? Кейінгісін құдай көрсетер. Төнген күштен шегіну, кері серпілу деген қашан да болды емес пе?
Хан шешімінің жүзеге асуын тездеткен жағдай: 1730 жылдың маусым айында Кіші жүз ордасына башқұрттың әйгілі рубасы, тархан Алдардың келуі еді. Ол Әбілқайыр ханның жеке қабылдауында болады. Ресей алдында ерекше қызмет деп кейін бағаланған Алдар амалы да империя үстемдігін мойындату арқылы қазақтар мен башқұрттар арасында бейбіт орнату мүмкіндігіне жету болатын.
Оқиғаға қатысты үш жақтың да діттеген бір мүдделері дөп келіп жатқан сол 1730 жылдың жазында ойластырылған жоспарлардың бір парасы қағазға да түсіп, империя астанасына жөнелтілді.
Әбілқайыр ханның 1730 жылғы хатының зер салар мазмұны да сол: Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының башқұрттарға байланысты сөз қозғауы. Оқиғаларда башқұрт факторының қаншама ірі болғандығы айқындалады.
 
* * *
XVIII ғасырдағы қазақ хандары Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай болсын Ресеймен хат алмасқанда белгілі бір шектен шықпаған, ұлы Абай айтпақшы, «әсіре арланбаған». Дала билеушілерінің түпнұсқада сақталған хаттарынан осыны анық байқауға болады. Керісінше, империяда далалықтар атынан жасалған құжаттарда немесе сол үлгілерге сәйкес хан хаттарының ресми аудармаларында Ресейге артық жалбарыну, төменшіктеу, құлдану сияқты белгілер бар. Сонымен, бұл ел тәуелсіздікті жоғалтса — билеушінің ғана көрген қорлығы емес. Зорайту мен кемсітуді таңбалап тарихқа таңу. Шынында, зерттеушілердің қанша буыны сол ресми аудармаларға сүйеніп қорытынды жасаған. Дала билеушілері саясатының кейбір қырлары көрінбей қалу себептері де сол.
Қазақстан мен Ресейдің XVIII ғасырдағы   қарым-қатынастары    кеңес   заманында қарастырылғанда Қазақстанды ашық жаулап алудан Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылды дегенге дейін бірнеше ресми концепциялар ауыстырылды. ХХ ғ. 50-60 жылдары құжаттарды талдап, жарыққа шығаратын мезгіл туғанда бір кезде жасалған ресми аудармаларды дұрыстап, далалықтардың дербес идеясын, өз саяси жолдарын көрсетуді тарихты қолына уыстап қысып отырған идеология қажетсінген жоқ.
Енді жағдай өзгерді дегенмен, мәселенің әлі буылған қалпында қалып жатқанын аңғару қиын емес. Ертеректегіні атамағанның өзінде, соңғы жылдардағы кейбір тиянақты зерттеулерде сол баяғы, немесе кеңес заманында аз жаңғыртылған аудармаларға арқа сүйеу басым1. Түпнұсқа мәтіні тіпті қолданылмай келеді десе де болады.
Әбілқайыр ханның 1730 жылы Ресей патшасына жіберген хатының түпнұсқадағы мәтінінің 1960 жылы жарық көріп2, кейін қайталана басылғаны бар. Жинақ құрастырушысы М.Г.Масевичтің кіріспе мақаласында қазақ кеңсе тілінде жазылған құжаттарды аударған Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Р.М.Пейгумбари деп көрсетілген3.
Зерттеушілер қолданып жүрген осы аударманы түпнұсқа мәтінімен салыстырсақ, қате аударылған, аударылмай қалған, мазмұны өзгерген және қосып жіберілген сөздер тізбегі шығады.
Кіші жүз ханы алдына келген Алдарбайдың «елші тілегені» — «требовал посланника». «Орал  ештегі башқұрт халайықы» деген тіркестегі «естек» сөзі мүлде ұғылмай, «башкирский народ, который находится за Уралом» деп қате аударылған.  Қызғылықты, жазба құжаттарда сирек кездесетін қазақи тарихи ұғым «қырық сан қазақ» атауы «многочисленный казахский народ» деген долбарлы қолданыспен өзгертілген4.
Қате аударылған, өзгертілген немесе аударылмаған сөздерден тыс ресми аударма салқынын тигізген, хаттың өзінде жоқ, белгілі саяси мақсат үшін қосып жіберген сөздерді табуға да болады.
Әбілқайыр, естек Алдарбайдың қолқа салуын сылтауға алып, «ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазыретіге елші тілегені үшін» «біз …барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым» деп қысқа қайырса, аудармада «преклоняемся перед Вами» дегеннен кейін: «являемся Вашими слугами и все вместе с простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи…» деген жалбарыныш сөздер мәтінде мүлде жоқ! Бұл сөздердің мәтінде болуы-болмауы талдау, қорытынды жасауға қаншалықты әсері барын аңғару қиын емес.
 
* * *
Сонымен, Әбілқайырдың Ресей патшалығына, империя астанасына елшілері арқылы 1730 жылы жіберілген хаты қандай?
Хан Ресей империясына жеңіл түрде мойынсұну есебін қазақ пен башқұрттың арасында Ресей құзырымен бейбіт орнату мүддесімен шебер байланыстырған. Өйткені, естек-башқұрттар — Ресей қол астындағы ел. Бұрынғылардың саяси дәстүрімен хат жүзінде Әбілқайыр «баш салады» («бас иеді»), «Ұлұғ падша хазыретінен» «пана» іздейді.
Хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды.
Мәтін:
Ұлұғларың аууа5 марһаматы6 биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна7 ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда8 олар анша тасығай.
Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді.
Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ9 мунқаз10олмақ үчін тоғай11 йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ12 Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат13 қарашаларым бірле баш салдым.
Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні14 тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз.
Сейітқұл йіберген елші баш Құтлымет йолдашлары бірле.
 
_________
1Қараңыз: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик.— Алматы, 1999. 186-б.
2Материалы по истории политического строя Казахстана. Т.1. – Алма-Ата, 1960. 9-б.
3Сонда. 5-б.
4Сонда. 9-б.
5«Ау[уа]».
6Марһамат (арабша, парсыша) — мейірім.
7Сөздің екінші бөлігі түсініксіздеу.
8Зияда (арабша) — көбею, өсу, молаю
9Сатиғ (арабша) — жазық, ой.
10«Мункад» сөзі емес пе екен? Мункад (арабша) — бағынышты, тынышты, кіріптар. «Сатиғ мункад» — «ықтану», «тыныштық» деген ұғым білдірсе керек. Европалық «протекторат» ұғымына жақын.
11Осылай жазылған. Тарихта «Ноғай жолы» деген жол (бағыт) бар. Бірақ бұл жерде «ноғай жолы» деп қабылдау үшін анық жазылған «тоғай жолы» деген ұғымды жоққа шығару керек.
12Қырық сан қазақ, яғни төрт жүз мың. Бейнелі атау. «Қырық рулы қазақ» деген ұғымға да жақын.
13Рағайат (арабша) — қарамақтағы, қол астындағы.
14Ірішу (татарша, түрікше) — жету.
 
Әбілқайыр ханның 1730 жылғы хаты (түпнұсқа)
 
Хаттың ресми аудармаға арқа сүйеген, 1960 жылғы басылымдағы орыс мәтіні:
 
8 сентября 1730 г.
Послание в Петербург ее величеству
Величайшей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земель, ее величеству государыне императрице ежедневно, ежемесячно и ежегодно желаем божией милостьюблагополучного государствования. Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношенийне было. Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи,чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии.
Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными.
(Передали): Сеиткул. Главный посланник Куттумбет с товарищами.
 
Мәтіндегі асты сызылған сөздер түпнұсқада жоқ немесе мағынасы өзгертіліп берілген.
Бұл хаттың мынандай жаңа аудармасын ұсынамыз:
Величия и милости высокой, государства превыше, правящей [всеми] землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство [Ваше] да пребывает в здравии и приумножается.
Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия.
Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.
Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии.
Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлыметом с товарищи.
Өткен замандардан жеткен деректемелерге тарихшылардың мұқият, қажет десеңіз, зор құрметпен қарап, оларды жоққа шығаруға (егер баяндау, әрине, фальсификация болмаса) асығыстық білдірмейтіні аян. Орыс деректемелері де аса құнды. Оларсыз, бертін түгіл, ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ тарихын тану мүмкін емес.
Алайда жалған намыс қысып, дала билеушілері жазған хаттардың ресми аудармаларында қол жүгіртіп, басы артық, бағынышты сөздерді қосып жіберу —  Мәскеу мемлекеті кеңсе қызметі қалыптастырып, Ресей империясы үдетіп жіберген әдет. Оған кейбір жылдардағы кеңес заманындағы ұлы халықты аға тұтқан құлшыныстың қосылғаны бар.
Тарихтың жауһар тамшылары арасында өскін тірлікке қиыршық тастай бататын бөгде бөлшектердің ұшырайтыны өкінішті.
Әйтсе де олар бусанған, құлпырған мәңгі жас даланың мұнтаздай таза жарқыраған келбетіне көлеңке-дақ түсіре алмайтыны тағы да шындық.

Амантай ИСАҰЛЫ,
тарихшы.
 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста