ЖҚТБ-ға қарсы мекеме маманына жеңілдіктер беріледі
Мен бұрын Ақмола облыстық ауруханасында қызмет еттім. Қазір Астана қаласындағы ЖҚТБ орталығына ауысып жатырмын. Бұл орталықта жұмыс істейтін медицина мамандарына қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Гүлжазира АБАТҚЫЗЫ, Астана қаласы
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде қызметтік міндетін атқаруы ЖҚТБ кәсіби ауруына әкеліп соғуы мүмкін медициналық және басқа да жұмысшылар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады. АҚТҚ/ЖҚТБ-мен байланысты алдын алу, емдеу-анықтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тікелей айналысатын медицина қызметкерлері мен техникалық жұмысшылар алты сағатқа қысқартылған жұмыс күніне, 24 күнтізбелік күн мөлшерінде қосымша төленетін еңбек демалысын және кәсіби залал үшін төленетін, белгіленген жалақының 60 пайызы көлеміндегі қосымша еңбекақы алуға құқылы.