Ежелгі гректердің сенімі бойынша, өнердің пірі муза екенін білеміз. Шығармашылық адамдарына шабыт беретін осы музаның неше түрі бар?
Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, Алматы қаласы
Грек мифтеріне үңілсек, онда мынадай мазмұндағы аңыз бар:
...Ерте, ерте, ертеде қаһарлы Зевс пен естеліктер «құдайы» Мнемосина көңіл қосыпты. Олардың тоғыз қызы болыпты. Әке Зевс он саусағынан өнері тамған муза-қыздарының әрқайсысына бір-біріне ұқсамайтын міндеттер жүктепті. Өнердің әр түрінің өз музасы осылайша сонау ежелгі дәуірде пайда болыпты. Сонымен қай муза, қай өнердің бастауында тұрғанына тоқталып өтсек:
• Каллиопа – эпикалық поэзияның, яғни батырлық жыр-дастандардың музасы;
• Эвтерпа – лирикалық поэзия музасы;
• Эрато – махаббат жырларының музасы;
• Талия (Фалия) – комедия музасы;
• Мельпомена – трагедия музасы;
• Терпсихора – би музасы;
• Клио – тарих музасы;
• Урания – астрономия музасы;
• Полигимния (Полимния) – әуелі бидің музасы болған, кейіннен әнұрандар мен пантомиманың музасына айналды.
Аталған музалардың әрқайсысын көркем бейнеде, өз ерекшеліктеріне сәйкес атрибуттарымен сурет қып салыпты. Мәселен Каллиопаны қыл тақтаға үшкір қылқаламмен қарап тұрғандай бейнелесе, Эвтрепаны сыбызғымен, Талияны күліп тұрған маскада және қолындағы желпеуішімен бірге,Уранияны глобус пен циркуль ұстатып дегендей... Аталған музалардың тұратын мекені мусеон деп атаған, яғни бүгінгі музей сөзі осыдан келіп шыққан.