Жент — бүгінге дейін қадірін жоймаған тағам
Биылғы құрбан айт кезінде айттап жүріп, бір үйден женттен ауыз тидік. Дәмі тіл үйіреді екен. Бірақ дайындау тәсілін үй иесінен сұраудың ретін таппадым. Сіздер не айтасыздар?
Майра МАНАТОВА, Алматы
Женттің дәмі тіл үйіретіні рас. Жент — ертеден келе жатқан және қазірге дейін құнын жоймаған тағам. Ол қыста қатпайды, жазда бұзылмайды, оның дәмі мен нәрі сол күйінде сақталады. Жентті жасау әдісі өте қарапайым. Ол үшін ең негізігі қажетті өнім — сөк. Сөкті бұрын диірменге тартып немесе келімен түйетін, болмаса кофе үккішпен үгетін. Қазір техниканың дамуымен ол проблема шешілген. Женттің майжент, қазыжент, сүтжент деген түрлері бар. Жармаға сары май, құмшекер, ірімшіктің ұнтағы, мейіз қосып, әбден араластырып, бетін тегістеп салқын жерге қою керек. Құрамы: бес кесе сөк жармасы, үш кесе ірімшік ұнтағы, екі кесе құмшекер, екі кесе сары май, бір кесе мейіз. Ірімшік болмаса үгітілген печенье қосуға болады. Қазыженттің құрамы: үш кесе сөк, екі кесе ірімшік ұнтағы, екі кесе майдалап туралған қазының майы және бір кесе құмшекер. Сүтженттің құрамы: бір кесе сүтке бөктірілген бір кесе сөк, үш ас қасық сары май, үш ас қасық мейіз, үш ас қасық кепкен нан ұнтағы немесе печенье, үш ас қасық қаймақ.