«Жоңғар» сөзі нені білдіреді?
Кезінде қазаққа қырғидай тиген жоңғар деген халықтың қазір жер бетінде мемлекеті де жоқ. Ал сол халық негізінде моңғолдың бір тайпасы болды деген рас па? Жалпы, жоңғар деген ұлт атауы нені білдіреді?
Әлия МҮСІЛІМҚЫЗЫ, Талдықорған қаласы
Жалпы, жоңғар мемлекетінің дүниеге келуі – қызық өзі. Тарихи еңбектерге жүгінсек те, сөздіктерге жүгінсек те, әсілі, осы жоңғар сөзі ешбір ұлттың да, халықтың да атын білдірмесе керек. Кезінде Моңғолияға қараған тайпалар қоныстанған жер жағдайына қарап: зунгар (сол қанат), барунгар (оң қанат) деп екіге бөлген. Сол зунгарды көрші халықтар өз тілдеріне бейімдей өзгертіп, «жоңғарға» айналдырса керек. Бәлкім, сіздің «жоңғар моңғолдың бір тайпасы болған ба?» деген сұрағыңыз осыдан шыққан сауал болар. Ал зунгар тобының құрамында ойраттың төрт тайпасы: щорстар мен дүрбіттер, торғауыттар мен хошуттар бар еді. Тарихи деректер 1636 жылы барунгарлардың Цин империясына қарап кетіп, ал зунгарлардың Қобда аймағында құрылтай ашып, өздерін Жоңғария мемлекеті етіп жариялағанын айтады. Ал хандар щорс тайпасының қоңтайшылары ішінен сайланған.