Жиеннің нағашыларында қырық серкеші болады дегенді білетін едім.
Нұрлан Төлегенов, Алматы қаласы
Жалпы, қазақ халқы қыздан туған баланы «жиен» деп атап, оны қатты құрметтеген. Қыз баланы жат жұрттық деп есептегенмен де, жиендерін жат болып кетпесін деп үнемі үйіне қонаққа шақырып, оны тік тұрып күтіп алуды мәртебе санаған. «Жиенді ұрғанның қол-аяғы қалтырайды» деп ырымдайтын да біздің ел. Жиен ес біліп, етек жапқан сәттен оны нағашылары қамқорлыққа алып, нағашы атасы оған үйірлі жылқы ішінен бір тай атайтын болған. Оны бәсіре тай немесе «жиенқұрық» деп айтады. Яғни жиен құрық салған тай деп есептеледі. Аталып қойған тайды союға, иә болмаса басқа адамға беруге болмайды. Жиен үшін де нағашысы сыйға тартқан жылқының орны ерекше болған. Нағашысы берген бәсіремен топ жарып, бәйге алған шабандоздар, аң аулап, құс салған әйгілі саяткерлер, сал-серілер ел ішінде көптеп кездескен. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, ұлдың жақсы болмағы нағашыдан» деген сөз осындайда айтылса керек.