Бала кезімде марқұм атам Жу санап отырушы еді. Қыс қаһарына мінгенде «бүгін үшінші Жу басталды, қалың киініңдер» деп ескертетін. Осы Жу санау қайдан келген?
Арман Тынбасов, Екібастұз
Қазақ халқы, негізі, Жу санамайды. Жу санау – бізге қытайлардан кірген есептік амал. Алғашқы Жу желтоқсанның 22-сі кірсе, соңғы Жу наурыздың 12-сі шығады.
Бір Жуда 9 күн бар. Наурызда жер көгеріп, тіршілік басталған тұста соңғы Жу шығады. 9 күннен тұратын 9 жу, суық кезеңнің 81 күнін сипаттайды. Ал қытайлардың «и жу, ар жу бу шы жу, сан жу, сы жу дуң сы гу» деп мақалдатуы қаңтардың бірі мен он сегізі аралығын меңзейді. Яғни бірінші, екінші Жу қауіпті емес, үшінші, төртінші Жу жүгірген итті қатыратын кез деп айтады. Олар бұл кез түкірсең түкірігің жерге түспей қататын суық болады деп санайды. Ал қазақтар, жалпы, Жуды мүйіз, темір, киіз деп үшке ғана бөледі екен. Яғни мүйіз бен темір қаңтар мен ақпан айындағы суықты меңзесе, киіз ақпанның соңы мен наурыздың басындағы жылымық кезеңді көрсетеді. Жалпы, бұл Жу санау еліміздің оңтүстік-шығысына тән. Елімізде алғаш Жу санау 1958-62 жылдар аралығында атамекеніне қоныс аударған қандастарымызбен келген. Қазақтар арасында «Бесінші Жуда белің шеш», «Тоғызыншы Жуда тобықтай тоң қалмайды» деген мақалдар да бар.
Жу санау қайдан келген?
Последние статьи автора