Шалқар Жоламанов: Ауыл балалары сенделіп жүріп, жаман жолға түсіп кетпесе дейміз
Ауылыңа бардың ба, чемпион?
Шалқар ЖОЛАМАНОВ, «Қазақстан барысы-2012» турнирінің күміс жүлдегері:
Ауыл балалары сенделіп жүріп, жаман жолға түсіп кетпесе дейміз
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында Мақаншы деген ауыл бар. Құдды бір балуандар шығаратын зауыт дерсіз. Осы бір шағын ауыл күрес өнерінің талай дүлдүлін тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі – қазақ күресінің белді өкілі Шалқар Жоламанов. Мақаншылық жігіттің айтуынша, бұл үрдіс жалғасын таба бермек. Өйткені ауылдың бүгінгі жастарына спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалған.
– Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған жері ыстық деп жатамыз. Сіз туған ауылыңызға қаншалықты жиі барып тұрасыз?
– Өзім Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының Мақаншы ауылында туып-өстім. Спортшы болғандықтан жарыс-жиын деп жүріп демалуға уақыт та бола бермейтін. Бірақ 2-3 күн демалуға мүмкіндік бола қалса, туған жерге қарай тартып кететінбіз.
Өзіңіз де білесіз, Үржар – табиғаты көз тоймас ерекше өңір. Тауы бар, ар жағында Алакөл тұр. Таза ауасымен тыныстаудың өзі бір ғанибет. Ағарған ішіп, қалаға бойға күш жинап келесің. Қазір енді жұмыста болған соң, әрі-бері шапқылай берудің сәті түсе бермейді. Дегенмен демалысты міндетті түрде Мақаншыда өткіземіз. Балалар да жаздың үш айында ауылда болып, ата-әжелеріне көмектеседі. Қалада қайбір өмір дейсің, түрлі жағдайды естіп аулаға шығаруға да қорқасың. Айналып келгенде, төрт қабырғаға қарап отырады. Жүгіріп ойнамаған соң, шынықпаған соң, қандай балалық шақ ол?! Шаһар мен ауыл баласының айырмашылығы жер мен көктей болатындығы да сондықтан.
– Бүгінге дейін туған жеріңізге қандай да бір көмегіңіз тиді ме?
– Спортшы болғандықтан алдымен тұрғындардың, әсіресе, жастардың қа қызығып өскенін қалаймыз. Спорттың пайдасын білгендіктен де ғой. Шама-шарқымыз жеткенше, аз-кем қолғабыс жасап тұрамыз. Түлектер жиналып жасанды стадион салып, оған қажетті құрал-жабдықтарды алып бердік. Одан қалды футбол, күрес, тоғызқұмалақ секілді спорттың бірнеше түрімен қатар шұғылдануға мүмкіндік беретін «Түз қырандары» спорт мектебін аштық. Соны көптен бері армандап жүргенмін. Әйтеуір мақаншылық Бота Шармұханов секілді жергілікті бизнесмендердің қолдауымен сол жоспарды жүзеге асырдық. Бос сенделген бала жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Біздің ортақ мақсат – соның алдын алу. Балаларды тура жолға бағыттап, пайдалы істі көрсету. Құдайға шүкір, ойымыздағы бірте-бірте орындалып келе жатқан сыңайлы. Ауданды былай қойғанда, бір ғана Мақаншының өзінен талай танымал балуан шықты. Енді інілеріміз, жастар ағаларының ізін қуады деген сенімдеміз.
– Сіз кеткелі ауылыңыз қаншалықты өзгерді?
– Біз спортқа ден қойғанда, арнайы жаттығу залдары деген болған жоқ. Мектепте немесе Мәдениет үйінде дайындалатынбыз. Оның іші салқын. Бапкерлер үнемі «Отырмаңдар, ауырып қаласыңдар, жүгіріңдер, қимылдаңдар» деп айтатын. Ал бүгінде тұрғындардың да, балалардың да саламатты өмір салтын ұстануына, спорпен айналысуына барлық жағдай бар. Әлгінде атап өткенімдей, дарынды спортшылармен қатар кәсібін тәп-тәуір дөңгелетіп отырған ағаларымыз да аз емес. Сол кісілер де ауылды ұмытпай, көмектесіп, тұрғындардың жағдайы анағұрлым жақсарған. Ауылда егін, мал шаруашылықтарымен қатар, Қытаймен шекарада тұрғандықтан, сауда-саттық да дамыған.
topzhargan.kz