«13 жастағы қызыма құда түсті» - Ауғандағы қазақтар үш өтініш айтты
Ауғанстандағы қазақтар ел билігін тәлібтер қолға алған бір жылға таяу уақыт ішінде әртүрлі қысым көре бастады.
Ауғанстандағы қазақтар ел билігін тәлібтер қолға алған бір жылға таяу уақыт ішінде әртүрлі қысым көре бастады. Жұмыстан айрылу, отбасын қорғау және тағы да белгісіз себептерге байланысты халықтың біраз бөлігі Иран мен Сауд Арабиясына бөлініп қашып кеткен. Олар не Ауғанстанға қайта алмайды, не Қазақстанға виза ала алмайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
«Совет одағы елінің аумағында болған үдеріс: әуелі төңкеріс, одан кейін азамат соғысы, қызыл репрессия, қуғын-сүргін және ашаршылық – осының барлығы сайып келгенде біздің қазақ халқының демографиялық санын да, сапасын да құлдыратып кетті. Ауғанстандағы қандас бауырларымыз – сол өткен ғасырдың 20-30-жылдары қуғындалып, шетелге аууға мәжбүр болған ағайындарымыздың ұрпағы. Шын мәнінде, Тәуелсіз Қазақстан оларға, кешегі қуғын көрген адамдар ұрпағы деп қарап, қамқорлық жасауға міндетті. Сонымен бірге совет одағының бүгінгі мұрагері болып отырған кейбір ел, соның ішінде Ресей мемлекеті бұған өтемақы төлеуге міндетті», – деді астанада жұма күні болған Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы халықаралық конференцияда жиын модераторы, мәдениеттанушы Серік Ерғали.
«ЕҢ ӨКІНІШТІСІ, ҚАЗАҚТАР БАСҚА ҰЛТҚА ТЕЗ СІҢЕДІ»
Жиында Ауғанстанда туған, бүгінде Данияда тұратын қазақ, экономист Ақбар Аюби онлайн баяндама жасап, жалпы жағдаймен таныстырды. Шетелдегі қазақтардың үш ұсынысын жеткізді.
Ақпар Аюби мырзаға былтыр тамызда тәлібтер Ауғанстан билігіне келгеннен кейін бірталай кісі жағдай нашарлап кетті деп хабарласқан.
Жергілікті адамдар Ауғанстанда 100 мыңнан 300 мыңға дейін қазақ бар екенін айтады. Мәселені түбімен зерттесе, 8 млн өзбектің ішінен 1 миллиондай қазақ шығады деп жорамалдайды.
Ақпар Аюби мырза, өзі зерттеуші адам болғандықтан, айтылған сөздің шындығына көз жеткізбекке дереккөздер іздей бастаған. Швециядан 1935 жылы Ауғанстандағы түркі халықтарын зерттеуге барған Ярин деген ғалымның кітабын тауып алған. Онда кітап авторы көзімен көрген қазақтар туралы баяндайды. Елдің қай өңірінде қанша қазақ бар екенін шамалап жазған. Сонымен бірге кітабында басқа еңбектерге де сілтеме беріп отырған. Мысалы, бүкіл Орта Азияны зерттеген ағылшын саяхатшысының 1819 жылғы кітабын көрсетеді. Демек, бүгінгі тарихтан 200-300 жыл бұрын да қазақтар сонда барған.
Көштің басы өткен ғасырдың 20-30-жылдарынан да ары жатыр. Ақпар Аюби мырза осындай еңбектерден кейін Ауғанстаннан жүз мыңдаған қазақ шығатынына көзі жете бастаған. Ол ең бір өкініштісі, қазақтар басқа ұлтқа тез сіңіп кетеді дегенді айтады.
«Бұл кісілер қазақ тілін ұмытқан. Ал сөйлегенде өзбекте жоқ қазақ әріптерін қолданады. Біз, қазақтар, әдетіміз барған жердің тілін меңгереміз, әдетіне үйренеміз. Өз еліміз секілді тұра береміз, қорықпаймыз, білімін аламыз, сіңіп кетеміз. Себебі көшпенді болғаннан кейін тез бейімделеміз. Бір жаман жері, ассимиляцияға ұшырап кетеміз. Біз тұрған Герат қаласына 30-жылдары 50 шақты қазақ отбасы барған. Әр көшеде 10-15 үйден болды. Арада 50 жыл өткен уақытта солардың 70 пайызы үй ішінде бала-шағасымен ауған тілінде, яғни дари тілінде сөйлейтін болды. Ойлаңыз, 50 жыл ішінде ассимиляцияға ұшырап кеткенбіз... Демек қазірге шейін онда тұрып жатқандарға кінә қоюға болмайды», – дейді Ақпар Аюби.
Айтуына қарағанда, қазір ондағы қазақтар Қазақстанға баруға, бармаған күннің өзінде мәдениетін қайта меңгеруге, жалпы өздерінің қазақ екендерін ресми мойындатып, Қазақстанның қамқорлығында болуға ниетті.
Ауғанстанда қазақ деген ұлт танылмаған. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Америка билік жүргізіп тұрғанда біраз демократия орнап, елдің статистикасына қазақ ұлтының аты жазылған. Көбісі сонда қолына қазақ деген құжат алып үлгерген. Оған дейін соғыстан көз ашпайтын Ауғанстанда қазақ екендерін айтпай бұған дейін жасқанып жүрген. Бүгінде тәлібтер келгеннен кейін қиындық жанына батып, тарихи отанына баруды ойлайды.
«Шетелде бес миллион қазақ жүр десек, оның үстіне Ауғанстаннан бір миллион қазақ қоса аламыз. Бұған мен қуанамын», – дейді Ақпар Аюби.
«МЕМЛЕКЕТ АУҒАНСТАНҒА ЖЫЛ САЙЫНҒЫ БИДАЙДЫ НЕГЕ ҚАЗАҚТАР АРҚЫЛЫ ЖІБЕРМЕЙДІ?»
«Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне бұл кісілер барған екен. Сонда қаза берсең, мұнда бір миллион қазақ бармыз дегенді айтыпты. Елшіліктегілер аяқ асты мұнша қазақ қайдан табылды деп шошып кеткен бе, келесі жолы келіңіздер деп шығарып салыпты, бірақ сол күйі есігін ашпай қойыпты. Елшілік барған жерінде қазақ бар ма деп іздеудің орынына, есіктерін жауып алған. Мен елшілікке материалдар жіберіп, күрделі жағдайды түсіндірдім. Енді келесі айда кездесу өтетін болды», – дейді Ақпар Аюби.
Ондағы қазақтардың ішінде инженер, экономист сынды жоғары мамандық алған, бүгінде жұмыссыз қалғандар; ауыл әкімі болғандар; полицияда лауазымды қызмет еткендер – қысқасы дайын мамандар бар. Жұмыс күші ретінде Қазақстанға келуге әзір. Жер игеріп, бір аймақта тұруға дайын. Өздерінің бірінші өтініші осындай.
Екінші, гуманитарлық көмекті сондағы қазақтар арқылы жіберу. Бұл елде аш-жалаңаш қазақ көп.
«Қазақстан Ауғанстанға тонналап бидай жібереді. Осыны неге сондағы қазақтар арқылы жібермеске? Бір жағы тәлібтердің алдында бұл кісілердің статусы көтерілген болар еді. Мысалы, онда бір қазақ жігіті бар. Ана қаладан мына қалаға қашып жүр. Себебі оның 13 жасар қызы бар. Барған жерінде қызына тәлібтердің көзі түсіп, ертең құдалыққа келем деген жерінен қашып-пысып жүр. Міне, солар құрметке ие болар еді. Оларды аман-сау сақтап қалуға ықпал етер едік», – дейді Ақпар Аюби.
Үшінші, қазақ балаларына Қазақстанда оқу оқуға квота сұрайды. Үйренсе, сонда қалсын, үйренбесе, мына жақтағы жұртқа қазақ мәдениеті мен тілін үйретсін дейді екен.
Жиында айтылғандай, Қырғызстанда Ауғанстандағы қырғыздарды алдырып оқытатын бағдарлама бар екен.
Ақпар Аюби мырза Қазақстан «жұмсақ саясат» жүргізсе екен деген тілегін айтады.
«Егер қазақ ол кісілерді алдыруға ерте, әлі тіл білмейді, әлі қазақ болмаған десе, онда Ауғанстанға тарих пен қазақ тілі мұғалімдерін жіберіп, оқу оқытса. Қазақиландыру процесі жүргенін өздері де тілеп тұр. Мысалы, Дания қазір Қытайда «жұмсақ саясат» жүргізіп отыр. Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілерін Қытайларға түсіндіріп жүр. Ұлты басқа болса да, өздеріне баурап алуды ойлайды. Егер қытайлар Данияның мәдениетін үйренсе, онда ертең Данияға қай жағынан қысым болса да, қолдап шығады. Ал мына жақта бір ұлт – қазақтар тұр, неге сол үшін ғана көмек бермеске? Иә, оларды әзір көшіріп алмаймыз десек, қазақиландырайық. Ертең Ауғанстанда ресми бір миллион қазақ тұрса, сол аумақта Қазақстанның саяси-экономикалық мүдделерін орындайды. Бұл да елімізге артықшылық. Алдағы 10-20 жылда болса да, осы істі бастауымыз керек деп ойлаймын», – дейді Ақпар Аюби.
«ЖИЫННАН КЕЙІН КӨПТЕГЕН СҰРАҚ ТУЫНДАДЫ»
Жиында Ауғанстаннан көшіп келген, бүгінде ондағы халықпен байланысып отырған адамда да сөз алды. Айтуларына қарағанда, Ауғанстан қазақтары тәліптер келгенде Сауд арабиясы мен Иранға бөлініп қашып кеткен. Олар Қазақстанға келейін десе, ондағы қазақ елшіліктері құжат сұрайды, виза бермейді. Ауғанстандағы елшіліке бару керек дейді. Олар соғыс болып жатқан елге қайта баруға қорқады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хат жолданған. Олар пандемияға байланысты мүмкін емес дегенді айтып отырған, бірақ пандемия біткеннен кейін де қозғалмайды.
Жиында педагог Аятжан Ахметжанұлы сөз алып, шетелдегі қазақтарды оқыту-ағарту ісі қолға алынса, метриалдық-техникалық жағынан қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.
«Бүгінгі жиыннан кейін көптеген сұрақ туындады. Мысалы, ұлтын танитын халықаралық деңгейде құжат бар ма? Қазақстан Республикасы оны ратификациядан өткізді ме? Бізде ол орындала ма? Менің ойымша, бірінші қадам қолында құжаты бар ауғанстандықтарды қайтарып алу керек. Бұл белгілі заңға сәйкес нәрсе. Неліктен оған комиссия құрып жатқанын түсінбеймін. (...) Мұндай мәселемен айналысатын мемлекеттік орындар бар. Бірақ олар не істей алмай отырғанын, не нақты айналыспай отырғанын білмеймін. Халықтың өзі мәселені көтеруге мәжбүр болып отыр. Бұл бастама ғана деп ойлаймын», – деді саясаткер Дос Көшім.
Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы халықаралық Конференция қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атына үндеу жолданды. Үндеуде жоғарыда аталған елдердегі қазақтарға мемлекеттік қолдау көрсету сұралады. Дипломатиялық жолмен ондағы халықты ағарту, гуманитарлық көмек көрсету және құжаттарын реттеуге көмек беруді өтінеді.
«Ауғанстан мен Пәкістандағы қазақтардың жеке тұлғаларын куәландыратын құжаты жоқ, сондықтан ұлтын тану мәселесі шешілмей отыр» делінеді.