Жергілікті әкімнің құзыреті қандай?
Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң құзыретi қандай?
Иса, Алматы облысы
Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi: тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тиiстi аудандық (қалалық) әкiмдiктiң лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етедi; азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады; салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi; азаматтар мен заңды тұлғалардың ҚР Конституциясының заңдарының, ҚР Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi; өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады; шаруа (фермер) қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi; тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтiк көмек көрсету жөнiнде ұсыныс енгiзедi, жалғызiлiктi қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйiнде қызмет көрсетудi ұйымдастырады; жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi; қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды; шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге асырады; жергiлiктi бюджеттi бекiту (нақтылау) кезiнде қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады; өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi; елдi мекендердi абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады және т.б.