"Қатын күресті" қайта жандандырамыз ба?
Қазақ күресінен Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионаты республикамыздың барлық аймағынан жиналған балуандардың басын қосты. Жалпы саны 225 балуан белдесті. Олардың арасында кезінде «Қазақстан Барысы» турнирінде белдескен және биыл да белдесетін саңлақтар болды. Бұл өз кезегінде көпшіліктің қызығушылығын арттырды.
Қыз-келіншектер күресті
Талдықорғандағы тартыстың басты ерекшелігі сол, қазақ күресі бойынша тұңғыш рет әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының жүлделері сарапқа салынды. Олар төрт салмақ дәрежесінде бақ сынады. Бір қызығы, өзге ұлт өкілдері де төл өнерімізге ерекше қызығушылық танытып, оның қыр-сыры мен әдіс-тәсілдерін еркін меңгерген екен. Мәселен, 55 келі салмақтың финалында Шығыс Қазақстан облысынан келген Анна Казюлина мен маңғыстаулық Олеся Куценко белдесті. Ал 75 келі салмақта қостанайлық Марина Мамонтованың мерейі үстем болды.
Бәрінен де ең ауыр салмақтағы финалдық белдесу қызықты болды. +75 келі салмақта Павлодар облысының қос қызы белдесті: Зарина Байбатина мен Алмагүл Кашина. Екеуі де – көптеген халықаралық бәсекелерде оза шапқан сақа спортшылар. Әсіресе, Алмагүлдің жанкештілігі таңдандырады. Ол тосаныншы жылдардың басында самбодан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен. Дзюдо мен джиу-джитсудан елеулі табыстарға қол жеткізді. Жасы 40-тан аса да, Кашина да бабын жоғалтпаған. Жалынды жастардың барлығын жолдарынан ығыстырған қос ардагер бас жүлде үшін таласты...
Осы ретте даңқты бапкер, қазақ күресі федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Диқанбай Биткөзов ағамыз былай дейді:
– Ертеректе қазақта «Қатын күрес» деген болған. Өзге аймақтар жайында айтпай-ақ қояйын, біздің Жаңарқа өңірінде әйелдер ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін күресті. Кеңес Одағы тұсында 1 мамыр және 7 қараша күндері ерекше тойланатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол мейрамдарда ерлерден кейін міндетті түрде әйелдер ортаға шығып, бір-бірімен белдесетін. Кейіннен ондай белдесулер өтпейтін болды. Міне, енді Талдықорғанда қазақ күресінен «нәзік жандылар» арасындағы күрестің тұсуы кесілді. Оған мен қуанып отырмын. Мысалы, дзюдо мен еркін күресте әйелдер күреседі. Бұл күрес түрлері тіптен Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Ал бізге қазақ күресінен ел біріншіліктерін өткізуімізге не кедергі?! Біле білсеңіз, қазақтың қыздарына қайсарлық тән. Кезінде Қабанбай батырдың әйелі Гауһар апамыз Жоңғарлардың тылына еркін еніп, батыл барлаушы болған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Мәншүк пен Әлияның ерлігі төрткүл дүние тәнті. Олай болса, қазақ қыздары да төл өнерімізді де еркін меңгеріп, ертеңгі күні халықаралық аренада ел намысын асқақтатуға тиіс. Одан біз еш ұтылмаймыз, – дейді.
Боз кілемде – сом білекті жігіттер
Ерлер арасында әр жылдары «Қазақстан Барысы» додасына қатысқан Айбек Нұғымаров, Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсынов, Асыл Барменов, Дархан Жоламанов, Ғани Сейдоллаев, Жігер Сәкенұлы, Айдос Қаңлыбаев сынды түйе балуандардың бақ сынуы Талдықорғандағы біріншіліктің беделін күрт арттырды. Олардан бөлек, әр жылдары қазақ күресінен өткен әлем және Азия біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген қандастарымыздың да қатары қалың болды.
Бір көңіл аударарлығы, 90 келі салмақта жергілікті балуан Тоқтар Қарқатеровтың қарқынына ешкім төтеп бере алмады. Небір тәжірибелі балуандарды жолынан ығыстырған шәкіртінің жеңісіне кезіндегі қазақтың беткеұстар балуаны болған, бұл күндері қазақ күресінен Алматы облысының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып отырған Айдын Смағұлов қатты қуанды.
– Жасыратыны жоқ, ұзақ уақыт бойы Жетісу өңірінің балуандары өз жанкүйерлерін қуанта алмай жүрді. Әсіресе, қазақ күресі және дзюдодан өткен бәсекелерде жиі сүріндік. Тіптен, ел чемпионатында жүлделі орындарға іліге алмай қалған кездеріміз де жоқ емес. Бұл жағдай, әрине, көңілімізге кірбің түсірді. Десек те құлдырау кезеңіне басынан кешіп отырған Жетісу өңірінің балуандық дәстүріне шын жаны ашитын азаматтар дер кезінде табылды. 2013 жылдың наурыз айында Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың тікелей қолдауымен «Бөрі» қазақ күресі қоғамдық бірлестігі құрылды. Ондағы мақсат – жергілікті жастарды осы спорт түріне көптеп тарту, олардың алаңсыз даярлануына қолайлы жағдай жасау және де төл өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерту еді. Аталмыш ұйымның басшылығына спорт жанашыры Нұрым Жаниязов тағайындалды. Біздер бапкерлердің басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырдық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Жанашыр ағаларымыздың арақасында іс өрге басты. Бір жылдан астам уақыт аралығында ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Атап айтсақ, біздің жігіттер Қазақстан кубогы, «Ақбидай» ойындары және Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Дзюдодан өткен ел бірінішілігінде жүлде алды. Міне, енді қазақ күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 1 алтын, 1 күміс және 3 қолаға қол жеткізіп, көңіліміз марқайып қалды. Күні кеше ғана бұл біздер үшін арман еді, – деп ағынан жарылды, Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұлов.
+ 90 келі салмақта бәскелестіктің күшті болғаны соншалық, екі рет «Қазақстан Барысында» жүлде алған Шалқар Жоламанов алғашқы айналымнан аса алмады. Семей өңірінің саңлағы Шымкенттің шымыр жігіті Нұрзат Бегасыловқа жол берді. Сол секілді тағы бірнеше белді балуандар жарты жолда сүрінді. Ал бұл тартыс «Қазақстан Барысы-2013» додасының жеңімпазы Шығыс Қазақстан облысының өкілі Айбек Нұғымаровтың жеңісімен аяқталды.
Түйе балуандар бәсекесінде 13 үміткер бақ сынады. Алыптар арасындағы айқаста Мұхит Тұрсыновтыңмысы басым болды.
Қорытынды және жүлдегерлер
Сөйтіп, үш күнге созылған Қазақстан чемпионаты аяқталды. Командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы құрамасы бас жүлдені олжаласа, екінші және үшінші тұғырға Алматы қаласы мен Қызылорда облысының балуандары табан тіреді.
Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері:
Әйелдер:
55 келі
1. Анна Казюлина (Шығыс Қазақстан облысы)
2. Олеся Куценко (Маңғыстау облысы)
3. Гаухар Тұрмаханова (ОҚО), Ләйлә Қонысбаева (Алматы)
65 келі
1. Зәмзәгүл Файзолланова (Алматы)
2. Файза Әділбаева (Алматы)
3. Мархабат Қуатбекова (Павлодар), Жанар Қашқын (Алматы облысы)
75 келі
1. Марина Мамонтова (Қостанай)
2. Ақтолқын Смағанбетова (Жамбыл облысы)
3. Перизат Жақыпбекова (ОҚО), Қалжан Тайжанова (Атырау)
+75 келі
1. Зарина Байбатина (Павлодар)
2. Алмагүл Қашина (Павлодар)
3. Арайлым Шегенова (Жамбыл облысы), Арайлым Мырзанова (ОҚО)
Ерлер:
55 келі
1. Айдос Сейпілұлы (ШҚО)
2. Талғат Шегенов (Астана)
3. Ақтөре Жайылбек (ОҚО), Әлішер Мұхамеджанов (Қостанай)
60 келі
1. Ғани Келдіқұлов (Алматы)
2. Абзал Арыстанбеков (Алматы)
3. Қуаныш Ысқақов (ШҚО), Амангелді Сатыбалдиев (Алматы обл)
70 келі
1. Ғалымжан Әбдірахманов (Қызылорда)
2. Нұржан Жұмажан (Алматы обл)
3. Медет Әдіханов (Қарағанды), Аслан Түсіпханов (Алматы)
80 келі
1. Тоқтар Қарқатеров (Алматы обл)
2. Бегімхан Әділбеков (Жамбыл)
3. Әлімжан Жұмахметов (Алматы), Алмат Тойбағаров (Қызылорда)
90 кг.
1. Мақсат Исағабылов (Қызылорда)
2. Тоқтар Жиентаев (Қостанай)
3. Бекзат Ахметбеков (Қарағанды), Ерлан Қанқиев (ШҚО)
+90 келі
1. Айбек Нұғымаров (ШҚО)
2. Мұхит Тұрсынов (ШҚО)
3. Айдос Қаңлыбаев (Алматы обл), Әділ Оразбаев (ШҚО)
Тұйе балуандар
1.Мұхит Тұрсынов (ШҚО)
2. Айбат Сейтен (Астана)
3. Нұрзат Бегасылов (ШҚО), Марат Баймаханов (Қызылорда)