Жырау мен жыршы кім?
Қазақта «жырау», «жыршы» деген бір түбірден шыққан сөздер бар. Бұл екеуінің айырмашылығы неде?
Ләйлім ЕРЛАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
«Жырау — өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі, «жырау» атауы «жыр» сөзінен туындайды» деген түсінік жырауға «Қазақ әдебиетінің энциклопедиясында» берілген. Өз жанынан суырып шығарып жырлайтын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Жырау тұлғасының тарихы тереңде. «Сәуегейлік, батагөйшілдік, түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына т.б. жайларға қарай болжам жасау, абыздың бір міндеттерін атқару – көне дәуір жырауларына тән қасиет» делінген жоғарыда аталған еңбекте. Иә, жыраулық мектептің түпнегізі абыздардан басталады. Жыраулар өз заманындағы нағыз халық жанашырлары бола алды. Олар жыр шығарып, толғау айтып, тек өнер иесі ғана болып қойған жоқ, жаугершілік заман болып, ел басына күн туған кезеңдерде атқа қонып, жауға аттанған батыр, қолбасы болды. Жыр және жыраулар туралы деректер М.Қашқаридің «Диуани-лұғат-ат түрік» еңбегінде кездеседі. Оның еңбегінде Шөже жырау (XI ғасыр) туралы сөз болады. Онда Шөже жыраудың жырау әрі көп жыр білетін жыршы екендігі жайлы айтылады. «Қазақ әдебиеті энциклопедиясында» «Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады. Сондай-ақ эпикалық шығармаларды да орындайды» деген жауап бар. Жыршы жыраулармен бірге өмір сүрген және оған дейін де болған. Әдебиет тарихында жыршылар орны ерекше. Себебі бүкіл жыраулар поэзиясы болсын, эпостық жырлар болсын — халық ауыз әдебиетінің барлық үлгісі осы жыршылар арқылы жеткен. Жыршылар кейде өз жанынан белгілі бір тарихи оқиғаларды дастан етіп жырлағандықтан, жыраулар деп те аталып жүрген.