25 қазан – Республика күні Қазақстанға қандай өзгеріс әкеледі
Он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған Республика күні қайта оралды. Биылдан бастап Қазақстан 25 қазанда ұлттық мерекені тойлайды. Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы бұл мейрамның қайтарылуының астарында үлкен мән бар екенін айтады, деп хабарлайды Alashainasy.kz Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еркіндікке бастайды
Құралай Бақытқызының айтуынша, қазан айындағы ұлттық мерекенің мемлекеттің одан әрі дамуына оң әсері бар. Осы датаның оралуымен елімізге еркіндік, сөз бостандығы келеді.
"25 қазан – бізге аса қажет даталардың бірі. Кейбір адамдар мұны тұңғыш президент күнінің алынып тасталуына байланысты мерекелерді жай алмастыру деп қабылдауы мүмкін. Алайда мұның астарына үңілсек, ар жағында жұмбақ сыр жатыр. Осы дата елімізге көбірек еркіндік әкеледі. Батыстың демократиясы кіреді, ал бұл адамға сөз бостандығын береді", - дейді нумеролог.
Айтуынша, кез келген өзгеріс бастапқыда қарсылыққа тап болып, түпкілікті беку үшін бірнеше кезеңнен өтеді. Сол себепті Қазақстан да нағыз демократияға бірден келе салмайды. Әйтсе де 25 қазанның елдің өсуі мен дамуына септігі зор, деп санайды маман.
Айтуынша, осыған дейін билік пен халық арасында кері байланыс болмай, азаматтар үкімет шешімдерінен шет қалып, жігерлік пен бірліктің жетіспеушілігінен біраз дүниені тек сырттай бақылап келсе, енді келешекте бәрі өзгереді. Қайта жаңғырған ұлттық мейрам өткеннің олқылығын толтырады. Қазақстандықтарды еркіндікке жетелейді.
"Жалпы әр айдағы датаның өз мән-маңызы бар. Мәселен, қазан айындағы дәл осы дата азаттықты, қауіпсіздікті алып келеді. Адамдардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға тигізер септігі өте көп", - деді Құралай Бақытқызы.
Республика күні қалай оралды
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды.
Араға он жыл салып бұл мейрам мемлекеттік ретінде аталып өте бастады. Алайда 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды.
Ал биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мейрамды қайтару қажеттігін мәлімдеді.
Көп ұзамай парламент заңды қабылдады. Оған сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп отыр.
Айта кетері, Тәуелсіздік күні бұдан былай тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтпек.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешевтің айтуынша, Республика күні биылдан бастап тойланады. Қазақстандықтар 25 қазан демалады.
Осы жолы ұлттық мейрамды тойлау үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ.
Таяу арада 25 қазанда өтетін мерекелік шаралардың жоспары әзірленеді.